Ханафи мәзһабында жылқы еті харам ба?
Ханафи мәзһабында жылқы еті харам ба?
11 жыл бұрын 16257
Қайрат Жолдыбайұлы
Бір кісі: «Егер сендер ханафи мәзһабын нақты ұстансаңдар, онда жылқы еті бұл мәзһаб бойынша харам» деді. Осы сөз рас па? Яғни, ханафи мәзһабында жылқы еті харам ба?

Жылқы етіне байланысты ханафи мәзһабында екі түрлі үкім бар. Әбу Ханифа пікірінше жылқы еті мәкрүһ болса, оның екі үлкен мүжтаһид шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуф бойынша адал. Әбу Ханифа жылқы етінің мәкрүһтігіне байланысты «Нахл» сүресінің: «Жылқыны, қашырды және есекті мінулерің үшін және сән мақсатында жаратты» деген 8-аятын дәлел ретінде келтіреді. Яғни, малдың етін жеу ең үлкен нығмет бола тұра бұл аятта жылқының мінуге арналғандығы мен сәндігі ғана айтылып отыр. Егер жылқы еті анық адал болғанда ең әуелі оның осы жағы айтылатын еді дейді. Бірақ аятта жылқы етінің нақты желінбейтіндігі кесіп айтылмағандықтан Әбу Ханифа оған харам деп емес, мәкрүһ деген үкіммен шектелген. Сондай-ақ, Әбу Ханифаның мәкрүһ деп үкім беруінің тағы бір негізгі себебі жылқы малының соғысқа қажеттілігінде жатыр. Себебі, басқаша үкімге бару соғысқа ең қажетті көліктің азаюына, аятта айтылған оның «міністілік» мақсатының жоғалуына әкеп соғады. Әбу Ханифаның мәкрүһ дегені «мәкрүһ тәнзиһан» адалға жақын мәкрүһ па, жоқ әлде «мәкрүһ тахриман», яғни харамға жақын мәкүһ па ғұламалар арасында екі ұшты пікір бар. Алайда Әбу Ханифаның жылқы сүтіне адал деп пәтуа бергенін ескерер болсақ, жоғарыдағы жылқы етіне байланысты берген пәтуасының «мәкрүһ тәнзиһан» адалға жақын мәкрүһ екенін аңғаруға болады. Әбу Ханифаның жылқы етіне мәкрүһ, ал сүтіне адал деп басқаша үкім беруінің астарында жылқы сүтін ішу салдарынан соғыс көлігінің азаймайтындығы, мініс мақсатының жоғалмайтындығы жатыр [1]. Егер жылқы еті харамға жақын мәкрүһ болғанда, Әбу Ханифа оның сүтіне адал деп үкім бермес еді.

Ал Әбу Ханифаның екі үлкен мүжтаһид шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың пікірінше, жылқы еті адал. Дәлел ретінде әл-Бухариде және Муслимде риуаят етілген мына хадистерді келтіреді:

Біріншісі, Жәбир ибн Абдилланың: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) хайбар күні есек етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат берді» [2] деген хадисі.

Екіншісі, Әбу Бәкірқызы Әсманың: «Пайғамбар (с.а.у.) заманында жылқыны сойып, етін жедік» [3] деп риуаят еткен хадисі.

Қорытынды: Бәрімізге белгілі ханафи мәзһабы, бұл тек Әбу Ханифаның берген пәтуларының жиынтығы ғана емес, ханафи мәзһабының үкім шығару негіздеріне (усулул-фиқһ) сүйене отырып шығарылған мүжтаһид ғалымдардың пәтулары да осы мәзһабқа жатады. Ханафи мәзһабында Әбу Ханифаның екі үлкен шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың берген пәтулары да көп жағдайда негізге алынады. Міне, сондықтан жылқы етін жейтін ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар бұл мәселеге байланысты Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың берген пәтуларын негізге алады. Сондай-ақ, кейбір пәтуа-лар заманы мен ортасына, жағдаяттарға қарай өзгеріп отырады. Әбу Ханифаның жылқы етін жеудің мәкрүһ санауының негізгі себебі, жылқы малының сол заманда соғыстың негізгі құралы болуында. Ал қазір соғыс құралы ұшақ, танкі секілді заманауи күшті техникаларға ойысқандықтан Әбу Ханифаның жылқы етіне байланысты берген «мәкрүһ» деген үкімі де өздігінен өзгеретіні мәлім. Яғни, Әбу Ханифа қазіргі дәуірде өмір сүргенде жылқы етіне байланысты басқаша үкім беруі де мүмкін еді. Ең дұрысын Алла біледі.

[1] әл-Марғинани, әл-Һидая шарху бидаятил-мубтади, 4-том, 1458-бет. «Дәрус-сәлам» баспасы, Каир қаласы, 2000 ж.
[2] Сахихул-Бухари, 39826, 4-том, 1544-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[3] Сахих Муслим, 5191, 5-том, 2099-бет. «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби баспасы», Бәйрут.

0 пікір