Түсінде шымшық көрген кісі және Ибн Сириннің жоруы (оқиға)
Түсінде шымшық көрген кісі және Ибн Сириннің жоруы (оқиға)
8 күн бұрын 1650 islam.kz
А, Қасым

Атақты түс жорушы, табиғин ғалым, фақиһ Ибн Сирин рахимаһуллаһ Ислам тарихында өзінің түс жорушылығымен танымал тұлға. Оған түс жору қасиеті Юсуф пайғамбар түсіну кіргеннен кейін қонған екен. Түсінде Юсуф ғалейһиссәләм кіріп, оған (Ибн Сиринге) өзінің аяқ киімінің бір парын береді. Сол түстен кейін Ибн Сиринге түс жору қасиеті қонған деседі. Сол күннен кейін, қарапайым шаруадан бастап, атақты ұлы ғалымдардың өздері көрген түстерін оған жорытатын болған. Тіпті десеңіз, Ұлы Имам Әбу Ханифаның өзі көрген түсін осы Ибн Сиринге жорытқаны мәліметтерде кездеседі1.

Бүгінгі оқиғада Ибн Сиринге түсін жорытуға келген бір кісі жайында және Ибн Сириннің тапқырлығы турасында әңгімеленбек.

Мәліметке қарағанда, түсінде шымшық көрген бір кісі түсін жорыту үшін Ибн Сиринге келеді:

- Мен түс көрдім, дейді ол. Түсімде бір шымшықты ұстап алыппын. Оны бауыздайын деп жатқанымда әлгі шымшыққа тіл бітіп: «Мені бауыздамашы» деді, - дейді түс көруші адам мәнін білгісі келіп. Сонда Ибн Сирин оған:

- Алладан кешірім тілегенің дұрыс. Өйткені сен алуға болмайтын халал емес садақаны алған екенсің! - деп жориды.

Әлгі адам болса:

- Құдай сақтасын, ешкімнің садақа ақшасын алмағанмын, - дейді жалтарғысы келіп. Сонда қырағы ғалым оған:

- Тіпті қаласаң алған садақаңның мөлшерін де айтып берейін, - депті.

- Айтыңыз, - дейді әлгі адам .

- Ұрлап алған ақшаң алты дирхам күміс ақша, - деп Ибн Сирин келген кісінің көрсетпей алып алған садақа ақшасының мөлшеріне дейін айтып беріпті. Мойындамасқа шарасы қалмаған әлгі адам:

- Біліп қойдыңыз, - дейді ұялып. Айтыңызшы алтау екенін қайдан білдіңіз? - деп сұрайды.

Сол кезде Ибн Сирин:

- Өйткені, түсіңізде көрген шымшықтың алты ағзасы бар. Әрбір ағзасы бір дирхамды білдіреді, - деген екен. Осылайша, сұраушының көрген түсінің астарындағы шынайы мәнін ашып беріп, оны тәубеге шақырған екен2. 


1  Ибн Сирин, Мұсылманша түс жору кітабынан. Араб тілінде.
2 Оқыңыз: "Әбу Ханифаның түсі және оны Ибн Сириннің жоруы".

 іslam.kz

 

0 пікір