Сәбит Мұқанов Алаш қайраткерлеріне қиянат жасаған ба?
Сәбит Мұқанов Алаш қайраткерлеріне қиянат жасаған ба?
8 жыл бұрын 22996
Марфуға ШАПИЯН

Белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов туралы таласты пікірлер өте көп. Тәуелсіздіктен кейінгі Алаш зиялыларын жаппай ақтау, ұлықтау кезінде Кеңес үкіметіне қызмет еткен кейбір тұлғаларымызға күйе жағылып, қаралау үрдісі орын ала бастады. Сәбит Мұқанов та сол қатарда кетті. Оның 1937-нің аласапыранында аман қалуын сіңірі шыққан кедейлігімен емес, “Алаш зиялыларын көрсеткенімен”, “Сәкен Сейфуллинді сатқанымен” байланыстырушылар көбейді. Ел ішінде сондай қаңқу сөз тарап, тәуелсіздіктен кейін Мұқанов шығармашылығына да теріс баға беріле бастады, оның жеке тұлғасына деген көзқарас өзгерді.

Ал ақиқат қалай еді? Сәбит Мұқанов шынымен сондай қадамға барды ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, Алматыдағы Сәбит Мұқановтың музейіне барып қайтқан едік.

“Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов – құда”

Музей Мұқан Төлебаев көшесіндегі жазушының өзі көзі тірісінде тұрған көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан екен. Кіреберісте бізді Мұқановтың шағын бюсті қарсы алды.

 Ал С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері Шынар Жеңісқызы біз үйге кірісімен экскурсиясын бастап кетті. Арасында жазушыға қатысты өзімізді қызықтырған сұрақтарды да қойып, музейдің қай жылы құрылғанын сұрадық:

- С. Мұқановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1976 жылы Қазақстан Үкіметі жазушының 1965-1973 жылдар аралығында тұрған үйін музейге айналдыру жөнінде арнайы шешім қабылдады. 1978 жылдан бастап Алматыдағы М.Төлебаев көшесі, 125-үйдің 2-қабатындағы 6 бөлмелі пәтерінде ашылған музей өзінің алғашқы келушілерін қабылдай бастады.

- Сәбит Мұқановтың музейі неліктен Ғабит Мүсіреповтікімен бірге аталады?

- Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов бір-бірімен құда болған. Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина мен Мұқановтың Арыстан атты ұлы үйленген. Екеуі де бір жерден, бір рудан. Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина Оңғарбайқызы – Сәбит Мұқановтың кіндік шешесі. Және Мұқанов Мүсіреповті алғаш оқуға алып келген. Мүсіреповтің туған ағасы Хамит Махмұтов Сәбеңнің алғашқы ұстазы болған. Бұл екі тұлғаны байланыстырып тұрған ортақ нәрселер көп. Басында музей екі бөлек жұмыс істеген. Мүсіреповтің музейі Орталық музейдің бір бөлігі іспетті болып, кейін Мұқанов екеуінің музейлері біріктіліп, кешенге айналды. Екеуі екі бөлек үйде, бірақ немере-шөберелері бір болғандықтан бір орталықтан басқарылады. 

Мұқанов музейі екі бөлімнен: әдеби және мемориалдық  бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын, халқына деген қалтқысыз қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фото-суреттер, қолжазбалар экспозициядан орын алған. Ал мемориалдық бөлімде жазушының жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі мен демалыс бөлмелері қаз-қалпында, жазушының тірі кезіндегі қалпын сақтаған. Үлкен суреткердің қарапайым адам ретіндегі тыныс-тіршілігінен хабардар ететін әрбір заттың, дүние-мүлік пен бұйымдардың өзіндік тарихы, шертер сыры мол. Сіздерге алдымен әдеби бөлімді көрсетейін.  

Мына құтының ішінде туған жерінен, ата-анасының қабірінен жазушының өзі арнайы алып келген топырақ бар. 

Жазушы Солтүстік Қазақстан облысындағы Дос көлінің жағасында дүниеге келген. Кейіннен ол көл тартылып қалған деседі. Мынау сол туып-өскен үйінің шағын макеті. Музей ашылғаннан кейін жерлестері жасап тапсырған. 

Сәбең жастайынан жақсы-жайсаңдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Абайдың 1909 жылы шыққан алғашқы жинағының бірі қазір Абайдың музейінде сақтаулы тұр. Оған оны Сәбит Мұқанов өз қолымен сыйға тартқан. Кітап жарық көргенде оны Сәбит Мұқановқа Баймағамбет сыйға береді. Сәбең кітапты көзінің қарашығындай сақтайды.  Ең қызығы, бұл сақталып қалған жалғыз нұсқа екен. Сәбең сақтамағанда қазір біз оқып жүрген Абайдың бірінші кітабы болмайтын ба еді, кім білсін?! 

“Сәбит Мұқановтың әлі жарық көрмеген екі романы бар”

- 1935-1940 жылдары шыққан Сәбит Мұқановтың “Теміртас”, “Есіл” аталатын екі үлкен романы бар. Ең өкініштісі, осы екі роман әлі күнге дейін латын әліпбиінен кириллицаға аударылмады. Бүгінгі оқырман бұл екі романды оқымаған, білмейді.

- Неге аударылмаған? Ұрпақтары, сәбиттанушылар мұны неге қолға алмайды? Классик жазушымыздың әлі жарық көрмеген кітаптары бар деп қана қойып, оны шығаруға талпынбауымыз ұят нәрсе емес пе?!

- Өкініштісі сол, біз де “осындай кітабы бар” деп аттарын ғана атаймыз. Жаңадан жарияланбауының себебі, Сәбеңнің артынан көп сөз ергенімен байланысты болса керек. Ол кісіге оң көзқарас болмай тұрғаны себепті кітаптарына да ақша бөлінбей отыр.     

Мынау оқып жүрген кезі. Ол 1918-1919 жылдары Омбы мұғалімдер курсының тыңдаушысы, 1922-1926 жылдары Орынбор жұмысшы факультетінің студенті болды.  

 1926 жылдан бастап республикалық баспасөз орындарында қызмет істеп, жауапты қоғамдық қызметтерге де араласа бастайды. 1933 жылы Мәсукеудегі Қызыл Профессура институтында оқып, 1935 жылдың соңына дейін сонда болады.

Мына сурет астындағы сары қағаз – Мәриям апай екеуінің неке куәлігі. Жазушы Мәриямға дейін бір рет үйленген. Ол жұбайы көп тұрмай қайтыс болған соң, екінші рет шаңырақ көтереді. Мәриям апамыздың дастарханынан дәм, шаңырағынан қонақ үзілмепті. Апай өзінің естелігінде үйлеріне Қажымұқанның қалай қонақ болғанын қызықты етіп әңгімелейді. Етін түсіріп, қолына ала бергенде бөлмеге алып адам кіріпті. Бұрын-соңды мұндай үлкен кісіні көрмеген Мәриям апамыздың қорыққаны сондай қолындағы табағымен қосып, етін лақтырып, өзі терезеден секіріп кетіпті. Кейіннен Қажымұқанмен жақсы араласып кеткен соң, өздері осы оқиғаны айтып, күлісіп отырады екен. 

Сәбит Мұқанов қарапайым, ашық-жарқын кісі болған. Көптеген өнер адамдарымен жақсы араласқан. 

Атақты туындыларының бірі – “Адасқандар”. Бұл роман кезінде талай талас-тартысқа себеп болды әрі жазушыға атақ та алып келді.

 

Өзі қолданған сиясауыттары. 

Сәбит Мұқанов - Абай, Мағжан, Шоқанның әдеби портреттерін жасаған осы кісі. Бірақ “Аққан жұлдызды” аяқтай алмады. 

Мынау “Аққан жұлдызды” жазған қаламы. Өмірінің соңғы жылдарында қолы дірілдеді ме екен, ауыр қалам ұстау керек болып, осы қаламды Мәриям апай арнайы әкеліп берген. 

Домалақ боп белгіленгендері - Сәбит Мұқанов болған жерлер, төртбұрышты – кітабы шыққан елдер. Жалпы кітаптары 47 тілге аударылған. 

"Ең кітабы көп музей Сәбеңдікі"

Музейде 8-мыңға жуық экспонат бар. Соның 4-мыңнан артығы кітаптар. Музейлер бойынша, ең көп кітап сақталған осы біздің музейде. 

 Осы үйге көшіп келгенде алдымен мына люстраны өз қолымен ілген екен. Сол күйінде тұр. 

–       Домбыра өзінікі ме?

–       Иә, өзінікі. Домбырамен ән айтатын өнері болған. Бұл кісінің жас кезінде Затаевич одан көптеген әндерді жазып алған екен.  

Мына жерде жатқан аю терісінің де өзіндік тарихы бар. 1965 жылы Зайсанға барған сапарында осы аюдың аяғы ауыр әйелді жарып өлтіргенін естиді. Әйелдің күйеуі шопан әрі өзі мерген екен. Әйелі мен баласын өлтірген аюдың соңына түсіп, ақыры өлтіріп, терісін сыпырып алады. Кейін сол өңірге қонаққа барған Сәбит Мұқановқа сыйлап тұрып: “Үйіңіздің еденіне төсеңізші. Сіздің үйке келіп-кететін кісі көп қой. Әр келген адамға таптатып, бір тепкізіңіз. Менің кегім қайтсын”, - деген екен. Сәбең аманатты орындап, үйіне алып келіп, келген кісіге тептіріп отырған дейді.

Мерген жігіттің кегі қайтсын деп, біз де еденде жатқан аю терісін бір-бір тептік. 

Мына пианино жазушының ұлы Ботажанға тиесілі. Арасында Сәбеңнің өзі де пианинода ойнап тұрған.

Мұнда Мұқановтың әр жылдары жарық көрген өз кітаптары жинақталған.

 Мынау жұмыс кабинеті. 

Сәбең кітаптарын тез табу үшін кітапханадағыдай арнайы картотека істеткен. Мына диванды әдейі қойдырып, жазудан шаршағанда осында отырып, домбыра тартып, сергіген. 

Жұмыс үстелі. Жазу машинкасы. Машинисткасы жанында 25 жыл жұмыс істеген. Мінезінің жайлылығынан ғой. Әйтпесе, бір адамның жанында 25 жыл жұмыс істеу оңай ма?

Пілдің сүйегінен жасалған сувенирлер. 

Мынау жатын бөлмесі. 

Өзінің киген киімдері. Қарапайым ғана тұрмыс кешкен. Негізінен кітап жинағанын өздеріңіз де көрдіңіздер. 

"Музейімізде Сәбеңнің тәспихі мен Құраны сақтаулы" 

Музей аралап болғаннан кейін ақын, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы Әділғазы Қайырбековпен кездесіп, жазушы туралы әңгімемізді ары қарай жалғастырдық. 

 Аға менің islam.kz порталының журналисі екенімді білгеннен кейін әңгімесін Сәбит Мұқановтың дінге деген көзқарасынан бастады:

13 жасында ауыл молдасынан ескіше сауатын ашып, осы оқуы бұдан былайғы азығы болады. Құранды жатқа оқыған. Өмір бойы шығармаларын төте жазумен жазған. Кейін кирилл жазуына көшкен кезде Майра Жансаева деген машинисткасы Сәбеңнің төте жазумен жазған шығармаларын ұдайы кирилл жазуына түсіріп отырған. Оқыған кітаптарындағы белгілер де, қолжазбалары да төте жазумен жазылған. Сәбең діни кітаптарды да көп оқыған. Араб жазуымен, көне шағатай тілінде жазылған кітаптарды оқып отырған. Сәбең араб елдеріне барғанда бір тәспих пен жайнамаз алып келеді. Оны Мәриям апай кейінге дейін көзінің қарашығындай сақтады. Тәспих қазір музейде тұр. Алғаш 1978 жылы оны музейге қойған кезде тәспих екенін көп жұрт білмеген. «Араб елдеріне барғанда алып келген мойынға тағатын моншақ шығар» деп түсінгендер де болған. Бұл да Сәбеңнің Ислам дініне деген құрметті көзқарасы болса керек. 

 

- Екінші бір құнды дүние бар. Ол туралы Герольд Бельгердің естелігінде айтылады. Сәбеңнің үйіне ауылдан бір ағайындары келеді. Олар жерлестері, ғалым Темірғали Нұртазиннің басына барып, Құран оқытпақ болады. Сәбең оларды зираттың басына алып барады. Екі шал өздері білетін сүрелерді оқи бастайды. Бірақ бұзып оқиды. Сәбең шыдай алмайды да «Сіздер кешіріңіздер, мен оқып берейін» деп, жаңағы жерде Құранды өзі оқиды. Мұны басқа-басқа емес, бір естелігінде жерлесі, жазушы Герольд Бельгер жазған. Екінші бір айтылатын әңгіме бар, Сәбеңнің Құранды жатқа білетіндігіне бір мысалды Жамбыл Жабаев өмірінің ақырында 1945 жылы Совминнің ауруханасында жатады. Сонда ақсақал Сәбеңді арнайы шақыртады. Сәбит келгенде «Менің жаназамды шығармай, алып кетуі мүмкін. Сен менің қасымда бол, жаназамды шығар» деп арнайы тапсырған екен. Былай алып қарасаңыз, Сәбең - қып-қызыл комунист, большевик. Бірақ өмірбақи Құранға, Исламға деген көзқарасы түзу болған. Бүгінде Сәбеңнің өзі оқыған, ертеректе басылып шыққан Құраны құнды жәдігер ретінде музейімізде тұр.    

Музейіміздегі ең құнды жәдігерлердің бірі – Шоқанның бәкісі. Оны бізден “Қалай келген? Кім әкелген?” деп сұрайды. Сәбең өзінің бүкіл өмірін Шоқанды зерттеуге арнаған. Өйткені Ленинградта оқып жүрген кезінде мұрағатта отырып, арғысы Абылай, бергісі Уәли секілді хандардың арғы-бергі тарихымен танысады. Оның үстіне өзі де туып-өскен жерінде хандар туралы аңыз-әңгімелерді тыңдап өседі. Шоқан туралы да көп естиді. Содан Шоқанның өмірін зерттеумен ертерек айналысады. Нәтижесінде, “Ариаднаның арқауы” деген пьесасы Мәскеуде жарық көрді. Одан кейін Шоқанды ғалым ретінде зерттеп, ол туралы монографиялық еңбек жазды. Сосын Шоқанның көркем әдебиеттегі тұлғасын сомдамақ болып, төрт томнан тұратын “Аққан жұлдыз” дейтін роман жазуды жоспарлады. Ол мақсаты толық орындалмады: екі кітабын жазып, екеуін жаза алмай қалды. Шоқанның ізімен Қазақстанның біраз бөлігін аралады. Сосын 1956 жылы Қытайға барып, Шыңжаң өлкесінен Қашқарияға барып, сонда Шоқанның ізімен жүріп қайтты. Ол сапарларынан күнделік үлгісінде “Алыптың адымдары” деген кітабын жазды. Кітап 1959 жылы жарық көрді. Кейін Қытай мен Кеңес үкіметінің қарым-қатынасының бұзылуына байланысты кітап қайта жарияланбай қалды. Бірақ өте қызық оқылады. Сол сапарында Сәбең қазақ оқырмандарына ең алғаш Таңжарықтың өлеңдерін алып келді. Сол сапарында Бұқара Тышқанбаевпен танысып, шекараға дейін алып келеді. Сондай-сондай өте қызықты деректер бар. «Бүкіл өмірін Шоқанға арнаған Сәбеңе біз – Уәлихановтар қатты ризамыз. Шоқанның бәкісі осы музейде тұруы керек» деп, ол бәкіні музейге Шот-Аман Уәлиханов тапсырды. Сондықтан ол біздің ең құнды жәдігеріміз болып есептеледі. 

 "Сәбең қастық жасады деу - қисынсыз әңгіме"

Осы арада біз өзімізді мазалап келген сұрақтарға көштік. Алаш қайраткерлері мен Сәбит Мұқанов арасындағы жағдай туралы сұрадық. Жазушының оларды сынағаны белгілі, ал қазір бәзбіреулер әңгіме етіп жүргендей қастандық жасағаны рас па дедік. Әділғазы аға бірден жауапқа көшті:

– Сәбең советтік, большевиктік идеологияға құлай берілген, шын жүрегімен сенген. Алашорданы қабылдамаған. Сондықтан да Мағжанды да, Ахмет Байтұрсыновты да, Міржақып Дулатовты да, басқаларын да таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Бұл мәселеде өзінің пікірлерін жасырып-жаппастан, ашық айтқан. Сәбеңнің бұл пікірлері баспасөзде де ашық жарияланған, кітаптарында да бар. Яғни, олардың бағытының дұрыс еместігіне шын көңілімен сеніп, тура жолға салғысы келген, жаны ашыған. Бірақ оларға қастық ойламаған, өлім тілемеген. Осыған қатысты мына мысалды алайықшы. Мәскеуде Қызыл профессурада оқып жүргенінде айдаудағы Мағжанға «Райыңнан қайт, совет өкіметін қабылда» деп хат жазады. Кейін оқуын бітіріп Алматыда қызмет істеп жүргенінде айдаудан оралған Мағжаннан «Орталарыңа алмайсыңдар ма?» деген мағынадағы хат алып, Сәкеннің ақылымен сол кездегі республика басшысы Л. Мирзоянға барады. Бұл кезде Мағжан Қызылжар жақта жүрсе керек. Мирзоян: «Мағжанға көмектесіңдер, бірақ оған шығарма жаздырмаңдар, дүниежүзі классиктерінің шығармаларын қазақшаға аудартып, қаламақы төлеңдер, баспана беріңдер», – деп тапсырма береді. Осыдан соң Сәбең Мағжанды Алматыға шақыртып, темір жол вокзалынан өзі күтіп алады. «Мені ең алдымен Сәкеннің үйіне алып бар, мен жеңілдім, ол жеңді, аяғына жығылайын», – дейді Мағжан. Сәбең Мағжанды Сәкеннің үйіне алып келеді. Сәкен де үйіне сыймай, шырттай киініп, ауласында ары-бері жүріп Мағжанды тосып тұр екен. Келген бетте Мағжанға құшағын жая ұмтылады. Екеуі көзіне жас алысып, құшақтасып амандасады. Бұған дейін екеуінің арасында түсініспеушіліктер болса керек. Сол жолы Мағжанға баспана әперіп, жұмыс беріп, көмектеседі. Міне, Мағжанға шын жанашыр болып, сол үшін республика басшысының алдына барған Сәбең оған қастық жасады деу қисынсыз әңгіме.

«Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, «Сәкенді сатқан Сәбит» деген сөзді мен де бала күнімнен естіп келемін, аға. Бұл туралы не дейсіз?

– Бұл да қисынға келмейтін әңгіме. Өйткені Сәбең Сәкенді өзіне ұстаз тұтты, өмір бақи Сәкен деп өтті. Сәбең алғаш Орынборға барғанында Сәкеннің үйінде тұрғанын, кейінірек Мәриям апайға үйленген соң 1930 жылы Алматыға келгенінде де алғаш Сәкеннің үйінде тұрғанын айттым. Орынборда Сәкеннің төсегінде Сәбит пен Ғабит құшақтасып бірге жатқан ғой. Сәкен ұсталып кеткен соң жалғыз ұлы Аян да суық тиіп, шетінеп кетеді. Сөйтіп, Гүлбаһрам апай жалғыз қалады. Сол Гүлбаһрам апай өмір бақи Сәбең мен Мәриям апайдың қасында болды, сыйласып өткен. Басқасын былай қойғанда, қайтыс боларының алдында Мәриям апайды өзіне шақырып алып: «Мәриям, мені Сәкеннің қасына қойыңдаршы деп айтар едім, бірақ оның сүйегінің қайда қалғанын өзім де білмеймін. Сондықтан мені Сәбиттің қасына қойғыз. Сендердің қастарыңда жатайын», – дейді. Мәриям апай ол кісінің аманатын орындайды. Бүгінде Кеңсайдағы зиратта Сәбең, Гүлбаһрам, Мәриям апайлар –барлығы қатар жатыр. Егер Сәкеннің ұсталуына Сәбеңнің қатысы болса, Гүлбаһрам апай осылай жасар ма еді? Ол кісі Сәбеңнің тазалығына, Сәкеннің ұсталуына қатысы жоқтығына сенген. Ешқандай күмән, күдік келтірмеген. Сондықтан, «Мағжан мен Сәкенді Сәбит ұстатты» деген әншейін, дәлелсіз, бөстекі әңгіме. Сондықтан, дәлелденбеген бос әңгімелерді айта берудің қажеті жоқ деп есептеймін. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдығына орай Алматыда, Астанада, Қызылжарда, Ташкентте, Мәскеуде үлкен-үлкен ғылыми конференциялар өтті. Соның бәрінде де, әсіресе Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен конференцияда ҰҚК-нің полковнигі баяндама жасады. Ол кісі ҰҚК мұрағаттарын ақтарып, Сәбеңе қатысты біреуді көрсеткен, не болмаса біреуді қаралаған дүние бар ма екен деп қараған. Бірақ мұндай дерек таппаған.

Музей директорының бұл жауабы біздерді ойлантып-ақ тастады. Естеліктерден оқып жүргеніміздей, замандастары Сәбеңді қолынан келсе көмектескісі келіп тұратын ақкөңіл адам ретінде еске алады. Қазақтың хас батыры Баыржан Момышұлының өзі жазушы өмірден өткенде: "Қайран, Сәбең аңқылдаған, аузын ашса, көмейі көрінетін ақ пейіл, адал азамат, кереметтей көпшіл, ағаға іні, ініге аға, бауырмал кісі еді-ау. Мен сол алғашқы кездесудің өзінде-ақ Сәбеңді солай танып, ұғып, отыз жыл бойы сол пікірден бірде-бір аумай, ауытқымай, адал досы, сыйлас інісі болуға күш салдым. Сәбең, ақылдылығына қоса өте кішіпейіл, ретті жерінде әзіл-оспақшыл, мысқылшыл еді. Осы қасиеттерінің барлығы ақпа шешендігі мен суырыпсалма айтқыштығына орайлас келіп жататын. Сәбит аға, бері салғанда, өзімен жақсы араласқан кісілеріне, әйтпесе, қазақ әдебиеті мен өнеріне үлкен қамқоршы болатын. Қашан да соның қамын жеп, қамқорлық жасап жүретін. Бір жақсысы – екеу, екеуі – төртеу болса екен деп ойлайтын. Жақсыны жайсаңға, өнерліні өнерпазға таныстыру, қатыстыру, білістіру борышым, міндетім деп ұғатын", - деп еске алады. Айналасындағыларға шуақ шашып, маңайындағыларға мейірімін төгіп жүрген аңқылдақ жазушының көлденең біреулердің өсегінің құрбаны болып кеткені, сол үшін еңбектерінің жарық көрмей жатуы қандай өкінішті...

Музейден осындай ауыр ой арқалап қайттық...

1 пікір