«Әй, Әбу Язид, сені Алланың Елшісі көрсе, сөзсіз,оған ұнар едің»
(Абдуллаһ ибн Масғұд)
"Күнәнің шипасы - тәубе ету"
Һиләл ибн Исаф (тәбиғиндердің бірі) қонағы Мүңзир Әс-Сәуриге:
– Сені бір шейхке алып барайын, бір сағат болса да иманды болып қалайық.
– Жарайды, сенің ұстазың Әр-Рабиғ ибн Хусәйммен кездесуге деген құштарлық оның иманының ауасында бір сағат болса да өмір сүруге ынтық етіп, мені Куфаға алып келді, – деді Мүңзир. Бірақ сен біздің оған баруымыз үшін рұқсат алдың ба? Сал ауруына шалдыққаннан кейін үйінен шықпай, тек Аллаға құлшылық қылып, адамдарды қабылдамай қойыпты деп естідік.
– Куфа оны танығалы бері сол қалпында, дерті оны өзгерте қойған жоқ.
– Жарайды. Сен сондай шейхтердің табиғаттары қандай нәзік екенін білесің ғой. Шейхке барғанда сұрақ сұрауды өзіміз бастағанымыз дұрыс па, әлде бізге не айтқысы келгенін күтіп, үнсіз отырамыз ба?
– Әр-Рабиғ ибн Хусәйммен үнсіз бір жыл отырсаң да, сөзді өзің бастамасаң, ол бастамайды. Өзің сұрамасаң, өзі бастап кеңес бермейді. Оның сөзі – зікір, үнсіздігі – пікір.
– Құдай берекемізді берсін, шығайық, – деп, достар орындарынан тұрды.
Шейхтың алдына барғанда, сәлемдесіп:
– Таңды қалай атырдыңыз, ұстаз! – деп шәкірттер жағдайын сұрады.
– Әлсіз, күнәһар күйімде рызығымды жеп атқыздым. Өлімімді күтіп отырмын, – деп жауап берді Әр-Рабиғ ибн Хусәйм.
– Куфаға бір білгір емші келіпті. Рұқсат етсеңіз шақырайын? – деп сұрады Һиләл.
– Һиләл! Әр нәрсенің дауасы бар екенін білемін. Бірақ мен Ад, Самуд, Рас қауымдары және бізден бұрынғы өркениеттер жайында ойландым. Олардың мал дүниеге ықыластарының қалай болғанын, жалған қызықтарға батқан жайларын еске алдым. Олар бізден де күшті әрі құдіретті болған. Олардың арасында дәрігерлер де болды. Аурулар да болды. Қазір емші де, сол емделуші де қалмады.
Терең тыныс алып:
– Егер осы дерт болса, емделіп кетер едік.
Мүңзир рұқсат сұрап:
– Онда қай дертті айтып отырсыз? – деп сұрады.
– Дерт деп күнәларды айтып отырмын.
– Оған не шипа?
– Шипасы – кешірім сұрау.
– Еміне қалай қол жеткіземіз?
– Тәубе етіп, сол күнәға қайта аяқ баспау, – деп айтып, көзімізге тесіле қарап: «Жасырын істер, сырлар адамдарға көрінбегенмен, Аллаға айқын», – деді. Алладан емін сұраңдар.
– Олардың емі не? – деп сұрады Мүңзир.
– Қайта бармайтындай етіп шын тәубе жасау, – деп шейх сақалы суланғанша жылады.
– Неге жылайсыз, сіз жақсы, тақуа адамсыз, – деп Мүңзир жұбата бергенде:
– Неге жыламайын. Ұлы кісілердің заманында ұры сияқты өмір сүрдім (Ұлы кісілер деп сахабаларды айтып отыр), – деді.
Біз осылай тұрғанымызда шәйхтың ұлы кіріп келіп:
– Әке, сізге шешем жақсылап тәтті дайындапты. Сіздің дәм татуыңызды сұрап жатыр, әкелейін бе? – деді.
– Әкел! – деп жауап берді әкесі. Баласы тамақты алып келуге шығып кеткенде, есікті тоқылдатып қайыршы кірді. Үйдің дәлізіне кіре берген қайыршының жыртылған киімі, иегіне дейін жеткен сілекейі мен қорқынышты ұсқыны ессіз, жынды кісі екеніне айғақ боп тұрды. Көзімді қайыршыдан ала бергенімде үйге үлкен табаққа салған тәттіні алып шейхтың баласы кіріп келді. Оған шейх табақты қайыршының алдына қоюға бұйырды. Алдына қойған табақты қайыршы кір қожалақ қолымен сілекейін ағызып, бас салып жей бастады. Аштықтан көзі қарайған ол бес адамдық тәттіні әп-сәтте толық жеп бітті. Баласы әкесіне қарап:
– Шешемнің күні бойы сізге деп жасаған тәттісінің бәрін өзі не жеп жатқанын білмейтін бір кісіге бере салғаныңыз қалай? – деп реніш білдірді.
– Балам! Ол не жегенін білмесе де, Алла көріп тұр, – деп Алланың мына сөзін қайталады: «Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша ізгілікке жете алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны біледі».
Сол кезде есік қағып, туысқандарының бірі кіріп келді:
– Язидтің әкесі! Пайғамбардың (с.а.у.) немересі, Фатиманың ұлы Хусейн қайтыс болды, – деп қаралы хабар жеткізді.
– Біз Алланың құлдарымыз, біз Оған қайтамыз! – деп, Алланың мына аятын оқыды: «Айт (Мұхаммед), Аллаһым, көктер мен жердің Жаратушысы, көмес пен көрнеуді білуші, дауласып жатқан нәрселер бойынша құлдарыңның арасында Өзің төрелік етесің».
Бірақ бұл қаралы хабарды жеткізуші қанағаттанбай:
– Оның кісі қолынан қаза табуына не айтасыз? – деді.
– «Барар жерлері де, есеп берер жерлері де – Алланың алды» деп айтамын, – деп жауап берді.
Мен аср намазы жақындап қалғанын байқап, шейхқа өсиет айтуын өтіндім.
– Әй, Һиләл! Адамдар мақтады деп көкірек керме. Олар сені сыртыңа қарап бағалайды. Сен Алланың алдына өз ісіңмен барасың. Алла ризашылығы үшін жасалмаған істерге сауап жазылмайды. Сонда Мүңзир, оған Алла разы болсын, «Маған да өсиетіңізді айтыңыз», – деп сұрады.
– Мүңзир! Үйренген нәрсеңе құдайшылдықпен қара. Біліп тұрып ақиқатты жасырған адамды залым сана. «Аллам, мен саған тәубе етемін» деп айтып, тәубе етпесең, өтірік айтқан боласың. «Аллам, менің тәубемді қабыл ет» деп айтсаң, дұға болып саналады. «Алладан басқа құдай жоқ» деп айтудан, Оны мадақтаудан, ұлықтаудан және пәктеуден артық сөз жоқ. Алладан жақсылық сұра, жамандықтан пана ізде. Жұртты игілікке шақырып, жаман істерден тый. Құран оқы.
– Біздің осы отырысымыз кезінде бір де бір өлең жолын тыңдамадық. Ақындығыңыз жоқ па?
Мұнда (дүниеде) айтылған сөздер жазылып жатыр. Ана жақта (ақырет күнінде) өзіңе оқып береді. Сондықтан есеп кезінде менің кітабымнан өлең шумақтарын оқығанды қаламаймын. Бәріне қарап:
– Өлім жайында көп ойланыңдар. Ол – сендерді күтіп отырған ғайып. Яғни, алыстан қол бұлғап, есік қағып келмейді. Ғайыптың ғайыптығы созылып кетсе, келуі – жақындағаны, иелерінің есігін қаққаны, – деп жылап, ертең мына жағдайда не істейміз? «Жер сілкінген кезде, Раббың келіп, періштелер сапқа тұрған кезде, сол күні тозақты алып келеді».
Әр-Рабиғ сөзін бітіріп жатқанда аср намазының азаны да айтылды. Баласына қарап: «Жүр, Аллаға шақырушыға жауап берейік», – деді. Баласы бізге көмектесуді өтінді.
– Алла риза болсын, мешітке апаруға көмектесіп жіберіңіздер! Көтеріп тұрғыздық. Оң қолын ұлының иығына, сол қолын менің иығыма салып, көтеріп алып, ақырындап жүрдік. Мүңзир сонда:
– Әбу Язид! Алла үйіңізде оқуға рұқсат еткен ғой, – деді.
– Иә, солай, бірақ азаншы «құтылуға келіңдер» деп шақырып тұрғанда, әркім еңбектеп жетсе де бару керек.
Әр-Рабиғ ибн Хусәйм деген кім?!
Ол – сахабалардан кейінгі буыннан шыққан ғалымдардың бірі. Ғасырында тақуалықтың жоғары сатысына шыққан сегіз тақуаның бірі. Түбі – араб. Яғни, арабтың мудар тайпасынан шыққан. Түп-тамыры – Пайғамбар әулетінен, Пайғамбарымызбен (с.а.у.) Иляс пен Мударда жалғасады. Бала күнінен бастап Аллаға құлшылық қылумен, тақуалықпен өмір сүрді. Шешесі түнде жатып, таңертең оянғанда балдырған баланың әлі михрабында намаз оқып, шын көңілмен мінәжат қылып тұрғанын көретін. Анасы сонда: «Балам Рабиғ, неге ұйықтамайсың?», – деп сұрайтын. Сонда Рабиғ:
– Түнде жаудың шабуылынан сескенетін адам қалай ұйықтайды? – дейтін еді.
Қартайған анасының көзі жасаурап, жақсылық болсын деп дұға қылатын. Ер жетіп, өркені өскенде, Әр-Рабиғтың өзімен бірге тақуалығы да өсті. Оның тақуалығы және түн жамылып тұрып намаз оқуы анасын ұйқыдан қалдырып, түрлі ойларға салды. Ол ұлын шақырып алып, былай дейтін:
– Балам! Саған не болды? Сен неге үлкен қылмыс қылғандай, адам өлтіргендей қорқып жүрсің?
– Иә, мен кісі өлтірдім, – деп жауап берген екен ол. Сонда шешесі:
– Кімді өлтірдің, айтшы алдарынан өтейік, бәлкім, саған кешірім берер, – деп зар жылайды. Өлген кісінің үй-іші сенің жылағаныңды, түн ұйқыңды бұзғаныңды білсе, кешірім беріп, саған мейірім етер еді.
– Ешкімге айтушы болма! Негізінде, мен өзімді-өзім өлтірдім. Күнәларымды өлтірдім, – деген екен.
Атақты сахаба Абдуллаһ ибн Масғұдтың шәкірті
Сын-сипаты жағынан Алланың Елшісіне ең жақын сахабалардың бірі – Абдуллаһ ибн Масғұдтың шәкірті болды. Әр-Рабиғ ұстазына анасына жабысқан баладай жабысты. Ұстазы да шәкіртін жалғызын сүйген әкедей жақсы көрді. Оның ұстазына жақындығы соншалықты, сахабаның үйіне рұқсатсыз кіріп жүретін. Әр-Рабиғ шыққанша ибн Масғұд ешкімнің кіруіне рұқсат етпейтін. Абдуллаһ ибн Масғұд Әр-Рабиғтен жанының тазалығын, ниетінің ықыластылығын, ғибадаттарының кемелдігін байқап, жүрегінде Пайғамбар (с.а.у.) дәуірінде өмір сүрмегеніне, Оның сахабасы болмағанына қатты өкініш бар екенін сезетін. Сондықтан бір күні оған былай деді:
– Ей, Әбу Язид! Алланың Елшісі (с.а.у.) сені көрсе, сүйер еді. Сені көргенімде Құранда айтылған Алладан қорқатындардың бейнесін көргендей боламын.
Абдуллаһ ибн Масғұдтың бұл сөзі асырып айтылған сөз емес еді. Өз замандастары ішінде Құдайдан қорқуы, тақуалығы жағынан Әр-Рабиғ ибн Хусәймге жететіні кем де кем. Ол жайында тарих кітаптарында жазылған, әлі күнге дейін айтылып жүрген оқиғалар да бар. Осы арада жолдастарының бірі жеткізген мына оқиғаны айтуға болады:
"Әр-Рабиғ ибн Хусәйммен 20 жыл дос болдым. Сөзін Құранның мына аятынан бастаушы еді: «Оған жақсы сөз көтеріледі, салих амал оны көтереді». Ол жайында Абдуррахман ибн Ажлан былай деген:
– Бір күні Әр-Рабиғпен бірге түнедім. Менің ұйқыға кеткеніме көзі жеткенде тұрып намаз оқыды. Намазда мына аятты оқыды: «Күнә істерді істегендер иман келтіріп, салих амал жасағандармен өздерінің өмірлерін, өлімдерін бірдей қылады деп санай ма! Ойлап жатқандары (қандай) жаман». Түннің бәрін осы аятты оқумен өткізді. Көзінің жасы судай ағып, осы аятты қайталап оқи берді.
Әр-Рабиғтың тақуалығы мен Алладан қатты қорқатыны жайында көптеген риуаяттар бар. Достары мына оқиғаны айтады:
Сахаба Абуллаһ ибн Масғұдпен бірге жолға шықтық. Арамызда Әр-Рабиғ ибн Хусәйм де бар еді. Ефрат өзенінің жағалауында орналасқан бір алаулап жанып жатқан пештің қасынан өттік. Шоғы ұшып, оттың тілі ауаны жалап жатқандай. Гүрілдеген даусы да адам шошырлық. Әр-Рабиғ отты көргенде орнынан қозғалмай тұрып қалды. Үстіне найзағай түскендей болды. Құранның мына аятын оқыды: «Тозақ, оларды ұзақ бір жерден көрген сәтте, олар оның қайнап, күркірегенін естиді. Олар, тозақтықтар бір жеріне қолдары, мойындарына байлаулы тасталғанда, сол жерде жоқ болуды қалайды».
Осы аятты оқып болып, есінен танып қалды. Есін жинағанша қасында болып, үйіне жеткізіп тастадық.
Әр-Рабиғ ибн Хусәйм бүкіл өмірін өлімді күтіп, оған дайындықпен өткізді. Жан тапсырып жатқанда жылаған қызына:
– Қызым неге жылайсың! Әкең жақсылыққа қауышты, – деп рухын Құтқарушысына тапсырды.