Есек ақырса...
Есек ақырса...
10 жыл бұрын 16195
Қайрат Жолдыбайұлы

Баяғы өткен заманда бір даукеш те, бәлеқор адам қала әкіміне мешіт имамының халықты шатастырып, адастырып жатқанын айтып, шағым түсіріпті. "Мешіт имамы қандай ісімен, нендей сөзімен халықты адастырып жатыр?"- депті имамды жақсы танитын әкім таң қалған күйде. Әлгі бәлеқор адам: "Ойбай әкім мырза, айтпаңыз, имам мешіт жамағатын жиып алып, "Есек ақырса, кісінің дәреті бұзылады" - деп ешбір кітапта жоқ Құранға қайшы фәтуа берді. Сенбесеңіз сол жердегі жамағаттан сұраңыз" - депті саспастан. Әкім мәселенің анық-қанығын білу үшін әлгі мешіт имамын құзырына шақыртып алып: "Мына адам сені халықты шатастырып жүр, "Есек ақырса кісінің дәреті бұзылады" - деп фәтуа берді дейді. Осы айтқаның рас па?" - дейді. Имам: Олай дегенім рас, әрі ол дұрыс фәтуа! Бірақ мына кісі мешіттегі дәрісіме кешігіп келді. Сосын сөзімді аяғына дейін тыңдамай ерте кетіп қалды. Сөзімнің басын да, аяғын да толық тыңдамай тек ортасын ғана шалыс естігендіктен қателесіп отыр. Мен  дәретке  қатысты бір мәселені халыққа түсіндірген едім. Мәселенің бас-аяғы былай: "Бір кісі есегіне дәрет алатын суын артып,шөл далаға сапарға шықса, сосын жол ортасында әлгі есегі дәрет суымен бірге қашып кеткен жағдайда, су болмағандықтан намазын тәйаммүм алып оқиды. Егер намазға тұрған кезде, есегінің ақырғанын естісе, онда әлгі кісінің дәреті бұзылады. Өйткені есегінің ақырғаны, қайтып айналып келгендігінің белгісі. Ендеше, су табылғанда, тәйаммүммен алынған дәрет жарамсыз" - деген едім. Мына адам жамағат ортасында үнемі осылай бәле іздеп жүреді. Менің сөзімнің ортасын ғана қиып алып, сізге қисық жеткізіп отыр" - дейді. Имам сөзінің дұрыс екеніне көзі жеткен әкім әлгі бәлеқор адамның өзіне жаза қолданыпты.

Бұл хикаяны не үшін айтып отырмын? Қазіргі қоғамда да осындай шалағайлар жеткілікті. Менің өткен апта осы айдарда жарық көрген "Исматулла" атты қысқаша жазбамды базыбіреулер аяғына дейін оқымастан, бірден өре түрегеліп, фейсбук ауылында: "Қайрат Жолдыбайұлы зікіршілердің сотты болған көшбасшысы Исматулла Мақсұмды мақтап жазыпты" - деген сыңайда пікір білдіріп, бүлікті тастап жіберіпті. Ол ол ма? Бүгін Алматыдан бір жолдасым келген еді. Бұдан да сорақысын сол жолдасым айтып берді. Айтуынша теріс ағымдағы бір танысы: "Қайрат Жолдыбайұлы өз сайтында зікірші Исматулланы мақтап жазыпты. Ол деген сөз мемлекетке қарсы шығу емес пе? - деп салыпты. Ал керек болса! Жолдасымның айтуына қарағанда бұл гу-гу әңгіме әлгі ағым  өкілдерінің арасында "хит" болып тұр екен. Күлесің бе, жылайсың ба?

Менің қысқа ғана жазбамды аяғына дейін толық оқығанда, әңгімеме арқау болған Исматулла атты танысымның Исматулла Мақсымға ешқандай қатысының жоқ екендігін оп-оңай түсінер еді ғой. Жоқ әлде, Қазақстанда "Исматулла" деген ат жалғыз ба? Неге екені белгісіз, теріс ағымның кейбір өкілдері менің әр жазғанымнан бәле іздеп, теріс түсінуге бейім тұрады. Тіпті мемлекетке қарсы бүлікшіл адам жасауға асығады да жүреді. Оларға айтарым: "Есек ақырса, кісінің дәреті бұзылмайды!"

 Жұмаларыңыз мүбәрак болғай!

 

 

0 пікір