Қазаққа қазақты сүюдің үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлы
Қазаққа қазақты сүюдің үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлы
10 жыл бұрын 23737
Марфуға ШАПИЯН
Ұлт ұстазына айналған, өмірбойы ұйқыдағы халқын «Маса» боп ызыңдап оятуды көздеген, «қазаққа қазақты сүюді үйреткен» Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін еткен қызметі шаш етектен. Ол – ақын, ол – қоғам қайраткері, ол – қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, ағартушы-ғалым... Ол – Алаш көшбасшыларының бірі. Ол қазақ үшін бес рет түрмеге түсіп: «Асықпаңдар! Артымызда қазы бар...» деп, соңында атылып кете барған асыл боздақ. Оның өмір жолын, жасаған қызметін білу, бағалау – біздер үшін парыз.

 

Адамдық диқаншысы - Ахаң

       Ақын Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Сарытүбек елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы еті тірі, намысты қолдан бермейтін, адал азамат болған екен. Руластарына қысым көрсеткен Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті соққыға жығып, 15 жылға Сібірге айдалыпты. Әкеден тірідей айрылу бала Ахметтің жан дүниесіне қатты әсер етіп:    

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.

Алданып жегеніме оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам, – деген алғашқы өлеңін шығарады. Патша әкімшілігінің әкесі мен туысқандарына көрсеткен қорлығы жанына жазылмастай жара салған ол өз өмірбаянында: «Осы бақытсыздық менің Торғай қаласындағы мектепке түсуіме себеп болды», - деп жазды. Кішкентайынан зерек, талапты Ахмет алғашында 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, кейін жақын маңдағы ауыл мектебін бітіреді. Сосын Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алып, оны бітірген соң Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын мектепке оқуға түседі. Оны тәмамдағаннан кейін өзінің бүкіл саналы ғұмырында алдына мақсат етіп қойған қазақ балаларының сауатын ашу жұмысына бар күш-жігерін арнайды. «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді Ахаң. Істі ағартушылықтан бастау – халқын құлдықтан азаттыққа алып шығатын жол екенін жақсы түсінген ол бастапқыда Ахметкерей Қонысбаев деген байдың үйінен мектеп ашып, кейіннен Аманқарағай ауылнай мектебінде бір жылға жуық бала оқытады. Көп ұзамай Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне ауысады. Міне, осылай Ахаңның бұралаңы көп ұстаздық жұмысы басталады. Осыған байланысты Сәкен Сейфуллин: «А. Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын қорғап, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды», – деп жазса, ақынның өзі ол туралы: 

Адамдық диқаншысы – жолға шықтым,

Көгі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың, – деп жырлайды. Алдына үлкен мақсаттар қойып, соған жетер жолда аянбай қызмет еткен қарапайым мұғалім Ахаңды кейін бүкіл ұлттың ұстазына айналады деген ой сол сәтте ешкімге де келмеген болар...

 

Дінге байланған Ахаңның әліпбиі

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ең үлкен артықшылығы алғашқы білімді молдадан немесе медреседен алғандығы еді. Олардың барлығы діни сауатты болатын. Ахмет Байтұрсынұлының әр мақаласы, әр кітабы Құранның «Бисмиллахир-рахмани-рахим» деген сөздерімен басталғанын әдебиетші ғалым Айгүл Ісімақова да қуаттайды. Кейін түсіп қалған бұл сөздер, соңғы басылымдарда түпнұсқада қалай болған болса, солай беріліп жүр. Сонымен қатар, Ахаңның араб әріптері негізінде қазақтың алғашқы әліпбиін жасап шығуы оның көрегендігі дер едік. Ол кезге дейінгі түркі елдерінің 90 пайызы хат жазуда немесе қолжазбаларында араб таңбаларын пайдаланып келгені белгілі. Ғалымның өзі Орынборда өткен Қазақ, қырғыз білімпаздарының съезінде сөйлеген сөзінде: «Жақсы әліппенің қасиеттері – жылдам жазылу, баланы оқытқанда әріптерінің бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуі, жазбасына баспасының ұқсастығы. Қазіргі қазақ әліппесінен жер үстінде жақсы әліппе жоқ. Латыннан анағұрлым озық әліппеміз тұрғанда босқа латыншыл болудың керегі жоқ. Әріпке қызығып бүкіл мәдениетімізден айрылып қаламыз ба?» – дейді. Осылай 1913 жылдан бастап Ахаң жасаған әліпби мұсылман медреселерінде, қазақ-орыс мектептерінде қолданыла бастайды.

Жазушы Сейіт Кенжеахмет: «1917 жылы 5-13 желтосқан аралығында Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өтті. Онда Алашорда үкіметінің құрамы бекітілді. Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің оқу комиссары болып тағайындалды. Қасында Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонановтар болды. Ахаң сол тұста халықтың сауатын ашу ісіне ел арасындағы молдаларды пайдаланған. Өйткені ол кісі сауат ашуға тек «қаріп тану» деп қарамаған. Оны тәрбиенің өзегіне балаған. Адамгершілік, жанашырлық, мейірім, шапағат секілді қасиеттерді бойына сіңірмеген адамның алған білімі зиянды деп түсінген. Торғай жерінде діни ілім үйрететін мешіт-медреселер көп болған. Ахаң осы дайын тұрған ілім ошақтарын халықтың игілігіне пайдалануды дұрыс көрген. Сол себепті тұңғыш әліпби жасағанда халқымыз сан ғасырдан бері пайдаланып келе жатқан араб графикасы негізінде жасады. Былайша айтқанда, Ахаң жарықтық тілді дінге байлап берді. Бұл – дін құрымай, тіл жоғалмайды деген сөз. Егер қазірге дейін Ахаң жасап берген әліпбимен жүргенімізде мәңгүрттер еліне айналмас едік» деген пікірді айтады. Бірақ жағдай Алаш зиялылары ойлағандай болмады. Араб жазуы Исламмен байланыстырылып, қолданыстан алынып салынды. Тек жат жұртқа Қытай, Ауған, Иранға қоныс аударған қандастарымыз Ахаң жасаған әліпбиді жүректеріне байлай кетті. Қазіргі күнге дейін олардың арасында төте жазу аталып, қолданылып келе жатқан әліпби сол – Ахаңдікі.

 

Сүйген жар, сүйікті жар – Бадрисафа

Ахаңа адал жар бола білген Бадрисафа Мұхамедсадыққызы ел ішіне сыйлы, қонақжай, жұбайының туған-туыстарына деген шексіз құрметі ел аузында аңыздай тараған дана әйел болыпты. Ең қызығы, оның ұлты – орыс, шын есімі Александра екен. Оған ақынның қалай үйленгені жөнінде Ахаңның інісі Мәшеннің ұлы Самырат былай еске алады: «Ахаңнан Падрес апама қалай үйленгенін сұрадым. Өйткені олар бір-бірін өте жақсы көруші еді. Ахаң сұрағыма қысқа жауап берді: «Мен патша өкіметінен қорлық көріп жүргенде елден жырақ жүрдім, маған көмек беретін кісілер болмады. Сол кезде көп көмек берген осы Падрес апаң еді. Патша үкіметіне тіркелуге барғанымызда «Басқа ұлттың қызы» деп оған некелесуге рұқсат бермеді. Сосын Александра деген атын өзгертіп, башқұрттың Падриса деген қызының атын алған». Ахаң мен Падрес апа көп жыл бірге тұрып, бір-бірін қатты сыйлады, талай қиыншылықты бірге өткізді, бірақ не керек, екеуінен ұрпақ болған жоқ. Ахаң өз ағаларының, інілерінің балаларын тәрбиелеген. Падрес апам орта бойлы, көзі көк, шашы сары, дауысы жіңішке, қазақша сөйлегенде сөзі татаршаға, башқұртшаға ұқсайтын. Бізбен қазақша сөйлесетін. Сөйлегенде «сіз», «біз» деп сыпайы тіл қататын», – деп еске алады.  

Бадрисафа – қазаққа тамаша келін бола білді. Халық оны «ақ келін» деп атайды екен. Басынан жаулығын тастамаған ол Ахаңа тұрмысқа шыққанда Ислам дінін қабылдапты. Зейнолла молдаға некелерін қидырғаннан кейін Ахаң әйелін имамның қарауына екі айға қалдырып, мұсылманшылықтың бүкіл шартын, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін үйреткізеді. Ғалымның інісі Ілияс Байтұрсынұлының «Алтын бесік» атты кітабында: «Бадрисафа көрікті еді. Мейрімді еді. Мұсылманша киініп жүретін. Намаз оқитын. Жұмсақ, майда сөйлейтін», – деген жолдар кездеседі. Ең өкініштісі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі ерекше Ахаң мен Бадрисафада бала болмайды. Ақын негізінен аға-інілерінің балаларын асырап, жеткізеді. Сөйтіп жүргенде Торғайдан Меккеге жаяу барып қажылығын өтеген туған інісі Мәшеннің Шолпан атты қызын бауырына басады. Ол: «Әкем бойшаң да арықтау келген келбетті кісі еді. Көзіне көзілдірік киетін. Мінезі салмақты. Ойланып асықпай, сабырмен байыпты сөйлейтін. Шешем болса, ақша жүзінен нұр тамған шырайлы, толықша әйел болатын. Байсалды, кішіпейіл, күлімсіреп жүретін-ді. Қазақша өте жақсы білетін. Басына кестеленген ақ орамал салып, етегі желбіршекті кең көйлек киюші еді. Киімді өзі тігетін анам өте жарасымды киінетұғын. Әкемнің атын атамай «Төре» дер еді. Екеуінің мінездері мінсіз үйлесетіні соншалық – бір-біріне дауыс көтеріп қатты сөйлегендерін, тіпті сыпайылықтан аттап, ренжіскендерін де көргенім жоқ», – деген естелік айтады.

Кейін Ахаң айдалып кете барғаннан кейін Бадрисафа мен Шолпан жұртта қалғандай жалғыз қала береді. Үйлерінен қуылып шығып, далада қалғаннан кейін денсаулығы сыр бере бастаған Бадрисафаны Ахаңның ағасы Қалидың Кәтез атты қызы Қостанайға өзімен бірге ала кетеді. Жұбайының атылып кеткеніне қарамастан, қайын жұрты Бадрисафаны қатты қадірлеген деседі. Бірақ қолдан келер қайран бар ма, адал жардың кінәсіз айдалып кеткенін көтере алмаған Бадрисафа өмірінің соңында есінен айрылып, Қостанай ауруханасында өмірден өтіпті. Есі ауысып қалса да, дініне берік болған дейді білетіндер...

Ал ертеңін ойлаған есіл ер Ахмет:

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа немді алар өлім менен?!

Өлген күні апарып тығары – көр

Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.

 

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес, бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін, – деген күйі атылып кете барды. Жарты ғасыр есіміне жағылған қара күйе өшпеді. Ал ақталған уақытында халық оның жұрты үшін еткен өлшеусіз еңбегін көріп, «Қайран Ахаң, қазақты сүюдің үлгісін көрсеткен екенсің ғой» деп «аһ» ұрды... Оның еткен еңбегі бір мақала көтеретін жүк емес... Біздікі тек ұлт ұстазының бір қырын көрсетіп, «жанам деген жүрекке» от беру ғана...

4 пікір