Қазақтың Абай, Шоқан, Шәкәрім сынды алып тұлғаларының есімдері аталғанда аналары, әжелері қатар айтылып жатады. Өйткені, олардың адам болып қалыптасу жолында осы нәзік жандылардың рөлі ерекше. Абайды Зере әже тәрбиелесе, Шоқан бойына бар жақсылықты Айғаным ханым сіңірген деседі. Сондықтан да, бүгінгінің қыздарына үлгі, жігіттеріне ғибрат болсын деп, басынан кимешегі түспеген, намазын қаза етпеген, заманында мешіт-медресе салдырған Айғаным Сарғалдаққызы туралы аз-кем зерттеп көрмекке бел будық.
Айғанымның әкесі Сарғалдақ – Бұқарда білім алған ғалым-ұстаз
Шоқан Уәлихановтың ата-бабаларының тегі даңқты Шыңғысханнан тарайды. Арғы атасы Абылай күні кеше қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, Ресей мен Қытайдың ортасында шебер саясат жүргізген ақылды хан болған. Өз атасы Уәли – Абылайдың көп ұлдарының ішінен әке тағын мұраға алып, қазақ жерінде билік жүргізген соңғы хандардың бірі. Уәли төрт әйел алған кісі екен. Кіші әйелі Айғаным ханым – текті жердің қызы, руы –қожа. Зерттеуші Сарбас Ақтаевтың жазуынша: «Әкесі Сарғалдақ Құдайберді – Бәйімбет арасында бала оқытқан ұстаз молда. Атасы Мәлімқожа да оқыған, көзі ашық, кезіндегі білімді адам болған. Ол өз білгенін балаларына үйретіп, сауатын ашып қана қоймай, олардың ілгері, іргелі жерден оқып, білімді де білікті азамат боп шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да ол Сарғалдағын сонау Бұқарда оқытқан. Он екі пәнді түгел тәмамдап елге ғалым-ұстаз болып оралған баласы ел ішінде бірден зор абырой-беделге ие болып, кейін билікке де араласқан. Жұрт оны айтқаны айна-қатесіз келетін көріпкел, әулие деп құрмет тұтқан». Осы Сарғалдақ қожаның шаңырағында Айғаным 1783 жылы дүниеге келеді. Озық ойлы Сарғалдақ ұлдарының ғана емес, қыздарының да оқып, білім алуына айрықша мән берген. Соның арқасында Айғаным да жүйелі білім алып, жеті жұрттың тілін біліп өседі. Ол әкесінен араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын көп оқиды. Кейіннен орыс, француз тілдерін де жетік меңгерген деседі.
Уәли ханның көзі тірісінде-ақ халықтың құрметіне ие болған ханым
Айғанымды аларға дейін Уәли ханның үш әйелі болыпты. Абылайдың мекені Қызылағашта тұратын хан бірде Есілді жайлайтын Атығай мен Қарауыл руларының дау-дамайын шешуге барады. Онда Сарғалдақ қожаның Қожахмет дейтін баласы тұрады екен. Хан сол үйге түседі, түсіп қана қоймай, Сарғалдақ қожаның бой жетіп отырған ақылына көркі сай сұлу қызын байқап қалып, «сүйек жаңғыртайық» деп оған құда түседі. Бұл кезде Уәли ханның жасы 54-те, Айғаным 17-де екен. «Бермеймін» деп айта алмаған Сарғалдақ ерікті қыздың өзіне салыпты. Ақылды ару «Бәйбішелермен бірге тұрмаймын, бөлек қоныс бер» деген шартын қоя отырып, келісімін беріпті. Жұрт «Тиген күнінен бастап, Айғаным Уәлиді төркініме жақын тұрам деп билеп алды, ерін Сырымбет тауына көшіріп әкелді» деп сөз етіпті. Уәлимен отасқан жиырмаға жуық жыл ішінде «Айғаным оннан астам құрсақ көтеріп, Әбен, Мәмке, Шепе, Шыңғыс, Қанқожа, Әлжандай алты ұл мен Рақия, Нұрила атты екі қыз өсіреді, төрт нәрестесі жастай дүние салады» деген дерек бар.
Жаратылысынан атына заты сай, бойына ойы сай жас ханша келін боп түсе сала халық алдында да, бұрынғы-соңғы хан тұқымдары алдында да абыройлы болыпты. Үлкен-кішінің де, әйел-еркектің де, Уәли ханның және онымен аралас-құралас патша әкімдерінің де тілін таба біледі. Жас та болса беделі күн сайын арта түседі. Өзінің де, хан әулетінің де ар-намысын, абыройын жоғары ұстайды. Жазушы И.Стрелькова Айғаным туралы «Младшая жена хана Вали, умная и властная Айганым была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика» деп баға берген болатын. Осы деректердің өзі Уәли ханның көзі тірісінде-ақ Айғанымның ел ішінде ерекше беделге ие, халыққа сыйлы болғанын көрсетеді.
«Хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі»
1821 жылы Уәли хан дүниеден өткенде Айғаным 38 жаста болатын. Үміт күткен ұлы Шыңғыс әкеден бар болғаны 10 жасында қалыпты. Осы тұста Ресей патшалығы Айғанымды «Орта жүздің ханы» деп таниды. Уәлидің өзге әйелдерінен қаншама ұлдары бола тұра таққа Айғанымның отыруы патша үкіметіне өте қолайлы еді. Осыған орай Айғанымды «хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі» деп атаушылар да бар. Бірақ бұл «хандық» ұзаққа созылмай, 1822 жылы М.М.Сперанскийдің «Сібір қазақтарын басқару» атты ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жойылып, қазақтары: Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға бөлініп кетеді. Ал Айғаным Көкшетау дуанына біраз жыл аға сұлтан болып тұрады. Бұл туралы ғалым Әлкей Марғұлан: «Айғаным – ақылды, көреген, өз заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі жарғы» қабылданғаннан кейін, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы қандай да маңызды оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес», – деп жазады Ш.Уәлиханов туралы зерттеулерінде.
Айғаным ханым 1824 жылы Омбыда болып, губернатормен жолығады. Ол 1826 жылы 24 желтоқсандағы жарлығымен Сырымбет тауының өлкесін «Айғанымның меншігі» деп бекітіп береді. Ал 1827 жылы Айғаным өзінің баласы Шыңғысты – Шоқанның әкесін Сібірдің шептік казактарының әскери училищесіне оқуға береді. Шыңғыс орыс тілін жақсы білетін алғашқы қазақтардың бірі болды. Әскери училищені бітірген Шыңғыс 23 жасында сол кезде жаңа құрылған Аманқарағай округіне аға сұлтан болып тағайындалады, оған майор, кейіннен полковник шені беріледі.
Оқудағы ұлы Шыңғыстың адал астан тамақтануына мән берген
Сұңғыла ханым балаларын орысша оқуға берердің алдында, мұсылманша сауатын аштырған. Оған Айғанымның Омбы бастығына 1831 жылы 15 наурызда жазған мына хатын дәлел: «Орысша оқуға үйретіп, пайдалы ғылымдар бойынша тиянақты білім алып шығуы үшін балаларым Шыңғыс пен Төрежанды (ханның басқа әйелінен туған, Айғанымның тәрбиесінде болған бала) осындағы училищеге беруді мархабат етіңіз. Олардың алғашқысы жайында өзіңіздің жоғары құзырыңызға ауызба-ауыз баяндағанмын. Енді Омбының Азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда уәлитше Оразметовтың баласы Мұқаметқалиды да шәкірт етіп орналастырсаңыз деп сұраймын. Ол менің балаларыма серік болып, қажет жерінде оларға қызмет те көрсетер еді. Менің балаларымның барлығы татарша хат таниды. Оларды бұрынғы генерал-губернатор Капцевич мырза маған арнайы бекітіп берген Құтмұхамбет Иманқұлов молда оқытқан». Осы хатынан Айғанымның өз балаларын ғана оқытып қоймай, ел балаларының да білім алуына жәрдемдескенін байқаймыз. Әрі молда баласын өз ұлының жанына қосып беруінде де сыр бар секілді. Өйткені елден ұзап шықпаған қыр баласына діні бөлек орыстың ортасында оқу оңай болмасы анық еді.
Сонымен қатар, Айғаным баласы Шыңғысты оқуға жіберерде оның халал тамақтануына мән беріп, училищедегі ортақ асханадан тамақтандырмай, Омбыдағы бір мұсылман үйіне тұрғызуды жөн көреді. Тіпті Көкшетау дуанының әкімшілігі: «Пәтерін жалдар кісіні тағайындау тек өзіңізге байланысты. Өз ұлыңызды кімнің үйіне қойғыңыз келетінін айтсаңыз-ақ болды, оның ақысын да, ас-суын да үй иесімен келісіп, үкімет есебінен өзіміз төлейміз», – деп жазады. Осыдан-ақ Айғаным ханымның мәртебесінің, орыс ұлықтарының алдындағы дәрежесінің қаншалықты екенін көруге болады. Айтса айтқанындай, кейін Айғаным Шыңғысты Омбыдағы бір татардың үйіне пәтерге орналастырады.
Патша үкіметінің қаржысына медресе-мешіт салдырған Айғаным
1828 жылдың 21 сәуірінде Айғаным патша үкіметінен Сырымбет тауының етегіне «хан ордасын» салып беруді өтінеді. Ресей патшасы І Николай бұл өтініштің орындалуын Батыс Сібірдің Омбыда тұратын генерал-губернаторы Канцевичке тапсырады. 1831 жылдың аяғында Канцевич патшаға Айғанымға арналған үйді жасауға 316 солдат, 126 шебер жұмсалғанын, олар жергілікті қарағайдан қиған 12 бөлмелі ағаш үйді 1831 жылдың 26 маусымында бастап, 31 шілдесінде біткенін, үй мемлекет қаржысына салынғанын хабарлайды. Саяхатшы П.П.Семенов Тянь-Шаньский: “І Николай Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, Қырғыз даласында оған арнап үй салдыруға әмір еткен. Шоқан Уәлиханов сол үйде туған», – деп жазса, ғалымның зерттеуші досы Г.Н.Потанин: «Уәли ханның үлкен әйелінің отбасы тағдыр тәлкегіне түссе, керісінше, кіші әйелі Айғаным орыс әкімшілігінің көңілінен шығып, Сырымбет мекенінде оған арнап үй салынып, мешіт тұрғызылды, Құсмұрын тұтасымен оның қарауына берілді», – деген дерек қалдырған. Айтса айтқанындай, 1833 жылы Айғаным осы үйдің қасынан мешіт пен медресе салдырған.
Шоқанның әжесі
Халқына келер нәубетті арыдан ойлаған Айғаным жұртын егіншілікке де үндемек болады. Ресей патшалығына жазған хатында: «Егін егу үшін әртүрлі тұқыммен және жерді өңдейтін құрал-сайманмен жабдықтауға нұсқау берсеңіз екен. Қазақтарды жер жыртып, астық егуге үйрету үшін борышын өтеп болған бір қызметші татар жіберсе игі. Ұн тартатын диірмен салғызып берсе, нұр үстіне нұр», – деп жазып, өтінішін орындатады да.
Ел ішіндегі дау-дамайды да шешуге ат салысқан Айғаным солай ел анасы атанады. Тек жасы елуге таянғанда аға сұлтандықты сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, өзі ұрпақ тәрбиесіне түбегейлі көшеді. Балалары мен немерелері сауат ашып, оқып жаза білуі үшін молда ұстап, мұғалім жалдағанымен, олардың бас ұстазы өзі болады. Әсіресе Шыңғысының тұла бойы тұңғышы, 1835 жылы дүниеге келген Шоқан дегенде шығарға жаны бөлек еді. Осы немересінің есімін Әзірет Әлінің ұрпағындай «Мұхаммед-Ханафия» деп қойған да, кейіннен «Шоқан» деп атаған әжесінің өзі деседі.
Бала Шоқанның рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі білім мен халық даналығының сарқылмас көзі болды. Ол Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есінде сақтады. Шоқан әуелі Құсмұрындағы әжесі салдырған мектептен арабша хат таныды, қарындашпен сурет салуды үйренді, кейін, орысша оқуға аттанды. Әлкей Марғұланның «Айғаным – Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі тегін емес.
Әйел затынан шығып, тұңғыш хан атанған Айғаным әжеміз 70-ке қараған жасында дүниеден өтіпті. Оның өмірден өткен хабарын немересі Шоқан: «1852 жылы қазан айының 19-ы күні мұсылманша бейсенбіде, екінті намазының кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы 70 жаста дүние салды. 20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған» деп берді. Сәбит Мұқановтың Шоқан туралы жазылған «Аққан жұлдыз» романында Айғаным ханымның Шыңғыстың әйелі, Шоқанның анасы Зейнеп келін боп түскен күні жан тапсырғаны айтылады. Роман көркем туынды болғаннан кейін кейбір деректер басқаша берілсе керек, анығында ханым немерелерін көріп, Шоқанын тәрбиелеп, адам қатарына қосып барып қайтыс болды. Әжесінің өлімін естіп, Омбыдан ат суытпай келген Шоқан топырақ салуға үлгерді деседі көзкөргендер...