Абдулла ибн Хишамнан жеткен мына бір риуаят Расулаллаға деген махаббаттың қаншалықты мөлшерде, қандай дәрежеде болуы керектігін көрсету тұрғысынан өте терең мағынаға ие:
«Бір күні Алла елшісімен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бірге едік. Алла елшісі Әзіреті Омардың қолын ұстап отырған еді. Сол кезде Омар:
- Уа, Расулалла! Сен маған жанымнан өзге барлық нәрсемнен қымбатсың!», - деп Алла елшісіне деген өз сүйіспеншілігін білдірді. Оның бұл сөзіне Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Жоқ, болмады, мен саған жаныңнан да сүйікті болуым қажет! – деді. Әзіреті Омар радияллаһу анһу іле-шала:
- Олай болса, Сені жанымнан да артық жақсы көрдім, уа Расулаллаһ!, - деп айтты». Омардың бұл сөзіне Алла елшісі:
- Міне, енді болды, ей Омар, - деген еді[1].
Міне, Әзіреті Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уә сәлләмға осындай ғашықтық және махаббатпен байлануымыз керек екен. Оны көңіл тағымыздың жалғыз сұлтаны және өміріміздің жалғыз жолбасшысы қылуымыз тиіс. Өйткені, Оны сүю бізге парыз қылынған[2]. Хақ Тағала Құран Кәрімде:
النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ
«Пайғамбар мүміндер үшін өздерінен де аяулы. Ал Оның әйелдері олардың аналары»[3], - деп бұйырған. Сондықтан Ол (пайғамбар) бізге жанымыздан қымбат, өзімізден де маңызды.
Сол себепті Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) махаббат хадис шәрифтерде шынайы иманның шарты ретінде айтылады:
«Жанымды құдірет қолымен ұстап тұрған Аллаға ант етейін, сендердің қайсы бірің мені анасынан, әкесінен, бала-шағасынан және барлық адамдардан артық сүймейінше, шын мәнінде иман келтірген болмайды»[4].
Сондықтан болар, құрметті сахабалар Расулалла саллаллаһу алейһи уә сәлләмнің кішкентай ғана қалауы мен өтінішіне:
"Ата-анам, жаным және барлық нәрсем саған пида болсын, уа, Расулалла!» -деп зыр жүгіретін.
Осы ұлы махаббатқа бейқам болу, тіптен Оған құрметсіздік жасау – надандықтың кесірі. Ал, Оған деген бұл махаббатқа жармасу болса, мәңгілік құтылудың және мәңгілік бақыттың жолдамасы.
Оны сүюдің белгісі
Адамдар жақсы көрген нәрселері жайында көп сөз қозғайды. Жүрген жерінде өзінің сүйікті нәрсесі жайында айтып, сол төңіректегі тақырыптарды қозғай береді. Мысалы, өзін тек қана жұмысына байлаған кәсіпкер үнемі сауда-саттық, тауар, клиент туралы айтып отырады. Анау пайда, мынау зиян, анау тиімді, мынау тиімсіз деген сияқты...
Кейбіреулер баласын қатты жақсы көреді. Қайда барса да өзінің баласының қылықтарын айтып, мәз-майрам болып отырады. Ал қадірменді сахабалар мен Алланың әулие құлдары қашан да Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләм хақында сөз қылудан, Оны еске алудан шексіз ләззат алатын.
Міне, тану, еліктеу және ақіретте Онымен бірге болу арманымен тұла бойы толған олардың бұл халдері, сөзсіз, Пайғамбарға деген ғашықтықтары еді. Алла Тағала баршамызға Мырзамыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уә сәлләмді жақыннан танып, оны жақсы көруді нәсіп етсін! Әмин.
«Теңдесіз үлгілі тұлға» атты кітаптан
(Авторы: О.Н. Топпаш).
[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Әймән. №3 баб.
[2] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 24 аят.
[3] Құран Кәрім: «Ахзаб» сүресі, 6 аят.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Иман. 8.