Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылы – 8 желтоқсан 1937, Алматы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Төменде ұлт ұстазының көрген білген, ойға түйген қанатты, нақыл сөздерін беріп отырмыз.
«Пайғамбарымыз Мұхаммедті, исламды жұрты ұрып-соқты, тілімен балағаттады. Ол бәріне де шыдады, жеңді. Шыдам мен сабыр — ең күшті қару».
«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы».
«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасыз!»
«Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз».
«Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз».
«Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал».
«Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді».
«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді».
«Адамға тіл, құлақ қандай керек болса... білім де сондай керек».
«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
«Құлақ екеу, ауыз біреу.
Ол не үшін бұлай?
Көп тыңдап, аз сөйлеуге жаратқан оны Құдай.
Ауыз біреу, көз екеу – ол не үшін бұлай?
Көп көріп, аз таңдануға жаратқан оны солай.
Ауыз біреу, қол екеу – ол не үшін бұлай?
Көп жұмысшы, аз жеуші – жаратқаны ол солай».
«Біреу – жұмыс қылайын десем тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!»
«Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек».
«Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды».
«Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек».
«Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі».
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады».
«Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!»
«Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз».
«Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман».
«Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!»