Түркілердің Ислам дінін қабылдауы және Атлах (Талас) шайқасының маңызы
Түркілердің Ислам дінін қабылдауы және Атлах (Талас) шайқасының маңызы
3 жыл бұрын 11377

VІІІ-ХІІ ғасырлардағы айқын білінетін ірі өзгерістерден мұсылман әлеміндегі халықтарды басқа елдердің даму дәрежесімен және оларды бір-бірімен теңестіруге мүлдем болмайтынын байқаймыз. Бұл дәуірде ислам діні жан-жаққа тарап, сол елдерде бүкіл дүние жүзінің ең озық өркениетін қалыптастырған еді. Еуропа елдері болса осы уақытта мәдени құлдырауды бастан өткеріп жатты және олар ғылым-білімді дамытуда мұсылмандарға тәуелді болатын. Ислам дінінің әсерімен Орталық Азия мен Африканың солтүстік аймақтарындағы аралықты қамтыған мәдениет Аббасилердің дәуіріндегідей ешқашан гүлденбеген.

Түркілердің Ислам дініне өтуі - тарихтағы ең ірі оқиғалардың бірі. Бірақ бүгінге дейінгі кейбір деректерде Ислам дінінің таралуын жазушылар, мәдениетін зерттеушілер Орталық Азияның тарихын ірі өзгеріске ұшыратқан оқиғаны өздерінше басқашалап жазып кетті. Олардың пікірінше:

«1. Ислам қылыштың күшімен тарады.

2. Түркілер қорыққанынан мұсылман болды.

3. Талас соғысынан кейін түркілер амалсыз мұсылман болды.

4. Түркілердің көне діндерінің кейбір үгіттері Ислам дініне ұқсас болды деген сияқты және т.б.».

VІІ-VІII ғасырларда Орталық Азияның тарихында түркі тайпаларының өз-өздерімен соғысып, мықты болған мемлекеттер жеке-жеке бөлініп кетіп әлсіреп тұрған болатын, міне осындай кезді сәтті пайдаланғысы келген Қытайдағы билік етіп отырған Таң империясы Жетісудың кейбір аймақтарын басып алған. Бірақ шекарасының кеңеюі өте мықты қарқынмен дамып жатқан Умәуи халифатының орнына келген, Аббас халифатының алғашқы ірі жетістіктері болып саналатын, 751 жылғы Атлах шайқасы бүкіл Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте қатты өзгерістерге ұшыратуға себеп болды. Осы бір ірі мұсылмандардың жеңісінен кейін Таң патшалығы 1000 жылға дейін Қазақ жеріне аттап баспаған болса, ал ислам діні бұл жерлерде кеңінен тараған және қалалар аз уақытта әсем де көрікті болып дамыды. Бұл болып жатқан мәдени өзгерістерге Аббас халифатының қосқан үлесі өте көп.

750 жылы 93 жыл билеген Умәуилердің соңғы он төртінші халифы Маруан ІІ-ні Аббасилердің бірінші халифасы Абул Аббас ас-Саффах құлатты. Оның қолбасшысы Зияд ибн Салих Атлах шайқасында мұсылмандардың әскерін басқарып [1.88], 751 жылы мұсылмандар Талас өзені маңында (Қырғызстан) Қытай әскерімен соғысып жеңіп шықты. Осы ұрыста тұтқынға түскен қытайлар (20 мыңға жуық адам тұтқынға түсті, 45 - 50 мыңдай қытай әскері өлді) арасында қағаз жасауды білетін шеберлер де бар екен. Міне осылар арабтарға қағаз жасауды үйретті. Әл Макдиси өзінің «Әл Бэду әт-Тарих» еңбегінде: « бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті» деп жазды. Жеңіс түркі халықтарының қытай құлдығынан, оның будда дінінен аман сақтап, ислам өркениетімен дамуына жол ашты [2.18].

Осының нәтижесінде, Бағдатта (793-жылы), сосын Мысыр (шамамен 900 жылы) мен Мароккода (шамамен 1100 жылы) және Испанияда (1150 жылы) қағаз өндірістері ашылды. Арабтардың папирусқа қарағанда жасалуы арзан әрі сапалы қағаз шығаруды үйренуі кітап шығаруды оңайлатты [3.189-190]. Бүкіл Орталық Азияның саяси тарихын өзгерткен осы бір соғыс ғылымның да дамуына үлкен септігін тигізгені шындық. Білім иелерінің түрлі жаңалықтар ашуына, мыңдаған кітаптарды жазуына, осы бір соғыста түркі тайпаларының арабтар жағына өтуі маңызды оқиғаның бірі.

Аббасилардың халифаты (751 - 1258 жж.) кезеңінде түркі халықтары түгел дерліктей хақ дін Исламды қабылдады. Түркілердің ойшылдары, ақылманды оқымыстылары, ел мен әскер басында жүрген көрегенді азаматтары хақ діннің қаншалықты жүрекке конымды һәм жағымды екенін, өздері аңсаған әділет пен рухани тыныштықтың тек осы дінде табылғанын аңғарып, һидаят жолына барды [4.242]. Арабтардың Орта Азия халықтарын ислам дініне енгізуіне (себепкер болуы) 200 жылдан астам уақыт кетті. Сол дәуірде туындаған кесек шығармалар бүгінде шығыс әдебиеті мен мәдениетінің інжу-маржанына айналды. Ислам дінін уағыздау және дін оқуды өрістету мақсатымен қалаларда ірі-ірі мешіттер мен медреселер салынды [5.8]. Қазақ жерінде бел алған ислам бірте-бірте христиан дінін де, будданы, зороастризмді және жергілікті тәңірге табынушылықты да ығыстырып, ысырып тастайды. Мысалы, Бирунидің жазуына қарағанда «манидің (манихей) ілімін әр жерге тарататын шәкірттері болды. Ислам елдерінде олардың шоғырланған бірде - бір жері жоқ. Тек Самарқандта (онда бар-жоғы 500-ге жуық адам болған) ғана мани орталығы бар. Мани ілімін Қытай, Тибет, Үндістанның бір бөлігін мекендейтін шығыс түркілердің көбісі ұстанады» [6. 31-32]. Географиялық әдебиеттерде түркілердің арасында исламның таралуы туралы нақты деректер жоқ. Тарихшылардың айтуынша исламның қабылдану уақыты — 960 жыл. Бұл дерек Бағдат қаласында кездеседі, алайда ол туралы ешқандай нақты құжат жарияланбаған. Шын мәнісінде Ислам дінін бірінші Қарахандықтар қабылдаған. Ол кезде, яғни X ғасырдың аяғына дейін Қарахандықтар Қашғарды билеп тұрды, Бұхара мен Самарқанды жаулап алды. Басқа түркі халықтарының көпшілігі 1043 жылы қабылдады (В.В.Бартольд Соч. Т.5 М. 1968, с.205). Бірқатар деректерде түркі тайпаларының ислам дінін қабылдауы X ғасырдан бастау алды десе, бір деректер VIII ғасырдан басталған дейді, өйткені 751 жылғы Атлах шайқасында мұсылмандардың Аллаһтың көмегімен жеңіске жетуі түркілердің ислам дінін қабылдауын тездетті. Осыдан бастап дінді қабылдаған халық сол кездегі жаңадан пайда болған әлемдік мәдениетті дамытуға атсалысты. Сол кезеңнен қалған сәулет өнері, ғалымдардың шығармалары қазіргі таңда аса зор бағалануда. X ғасырдың басында Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ-Боғра хан ислам дінін қабылдап, оның ұлы Боғра хан Харуб б. Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік деп жариялады. Ислам діні бірінші кезекте қалаларда жақсы таралды. Ибн Хордадбек Фарабтың бас қаласы Кердердегі мұсылман топтары туралы, Ибн Хаукаль Фараб, Кеңжиде мен Шаш аралығында көшіп жүрген мұсылман түріктері жайында жазып кеткен. Әл-Макдиси Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың X ғасырдың аяғындағы қалаларын атай келіп, мешіттерді қалалардағы міндетті құрылыстардың бірі ретінде атаған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде және Құйрықтөбеге жақын жерден Х-ХІ ғасырларға жататын ең ертедегі мұсылман қабірлері, қаланың орнынан Х - ХІІІ ғасырларда салынған мешіттердің қалдығы және басқа да ірі қалалардан моншалардың болғандығы дәлелденді. Осы сияқты көптеген қазба жұмыстарынан ислам дінінің таралғанын айқын дәлелдейтін заттар анықталды, бірақ ислам діні толық орнықты деп те айтуға келмейді, өйткені, тотемизм мен зороастризмнің белгілері де шығып жатты [7. 480-482].

Түркілердің арасында ислам дінінің беделінің өсуі ІХ-Х ғасырларда шамамен 820 жылдан 1000 жылдарға дейін болған қазіргі Түркістанның мәдени облыстары Орта Азиядағы Иран Саманид династиясы билік жүргізген кезден басталды. VІІІ-ІХ ғасырлардағы оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстік Қазақстан халықтарының жаппай ислам дініне кіргендігін жазады. 840 жылы Нур ибн Асад Испиджабты бағындырады, 859 жылы оның інісі Ахмед ибн Асад Шауғар қаласына жорық жасайды. 766 жылдан бастап Жетісу мен Қазақстанның оңтүстік өңіріне саяси өктемдігін жүргізген Қарлұқтар мұсылман мәдениетінің ықпалына өзгелерден гөрі бұрынырық түседі. Олар исламды тіпті Махди халифаның (775-785 ж.ж) кезеңінде қабылдады деген пікір бар, бірақ бұл пікір олардың белгілі бір бөлігі жөнінде ғана болуы мүмкін. Өйткені 853 жылы Исмаил ибн Ахмад Таразды, оның басты шіркеуін мешітке айналдырған. Ислам дінін ұстанатын халықтар көбейген сайын қалаларда үлкен мешіттер салына бастады [8. 92]. Мысалы, Баласағұн 940 жылдан бері мұсылман қаласы болып есептеледі. Ал жекелеген қалаларда сауданың жандануы, бұрын мұсылман емес халықтардың дінді қабылдауына ықпал етті. X ғасырда мұсылманшылықтың толқын-толқын таралғаны байқалды. Сол кездегі Орта Азия тұрғындарының лек - лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960 ж. 200 мың шатыр түркі халқы ислам дінін қабылдаған. Бұл түркі халықтарының тарихындағы ірі оқиға. 1232 ж. қайтыс болған тарихшы Ибн әл-Әсирдің «Әл-Кәлім» деп аталатын 8 томдық кітабында осы оқиғаны: «Түріктерден екі жүз мың шатыр адам мұсылман болды», — деген [4.295]. Бұл оқиғалардан түркі халықтарының біраз бөлігінің ислам дінін кабылдағанын байқаймыз. Бұл кезеңде қалаларда ислам діні кеңінен қалыптасқаны анық, мысалы: Ежелгі Тараз қаласы ислам дінінің осы өңірдегі тарауына тірек болды [1. 95] және тағы бір Орта ғасырдағы гүлденген Испиджаб көшпелі түріктерге ислам дінін таратудың орталығына айналды [1.97], бұдан да басқа қалалар дінді таратуда жақсы істер атқарды.

Ислам діні тек қана таралумен шектелмей Орталық Азия мен Қазақстан калаларының келешекте өркендеуіне жол ашып берді. Өйткені бұл дінмен қатар ғылым мен архитектураның даму дәрежесі де айтарлықтай болды. Ал, қайсы дін, қандай мәдениет немесе қай отаршыл ел әлем елдерінің, Орталық Азия мен Қазақстанның мәдени ілгерілеуіне, бұндай өнер, ғылым сондай-ақ өзіндік қайталанбас архитектурасын алып келді? Біз араб мәдениетінің тарихына және оның әлем мәдениетіне қосқан үлесін, Орталық Азия халықтарының мәдениетіне қалай тарағанын білген болсақ, бұрын соңды болмаған әлем өркениетіндегі керемет өзгерістер мен ғылыми жаңалықтарға өте жақсы баға берер едік.

ЖАЛПЫ ДЕРЕК

Қытай мемлекетінде талас пайда болып Ұлы Қытай қорғанының сыртына Хан әулеті бөлініп шығады.Олар Жетісудын жеріне бірте бірте кіре бастайды.Олар Түргеш қағанаты жерлерін басып алады.Арабтар Орта Азиядағы жорықтарда Қытайлықтармен шиелініске тап болады. 

Талас шайқасы (Атлах шайқасы)

Талас шайқасы, Атлах шайқасы, 751 жылы Атлах қаласы маңында қытай және араб әскерлерінің арасында болды. Шайқас қарсаңында 749 жылы араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы аяқталып, қара киімділер аталған Аббас әулеті билікке келді. Олар осыған дейін халифат бақылауынан тыс қалған бұрынғы Орта Азиядағы иеліктеріне ықпалын күшейте түсті. Осы тұста Тан патшалығы әскері Шығыс Түрік қағандығының әлсірегенін пайдаланып, Талас өңіріне таяп келіп, араб халифаты иелігіне қауіп төндірді. Тан патшалығынан теперіш көріп келе жатқан түргештер мен қарлұқтар араб халифаты әскерінің көмегіне сүйену үшін арабтар жағында болды. Бұл жағдай арабтар мен қытай әскерлерінің қақтығысқа түсуін жеделдете түсті. Екі жақ әскерлерінің шайқасы 751 жылы 29 шілдеде басталып, 5 күнге созылды. Қытай қолбасшысы Гау Шиянденнің (Гао Сянь-чжи) қарамағында 70 мың әскер болған. Шайқас барысында қарлұқтар жаппай арабтарға болысып, екі жақтан Тан армиясын қыспаққа алды. Араб қолбасшысы Зияд ибн Салих қарамағындағы әскер шайқас барысында қытай әскерінің 50 мыңын өлтіріп, 20 мыңын тұтқынға алды. Шайқаста жеңіліс тапқан Тан патшалығы бұдан кейінгі кезеңде өз құдіретінен айырылды. Бұл өз кезегінде түркілердің Ислам өркениетімен жақындасуын жылдамдатты.

Дереккөздер:

1. Жолдасов С. Қазақстанның оңтүстік өңірінің тарихы. Алматы «Үш қиян» 2009. 88,95,97.

2. Қазақ тарихы (ғыл-әд. журнал) №2. Ғизатов Ж. Исламның Қазақстанға таралуы. Алматы 2009.18 б.

3. Доктор Рахман. Краткая история ислама. Москва. ІШМАН. 2003.189-190.

4. Бұлұтай М.Ж. Ата баба діні. Түркілер неге мұсылман болды? Алматы «Білім» 2000. 242, 295.

5. Ислам және Өркениет №10. Қосалы А. Исламның Қазақстанға таралуы. Алматы «Бизнес-информ» 2006. 8 б.

6. Отан тарихы (ғыл. журнал). Жеңіс Ж. Орта ғасырлық түркілер және әлемдік діндер. 2.2005. Алматы. 31-32.

7. Қазақстан тарихы.«Ата-мұра» (IV томдық), I т .Алматы. 1996. 480-482.

8. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк). Алматы «Дәуір» 1994. 92.[1]


[1] https://kk.wikipedia.org/wiki/Талас_шайқасы

0 пікір