Құран ілімдерінің білгірі - Абдуллаһ ибн Мәсғуд
Құран ілімдерінің білгірі - Абдуллаһ ибн Мәсғуд
8 жыл бұрын 3212
Алау ӘДІЛБАЕВ

“Кімде-кім Құранды жаңа түсіп жатқандай оқығысы келсе, оны Ибн Умми ′Абдтың қырағатымен оқысын”.

(Хадис)

Әбу Әбдуррахман Абдуллаһ ибн Мәсғуд – алғаш иман еткендердің ішінде алтыншы болып мұсылмандықты қабылдаған бақытты жандардың бірі. Бала кезінде Әбу Жәһил, Ұқба ибн Муайт сияқты азулы мүшріктердің қойларын бағатын. Ғаламның рақым нұрымен (с.а.у.) танысқаннан кейін қасынан көлеңкесіндей екі елі ажырамай еріп жүретін еді. Суффалық сахабалардың бірі Абдуллаһтың Аллаһ елшісіне жақындығы сондай, Пайғамбарымыздың нұрлы шаңырағына қалауынша еркін кіріп-шығатын. Оны көргендер әһли бәйттен (Пайғамбарымыздың туысқаны) деп ойлайтын. Аллаһ елшісіне (с.а.у.) қызмет жасап, Одан көп нәрсе үйренді. Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) оны «Ибн Умми Абд» дейтін. Пайғамбарымыз ол жайлы: “Кімде-кім Құранды жаңа түсіп жатқан кезіндегідей оқығысы келсе, оны Ибн Умми ‘Абдтің қырағатымен оқысын” деп, Құран оқудағы қасиетін жоғары бағалайтын.

Пайғамбарымыз бір күні оған: – Маған Құран оқышы, тыңдайын, – дегенде, ибн Мәсғуд: "Уа, Расулаллаһ! Құран саған түсті. Мен оны саған қалайша оқимын", – деп таңданысын жасыра алмайды. Алла елшісі (с.а.у.) :

– Құранды өзгеден тыңдауды ұнатамын, – деген еді.

Пайғамбарымыздың өтінішін жерге тастай алмаған ибн Мәсғуд “Ниса” сүресін оқиды. “Ниса” сүресінің: “Әр үмбетті куәларымен (қайта тірілткенде) әкеліп, сені де солардың алдында куә ретінде тартқанда қандай күн болмақ?!” деген қырқыншы аятына келген кезде, Пайғамбарымыздың қос жанары манаурап, жүрегі толқып:

– Жә, жетер, – деп қолын көтеріп, тоқтатқан-ды.

Хазірет Абдуллаһ қоңыр даусымен Құранды мүшріктерге жария етуден қорықпайтын. Бар әлемге жалғыз өзі төтеп беретіндей иман күшіне ие Абдуллаһ Мекке мүшріктерінің алдына шығып дауыстап Құран оқыды. Оның бұл қылығы шымбайына батқан мүшріктер оны сол мезет соққыға жықты. Алайда олардың таяғын шыбын шаққан құрлы көрмеген ол тағы да қайталамақ болғанда, қасындағы басқа сахабалар оның етегінен басып, жеңінен тартқылап, жібермей ұстап қалды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына Құранды төрт кісіден үйренуді ескертсе, сол төрт кісінің бірі осы – Абдуллаһ ибн Мәсғуд. Мүшріктердің қорлығы мен азабына төзе алмай Эфиопияға көшкендердің арасында Абдуллаһ ибн Мәсғуд та бар. Бірақ Пайғамбарымызға деген сағынышы жібермей, Меккеге қайта оралды. Ол жерден кейінірек Мәдинаға һижрет етті. Ибн Мәсғуд Пайғамбарымызбен бірге бүкіл соғыстарға қатысып, үлкен ерлік танытты. Бәдір шайқасында Алланың дұшпаны Әбу Жәһилді өлтірген – осы Абдуллаһ.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Ибн Мәсудқа деген ілтипаты айрықша еді. Бірде Ол: “Менен кейін Әбу Бәкір мен Омарға бағыныңдар. Аммардың жолымен жүріп, ибн Мәсудтың айтқандарын бұлжытпай орындаңдар”, – деген еді.

Абдуллаһ ибн Мәсуд Пайғамбарымыздың үйінде тәрбиеленді. Аллаһ елшісі арқылы ақиқатқа көзі ашылып, ізгі қасиеттерін бойына сіңірген еді. Хазірет Әбу Хузәйфа оның жүріс-тұрысы, өмір сүруі, жол көрсетіп, адамдарға ақиқатты үйрету тұрғысынан және мінезі жағынан Алла расулына (с.а.у.) ең қатты ұқсайтын сахаба екенін айтады. Алла елшісін жақыннан танып, оның ұшан-теңіз білімінен сусындап, бүкіл өмірін Құранды үйренуге арнаған суффа асхабының бақыттыларының бірі – ибн Мәсғудтың білімі шалқар болатын. Әсіресе, тәпсир ілімінде оның орны бір төбе. Бұл жайлы ол өзі былай деген: “Жалғыз тәңір Аллаға ант етейін! Алланың Кітабында қай аяттың қай жерде, не үшін түскенін менен жақсы білетін ешкім жоқ. Егер менен жақсы меңгерген адам бар болса және оған жету мүмкін болса, міндетті түрде оған барар едім”.

Хазірет Абдуллаһ – Құран ілімдері (улумуль-Қуран) мен фиқһ саласының аса білімдар ғалымы. Хазірет Омар оны Куфаға мұғалім етіп жіберді. Куфалықтар одан хадис пен фиқһ саласы бойынша тәлім алды. Ол бір мәселенің шешімі бойынша нақты дәлел (Құран аяты немесе хадис) насс болмаған жағдайда рәй (ақылды қолдану арқылы дәлел келтіру) арқылы шешу жолын таңдаған. Міне сондықтан куфалықтар мен басралықтар «рәй», «фиқһ» мектебінің қағидаларын ұстанды. Әбу Ханифа да осы мектепке қарайды. Хазірет Әли Куфаға келгенде, сол жердің тұрғындары Абдуллаһты: “Ол сияқты көркем мінезді, жылы сөзді, білікті ұстаз, Алладан қорқатын адам көрмедік”, – деп мақтайды. Әли олардың сөзін растап, оның бойында одан да жақсы басқа да қасиеттердің бар екенін айтқан еді. Құранды әуеніне салып, мақамдап оқитын. Харамды – харам, адалды – адал деп білетін. Фақиһ әрі үлкен хадис ғалымы болды. 

Хазірет Абдуллаһ қайтыс болар кезде төсек тартып жатып қалды. Халифа Осман оның көңілін сұрап, қандай шағымының бар екенін білгісі келгенде ибн Мәсғуд :

– Бір ғана шағымым бар, ол күнәларым, – дейді. Хазірет Осман:

– Не қалайсың? – деп сұрағанда, көкейінде көптен күткен үмітін айтып:

– Аллаһтың рақымын, – деген еді. Хазірет Осман:

– Жылдар бойы алмай тартынған мемлекет тағайындаған айлығыңның берілуін әмір етейін бе? – дегенде, ибн Мәсуд:

– Бұдан кейін оның еш пайдасы бола қоймас, – дейді. Осман:

– Артыңдағы балаларыңа қалар.

– Балаларым кедей болып қалады деп қорқамысың? Мен оларға әр түні “Уақиға” сүресін оқыңдар деймін. Өйткені Алла расулының: “Кімде кім әр күні жатарда “Уақиға” сүресін оқитын болса, дүниеде таршылық көрмейді” дегенін естіген едім, – деп жауап берген еді Алла елшісінің (с.а.у.) жол серігі бақытты сахаба.

Хазірет Омар мен Османның дәуірінде Куфада әкім болып, хижраның 32-жыл санауында Мәдинада қайтыс болды.

0 пікір