Сахабалар ғасыры Ислам тарихында “асрус-са‘адат” (алтын ғасыр) деп аталады. Себебі, олар тек өздерінің ғана емес, баршаИсламүмбетінің бақытыүшін жан аянбай күресті. Өмірде адамдар арасындағы, қара халық пен басқарушылардың, әр түрлі дін өкілдерімен қарым-қатынаста (“өзі тоқ болып, көршісі аш жатқан бізден емес”, “бір адамның көңілін қалдыру, Қағбаны жыққанмен тең, зыммиге (мұсылмандардың басқаруын өз еркімен қабылдаған, бірақ мұсылман болмаған өзге діндегі) зәбір көрсетсе, маған зәбір көрсеткендей”, “Аллаһтың алдында бүкіл адамдар тең” (ұлтына, жынысына, түсіне, қоғамдық жағдайына қарамастан) яғни, қоғамдық өмірдің барлық саласында Исламның басты ұстанымдарын жасампаз дәстүрге айналдырған сахабалар тарихта теңдессіз із қалдырды. Әділетті төрт халифа дәуірінде “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” орнауы, хазірет Омардың халифалығы тұсында халық тұрмысының көтеріліп, садақа берерлік адам қалмауы – олардың Ислам ұстанымдарын жетік меңгергендігінің айғағы.
Сахабалар ел басқаруды мақтаныш емес, керісінше, жауапкершілігі өте жоғары, міндеті тым ауыр іс деп қабылдады. Ақыретте сол жауапкершілігі үшін сұралатынын білгендіктен басшылыққа ұмтылмады.
Айталық, Омар ибн Хаттаб баласын өзінен кейін халифа етіп тағайындауға үзілді-кесілді қарсы шығып, “бір үйден бір құрбандық жетер” деуі сөзіміздің дәлелі. Сахабалар дәуірі – жер бетінің Рахман нұрына шомылған шағы. Аллаһ тарапынан түсірілген ақиқаттарға (Құранның түсірілуіне) куәлік етіп, Жаратушының әмірлері мен тыйымдарын өмірмен үйлестіріп, өміршең дәстүрге айналдыру үшін “әлемдерге рақым” етіп жіберілен Сүйікті елшінің (с.а.с.) ғұмыры олардың көз алдындаөтіпжатты.Пайғамбарымыздың уахи түскен кездегі халі, Құран аяттарының түсу себептері, әрбір аяттың астарындағы Жаратушының мұратын дұрыс түсіне білу, сондай-ақ Пайғамбарымыздың жеке өмірі, құлшылығы, мінез-құлқының көркемдігі, өмірінің бүкіл кезеңі сахабалардың көрсеткен қайратының арқасында кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалды.
Олар Пайғамбарымыздан (с.а.с.) естіген, көргендерінің бәрін үмбетіне жеткізу үшін көп еңбек сіңірді. Сахабалардың арасында аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермес шешен, ділмәр кісілер де бар болатын. Осыған қарамастан олар асыл сөздің Зергері (с.а.с.) сөйлегенде, зейін қойып тыңдап, айтқанына мойынсұнатындықтары соншалық “оның құзырында басымызға құс қонақтағандай аса сақтық танытып, әрбір сөзіне мұқият ден қоятынбыз”(1) ,– дейді олар.
Сахабалар Рахман көгінен жауған мейірім нұрына шомылып, иләһи құдіреттің көз тоймас, ақылға сыймас хикметтерін жан-тәнімен бойларына сіңіріп, кемеңгер Тәрбиешінің (с.а.с.) өз қолында тәрбиеленді. Оған қоса, намазға шақыру үшін бір күні Ұлы Жаратушының жаршысы болған азанның илхам болуы, тағы бір күні ішкілік пен құмардың харам етілуі, басқа бір күні Аллаһтың әмір-тыйымдарының хикметтерінің түсіндірілуі мен үйретілуі олардың рухына қанат бітіріп, үнемі биіктерге шақыратын. Сахабалар өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты түсірілген Құран аяттарына қашанда куә болғандықтан, бұлқына бұғау үзіп, буырқанған ғұмыр кешті. Сахабалардың көз алдында Аллаһтан тікелей әмірлер алып, оларды бойына сіңіріп, адамзатқа сол ақиқаттарды паш еткен Аллаһ елшісі (с.а.с.) тұрды. Сахабалардың санасы мен жүрегіне иман нұрын себелеп, хақ жолын көрсетуші Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) көз алдында болуы олардың бойындағы құлшынысты (динамизмді) үнемі жоғары деңгейде ұстады. Сахабаларға тән бұл өмірдегі ең ұлы арман – Аллаһтың разылығына ие болу. Олар өз өмірін “Аллаһтың разылығына қалай қол жеткіземіз?” деген асыл да асқақмұраттың төңірегінде өріп өрбітті. Бүкіл іс-әрекеттері, сұхбаттары, ниеттерінің бәрі осы мақсаттың төңірегінде тоғысты. Тіпті бір-біріне жолыққан кезде “кел, отырып біраз иманымызды арттырайық” – дейтін(2) .
Адамның екі дүниеде де бақытты болуына мұрындық болуы арқылы Аллаһтың разышылығына кенелуге болатындығын Пайғамбардан (с.а.с.) үйренген олар бүкіл өмірін жақсылық жолындағы қызу жарыспен өткізді.
Сахаба үшін бұл дүниедегі бақыт – ақыреттегі бақытқа жетудің баспалдағы ғана. Олар бұл дүниенің бүкіл қызықшылығы мен өткінші ләззаттарына еш алданбады. Исламның кез келген мәселесін дүниенің ең үлкен пайдасына айырбастамай, түрлі қауіп-қатер мен қиыншылықтарға қарамастан, иман мен тура жолдан еш ауытқымаған сахабаның мәртебесі, әрине, аса жоғары.
Бұл жайлы жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Саид ибн Зәйд былай дейді:
“Бір адамның Расулаллаһтың ғұмыр кешкен кезеңінде өмір сүріп, жиһадқа қатысуы, сіздердің араларыңыздағы біреудің Нұхтың (а.с.) өміріндей ғұмыр кешіп, сол уақыт ішінде жасаған ізгі істерінің бәрінен жақсы”. (3).
Өмір сүрудің күллі шарттары сіздің жолыңызды кесетін өткел бермес от-дария боп тұрған кезінде, Ислам ақиқатына мойынсұнып, қатерге бас тігу, шынайылық пен төзімділікті қажет етеді. Әлі Ислам дінінің келешегінің қандай боларына толық көз жеткізбестен бұл қатерлі жолға бас тігу адам ақылымен жасалынатын іс емес еді. Бірақ, сахабалар алдарында “Әмин” (өте сенімді) деп білген Пайғамбарды (с.а.с.) көргендіктен, олар бұлтартпастан, бұра тартпастан бұл жолдың тауқыметін арқалауға шынайы көңілдерімен көнді.
Міне, сахабалар зор қиыншылықтарға қарамастан, бүкіл тосқауыл мен бөгеттерді бұзып-жарып шығуға ынта-шынтасымен кірісіп, өршелене тырысып алға ілгеріледі. Аллаһ тағаланың өз дінін орта жолда қалдырмайтынына бар көңілімен сенген бұл жамағат табысқа жетті.
Сахабаның табысқа жетуінің бір сыры – турашылдық пен шынайылықта. Неге десеңіз, сахаба мұсылмандықты қабылдай салысымен дереу жамандықтан жақсылыққа ұмтылды, қараңғылықтан жарыққа талпынды, қоғамның барша індетінен бойды аулақ салды. Исламның жүректегі төңкерісінен кейін алдамшы дүниеден мейлінше қашықтап, алдау-арбау секілді түрлі жамандықтардың қараңғылығына қайта оралмады. Осы тұста бір қынжылтатыны, ақиқат пен жалғанға қатар жүгінген қазіргі шақта көпшіліктің мұны жете түсіне бермейтіндігі.
Жанқияр рухты асыл ерлер, саңлақ сахабалар, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) адамзатқа ұсынған дәстүрін жүзеге асырудың әбден мүмкін екендігін дәлелдеп, нағыз үлгі-өнеге көрсете білді. Олар пайғамбарлардан кейінгі Аллаһ тағалаға ең жақын адамдар, өйткені оларды ең соңғы хақ Пайғамбардың (с.а.с.) өзі тәрбиеледі. Рухын биіктетіп, жүректерін өмірдің кірбіңінен өзітазартты. Аллаһ тағала олардың баршасына разы болсын!
"Саңлақ сахабалар" атты кітаптан.
Авторы: А. Әділбаев
1. Бухари, Жихад, 37;Әбу Дәуіт, ас-сунән. Иххяус-суннәтин-нәбәуиия, Тыбб, 1
2. Бухари, Иман, 1.
3. әл-Исаба, 1:10