ҚОНАҚ
ҚОНАҚ
11 жыл бұрын 7694
Қайрат Жолдыбайұлы

Қонақ болудың өзіндік этикасы мен мәдениеті бар. Қонақ үй иесінің нұсқауымен ғана әрекет етеді. Рұқсат шеңберінде ғана қимыл жасайды. Ал қандай да бір нәрсеге абай болуы керек екені ескертілсе, онда  ол нәрседен барынша аулақ жүреді. Алда-жалда байқамастықпен бір нәрсені бүлдіріп алса, иесінен иіліп кешірім сұрайды. Бергенін ішеді, қай бөлмеге төсек салынса, сол жерге жата кетеді.  Ұсынылған тағамды ұнатпай, мінез көрсету әбестік.  Қазақтың: "Қонақ қойдан жуас" деуінің мәнісі осы. Бәрімізге белгілі осы нәрселер жер бетіне Құдайдың қонағы ретінде жіберілген адамға да тікелей қатысты екенін көбіміз біле бермейміз. "Адам бұл дүниеге қонақ" деп жатамыз. Ендеше, бізді қонақ етіп отырған ұлы Иеміздің рұқсат шеңберінде, риза болатын істерінде ғана әрекет жасауға тиіспіз. Тыйым салып, ескерткен дүниелерінен барынша аулақ жүруіміз ләзім. Ұлы иеміздің тарту еткен ырыс-нәсібесін кесірленіп, азырқанбай, қанағат етуіміз керек. Жаратқанның сыйлап шақырған "дүние" атты сарайындағы әрбір нәрсенің қадірін біліп, ұқыппен қарауымыз қажет. Алайда қонаққа қатысты осынау қарапайым қағидалар мен этиканы ескермей  жер бетінде қаншама қонақтың қадірі кетіп жүр. Ойланса талай дүние шыға береді. Тарқатуды өздеріңізге қалдырдық...

0 пікір