Бисмилләһир рахманир рахим
Граф Влад Дракула - Орта ғасырлардағы тылсым аңыз-әңгімелерге себепші болған қолбасшы. Голливуд фильмдерінде ол Европаны қара күштен құтқарған қаһарман князь ретінде танытылады. Тарихта 20 мың түрікті тірідей қазыққа отырғызғаны үшін «Цепеш» (Țepeș) - «Қазыққа отырғызғыш" деген лақап ат алған. Ал тұтқындардың қанын ыдысқа құйып ішкеніне қарап, жұрт арасында "вампир" деген аңыз пайда болды.
Влад Дракула кім?
ІІІ Влад Дракула Цепеш (Rumence: Vlad Drăculea) - 1431 жылы Валахия княздығында дүниеге келді (Қазіргі Румынияның оңтүстік бөлігі). Әкесі - ІІ Влад Дракул Валахия княздығының билеушісі еді. «Дракула» есімі оған әкесінен мұра болып қалған. Әкесі «Аждаһа ордені» (орден дракона) деп аталатын христиан рыцарлық орденінің мүшесі еді. Осыдан келіп, ол өзін кейіннен «Аждаһаның баласы» деген ұғымды білдірер «Дракула» есімімен атай бастаған. (Дракул - дракон, аждаһа).
«Цепеш» атауы болса, оған өлімінен кейін беріледі. Оған ол атау - қолға түскен тұтқындарды қадаға отырғызу жауыздығымен танылғандықтан тағылады. Цепеш сөзінің румын тіліндегі мағынасы - «қадаға отырғызушы» дегенді білдіреді.
Дракуланың расында да жүрегінде түгі бар жауынгер батыр болғанын түсінуге болады. Аса қатыгез. Айлакер. Діттеген мақсатына жету жолында ештеңеден аянбайтын және ешкімді аямайтын жауыздығымен де ерекшеленді.
Влад Дракуланың жастық шағы
1442 жылы 11-12 жасар Влад Дракуланы бауыры Радумен бірге әкесі Османлыларға кепілдікке тапсырады. Кепілдікте жүріп Османлы әскерінің арнайы жасағы - Янычарлардың қатарына алынып, соғыс өнері мен әскери тактиканы үйренген. Соның арқасында, Влад Дракула кәсіби элиталық әскерге айналды деуге болады. Ол Константинополь (қазіргі Стамбул) қаласын алған Фатих Сұлтан Мехмедпен қатарлас болатын. Тіпті Османлы патшалығының сол кездегі астанасы Эдирне шаһарында кепілдікте жүргенінде ханзада Сұлтан Мехмедпен сарайда бірге ойнап, бірге діни сабақтар көргендігі айтылған. Екеуі бірге Молла Гүрәни есімді мұғалімнен Құран дәрістерін, Аристотельдің логикасын, математика сынды пәндерден сабақ алғандықтары айтылады.
Билікке келуі
Алайда Влад Дракула еліне қайтқаннан кейін, кішкене күнінен үйренген соғыс өнерін Османлылардың өздеріне қарсы қолданды. Одан бұрын Османлылардың әскери қолдауымен Валахия княздығын өз билігіне алуды жоспарлаған ол, ақыры 1456 жылы қол астындағы түрік әскерлерінің арқасында князь ІІ. Владиславты өлтіріп, Валахия княздығының воеводасы атанды. (Воевода - ұлы князь тәрізді титул). Османлы қазынасына жыл сайын 10 мың дукат (алтын ақша) салық төлеп тұруға уәде береді.
Әйтсе де, уәдесі ұзаққа созылмады. Арадан бірнеше жыл өтісімен 1459 жылы Влад Дракула Османлы билігіне алым-салық төлеп тұрудан бас тартады. Венгрия патшасымен Османлыларға қарсы біріккен ол, 1460-1461 жылдары Дунайдан өтіп түрік жеріне аяқ басады. Түрік қамалдарына шабуыл жасайды, жергілікті елді-мекендерді тонайды, айналадағы түрік елді-мекендерді өртеп, бейбіт тұрғындарды өлтіреді. Өзінің сөзімен айтқанда 23 884 түрік әскерлері мен болгар түріктерін өлтірген екен. Және де Сұлтан Мехмедтің әскерлеріне үрей салу үшін 20 мыңға жуық түрікті қадаға (ағаш қазық) отырғызған. Қазыққа қағылғандардың арасында бейбіт тұрғындар да болған. Қазыққа қағылған адам денесінен орман жасаған.
Тіпті, 1462 жылы Влад Дракуланың сазайын таттыру үшін Сұлтан Мехмед қалың қолмен Валахияның бас қаласы Тырговишке жеткенде, шамамен 5 шақырымдық алаңда қазыққа отырғызылған он мыңдаған адамның денесін көрген ол, алыстан орман екен деп қалған екен. Алайда, бұл Сұлтан Мехмедке және әскерлеріне күтілгендей үрей салмады. Қайта оған деген кек пен ызаны күшейте түсті. Біраз күннен кейін Тырговиш қаласы алынады. Бірнеше күннен кейін, Тырговиш қаласын түріктерден кері алу және Сұлтан Мехмедті өлтіру мақсатында Влад Дракула 30 мың әскерімен түнде қалаға басып кіреді. Шайқас таңғы төртке дейін жалғасады. Осы шайқаста, Дракула жақтан 5 мың, ал Сұлтан Мехмед жақтан 15 мың әскер жер жастанады. Алайда, діттеген мақсатына жете алмаған Влад Дракула қашуға мәжбүр болады.
Влад Дракуланың көзі тірісінде жасатқан мүсіні.
Бірақ ол қашып бара жатып жол-жөнекей кездескен егістер мен ауыл, елді-мекендерді өртейді, су бұлақтары мен құдықтарды улайды. Ондағы ойы - Осман әскерлерін сусыз, азықсық қалдыру еді. Тіпті, жұқпалы ауруға шалдыққандарды Осман әскерлерінің арасына жіберіп, әскерлер арасында ауру таратпақшы болған екен. Осылайша, қазіргі тілмен айтқанда жау әскеріне қарсы биологиялық қаруды қолданған ең алғашқы қолбасшы болған болды. Ақырында 1462 жылы тұтқындалып, Будинге алып келінеді. Он екі жылдан кейін айналадағы патшалармен жақсы қарым-қатынастар орнатып, қайта билікті қолына алуды көздейді. Сөйтіп, Молдавия патшасы ІІІ Степанның қолдауымен 1476 жылы өзін қайта Румыния елінің воеводасы ретінде жариялайды.
Алайда, сол жылы (1476 жылы) князь Дракула мен Сұлтан Мехмедтің әскерлері арасындағы Бухаресте болған шешуші шайқаста Влад Дракула жеңіліс тауып, басы алынады. Басы бал құйылған ыдысқа салынып, Стамбул қаласына жолданады. Онда оның басын қала көшелерінде кездіріп, өлімі қала жұртшылығына паш етіледі. Осылайша өзінің деспоттығымен танылған Дракуланың көзі жойылады. Онымен қоса, оған қатысты халық арасында жайылып үлгерген тылсым аңыз-әңгімелердің де тамырына балта шабылған болды.
Пайдаланылған дереккөздер:
- biyografi info/kisi/kazikli-voyvoda
- ru wikipedia org/wiki/Влад_III_Цепеш
- tr.wikipedia org/wiki/Vlad_Dracula
- tarihvakti com/kazikli-voyvoda
- islamansiklopedisi org tr/eflak