Үлкен зұлымдық. Шұғайыб пайғамбардың оқиғасы (ғалейһиссәләм)
Үлкен зұлымдық. Шұғайыб пайғамбардың оқиғасы (ғалейһиссәләм)
4 ай бұрын 3491

ШҰҒАЙБ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ)

Ерте бір заманда Шам мемлекетi тарапында бiр қауым өмiр сүрген едi. Аллаһ тағала оларға көптеген игілік беріп, мол ризық-несібе нәсіп етсе де, олар Аллаһқа ешбір шүкiршiлiк қылмаған ел болды. Бұл нығметтердi беруші әрі барлық істің Қожайыны, Раббылары Аллаһқа басқа да тәңiрлердi серiк етті. Бұл қауымның адамдары бір Аллаһтың жаратқандары iшiндегi қалың әрi жұмсақ жапырақты «әйка» деп аталатын ағашқа табынды. Бұл серік қосу әдеті жас ұрпаққа ата-бабалар тарапынан беріліп отырды.

Ұрпақтар ата-баба дәстүрін жалғастыра түсті. Осылай күн кешіп жатқан бұл қауымның ешқайсысының ойына шайтанның жолына түспеу, тәубеге келiп, бiр Аллаһқа ғана ғибадат жасау керек екендiгi келмедi. Олардың Аллаһ тағалаға күпiрлiктерi күн өткен сайын арта түстi. Бұл қауымдағылар бір-біріне зұлымдық жасап, тиiстi ақыларын төлемей, әлділері әлсіздерін қанайтын еді. Қоғамдағы жоғарғы тап өкілдер өздерi бiр затты сатып алар болса, бағасын арзан алатын және алатын затын артығымен алуға тырысатын, ал өздерi сатар болса, таразыға кем өлшеп, керiсiнше жасайтын. Құран Кәрiмде Аллаһ ондай кісілердің сипаттарын айтып, бұл сияқты алдау, қиянат жасау жолдарын харам еткен. Олар жайлы Құранда: 

«Кем өлшейтiндерге азап болсын. Олар адамдардан (өлшеп) алатын болса, толық өлшеп алады. Ал оларға өлшеп немесе тартып беретiн болса, кемiтедi», – делінген («Мутаффифин» сүресі, 1-3-аяттар). 

Пайғамбарлық міндеттің жүктелуі 

Бұл қауымның адамдары осылайша бiрiнiң ақысын бiрi жеп, қанаушылықпен, зұлымдықпен өмiр сүрiп жатты. Әрбiр адам өзінен басқаға зиян, ал өзiне тек пайданы ғана ойлады. Осы бір бұзықтық жайлаған қауым арасында аса ақылды, ерекше көркем мiнездi Шұғайб есiмдi бір кiсi бар едi. Аллаһ тағала бұл қауымды тура жолға бастау үшiн Шұғайбты пайғамбарлыққа таңдады. Аллаһтан аян беріліп, өз міндетін түсінген Шұғайб адамдарды бұзықтықтан қайтара бастады. Раббысы Шұғайбқа дәлелдер, мұғжизалар берiп, оны қуаттады. Шұғайб уағыз жүргiзуде ешқандай селқостық танытпады. Ол қауымына уағызын жүргiзiп, олардың iстеп жатқан күпiрлiк iстерiнің қате екенін әшкереледі. Ең алдымен, оларға бiр Аллаһқа ғана ғибадат жасауды түсіндіріп, Оған серiк қосудан тыйды. Сонымен қатар өздері табынып, Аллаһ тағалаға серiк қосып етiп жатқан «әйка» ағаштарын тастауларын талап еттi. Екiншiден, адамдарға зұлымдық жасамауды үндеу iсiне өттi. Құранда Шұғайбтың тілімен былай делінеді :

«Ей, қауымым! Таразыны толық, кемiтпей өлшеңдер. Басқаның ақысын жеу – харам. Таразыны өлшейтін кезде алдауға, қанауға болмайды. Адамдардың мал-дүниедегi, саудадағы ақысын кемiтпей берiңдер. Әдiл болыңдар. Болмаса, бұл зұлымдықтарың үшiн азап шегесiңдер. Аллаһ тағала сендерге кәпiр болып кетпеулеріңді ескертедi», – деп әлсіздің, жетім-жесірдің ақысын жеу асқан күнә екендігін ескертті. 

Кәпірлермен болған тартыс 

Қауымы Шұғайбтың сөздерiн естiп, оны келемеждеді де:

«Ей, Шұғайб! Намазың саған бiздiң өткен замандағы ата-бабаларымыздың да табынған тәңіріне ғибадат жасамауымызды бұйыра ма? Және бiзге адамдармен өзiмiз қалағандай қарым-қатынас жасауымызға тыйым сала ма? Сонда бұл өзі қандай дін? Егер алдауды қойсақ, онда бiзге пайда қайдан келедi? Ей, Шұғайб! Қалайша сен бiздi ата-бабамыз мұра етiп қалдырып кеткен дiннен қайтармақсың? Бiздiң рақатты, тыныш өмiрiмiзге килікпей, жайымызға қалдыр. Бiз сенi iшiмiздегi ең ақылдымыз деп ойлаған едік, сенiң бiзге берер насихатың осы ма еді?! Ел-жұртымызға мал-дүние, пайда келтiру үшiн бiзге көрсетер қолдауың қайсы?! Өзіңді біздің қатарымызға қоспасаң, бiзден аулақ жүр. Ал бiз бұл жолдан еш қайтпаймыз», – деп жауап қайтарды.

Шұғайб оларға ауыр сөз қайтармады. Қанаумен келіп жатқан мол пайдадан көздерін шел басқан олардың бұл айтқандарына Шұғайб ренжімеді. Керiсiнше, олармен қатынасқанда асқан сыпайылық, жұмсақтықпен сөйлеп, уағыз-насихатын жалғастыра түсті. Оларға өзiнiң әлемдердiң Раббысы Аллаһ тағала тарапынан жiберiлген пайғамбар екенiн ескерттi. Бiрақ олардың тасбауырлығы мен қасарысуы артты. Шұғайб оларға:

«Ей, қауымым! Сендер қаншалықты тасбауыр болып, маған қарсы күш қолданғандарыңмен, мен Аллаһқа, хақ дінге шақыруымды мүлде тоқтатпаймын. Раббым маған адамдарға дағуат, уағыз-насихат айтуды бұйырды. Бұл – маған жүктелген міндет. Мен ешқашан бұл үлкен, қасиеттi міндетті орындауда әлсiздiк танытып, бас тартпаймын. Ей, қауымым! Мiне, менiң дiнiм сендерге мәлiм, айқын. Ендеше, Аллаһ тағалаға иман келтіріп, ғибадат жасаңдар. Оған ешқандай серiк қоспаңдар. Және адамдардың ақысын жемеңдер, таразыда және өлшеуде еш кемiтпей, толық берiңдер», – дедi.

Шұғайб қауымының Аллаһ тағалаға сенгiсi келмейтiндiгiн, олардың ашық қарсылықтарын және қасарысудан танбайтынын көрді. Оларды Аллаһ тағаланың азабымен қорқытып, күнә мен бұзықтықтарды жасаудан тойтарды. Сондай-ақ бұзықтық жасаушылардың жай-күйiнiң соңы немен бiтетiндiгiн дәлелдеп, Аллаһ тағаланың азабынан - тек Оған иман келтiрiп, серiк қоспай, игi iстердi iстегенде ғана құтылатындығын баяндады.

Шұғайб оларға сенiмдерiнiң қателігін, өздерiне өздерi зұлымдық жасап жатқандықтарын айтты. Олар өз амалдарының теріс, Шұғайбтың айтқандарының ақиқаттығын бiлгендерiнен кейiн де Шұғайбты кемсiтiп, балағаттап, қорқыта бастады. Олар:

«Ей, Шұғайб! Бiз сенiң айтқандарыңды түсiнбеймiз. Тiптi сенiң сөздерiңдi естудi де қаламаймыз. Егер бұл уағыз-насихатыңды тоқтатпасаң, бiз саған қатыгездiкпен азаптау жолын қолданамыз. Сен – әлсiзсiң. Қазірге дейiн сенiң көзiңдi жойып жiберуiмiзден бiздi арамыздағы сенiң беделдi туысқандарың қайтарып, тосқауыл болып келдi. Ендi сенiң бұл iсiңдi жалғастыруыңа ешқандай мүмкiндiк те, рұқсат та бермеймiз. Бiз саған ата-бабамыздың ұстанған дінін жалғастыруды қоймайтындығымызды және сенiң бiздiң арамызда қалуыңды қаламайтындығымызды талай рет айтқанбыз», – дедi. 

Мен Раббыма сенемін 

Шұғайб оларға:

«Сендердiң Аллаһ тағалаға сенiп, Оның берген нығметтерiне шүкiршiлiк еткендерің менiң туысқандарымды құрмет етулерiңнен артық болар еді. Раббым Аллаһ сендердің барлықтарыңнан да артық күш-қуатты болғандықтан, мен сендерден төнген қауіптен қорықпаймын. Аллаһ тағаланың жәрдемiне сенiмiм әрқашан кәмiл. Ол мүмінді жеңiске жеткiзiп, кәпірлерді күйретеді. Оған сендердің күнәларың мен менің уағыздарымның барлығы мәлім. Аллаһ иман келтiрушiлердi ешқашан ұмытпайды. Ол кәпірлерді де есінен еш шығармақ емес. Аллаһ әрдайым мүміндермен бірге. Ол мүміндерге жәрдем бередi, ал Өзіне серік қосушыларды қолдамайды. Сендердiң қазіргі күш-қуаттарыңнан, байлықтарыңнан еш пайда жоқ. Аллаһ тағалаға қайтып, тәубеге келiңдер. Аллаһқа серік қосатын кәпiрліктен тыйылып, жасанды да жалған тәңiрлерге құлшылық жасауды тоқтатыңдар», – деп жауап бердi.

Шұғайб уағызын тоқтаусыз жүргiзе түсті. Соның нәтижесiнде қауым iшiнен біраз кiсi оның сөздерiнiң дұрыстығын түйсiндi. Олардың көкiрек көздерi ашылып, жүректерi тазарды. Шұғайппен бiрге иман келтiрiп, тура жолға бет бұрды. Олар табандылық танытып, хақ дiнді қабылдады. Аллаһ тағала оларды тура жолға бастады. Шұғайб иманға келгендердің жүрегіне нұр құйған, оларды иманға жолдаған Аллаһ тағалаға мадақ айтып, шексіз қуанышын білдірді. Бiрақ қауымның көпшiлiгiнің жағдайы қалай болды? Кәпiрлер араларындағы иманға келушi аз адамды үнсіз тыныш қалдырды ма? 

Аллаһ тағаланың кәпірлерге сұраған азаптарын жіберуі 

Қауымның ішіндегі кәпiрлерi осылайша мұсылмандардың көбеюінен және Шұғайбтың шақырған дiнiнiң кең етек алып кетуінен қауіптенді. Олар Шұғайбқа: «Бiз сендердi елден аластамақпыз. Сендердiң ортамызда дiндерiңдi жаюларыңа мүлде мүмкiндiк бермеймiз», – деп, Шұғайбтың насихаттарының барлығын жалғанға шығарды. Олар өркөкіректікпен өздеріне Аллаһтың азабын тіледі. Олар:

«Ей, Шұғайб! Сен – өтiрiкшi, сиқыршысың. Егер сен пайғамбар болсаң, бiзге айтқан азабыңды көрсетші. Раббыңа дұға жаса. Бiздiң үстiмiзге аспаннан жоюшы азабын түсiрсiн. Егер сенiң сөздерiң ақиқат болса, неге Раббың азабын түсiрмейдi? Қане, ей, Шұғайб! Раббыңа дұға ет. Сенiң дұғаңды қабылдап, саған және мүмінсымақтарыңа Раббың жәрдем бере ме, жоқ па, көрейiк», – деп кеуделерін соқты.

Шұғайб қауымдағы шектен шыққан кәпiрлерді қарғап, оларға азаптың жiберілуiн сұрап, Аллаһ тағалаға дұға жасады. Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл етiп, кәпірлерге ауыр азабын түсiрдi. Бұл азап «аптап ыстық» едi. Кәпірлер ешқандай көлеңке әрi сусын таба алмай қалды. Көлеңкелеп үйлерiне тығылды, азғантай су тауып iштi. Бiрақ мұның пайдасы болмады. Кенет аспанды қара бұлт торлап, айқай-шу басталды. Күн қатты күркiреп, найзағай ойнады. Өздері тіленген азаптан зәресі қашқан кәпір қауым жан-жаққа жүгірді. Бiрақ Аллаһ тағаланың азабы барлық жерге жететін еді. Олардың бiр де біреуі қалмай, түгел көздері жойылды.

Осылайша иманнан безген кәпір қауым өздерiне өздерi зұлымдық жасап, тілеп алған азаптарымен тұқымы құрыды. Бұл – оларға бұл дүниеде берiлген жаза, ал Қиямет күнгi азап оларға бұдан да ауыр болмақ. 

Шындық өрге басады 

Кәпiрлердiң қырылып бiткен халдерiн көрген және олардың Аллаһ пен Оның елшісіне қарсы шыққандарын есiне түсiрген Шұғайбтың бар айтқаны:

«Ей, қауымым! Мен сендерге Раббымнан берілген пайғамбарлық міндетімді орындап, насихат еттім», – деген ғана сөздер болды. Ал, Аллаһтың қолдауымен азаптан құтқарылған мүміндер Мәдиян еліне бет алды. Мәдиян қаласына орналасқан мүміндерден көптеген ұрпақ тарап, тұрғындардың көпшілігін Аллаһқа иман келтірген мүміндер құрады1. 


А. Ахмед: «Құран Кәрім хикаялары».

0 пікір