Осыдан екі жыл бұрын Сауд арабиядан келе жатып жолай Әбу Даби мен Дубайға соқтым. Екі қала да бір сөзбен айтқанда жайнап тұр. Көк тіреген биік-биік әсем ғимараттар. Жарқ-жұрқ, жалт-жұлт еткен қызылды-жасылды нәпсіңді қытықтайтын дүниелер көздің жауын алады. Жеті араб әмірлігі біріккен бұл елдің негізгі халқының саны сырттан келгендерге қарағанда көпкөрім аз. Жергілікті арабтардың саны небәрі 950 000 ғана. Ал басқа елдерді айтпағанда бір ғана Үнді елінен келген жұмысшылардың саны 1200 000-нан асып жығылады. Жергілікті халыққа барлық жағдай жасалған. Сырттан біреу келіп бизнес жасайтын болса, бизнесінің пәленбай пайызы жергілікті арабқа тиісілі болуы шарт. Сондай-ақ, жұмысшылардың отыз пайызы жергілікті халық болуға тиіс. Тек басшылық жұмысқа алынады. Үйленген жастарға мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік жағдай қарастырылған. Арабтар көбіне құқық қорғау салаларында қызмет істейді. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8:30-дан 14:30-ға дейін ғана. Қалған уақытта бос.
Әбу Дабидегі ең ірі сауда орталығының алдында елшілікте істейтін бір досымды біршама уақыт күтуге тура келді. Кіріп-шыққан адамдарға еріксіз қарап отырмын. Әйелдер қара түсті хижабтарын киіп алып дүкен аралап жүр. Қалаған нәрселерін ақшаның көзіне қарамастан пакет-пакет қылып алып жатыр. Жандарында бір-бір қызметшіден. Бангладеш, филипиндерге ұқсаттым. Мұнда тіршілік түнде басталады екен. Арабтың жастары қымбат машиналарға мініп алып жарысып жүр. Молшылық. Адам жаны не қаласа бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда рахатизм. Ағыл-тегіл тер төкпей тапқан байлық. Әрине мұның бәрі жақсы. Бірақ барлық әлеуметтік мәселесі шешілген, қолы бос халық бара-бара жатып ішер жалқауға, ойы тәнінің рахаты мен асқазанынан әрі аспайтын боркемік масылға айналып кетпей ме? Абай айтпақшы: "Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" дегеннің кері келмей ме? Оның үстіне тек демалуға барған діні бөлек, өлшемі өзгеше туристерді қосыңыз. Бұзылуға, тайып жығылуға ыңғайлы жағдай. Ойланатын дүние... Мемлекет бұл қауіпті ескеріп, арнайы бағдарламалар жасауы тиіс. Жастардың бос уақытын, потенциалын құр кетірмеу керек...