XX ғасырдың «Табариі» – Мұхаммед Хамидулла
XX ғасырдың «Табариі» – Мұхаммед Хамидулла
8 жыл бұрын 5298
Ернар ЕСІМҚҰЛОВ, дінтанушы

Сан ғасырлар өтіп, талай кезеңдер артта қалғанымен Ислам діні  уахи етілген саф болмысын бұзбастан, бүгінгі күнімізге дейін келіп жетті. Алланың әмірі мен пайғамбар өсиетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде «пайғамбарлардың мирасқорлары» болып табылатын ғұламалар өлшеусіз үлес қосқаны анық. Осы жолдағы нар тұлғалардың бірі ретінде  заманымыздың заңғар ғалымы, «XX ғасырдың Табариі» атанған Мұхаммед Хамидулланы көрсетсек артық болмас еді.

 Ғалымның үлгіге толы өмір жолы

    Мұхаммед Хамидулла 1908 жылы қаңтар айының 19-жұлдызында Үндістанның оңтүстігінде орналасқан Хайдарабад низамдығында (1724-1948) дүниеге келді. Бастауыш діни білімін Дарул -Улум медресесінде  алады. Ер жете келе Үндістанның ең көне оқу орындарынан саналатын Османия университетіне түседі. Университетте жүріп исламтану және құқық факультеттерінде қатар тәлім  алады. Аталмыш жоғарғы оқу орнын бітірген кезінде-ақ ана тілі урдумен бірге, санскрит, араб, парсы, ағылшын және француз тілдерін де жетік меңгерген болатын. Жақын достарының айтуынша, алғашқы діни білімін анасынан алған. Ал анасы Пайғамбардың өмірін, сахабалардың сара жолын, ислам тарихының таңбалы оқиғаларын ерекше әдіспен кішкентай ұлының бойына сіңіре білген. Заңғар ғалымның сира ғылымына деген ерекше қызығушылығының бастауы да осында жатса керек.

         Болашақ ғалым Исламда мемлекеттік басқаруға байланысты алғашқы  зерттеулерін жүргізу барысында отызыншы жылдары Мекке, Мәдина, Шам, Сана, Палестина, Каир және Ыстамбұл кітапханаларында болады. Осы салада жазылған докторлық жұмысын өзі білім алған Германияның Бонн университетіне жіберіп, 1933 жылы сәтті қорғап шығады. Аталмыш тақырыптағы зерттеулерін  Париж қаласында жалғастырып, 1935 жылы атақты Сарбонна университетінде тарих-әдебиет саласында екінші рет докторлық дәрежені бағындырады. Батыс елдерінде болған жылдары  зерттеген тақырыбында қолданған батыстық ғылыми деректер мен академиялық ортадағы кездесулер, пікіралмасулардың арқасында ағылшын, француз және неміс ориенталистерінің көзқарастары мен ғылыми тұжырым жасаудағы әдістерін жақыннан тануға мүмкіндік алады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін отанына қайтып келіп, мемлекет құқығы және сира кафедраларында 1947 жылға дейін профессор болып қызмет атқарады.

   Ол Парижде болған кезде Хайдарабад низамдығы Үндістан үкіметі тарапынан басып алынып, тәуелсіздігінен біржола айырылған болатын. Мұхаммед Хамидулла Хайдарабадтың БҰҰ тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде танылуы жолында күрескендердің бірі еді. Сол себепті Үндістан үкіметі Хайдарабадты қайта жаулап алғаннан кейін Хамидулла отанына қайту мүмкіндігінен айырылады. Франция билігі оған саяси босқын ретінде тұруға рұқсат береді де, ғалым француз жеріне тұрақтайды.  

   Мұхаммед Хамидулла Парижде жүргенінде Ыстамбұл қаласында ұйымдастарылған «Ореиенталистердің халықаралық жиынына» барады. Осында ерекше көзге түсіп, Түркия мемлекеті оны өздеріне дәріс беруге шақырады. Ол солай 1952 жылдан бастап 25 жыл бойы Ыстамбұл университетінің Ислам зерттеулері институтында үзіліссіз дәріс береді. Кейін қайтадан Парижге оралады.

   Ол саналы ғұмырын үйленбестен жалғыз өткізді. Себебі үйленетін жасқа келегенінде тағдыр тәлкегіне түсіп, біресе Меккеге, одан кейін Берлинге, енді бірде Парижге қоныс аударуға мәжбүр болды.

   Отанын сүйген ғалым Хайдарабад әйтеуір бір күні тәуелсіздік алар деген  үмітпен  2002 жылдың 12 қаңтарында бақилық болды.

 

80-нен асқан жасында тай тілін үйренген ғалым

   Мұхаммед Хамидулла ғылымда өте сақ әрі тиянақты болды. Барлық зерттеулерінің негізін басты қайнарлар мен қолжазбаларға сүйендіретін. Осы ұстанымына байланысты әлемнің көптеген кітапханаларында болып, шынайы дерекке қол жеткізу жолында аянбай жұмыс істеді. Ол «білімнің археологы» іспеттес болатын.  «Пайғамбардың жорықтары» атты еңбегін жазу барысында Пайғамбарымыз қатысқан соғыстар болған жерлерді атқа немесе түйеге мініп өз көзімен көріп, барынша шынайы бейнені беруге тырысқан. Тәржіма жасаған еңбектерін де мүмкіндігінше өңдеуден өткізіп, түзетулер енгізуді жөн көретін.  Еңбектерін зерттеген кезде алғаш көзге түскен нәрсе – үнемі тың деректерге қол жеткізу арқылы бұрынғы зерттеулерін толықтыруды ұят көрмейтінін байқаймыз. Яғни өз еңбегіне тоқмейілсіп, сол жерден тоқтатып қою оның табиғатына жат еді.

      Хамидула уақытының көп бөлігін кітапханаларда өткізетін. Кейбір демалыс күндері осы бір сұңғыла ғалымның ғылыммен шұғылдануы үшін ғана кітапханалардың жұмыс істеген кездері аз болмаған.

      Мұхаммед Хамидулланың ғылымға деген махаббаты ешқашан әлсіреген емес. Урду, парсы, араб, түрік, неміс, француз, италян, ағылшын, орыс т.б. осы секілді  ұзын саны 12 тілді жетік меңгергеніне қарамастан, 84 жасында тай (тайландтықтардың) тілін үйренуге тырысқан екен. Оның бір арманы – мұсылман халықтарының тілдерін меңгеру болыпты. Еңбектерінде де лингвист ғалым секілді сөздердің түбіріне талдау жасауы оның шет тіл біліміне терең бойлағанын көрсетеді.

    Мұхаммед Хамидулла классикалық қайнарларды басшылыққа алатын жаңа заманның ғалымы еді. XIV ғасыр бұрынғы оқиғаларды жаңа заман талаптарына сай түсіндіретін.

         Ол бірнеше тілде еңбектер жазған. Шығармалары да көптеген тілдерге аударылған. Өзі де бірнеше еңбектерге тәржіма жасауымен қатар, қолжазба күйінде шаң басып жатқан жәдігерлерге түсіндірме жазып, жарыққа шығарған. Ал жарыққа шығарған кітаптарының қаламақысын алудан бас тартып, оның өтеміне сатылымға шыққанда бағасының төмен болуын сұрап, оқырманның пайдасына жұмыс істеуді артық көретін.

 

Хамидулланың қателігін көрсеткен адамға қуануы

  Ол әрқашан ақиқатты айтудан тайсалмайтын батыл адам еді. Уақытында жүріп-тұруды әдетке айналдырып, кездесуге кешіккенді жаны сүймейтін.Шынайы ғалымның тұла бойын әсемдейтін қасиеттердің барлығы да оның бойынан табылатын.

  Бірде қонақүйге тоқтаған сапарында жергілікті сын айтушылар қолдарына заңғар ғалымның еңбектеріндегі «қателіктері» жазылған парақтарды алып, Хамидулланың алдына келеді. Бірақ өзі болмағандықтан кездесу жүзеге аспай қалады. Кейін шәкірті болған жайтты өзіне жеткізгенде, күлімсіреген түрде: «Оларға айт! Рұқсат етсе қолдарынан сүйейін. Егер 75 жыл өмірімде қателерім осыншалықты аз болса...», – деген еді.

 

Хамидулла – батыстағы Ислам дінінің қорғаушысы

     Ол Парижде жүріп Ислам ілімдерінің қорғаушысы бола білді. Бір шәкірті былай деп еске алады:«Бір ориенталист ғалым Имам Ғазалидің «Ихия улумуддин» атты мәшһүр еңбегінен дәріс беретін. Шәкірттердің арасында мұсылмандар да бар еді. Мұхаммед Хамидулла да осы дәрісті жібермейтін. Оның Имам Ғазалидің еңбектерін оқығандығына ешкімнің күмәні жоқ еді. Соған қарамастан ориенталист ғалымның сабағына қатысуының себебі сұралғанда ол: «Менің бұл кітапты өте жақсы білетінімді ол да біледі. Сол себепті мен ол жерде болғанда қате түсіндіріп жіберуден аулақ болады», - деп жауап қатқан еді. Қырағы ғалым осылайша бір жағынан мұсылман шәкірттердің батыстың ықпалына ұшырап, сеніміне күмәнданбауын бақылап отырған.

      Мұхаммед Хамидулла азға қанағат етіп, қарапайым өмір сүру жолын таңдады. Парижде тұрған үйі бір терезелі кішкентай ғана баспана еді. Тіпті үй деп атауға келмейтін, кішкентай бөлме болатын. Ас та төк тамақ ішіп, сәнді киімдер де кимеді. Жалғыз ғана жейдесі болғандықтан оны жуып, кептіріп, үтіктеп отырудың уақыт алатындығын ойлап, алмалы-салмалы бірнеше жаға істетіп алады. Жағасы кірлеген кезде лезде басқасын ауыстырып киіп жүре беретін. Есесіне қажеттілігінен артылған ақшасын шәкірттеріне үлестіріп беретін.

 

Мұхаммед Хамидулланың еңбектері

       Оны тек бір саламен шектеп қоюдың өзі әбестік. Өйткені ол ислам ілімдерінің әр саласына да терең зерттеу жүргізіп, қалам тербеді. Ғалымның артынан ілім іздеушілерге шырақ болар көптеген еңбектер қалды. Біреулер 40-қа тарта кітабы мен 700-ге жуық мақаласы болғандығын айтса, енді біреулер 250 кітабы мен 1000-ға тарта  мақаласының болғандығын алға тартады. Кітаптары осыншалықты көп болмаса да, бұл көрсеткіштер ғалымның аз еңбек  жазбағандығын білдірсе керек. Бұрын-соңды жазылған еңбектерге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы қалған  шығармаларының ең маңыздылары ретінде мына еңбектерін айтып өтуімізге болады.

1.«Сахифату Хаммам ибн Мунаббих» (Шам, 1953). Батыстық ислам зерттеушілері – ориенталистер хадистердің жазылуын һижри үшінші ғасырға түсіріп қоятын еді. Яғни үш ғасыр бойы ауызша жеткізілгендіктен өзгеріске ұшырап кеткендігін айтатын. Міне, осы жалаға толықтай жауап болатындай еңбекті Мұхаммед Хамидулла жасады. Әбу Һурайрадан тікелей жазып алған Хаммам ибн Мунаббиһтің сахифасын Шам мен Берлин қалаларының кітапханаларынын тауып, ауқымды кіріспе жазып, аталмыш атаумен жарыққа шығарды. Бұл нұсқалардағы хадистер мен бізге жеткен хадис кітаптарындағы хадистерді салыстырғанда дәлме-дәл келетіндігі айғақталған. Осылайша Пайғамбар хадистерінің шынайылығын сынаушыларың аузына құм құйылған.

2.Le Saint Coran. (Париж 1959). Құран Кәрімнің мұсылман ғалым тарапынан жасалған француз тіліндегі алғашқы аудармасы. 1989 жылы өңделіп 15-ші басылымы шыққан. Бастапқы беттерінен бастап Құран тарихынан хабар беріп, сонымен қатар батыс тілдеріндегі Құран аудармаларының тізімін қамтыған кең көлемді кіріспесі бар.

3.Le Prophete de L Islam. (Париж 1959). Хазіреті Пайғамбардың өмірі жайында француз тілінде екі томдық еңбегі. Көп жылдық зерттеуінің нәтижесі болып табылатын еңбектің алғашқы томында – Пайғамбардың туылғаннан қайтыс болғанға дейінгі өмірі. Екінші томы болса – Оның мемлекеттік басқару, құқық, экономика, білім ғылым т.б. салалардағы өмірін қамтиды. Көптеген тілдерге аударылған.

 4.The Muslim Conduct of State. (Исламда мемлекеттік басқару). (Хайдарабад,1942). Исламдағы билікке қатысты мәселелерді қарастырған. Еңбекте тәуелсіз немесе жартылай тәуелсіз мемлекеттер, Ислам елдерінде тұратын шетелдіктер, шет елде өмір сүріп жатқан мұсылмандар, діннен шыққандар, зыммилер т.б. адамдардың құқықтары қамтылған. Исламның халықаралық құқыққа қатысты қағидалары да қарастырылған.

5. Six originaux des lettres diplomaticues du prophete de Islam. (Париж, 1985). Автор бұл еңбегінде хазіреті Пайғамбар тарапынан әртүрлі себептермен жазылған көптеген хаттардың ішінде түпнұсқа күйінде бізге жеткен алты хатқа тоқталады. Аталмыш құнды құжаттардың суретін бере отырып, жеке-жеке құнды мәліметтер береді.

7. Мажмуату уасаиқис- сиясия ли ахдин – нәбәуи уә халифатур-рашида. (Каир, 1941). Еңбекте хазіреті Пайғамбар мен төрт халифа дәуіріне тән келісімшарттар, Исламға шақыру хаттары, саяси және әлеуметтік маңызы бар бірнеше құтпалар т.б. құжаттар хранологиялық тізбекпен жазылған.

8.The Battlefields of the Prophet Muhammad. (Уокинг,1953). Пайғамбарымыз қолбасшылық еткен Бәдір, Ұхұд, Хандақ және Тайф т.б. жорықтар мен соғыстар, Мекке мен Хайбардың алынуы кестелер мен карталар арқылы баяндалады. Сонымен қатар Пайғамбар дәуіріндегі жалпы әскери жағдай да сөз етіледі.

9.Introduction to Islam.  (Хайдарабад, 1957). Кез-келген деңгейдегі оқырманға құнды деректер арқылы Ислам жайлы жалпы хабар береді.

         Ислам діні алғашқы ғасырларынан бастап-ақ әр салаға қатысты атақты ғалымдарды дүниеге алып келді. Олар тек өз саласының майталман маманы ғана емес, ерекше қасиеттерге ие адамдар еді. Осы сөзіміздің айқын дәлелін заманымыздың заңғар ғалымы Мұхаммед Хамидулланың өмірінен көреміз. Ол шын мәнісінде зиялы еді. Сондай-ақ, ол базбіреулер айтқандай ислам әлемінің ғылымы орта ғасырлармен тоқтамай, әлі де жалғасып келе жатқандығын дәлелдеді. Ислам ғылымдарын сынап-мінеушілерді өзімен санасуға мәжбүр етті. Сол арқылы қазіргі мұсылман зерттеушілерге де ғылыми тұрғыдан қуатты болудың үлгісін көрсетті.

0 пікір