Теңіздің үстінен жүріп өткен сахабаның кереметі
Теңіздің үстінен жүріп өткен сахабаның кереметі
1 жыл бұрын 6330
Дайындаған А. Қасым

Алә ибн Абдулла әл-Хадрами - Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің бірі болған. Оқу-жазу білгендіктін Пайғамбарымыз оны өзіне хатшы қылады. Алғашқы мұсылман болғандардың қатарында. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің көзі тірісінде оны Бахрейнге әкім қылып тағайындайды. Бұл лауазымында Ол (р.а.) Әзіреті Омардың халифалығы кезеңіне дейін отырады. Әзіреті Омар халифа болғаннан кейін біраз уақыт өтіп, оны Басра қаласына ауыстырады. Алайда Басраға барар жолда қайтыс болады. Алә ибн әл-Хадрами жауынгер қолбасшы болатын. Бірнеше жорықтарды басқарған. 

Мұнымен қатар Алә ибн әл-Хадрамий (Алла оған разы болсын) діндар әрі ғалым сахабалардың бірі еді. Ол сахабалардың арасында дұғасы тез қабыл болатындығымен белгілі тұғын. Онымен сапарлас болғандар оның таңғажайып кереметтеріне куә болған. Сондай кереметтерін атақты сахаба Әбу Һурайра (р.а.) да көрген екен. Ол жайында ардақты сахаба былай әңгімелейді: 

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алә ибн әл-Хадрамиді Бахрейнге жолдаған кезде мен де оған ілестім. Сонда бір таңғажайып жағдайға куә болдым. Біз теңіз жағасына жеткенімізде мінетін кеме таппадық. Сонда бұл жағдайды оған білдірдік. Сонда ол екі рәкәғат намаз оқыды да, артынан: «Йә, Халим! Йә, Алим! Йә, Азыйм! Бізді мына теңізден өткіз!» деп дұға жасады. Кейін тұрып атының тізгінінен ұстап, бізге: «Алланың атымен жүріңдер!» деді. Біз «бисмиллә» деп жүрдік. Аллаға ант етейін, ешбіріміздің не аяғымыз су болмады, не түйеміздің тұяғы, не атымыздың тұяғы су болмады. Әскеріміздің саны төрт мың адамды құрайтын» деп әңгімелейді Әбу Һурайра (р.а.). Одан әрі әңгімесін жалғап: «біз судан өткеннен соң Ол: «Жоғалтқандарың бар ма?» деп сұрады. Біз: «Жоқ» деп жауап бердік. Сөйтіп, Бахрейнге жеттік» дейді Әбу Һурайра (р.а.)1

Тағы бір таңғажайып кереметі Әнәс ибн Мәліктен жеткен. Ол (р.а.) Алә ибн әл-Хадрамиден көрген мына бір кереметін былай деп әңгімелеп берген:

«Әзіреті Омардың халифалығы кезінде Әзіреті Омар қол жиды. Әскербасшы қылып Алә ибн әл-Хадрамиді тағайындады. Мен де оның қасында болдым. Діттеген жерімізге келгенде, жергілікті жұрттың ол жерден көшіп кетіп қалғанын көрдік және ішетін судың орнын көміп кетіпті. Күн - өте ыстық болатын. Біз де, мінген аттарымыз да шөлдеп, қиналдық. Жұма күні болатын. Күн батуға ыңғайланған шақта Алә ибн әл-Хадрами имамдыққа шығып бірге екі рәкәғат намаз оқыдық. Намазды аяқтағаннан соң қолын көкке көтеріп дұға жасады. Аспан ашық болатын, бір де бір бұлт жоқ еді. Аллаға ант етейін, Алә ибн әл-Хадрами жайған қолын түсірер-түсірмес (бетін сипар-сипамас), Алла Тағала бір жел жіберіп, бұлт пайда болды. Бұлттан нөсер жауын жауып, сай-сайдың бәрі суға толды. Шөліміз қанғанша су іштік. Мінген аттарымызды да суғардық. Ыдыстарымызға да толтырып алдық...»2

Және үшінші бір кереметі оның өлімімен байланысты. Әзіреті Омар өзінің халифалығы кезінде Алә ибн әл-Хадрамиді Бахрейіндегі қызметінен босатып, Ирак жеріне басшы қылып жібереді. Алайда әл-Хадрами Басра қаласына жетпей, жолда қайтыс болады. Жол-жөнекей қайтыс болғандағы бастан өткерген қызықты Әбу Һурайра әрі қарай былай өрбітеді:

«Мен онымен бірге Басраға жолға шықтым. Бірақ жолда Алә қайтыс болды. Оның денесін жуатын суымыз жоқ болатын. Енді не істейміз? - деп тұрғанда Алла Тағала бір бұлтты пайда қылып, нөсер жаңбыр жаудырды. Жаңбырдың суымен денесін жудық. Қылышымызбен қабірін қаздық. Алайда қабірінің ішкі үйін қазбаптық. Солай көмдік. Кейін кетіп бара жатқанымызда сахабалардың бірі «Лахидін» қазбаптық қой? деді. Біз кейін оралғанымызда қабірінің орнын таппадық. Әбу Бәкра есімді сахаба Оның өлім хабарын естірту үшін Басраға кетті» 3.

Бұл оқиғаның басқа бір нұсқасында сахабалар «қабірін жыртқыш аңдар қазып алып, денесін жем қылар» деп, қайта кейін оралғандығы айтылады, оралған кездерінде қабірі жоқ болып шығады4. Радияллаһу анһум әжмәъин!


1  Ибн Кәсир: «Дәләилу ән-Нубууә». Имам Бәйхақиден жеткізген.
2  Ибн Кәсир: «Дәләилу ән-Нубууә»; Имам Бұхари, «Тәрих». Әбу Һурайрадан келтірген.
3  Ибн Саъид: «әт-Табақатуль Кәбир», Алә ибн әл-Хадрами. №6350.
4  Имам Табарин «Муъжам»; әл-Һәйсәми: «Мәжмәъуз Зауәид».

 

 

0 пікір