КАМЕРА және БІЗ
КАМЕРА және БІЗ
10 жыл бұрын 9706
Қайрат Жолдыбайұлы

Камера алдында кез-келген адам өзгеріп сала береді.  Еліміздегі телеканалдар өздерінің діни тақырыптағы кейбір бағдарламаларына мені ара-тұра шақырып тұрады. Бағдарламаға шықпас бұрын әуелі үсті-басыңа түзейсің, шашыңды жақсылап тарайсың. Ал камераның қызыл түсі жанған кезде тіптен басқа адамсың. Әп-сәтте өзгеріп сала бересің. Айтар әрбір сөзіңе, әрбір іс-қимылыңа, тіпті мимикаңа дейін абай боласың. Жалпы айтқанда өз-өзіңді жақсы ұстауыңа жіті көңіл бөлесің. Мәдениетті, сыпайы, биязы, ақылды, сабырлы, данышпан адам болып шыға келесің.  Мұны өзімізше экран мәдениеті деп қоямыз. Бәлкім екі жүзділік десек, дұрысыр-ақ болар ма еді?! Білмеймін.

Хош. Енді біз мұсылман ретінде Құдай Тағаланың жиырма төрт сағат бойы біздің әрбір сәтімізді қалт жібермей жазып тұрған иләһи камераларының бар екеніне иман келтірдік. Солай бек сендік. Ол камералар адам қолынан жасалған камералардан мүлдем өзгеше әрине. Мін жоқ. Дүниедегі 3D дегендер оның жанында салыстыруға да келмейді. Жазған кезде бейнең мен сөзің былай тұрсын, түпкі ниетіңді де қоса жазады. Нағыз "3D"- деп осыны айт. Көзбояушылық жасап, алдай алмайсың. Құранда: "Бір сөз сөйлер сөйлемес, оны үнемі бақылап, жазып тұратын дайым періштелер бар" - делінеді. Басқа бір аятта: "Сендердің жандарыңнан бір елі айрылмайтын ардақты бақылаушылар бар. Олар сендердің не істегендеріңді біліп, әрдайым жазуда" - деп ескерткен. Босқа жазылып жатқан жоқ. Ертең махшарда осының бәрі көрсетіледі. Қандай экранда, нендей кейіпте беймәлім. Ендеше, осынау иләһи камералардың бар екеніне илана тұра, тіршілікте, адамдармен қарым-қатынаста, жұмыста, саудада, қысқасы өмірде оны ұмытып кететініміз қалай? Алла елшісі "ихсан" дәрежесін түсіндірген кезде: "Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың, сен Оны көрмесең де, Ол сені үнемі бақылап тұрғанын сезінуің" - деді. Ал енді осы айтылған ихсан дәрежесі қайда қалды? Егер біздер адам қолынан жасалған осынау камералардың алдындағы ерекше күйімізді шынайы өмірде де сақтай білгенімізде, мүлдем өзгеше адам болар едік-ау шіркін. Иә, солай! Ендеше иләһи камера қалт жібермей жазып тұр! Абай болыңыз!

  

0 пікір