Намаздың алғашқы тәкбірінде қолдарымызды құлаққа дейін көтерудің дәйекті дәлелі бар ма?
Намаздың алғашқы тәкбірінде қолдарымызды құлаққа дейін көтерудің дәйекті дәлелі бар ма?
11 жыл бұрын 5714 islam.kz Jasminko Ibrakovic/Shutterstock
Қайрат Жолдыбайұлы

Намазда тік тұру (қиям) – парыз. Алла тағала Құран кәрімде: «Аллаға бой ұсынған күйде тұрыңдар»[1], – деген. Ықылас білдіріп, ниетті еткеннен кейін тік тұрып «Аллаһу әкбәр» деп тәкбір алынады. Бұны «Ифтитах тәкбірі» дейміз.

1. Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір, яғни, ниет ете салысымен тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Әрі бұны «тахрима тәкбірі» деп те атайды[2]. Тахрима тәкбірі – харам етуші, тыйым салушы тәкбір дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз – намаздан тыс уақыттағы рұқсат етілген іс-әрекеттеріміз«Аллаһу әкбар» деп намазды бастай салысымен тыйым салынады деген сөз. Бұлай намазды бастау – парыз,[3] онсыз намаз болмайды.[4] 

Хазірет Әлидің риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

عن علي رضي الله عنه قال قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: مِفْتَاحُ الصَّلاةِ الطُّهُورُ ، وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ ، وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ " رواه ابو داود

«Намаздың кілті – дәрет; Тахримі (намазға бастағанда, одан тыс әрекеттерден тыйылу) – «Аллаһу әкбар» деумен басталады; Намаз (екі жаққа) сәлем берумен бітеді, – деген[5].  (Сахих)

2. Ифтитах тәкбірін айтарда, ер кісілерге екі қолын басбармақтары құлақ сырғалығының тұсына келетіндей көтеру – сүннет.[6]Бұны орындаудың ең жақсы жолы басбармақты құлақ сырғалығына тигізу.[7] Бұған мына төмендегі хадистер дәлел:

«Сахих Мүслимде» риуаят етілген хадисте сахаба Мәлик ибн әл-Хуәйрис былай дейді:

عن مالك بن الحويرث" أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، كَانَ إِذَا كَبَّرَ ، رَفَعَ يَدَيْهِ ، حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ..." . رواه مسلم

«Алла елшісі (с.а.у) (намазда) тәкбір айтқанда, екі қолын құлағының тұсына дейін көтеретін....»[8].

 «Сахих Мүслимдегі» тағы бір хадисте сахаба Қатада Пайғамбарымыздың (тәкбір келтіргенін) көріп былай деді:

عن قتادة بهاذا الاسناد أنه رأى نبيّ الله (صلى الله عليه وسلم) و قال: " حتى يحاذي بهما فروع أذنيه". رواه مسلم

«Ол (қолын) құлағының жоғарғы тұсына жететіндей етіп көтерді»[9].

Әйгілі хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің «Шарху Мағаниль-әсәр» атты хадис еңбегінде сахаба Уәил ибн Хужрдың мына «сахих хадисін» риуаят етеді:

عن وائل بن حجر، قال: "رأيتُ رسولَ الله (صلى الله عليه وسلم) حِينَ يُكبّر لِلصّلاةِ يَرفَعُ يَدَيهِ حِيَالَ أُذُنَيهِ". رواه الطحاوي (طريقه صحيح)

«Мен Пайғамбарымыздың намазға тәкбір айтқанда екі қолын құлақ тұсына көтергенін көрдім»[10].

Нәсәиде Абдужаббар ибн Уәил (р.а) әкесінен мына хадисті риуаят етеді:

عن عبد الجبار بن وائل عن ابيه انه رأى النبي صلى الله عليه السلم  إِذَا افْتَتَحَ الصَّلَاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى تَكَادَ إِبْهَامَاهُ تُحَاذِي شَحْمَةَ أُذُنَيْهِ. رواه النسائي (الحديث في نفسه صحيح)

«Әкесі Алла елшісінің (ифтитах) тәкбір келтірген кезде екі қолын басбармағы құлақ сырғалығының тұ-сына келетіндей етіп көтергенін көрген»[11]. 

 Бұл хадиске Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнүл-күбра» атты еңбегінде «сахих» яғни «сенімді» деп баға берген.

Сонымен қатар Имам Бұхаридың «Құрратуль ай-найн» атты хадис кітапшасында сахаба Барра (р.а.) былай дейді:

عن البراء رضى الله تعالى عنه قال:"كان النبي صلى الله عليه وسلم يرفع يديه إذا كبر حذو أذنيه"

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқанда қолын құлақ тұсына дейін көтеретін»[12].

Тағы бір деректеәл-Хаким ән-Нисабури өзінің «әл-Мүстәдрак» атты кітабында риуаят еткен хадисте сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді:

عن أنس قال: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَبَّرَ ، فَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ...". رواه الحاكم. (إسناده صحيح، و لا أعرف له علة)

«Мен Пайғамбарымыздың тәкбір келтіргенде екі басбармағын құлақ тұсына келтіргенін көрдім...»[13].

Бұл хадис жайында аталмыш ғұлама былай дейді: «Бұл Бұхари мен Мүслимнің хадис қабылдау өлшем-деріне сай «сахих» жолмен келген. Ол хадистен ақау көрмедім».

Осы тақырыпқа қатысты басқа да риуаяттарды хадис кітаптарынан кездестіруге болады.[14] Ендеше, бұл айтылғандар ифтитах тәкбірінде қолды құлақ тұсына дейін көтеру Алла елшісінің сүннетінен екендігіне дәлел.

Ал тәкбір алғанда қолды көкірекке немесе иыққа дейін көтеруді білдіретін хадистер жалпы жағдайды білдірмейді. Бұған ханафи ғалымдары сахаба Уаил ибн Хужрдың мына сөзін дәлел ретінде келтіреді. Әбу Дәуітте риуаят етілген сахих хадисте Уаил ибн Хужр былай дейді:

عن وائل بن حجر قال: " رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ افْتَتَحَ الصَّلاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حِيَالَ أُذُنَيْهِ ، قَالَ : ثُمَّ أَتَيْتُهُمْ فَرَأَيْتُهُمْ يَرْفَعُونَ أَيْدِيَهُمْ إِلَى صُدُورِهِمْ وَعَلَيْهِمْ بَرَانِسُ وَأَكْسِيَةٌ ". رواه أبو داود. (صحيح)

«Мен Пайғамбарымызды ифтитах тәкбірінде екі қолын құлақ тұсына көтергенін көргенмін. Кейін  сахабаларға келгенімде намазға бастарда (алғашқы тәкбірде) қолдарын көкірек тұсына көтеріп жатты. Олардың үстерінде (суықта киетін) күләпаралы жамылғылары (капюшонды плащ) және қалың киімдері бар еді»[15].

Уәил ибн Хужрдың сөзіне қарағанда сахабалар күн суық кезде, киімдерінің ішінен қолдарын құлаққа дейін көтеру ыңғайсыз әрі тоңатын болғандықтан, көкірек тұсына дейін ғана көтерумен шектелген. Ал күн жылы кезде құлақ тұсына көтеретін. Демек, ең дұрысы қолды құлақ тұсына көтеру.

Сондай-ақ қолды иық деңгейіне дейін көтеруге байланысты хадисті былай түсінуге де болады. Қолдарын иық тұсына дейін көтерген кісінің саусақтары құлағының сырғалық тұсына келеді. Яғни, қолдарының алақанын иық тұсына көтерген  кісінің саусақтары да құлақ тұсына дейін көтерілген болады. Бұған мына хадис дәлел. Әбу Дәуіт пен Байхақидың хадис жинағында мына риуаят келген:

عن عبد الجبار بن وائل عن أبيه أَنَّهُ أَبْصَرَ النَّبِيَّ صلى الله عليه وسلم حِينَ قَامَ إِلَى الصَّلاَةِ رَفَعَ يَدَيْهِ, حَتَّى كَانَتَا بِحِيَالِ مَنْكِبَيْهِ, وَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ ثُمَّ كَبَّرَ ". رواه البيهقي و أبو داود

«Абдужаббар ибн Уәйль әкесінің мына сөзін жеткізеді. Әкесі былай дейді: «Пайғамбарымыз на-мазға тұрғанда қолын иық тұсына, ал басбармағын  құлақ тұсына дейін көтерді де, «Аллаһу әкбәр», - деді»[16].

3. Ер кісі тәкбір алғанда саусақтарын жұдырықтамай, алақандарын құбылаға қарайтындай етіп ашып ұстайды[17]. Тирмизидің риуаят етуі бойынша, сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:

عن أبي هريرة كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم إِذَا كَبَّرَ نَشَرَ أَصَابِعِهُ " رواه الترمذي (حسن) 

«Пайғамбарымыз (намазда) тәкбір алғанда сау-сақтарының арасын ашатын»[18] (Хасан хадис)

[1] «Бақара» сүресі, 238 аят.
[2] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, 139 бет.
[3] Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә – 1/302 бет.
[4] әл-Мәйдани, Лүбаб – 1/65 бет.
[5] Әбу Дәуіт, Салә, №618 хадис; Тирмизи өзінің сүнәнінде  бұл хадисты Әбу Сағидтан келген хадистен әлдеқайда дұрысырақ (асаһ) деген: Бабу: Сыффатус-салә, №238 хадис.
[6] Марғинани, Хидая , Бабу Сыффатис-салә, 1/307 бет;
[7] Мәйдани, Любаб, 1/67 бет.
[8] Сахих Мүслим, Китабус-Сала – (391) – 25 хадис.
[9] Сахих Мүслим, Китабус-Сала –(391) – 26-хадис. 183 бет.
[10] Имам Тахауи, Шарху Мағаниль-Әсәр, 3/512 бет. Әл-Айни шархы.
[11] Нәсәи, Ифтитах, Тақырып:– 365 баб/958 хадис.;  Әбу Дәуіт, №724 хадис. Хасан.
[12] Имам Бұхари, Құрратуль айнайн, №34 хадис.
[13] әл-Хаким, Мустадрак – 1/349 бет, (149) № 822 хадис.
[14] Табарани, «әл-Муғжамуль Кәбир»: 22/36 - № 85; Даруқутни: 1/292 №14; Әбу Дәуіт: 1/315 - №957.
[15] Әбу Дәуіт сүнәні – 728, 727-хадис. 2/49 бет.
[16] әл-Бахақи – 2/38 бет. №2306-хадис; Әбу Дәуіт - №724-хадис.
[17] Айни, Биная шархуль Хидая – 1/167 бет.
[18] Тирмизи сүнәні -1/247 бет, 239 бабы.

0 пікір