Қарапайым ғана ғұмыр кешкен Имам Әшғари
Қарапайым ғана ғұмыр кешкен Имам Әшғари
9 жыл бұрын 4401
Бақ БЕР

Аты әйгілі имам Әшғари тоғызыншы не оныншы ғасырларда өмір сүрген айтулы мұсылман ғалымдардың бірі. Әшғари түсінігінің құрушысы ретінде мойындалып, Имам Әшғари лақабымен танылған. Негізгі аты Али. Түбі Йемендік Әшғар тайпасынан шыққандықтан, Әшғари лақабымен танылған. Кейбір дереккөздерінде тегінің сахабалардан Әбу Мұса әл Әшғариден тарайтындығы айтылады. Алғашында Мұғтазила мәзһабының ықпалында болып, ол түсініктегілердің қателерін аңғарған, ұстазынан да сұрақтарына тұщымды жауаптар ала алмаған. Кейіннен Әхлі сүннетке бет бұрып, осы бағытта шәкірттер тәрбиелеп, еңбектер жазған. Сүннет түсінігін жаюдағы еңбегі үшін «Насыруддин» (дінге көмек беруші) деген лақап атты иеленген. Куниясы Әбул Хасан Али ибн Исмаил ибн Әби Бишр Исхақ ибн Салим әл Әшғари әл Басри болып келеді.

Нақты емес, дегенмен 874 жылы Басрада туса керек. Әкесі Исмаилдан жастай айрылады. Әкесінің өсиетімен Яхья ибн Закарияға шәкірт болады. Екінші жағынан әкесі өмірден озған соң анасы Әбу Али Жуббаиға тұрмысқа шығады.  Ұстазы Закария сунниттік ғалым болса, Жуббаи Муғтазила имамдарының бірі еді. Сөйтіп өгей әкесінің қарамағында өсті.

Сунниттік имамдардан дәріс алуын үзбеді. Осы аяда Абдуррахман ибн Халаф, Сәхл ибн Нух, Мұхаммед ибн Яқуб пен Әбу Халифа әл-Жумахиден фиқһ пен хадис дәрістерін алды. Осы аралықта Бағдатқа да барып, сондағы Әбу Исхақ әл-Маруазидың дәрістеріне қатысты. Екі бағыттың арасында, екеуінен де дәріс ала отырып, алғашында Мұғтазила мәзһабына көбірек мойын бұрды. Кейіннен олардың ықпалынан арылып, Сунниттік бағытқа ойысты. 910 жылдары жазған еңбектерінде Сунниттік ақиданы қорғағанын байқатты.

Өздері құрушысы деп қабылдаған Әшғари бағытының дереккөздері имамдарының алғашқы көзқарасын өзгерткенін Пайғамбарымызды (с.а.у.) түсінде көруімен түсіндірген. Ол деректер бойынша, Пайғамбарымыз түсіне кіріп, сүннетті жақтайтындардан болуын ескерткен. Екіншіден бір жағы ұстазы болып табылатын Жүббаимен болған ғылыми таластарда сұраған сұрақтарына тұщымды жауап ала алмауы әрі Мұғтазила ақидасының қателіктерін байқауы да көзқарасын өзгертуіне себеп болған деседі. Түрлі түсіндірмелер өз алдына, негізі дұрыс ақиданы іздеуде жүргендігі әрі үлкен зерттеуден кейін осындай қадамға барғанын айтуға болады. 

Біршама уақыт Басрада тұрақтаған Әшғари кейіннен Бағдатқа барып сонда орныққан. Ол жерде Ханбали мәзхабының алдыңғы қатарлы имамдарымен жолықты. Бірақ бұлардан іздегенін таппады. Осы себепті көбірек шәкірт тәрбиелеп, еңбектерін жаза берді. Жазған еңбектері мен берген дәрістерінде Суниттік ақиданы түсіндірді. Кейіннен келген біршама айтулы тұлғаларға ұстаздық жасады.

Әбу Мұса Әшғари асып таспады, орташа ғана табыспен өмір сүрді. Түсінігі мол, сұңғыла жан еді. Діндарлығымен танылды. Әдістемесі ғажап еді, таластарда көбіне басым түсетін. Мәзһаб ұстанатын. Бұрын ұстаған Мұғтазила мәзһабына тән көзқарастары мен ойларын өзі сынға алған. Ақылға әсіре орын беретін түсініктен Сунниттік түсінікке бет бұруы маңызды бір бетбұрыс ретінде мойындалған.

Әшғари ақидасының құрушысы ретінде мойындалған ол кәлам іліміне қатысты көзқарас, пікірлері үшін сунниттік кәламшылардың айтулы тұлғаларының біріне айналған. Дүниенің пәни екендігі, өйткені бұл әлемді құрап отырған заттардың пәни екендігі, заттардың құрастырылуы арқылы болған дүниенің өз күші жоқтығы, бір жерге топтастырып, қосатын еркінің болмауы, барлық нәрсенің Жаратушының қалауымен ақаусыз істеп тұрғанын айтқан.  

Жаратушыны ақыли әдістермен тануға болатынын айтқан Имам Әшғари бірақ бұндай сенімге жету үшін жеткілікті ақыли мәліметтердің тумыстан бастап толық бар болмағанын алға тартқан. Алланы тану үшін адамға өз жаратылысындағы кереметтерге қараудың жеткілікті болатындығы, адамның еркінен тыс жүзеге асқан бұл дамуды жүзеге асырудың, Жаратушының бар екенін мойындауға жетелейтінін түсіндірген. Өмірге келуімізде, тіршілік етуімізде әрі ажал мерзімін тағайындауға еркіміз жүрмегеніне қарағанда, бізді жаратқан бір Жаратушы бар әрі барлық нәрсе соның еркімен жүруде екенін аңдатқан.

Жаратушы иенің есімдері мен сипаттарына да тоқталған Әшғари Алланың ілім, құдірет, ерік иесі екендігін, барлық нәрсеге құдіреті жететінін еске салған. Ғаламда орын алған құбылыстар көруді, білуді, ерік иесі болуды, естуді, сезуді т.б. қасиеттерге ие болуды қажет еткеніне қарағанда, Жаратушы бүкіл осы есім мен сипаттарға ие. Оның еркі ауқымды (кулли) әрі бүкіл ғаламды қамтиды.

Имам Әшғари бойынша, Жаратушы ие рақымымен қалаған адамына пайғамбарлык міндет берген. Соңғы пайғамбардың пайғамбарлығына ең үлкен дәлел умми болуы, яғни оқуға, жазуға сауатының болмауы. Солай бола тұра Құран кәрім секілді қасиетті кітапты жеткізуі. Бұл қасиетті кітаптың жүйелілігі мен әсемдігін толық ұғынуға адамның ерік жігері жете бермейді.

Сунниттердің мақтанышына айналған Имам Әшғари 935 немесе 936 жылдары Бағдатта өмірден озған. Еңбектеріне келсек, ақидаға тән, мұсылмандар арасында белең алған түрлі көзқарастарды «Мақалатул исламия» атты еңбегінде қарастырған. Осы тұрғыдан еңбек өте маңызды дереккөзі ретінде білінеді. Сунниттер түсінігі шеңберінде Алланың сипаттарымен тағдыр, иман тақырыптары «әл Лүма» атты еңбегінде қамтылған. «әл-Ибана ан усулуд-дияна» атты еңбегін болса, сунниттерге жаңа бетбұра бастаған кездерінде қолға алған. Бұлардан тыс «Рисала илә әхлис сағир», «әл-Хас алал-бахс» атты еңбектерден бөлек ірілі ұсақты көптеген кітаптар жазған.

Ілімімен мұсылман үмбетіне көп пайда келтірген ол кісіге Алла разы болғай!

0 пікір