Қарақшылықпен айналысқан ғалым Фудейл ибн Иад
Қарақшылықпен айналысқан ғалым Фудейл ибн Иад
9 жыл бұрын 4521 adep.kz
Қазақшалаған Меруерт Бақдәулетқызы

Оның толық аты-жөні: Фудейл ибн Иад ибн Масғуд ибн Бишр Әбу Әли Тамими Иарбуъи Хорасани хижраның 107 жылы Самарқандта дүниеге келіп,  Абюрде өсіп-жетіледі.

Фудейл ибн Иад ислам әлеміндегі білім мен ғылымның биік дәрежесіне жеткен әйгілі тұлғалардың бірі болды. Ол Хақтың жолына түсіп, тәубеге келгенге дейін елді қан қақсатып, керуенді тонап, ұрлықпен айналысатын. Фудейл әрдайым қолына қанжар мен балтасын алып, үнемі керуендерді тонап, оларға көп зарар келтіретін. Өзі ешкімнен қорықпайтын жау жүрек әрі зор күшке ие болды. Сапарға шыққан жолаушылар болса, өздерін алдын-ала сақтандырып: "Фудейлден сақтаныңдар! Оның бағытынан қашық жүріңдер!" - деп насихаттайтын. Тіпті кейбір аналар тілазар балалары бағынбай, мазаларын алған шақта "Тентек болма! Егер бұзық болсаң, сені Фудейлге бере саламын!" - деп қорқытатын-ды.

Бір күні Фудейл ибн Иад бір үйді тонау үшін сол үйдің қабырғасына өрмелеп  шығады. Үй иесі кәрі адам еді. Қария сол сәтте қолындағы кітабын ашып, кішкентай шырағын жағып, жүзін құбыла жаққа бұрды. Кітапты оқыған кездерде көзінен жас моншақтап ағып, бүкіл денесін жуып кетті. Қарт адамның оқыған кітабы-Алланың сөзі, қасиетті Құран Кәрім болатын.  Бұл көріністі көз алдыңызға елестетіңіз, яғни, екі түрлі әлемді, екі түрлі өмірдің айшықтарына куә болатыныңыз хақ. Бірі-әйгілі қарақшы, оның намазы да, оразасы да, құлшылығы да, жүрегінде зікірі де жоқ. Тіпті Фудейлдің Хақ Тағалаға жақындайын деген ниеті де болмаған.

Ал екіншісі-іңкәр жүрекпен, Аллаға деген риясыз көңілмен, шексіз махаббатпен Ұлы Жаратушысын еске алады. Тәубенің көз жасы бүкіл тұла бойын тебірентіп, жан дүниесі елжіреп Құран оқиды, Алла сөзінің нұрымен жүрегін тірілтеді. Үйдің иесі төмендегі аяттарды оқыды: "Әлде саған (уа, Пайғамбар) Раббыңнан түсірілгеннің ақиқат екендігін білетін жан соқыр біреу сияқты бола ма? Асылында, ақыл иелері үгіт алады" (Рағыд, 19).

Келесі ретте Фудейл тағы да мынадай аяттарды тыңдады: "(Сол кәпір жақсы ма) әлде түні бойы ақыреттен сақтанып, Раббысының рақымынан үміт ете (намазда) сәжде қылып һәм тік тұрып бойұсынатын жан ба? (Уа, Мұхаммед!) "Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?"- деп айт. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт алады» (Зүмар, 9).

Фудейл екі қолын төмен түсіріп, жерге отырған күйде дана қарттың жүзіне қадала қарады. Бұл ізгі адамның қасында әкесіне ас пісіріп жатқан қызы бар болатын. Алайда Фудейл оларды тонамақ мақсатпен келсе де, белгісіз себеппен оларға ешбір батылдығы жетпеді, мысы басылып, бастапқы райынан қайтқан-ды. Ол өте қуатты адам болса, үй иесі өзін ешкімнен қорғай алмайтын қаусаған әлсіз қарт еді. Осы тұста Ұлы Жаратушының даналығы мен шексіз мейіріміне қараңыз. Көкірегі ізгілікке тұнған қария келесі кезекте мына аяттарды оқыды: "Әлде иман келтіргендерге жүректері Алланың зікірінен және Оның ақиқаттан түсіргенінен (Құраннан) қорқатын уақыт әлі келмеген бе?" (Хадид, 16).

Алланың ақиқат сөздері, айтылмыш аят, қарақшы Фудейлдің ғапылдықта қалған жүрегін жібітіп, жан әлемін қалың ұйқыдан оятты. Бір сәтте-ақ жаралы адамға ұқсап, жүзі құбылып, жан дүниесі өзгеріп сала берді.

Фудейл жүзін көкке бұрып: "Уа, Алла Тағала! Менің уақытым да жетті. Бүгіннен бастап, мен өзіңнің алдыңда тәубеме келдім", - деп өткен өмірдің күңгірт һәм көңілсіз тұстарынан қашықтап, терең ықыласпен өкініш білдірді. Содан кейін ол шатырдан түсіп, жуынып, таза киімдерін киіп, мешітке қарай қадам басты. Жүрегі өкініш пен тәубенің жасына толып, мешітте таңға дейін отырып, ғибадат етті. Мейірімді, жарылқаушы Алла оның шынайы тәубесін қабыл етіп, оны ислам тарихындағы көрнекті ғалым мен имам дәрежесіне жеткізді. Қалың жұртшылық оны бұдан былай қарай Хақтың қалауымен құрметтеп, "Имам Ал-Харамаин" деп атады. "Ұры" Исламның екі қасиетті мекені, жарық шырағы-Меккенің мешіті "Әл-Харам" мен Мадинаның мешіті "Әл-Харамның" әйгілі имамы болды. 

Оның ұстаздары болғандар: Аъмаш, Суфиан Саури, Мансур ибн Аль-Муътамир, Хишам ибн Хассан, Сүлейман Ат-Тейми, Ауф ибн Аль-Муътамир және басқалар.
Фудейлдің шәкірттері мен одан хадис жеткізгендер: Ибн Уйейна, Имам Шафиғи, Ибн Мүбәрак, Ал-Хумейди, Яхья ибн Саид Ал-Каттан, Абду Рахман ибн Махди, Кутейба ибн Саид и Бишр Аль-Хафи.

 

Ғалымдардың ол туралы айтқан  пікірлері:
Ибн Уйейна: "Фудейл-сенімге тұрарлық тұлға, ал оның қолдары сүюге лайықты".
Имам Насаи былай деді: "Ол - сенімді және тура жеткізуші, әділ адам".
Ибн Әл Мүбәрак: "Мен Фудейл ибн Иадты әлемдегі ең үздік адам деп санаймын".
Захаби: "Ол  имам - сенімділіктің жарқын үлгісі һәм әділ жеткізуші, "Шейх әл-Ислам" атағына лайықты адам".
Ибн Хажар: " Ол сенімді таратушы болды, көп ғибадат жасаушы имам болды".  

   

Фудейлдің айтқандары
"Кім Алладан қорықса, оған ешкім зиян тигізе алмайды. Ал кім Алладан басқадан қорқатын болса,  оған ешкім көмектесе алмайды".
"Саған күнәларың кіші көрінген сайын Алланың алдында оның ауырлығы арта береді. Керісінше, саған күнәларың үлкен көрінген сайын Алланың алдында кішірейе түседі".
Егер адам сау болса, қорқыныш үмітке қарағанда жақсырақ. Ал егер ол өлім сәтінде жатса, онда Алланың мейірімінен үміттенгені абзал".
"Зухд" (тақуалық) дегеніміз не деп Фудейлден сұрағанда, ол: "Азға қанағат ету", - деп жауап қатты.
Одан тақуалық дегеніміз не? - деп сұрағанда, ол: "Тыйым салынғандардан сақтану", - деп жауап берді.
Одан  ғибадат дегеніміз не? дегенде: "Парыздарды орындау", - деді.
Кішіпейілділік деген не? сұрағанда, Фудейл: "Шындықты мойындау", - деп түсіндірді.
"Егер маған міндетті түрде қабыл болатын дұға  деп мүмкіндік берсе, мен әуелі сұлтанға (басшыға) дұға етер едім. Себебі, мен өзім үшін сұрасам, менің тілегім өзімнен аспайды. Ал сұлтан үшін дұға етсем, ол түзеледі, онымен бірге халық та, ел де түзеледі".
Алланың құлы бақытсыздықты - мейірім деп, молшылықты - бақытсызық деп есептемей, ал ғибадат үшін мақтауды жек көрмей тұрып, нағыз иман дәрежесіне  жете алмайды.
"Екі түрлі нәрсе жүректі қатайтады: көп сөйлеу және көп тамақ ішу".

Фудейл ибн Иад хижраның 187 жылы Мұхаррам айында ақтық сапарға аттанды. Алла Тағала надандықтың тас түнек қараңғы аспанында шуақ шашып, жарқын жұлдыздардың біріне айналған әрі Исламның шейхы атанған Фудейл ибн Иадты кешірімі мен мейіріміне бөлесін. Алла бізге білім мен Алланың дінін таратуда оның тағылымды үлгісінен өнеге алуды нәсіп етсін!

0 пікір