«Құран және ғылым» салаcының көрнекті ғалымы доктор Зәғлүл Нәжәр дүние салды
«Құран және ғылым» салаcының көрнекті ғалымы доктор Зәғлүл Нәжәр дүние салды
22 күн бұрын 2366
islam.kz

Бірер күн бұрын Иордания астанасы Амманда Құрандағы ғылыми жаңалықтарды ашып түсіндіру саласымен танылған әйгілі ғалым, ислам насихатшысы доктор Зәғлүл Нәжәр (زغلول النجار) 92 жасына келіп өмірден озды.

Доктор Зәғлүл Нәжәр – мысырлық геология ғылымының маманы әрі әйгілі Ислам дағуатшысы. Ол бүкіл өмірін Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіндегі ғылыми жаңалықтарды ашып, оны елге түсіндірумен айналысты.

Зәғлүл Рағиб Мұхаммед Нәжәр 1933 жылы 17 қарашада Мысырдың Гарбия аймағына қарасты Басиун ауданының Мишаль ауылында дүниеге келген. Ол 1955 жылы Каир университетінің жаратылыстану факультетін үздік тәмамдап, кейін 1963 жылы Ұлыбританиядағы Уэльс университетінен геология ғылымы бойынша докторлық дәрежесін қорғаған. Өмірінде әлемнің бірқатар беделді университеттерінде геология пәнінен сабақ берген.

Доктор Нәжәр өз өмірін қазіргі ғылыми деректер мен Құран аяттары арасындағы үйлесімділікті зерттеуге арнады. Ол «Құран мен сүннеттегі ғылыми мұғжиза жөніндегі халықаралық ұйымды» құруға атсалысты. 

Ғалымның геология және исламдық ой саласында көптеген еңбектері мен кітаптары бар. Ең танымал еңбегі – көп томдық «Құрандағы ғылыми аяттардың мұғжизасы» атты энциклопедиясы. Онда «Аспан аяттары», «Жер аяттары», «Адам жаратылысы аяттары» секілді бөлімдер қамтылған.

Зәғлүл Нәжәр өмірінде мыңдаған дәріс пен конференция өткізді. Ол ғылыми дәлелдер арқылы иманды күшейтуге тырысқан, академиялық ғылым мен діни білімді ұштастыра білген ғалым еді. Артында ислам мен ғылым тоғысында мол рухани және ғылыми мұра қалдырды.

Оның көзқарастарының кейбірі:

1) Жерді бекітудегі таулардың рөлі.

Доктор Нәжәр «Таулар – жердің қазықтары» деген Құран аятын (ән-Нәбә сүресі, 7-аят) түсіндіріп, қазіргі геология ғылымы да таулардың терең «тамыры» арқылы жер қабығын тұрақтандыратынын дәлелдейтінін айтты. 

 2) Ғаламның түтіннен жаратылуы. 

Ол Құрандағы «аспан түтін күйінде болған» (Фуссилат сүресі, 11-аят) деген сипаттаманы қазіргі ғылымдағы Үлкен жарылыс (Big Bang) теориясымен байланыстырды. «Түтін» сөзі ғаламның алғашқы тұманды күйін дәл бейнелейді деді.

3) Баланың жатырдағы даму кезеңдері.

Ғалым Құрандағы «нұтфа, ғалақа, мудға, сүйек, етпен қаптау» тәрізді ұрықтың даму сатыларын қазіргі эмбриология ғылымымен салыстыра келе, аяттарда баяндалған дәлдік адамзат ғылымынан әлдеқайда бұрын айтылғанын түсіндірді.

4) Теңіздер арасындағы бөгеттер.

Ол «Екі теңіз ағып қосылады, бірақ олардың арасында бөгет бар» деген аятқа сүйеніп (әр-Рахман сүресі, 19–20 аяттар), тұзды және тұщы сулардың арасына табиғи, көзге көрінбейтін тосқауыл (барзах) бар екенін қазіргі мұхиттану ғылымы да дәлелдегенін айтты.

5) Ғаламның кеңеюі.

«Біз аспанды құдіретімізбен тұрғыздық және Біз оны кеңейтушіміз» (әз-Зарият сүресі, 47-аят) деген аятты мысалға алып, бұл сөздің ғаламның кеңеюі туралы қазіргі ғылыми жаңалыққа айқын ишара екенін айтты. 

Бүкіләлемдік Мұсылман Ғалымдары Одағы Зәғлүл Нәжәрдың қайтыс болуына байланысты былай деп көңіл айтты:

«Бүгін ислам әлемі өз ұлыларының бірінен – адал еңбегімен танылған көрнекті ғалым, насихатшы әрі ойшыл доктор Зәғлүл Нәжәрдан айырылды.
Ол өмірін білім мен иман жолына, Алла Тағалаға даналықпен және көркем насихат арқылы шақыруға арнаған.
Ғылыми және рухани еңбектерге толы ұзақ ғұмыр кешіп, артында зор мұра қалдырды. Алла рақымына бөлесін».

Алла Тағала рахымына бөлеп, о дүниеде де жасап кеткен еңбегінің сауабын таттырсын! 


masrawy com; aljazeera net 

 

 

0 пікір