ҮЙ ИЕСІ МЕ, ӘЛДЕ ҚЫЗМЕТШІ МЕ?
(Мұса Топбаш хазіреттің ғибратты ғұмырынан бір үзік сыр, түрік тілінен аударылды)
Мәрқұм Нығметулла Юрт ұстаздан еліміздің біртуар ғұламалары мен ариф (Алланы таныған) заттары туралы талай ғибратты естеліктер естіген едім. Солардың бірі — мәрхұм Мұса Топбаш хазіретке қатысты болатын.
Нығметулла ұстаз Мұса Топбаш хазіретпен Стамбулда да, қасиетті Мәдина қаласында да талай мәрте жүздескен жан. Ол кісі туралы ол былай еске алушы еді:
«Ол — өте мүбәрак, шарапаты мол тұлға еді. Мен Сұлтан Ахмет мешітінде азаншы болып жүрген кезімде, Топбаш әулеті әр жыл сайын Рамазан айында барлық мешіт қызметкерлеріне арнайы киім-кешкек жіберіп тұратын. Сондай жомарт, қолы ашық әулет еді».
Бұл әулет 1950 жылдардан кейін Қайыр мен Шамға және Мекке мен Мәдинаға ілім іздеп кеткен түркиялық шәкірттерді арнайы іздеп барып, олардың жағдайын өз көздерімен көріп, оларға жәрдем беріп, қол ұштарын созып тұратын.
Топбаш әулеті — өсімнен (пайыздан) іргесін аулақ салған, тек зекет берумен ғана шектелмей, одан тыс та қайырымдылықты еселеп жасаған өнегелі әулет. Соның берекесі болар, сонша мал-мүлік жұмсаса да, олардың кәсібі ешқашан кенжелеп, істері кері кеткен емес. Бұл — көпке үлгі боларлық ерекше әулет
Мәрхұм Нығметулла Юрт ол кісімен болған мына бір оқиғаны тебірене әңгімелеп берді:
«Бір кездері мен Үскүдарда (Стамабул) имам болып қызмет еттім. Қажы Мұса Топбаш хазіреттің Сұлтантепеде үйі бар болатын. Бір күні сол үйде үлкен дастархан жайылып, қонақ шақырылды. Мен де мешіттің азаншысымен бірге сол үйге бардым.
Мәжіліс аяқталып, үйден шыға бергенімізде, қасымдағы азаншы досым маған:
— Пай-пай, мына үйдің қызметшісі қандай еңбекқор еді! Бәріне бәйек болып қызмет етті. Бәрекелді. Тіпті мен дәрет алып жатқанда, қолыма сүлгімді де әкеліп берді, — деп таңғалысын жасырмады. Сонда мен, оған жымия қарап:
— Сен қызметші деп ойлаған адам — осы үйдің иесі, атақты Мұса Топбаш хазіреттің өзі болатын, — дедім. Азаншы досым естіген құлағына сенбей, аң-таң болды.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, бізге шет елден бір топ мұсылман дін жанашырлары қонақтап келді. Олар бір күні Мұса Топбаш хазіреттің үйіне барып, онда Махмұт Сами Рамазаноғлы хазіреттің жағдайын сұрап барып қайтыпты.
Түн ортасында үйге оралған олар: «Біз сондай керемет мұсылмандарды көрдік! Сондай бір көркем мінезді жандарды кездестірдік! Жүздері қандай нұрлы, өздері қандай мүбәрак жандар десеңші!» — деп, көргендерін асқан толқыныспен жеткізді» деп естелігімен бөліскені бар.
Міне, мәрқұм Нығметулла ұстазымыз сол бір текті әулет пен нұрлы жүзді ұлы тұлғалардың ғұмырынан көрген-білгенін осылай әңгімелеп беріп отыратын. Алла Тағала олардың баршасын разы болғай!
Айдын Башар
irfandunyamiz com