Қорқыт ата... Қорқыт атаны танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Халық Қорқыттың өмірде кім болғанын, қай дәуірде, қай өңірде өмір сүргенін шамалай алмаса да, оны ең кемі өлімнен қашқан, ажалмен арпалысқан абыз деп таниды.
Елден елге, ауыздан ауызға жеткен әңгімелерде Қорқыт ата жайындағы аңыз-әпсаналар әртүрлі болып келеді. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Қорқыт – өз заманының данышпаны, ақылгөйі, әулиесі, көрегені болған. Ғалымдардың шамалауынша, баба Қорқыт 9-10-шы ғасырларда (Ә.Марғұланның еңбектерінде 7-8 ғасырларда) өмір сүріп, Сыр өңірін мекендеген. Кейбір деректерде оның қай рудан шыққаны, қай руға жиен болғаны, әкесінің аты кім екені бәрі жазылады.
Бізге жеткен аңыздарға сүйенсек, Қорқыт ата мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, желмаяға мініп дүниенің төрт бұрышын кезеді екен. Алайда, қайда барса да алдынан көр қазып жатқан көпшілік шығады. Қорқыт «Кімнің көрін қазып жатырсыңдар?» деп сұраса, көр қазушылар «Қорқыттың көрі!» деп жауап береді екен. Осыдан бастап мәңгілік өмірді көксеген Қорқыттың ажалмен арпалысы басталады. Қай жақты бетке алса да алдынан «Қорқыттың көрін қазушылар» шығады. Бірақ, не керек, қанша қашса да, Әзірейілдің құрығы бәрібір ұзын, Қорқыт ажалын дарияның ортасында әбжыланнан табады. Міне, бәрімізге жақсы таныс аңыздың желісі қысқаша осылай.
Қорқыт ата жайлы аңызды осылай естігендіктен де біз оны өліммен күресуші, ажалдан қашушы деп танимыз. Ал ақиқатында Қорқыт өлімнен қашқан ба? Ажалмен арпалысқан ба? Әулие, данышпан, ақылгөй, абыз адамның өлімнен қашуы, мәңгілік өмір сүремін деп ажалмен арпалысуы ақылға қонымды ма? Қарт абызға бұл жараса ма? Бұған дейін ешкімнің мәңгі өмір сүрмегенін біліп, көріп келген қарт Қорқыттың көрге жақындағанда ажалдан аласұрып қашуы абыздығына сын емес пе? Міне, бізді осындай сұрақтар мазалайды. Мұнда, біз білмейтін, бізге жете қоймаған басқа да хикметтер жатқан секілді. Бізге Қорқыттың аңызы жетсе де, аңызының аңысы жетпей қалған секілді. Ендеше сол хикметтің сырын өзімізше іздеп көрейік дедік...
Қорқыт ата Исламға қатысы бар тұлға...
Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңіне қатысты түрлі деректер бар. Кейбір ғалымдар оны ислам дініне еш қатысы жоқ тұлға деп жорамалдайды. Алайда, Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі тура қазақ даласына ислам діні кең етек жайып келе кезеңмен тұспа-тұс келеді. Тарихшы Әлкей Марғұлан өзінің жазбаларында А.Н.Самойловичтің мұрағатынан бір дерек келтіреді. Онда: «Қорқыт – арабтардың Аббас халифасы заманында шыққан кісі. Оның әкесі Қара-Қожа – Әңкеш ханның бірі. Қорқыт 95 жыл жасаған, үш ханның уәзірі болған. Солар Қағанның замандасы, оның халық ортасындағы беделі, ықпалы орасан күшті болған», – делінген. «Түркі жұртына ортақ болған Қорқыт атаның Аббас халифасы заманында өмір сүргендігін түрікмен әдебиетшілері де тегісімен жақтайды», – дейді Әлкей Марғұлан. Егер Аббас халифалығының 8-13 ғасырларда салтанат құрғандығын ескерер болсақ, Қорқыт ата да Ислам дінінің түрік даласына еніп, кең етек жайып жатқан шақта өмір сүргенін аңғарамыз. Оның үстіне Қорқыт ата жайлы жақсы зерттеген түрік ғалымы Орхан-Шайқ Гокяй Қорқыт туралы араб, парсы, түрік тілдерінде де мәліметтер тапқан екен. Демек, араб деректерінде кездесетін Қорқыт ата Ислам дініне де қатысы бар тұлға деген сөз.
Қорқыт – Пайғамбар үмбеті!..
Қорқыт атаға қатысты көп ғалымдардың сүйенетін еңбегі – «Қорқыт ата кітабы». Бұл жазбаға Әлкей Марғұлан: «Қорқыт әфсанасының ең таңғаларлық ғажайып нұсқасы 14 ғасырда ақ қойынлы оғыздар жырлаған, қағазға түсірілген жазба түрі», – деп баға береді. Бұл нұсқалар бүгінде Еуропаның екі үлкен қаласында сақталып келеді. Оның бірі Германияда Дрезден кітапханасында. Мұны академик В.В.Бартольд орыс тіліне аударған. Екіншісі Италияда, Ватиканда Аростолика кітапханасында. Оның араб тілінде жазылған мәтінін Италия түркологі Этторе Росси бастырып шығарған екен.
Кітапқа үңілсеңіз, Қорқыт ата жайлы тың деректерге кезігесіз. Оны Ислам дініне қатысы бар тұлға болғанын да осы кітап айғақтайды. Академик В.В.Бартольд бұл кітаптағы Қорқыттың қазақ аңызындағы Қорқыт екенін айтады. Ол: «Деде Коркут кітабы» туралы бұрын жазған ойларымда аңызда, поэмада жырланатын Қорқытты қазақтың қария сөзінде айтылатын әулие Қорқытпен бір кісі деп білдім. Демек, Қорқыттың бейіті Сырдарияның жағасында оғыздардың бұрынғы астанасының қасында әлі күнге дейін сақталып келген. Қорқыт Сыр бойындағы тым атақты, әрі жырау, әрі кемеңгер қарт», – дейді. Тарихшы-зерттеушілер тарихта бірнеше Қорқыттың болғандығын айтады. В.В.Бартольдтың «Қорқыт ата кітабындағы» Қорқытты «қазақтың Қорқыты» деуі де сол себепті.
Түріктердің Мұхаррем Ергин есімді ғалымы «Қорқыт ата кітабының» Ватикан мен Дрезден нұсқаларын бірдей қамтып бір кітап қылып бастырып шығарады. Кітап 1964 жылы Түрік мәдениетін зерттеу институты тарапынан жарияланады. Кітапқа назар аударсаңыз тамаша дүниелер кездестіресіз. Кітап «Бисмилләһир рахманир рахим» деп Алланың есімімен басталады. Сөйтеді де кітап кіріспесі: «Пайғамбар (с.а.у.) заманына жақын Баят руынан Қорқыт ата дейтін ер өткен. Ол кісі Оғыздың кемеңгері еді. Айтқаны айдай келетін көрегені еді. Хақ Тағала көкейіне салған соң ғайыптан хабар айтатын», – деп жалғасады. Оның халықтың мұңың мұңдар, жоғын жоқтар жан болғанын, қай істе де халық онымен ақылдасатынын, не бұйырса, екі етпейтінін, сөзін жерге тастамайтынын жазады. Сол кітапта «Қорқыт ата былай депті» деп Қорқыт атаның аузынан шыққан нақыл сөздері келтіріледі. Маржандай-маржандай нақылдарына зер салып оқысаңыз, барлығының негізінде Ислам дінінің қағидалары, дініміздің үгіт-насихаттары жатқанын көресіз. Бұл да бізге Қорқыт атаның Ислам дінінің көрнекті өкілі, насихатшысы болғандығын дәлелдейді.
Кітаптағы нақыл сөздердің кейбіреуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:
- «Алла, Алла демейінше іс оңалмас, Құдіретті Тәңір бермейінше, ер байымас».
- «Пешенесіне жазылмаса құлға қаза келмес, ажал келіп жетпейінше ешкім өлмес».
- «Өлген адам тірілмейді, шыққан жан қайта кірмейді».
- «Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, күні-түні тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ тиесілі нәсібінен артық жемейді».
- «Менмен, тәкаппар адамды Тәңірі сүймейді, көкірегін кергенге Тәңірі дәулет бермейді».
- Күл төбе болмас, күйеубала ұл болмас.
- Қара есек қашыр болмас жүгендегенмен, қара күң ханым болмас безендіргенмен.
- Ескі мақта бөз болмас, ескі дұшпан дос болмас.
- Ана көрмеген қыз тәрбие көрмес, әке көрмеген ұл ас бермес.
- Мемлекетшіл ұл болса, ошағыңның қорғаны.
- Ұл қайтсін әке өліп, мал қалмаса, әке малынан не пайда баста билік (мемлекет) болмаса.
Қорқыт атаның Пайғамбар үмбеті екенін кітаптағы мына сөздерінен де білуге болады. Кітапта «Қорқыт ата былай деген» деп мына жолдар да жазылған: «Аузымды ашып сөйлесем, Тәңірім жақсы, Тәңір досы, дін ұлысы – Мұхаммед жақсы. Мұхаммедтің оң жағында намаз оқыған, шыншыл болған Әбу Бәкір Сыддық жақсы. Ақырғы, отызыншы жүздің басы болған «‘әммә» жақсы (Құранның отызыншы парасы (жүз) Нәбә сүресі «‘әммә йәтәсә әлуун» деп басталатындықтан «‘әммә» деп атаған), мәнерлеп дұрыс оқысаң, Ясин жақсы. Қылышын суырып, дінді жайған ерлердің шаһы Әли жақсы. Әлидің ұлдары, Пайғамбар немерелері, Кербала жазығында шейіт болған Хасан мен Хүсейін – екі бауыр бірге жақсы. Жазылып, хатталып, көктен түскен Тәңірі ілімі – Құран жақсы. Құранды жинақтап, хаттаған, ғалымдар сұлтан Аффан ұлы Осман жақсы. Ойпаттан орын тепкен Тәңір үйі Мекке жақсы. Ол Меккеге сау барып, аман қайтқан қажылар жақсы. Есеп күнінде жұма жақсы. Жұма күні оқылған құтпа жақсы. Құлақ салып тыңдаған үмбет жақсы. Мұнарадан азан шақырған азаншы жақсы. Тізе бүгіп, бас иген жар жақсы. Самай шашы ағарған әке жақсы. Ұзақ жолға шыққанда қара атан түйе жақсы...». Осылайша «не жақсы, не жамандар» тізіле береді. Бұл сөздерге алып-қосар артық ештеңе жоқ секілді. Бұл да Қорқыт атаның Пайғамбарымыздың дін насихаттаушы бір үмбеті болғанын айғақтайтын дәлел.
Өлімнен қашудың мүмкін емесін Қорқыт жақсы білген
Ендеше ақыретке, өлімге иман келтірген Ислам діні өкілінің өлімнен қашуы, ажалмен арпалысуы ақылға әсте сыймас. Оның үстіне жоғарыда келтірген «Пешенесіне жазылмаса құлға қаза келмес, ажал уақыты жетпейінше ешкім өлмес», «Өлген адам тірілмес, шыққан жан қайтып келмес» деген сөздері де аңыздың дұрыс ұғылмағандығын, біз түсінбеген бір хикметі барына меңзейді.
«Қорқыт өлімнен қашқан» десек, оның абыздығына, көрегендігіне, даналығына қайшы, әулиелігіне жараспайды. Себебі, Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Жан біткеннің бәрі өлімнің дәмін татады», – дейді (Әли-Имран, 185, Әнбия сүресі, 35-аят, Әнкабут сүресі, 57-аят). Демек, кеудемізде жанымыз болған соң, өлім міндетті түрде келеді деген сөз. Мейлі қаш, мейлі жасырын, бәрібір Алладан үкім келсе, Әзірейіл сені қайдан болсын табады. Өйткені, Алла Тағала: «Сендер қабат-қабат, биік-биік мықты қорғанның, қамалдың ішіне жасырынсаңдар да ажал қайдан болсын бәрібір табады», – деген (Ниса сүресі, 78-аят). Кейбіреуіміз қандай да бір қазаның себебінен жақынымыздан айрылып жатқанда асылық сөйлеп: «Егер ол жолға шықпағанда, бәлкім, тірі қалар ма еді?», «Егер үйде отырғанда көлік қағып кетпес пе еді?», – деп жататынымыз да бар. Оған да Алла Пайғамбары (с.а.у.) арқылы бізге сәлемін жолдап: «Сен оларға: «Егер тағдырына өлім жазылса, ол адам үйінде отырса да (аттай желіп) өлетін жеріне жетер еді», – деп айт», – дейді. Қорқыттың сөзі Құранның сөзінен тамыр тартады. Ендеше Қорқыттың қайда барса көрді көруіндегі сыр не?
«Қорқыттың көріндегі» сыр
Біздіңше, Қорқыт атаның қайда барса алдынан қазулы көр шығуының астарында «өлімді еске алу», «көрді, қабірді ойлау», «өлімді сезіну» философиясы жатқан секілді. Тіпті, басқа біреу үшін қазылып жатқан көрді көрсе де ғибрат алуы үшін өзінің қабірін қазып жатқандай сезініп, «Қайда барсам да Қорқыттың көрі» деген болуы да мүмкін.
Исламда «Рабыта-и-мәут» деген ұғым бар. Яғни, «өлімді еске алу» деп аталады. Өлім, өлімді еске алу – адамды тәубесіне келтіретін үлкен бір насихатшы. Өлім – көп асқанды бір тосатын ақиқат. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дүние ләззатынан айықтыратын өлімді еске алыңдар», – дейді. Яғни, өлімнің жүректен дүниеге деген махаббатты суырып алатын күші бар деген сөз. Алла Елшісі (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Егер жан-жануар, хайуандар өлім жайында адамзат білгенді білсе, ауыздарың семіз етке тимес еді», – дейді. Яғни, өлім жайында біз білгенді қорадағы малымыз білсе, соны ойлаудан, уайымдаудан, қайғырудан қом жинай алмай, соғымға көтерем сояр едік. Сол себепті, өлімді еске алу адамды қайғыға, уайымға жетелейді. Адам өлімді ұмытса, уайымсыз салғырттыққа салынады. Ал «уайымсыз салғырттық» Абай Құнанбайұлы айтпақшы, «әуелі – Құдайдың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың, бәрінің дұшпаны». Ал «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» (Абай). Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақыреттің уайымын жеп, қамын ішу үшін өлімді жиі еске алуды кеңес еткен. Өлімді көп еске алатын жанды Алла Расулі (с.а.у.) «ең бай, ең қадірліге» теңеген. Адам ажалды ойласа азғындыққа аяқ баспас, күнәға көз салмас. Өлім жүректерді жұмсартушы, көздерге жас үйіруші насихатшы. Сол себепті де Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Насихатшы және ескертуші ретінде өлім жеткілікті», – деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» дейді. Міне, Қорқыт ата да Пайғамбарымыздың жоғарыдағы хадистеріне амал еткен деп білеміз. Ел арасына тарап кеткен аңыз осындай хикметтен шықса керек. Ислам тарихында осыған ұқсас мысалдар көп. Тарихта жүрегі дүниеге ауып бара жатқанда, өзінің қабірін қазып алып, ішінде түнеп шығатын мұсылмандар да өткен. Не болмаса, шығарып жатқан жаназаны көрсе, өзінің жаназасын шығарып жатқандай сезініп, ғибрат алатындар да болған. Ендеше Қорқыттың «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деуіндегі сырдың, хикметтік түйіні осы жерде шешілетін секілді.
Асылында Қорқыттың бұл ғибраты халыққа үлкен насихат. Яғни, адам баласы әрдайым өлімді еске алып, соңынан Әзірейіл еріп келе жатқандай не алдынан ажалы күтіп тұрғандай сезінуі тиіс. Қайда барса да, өзінің көрі қазылып жатқандай түйісінуі керек. Бұл ақыретке деген иманымызды шыңдап, дүниеге деген махаббатты жояды. Біздіңше, Қорқыт атаның айтпағы осы еді...