Қалыңмалына иман сұраған парасатты әйел - Умм Сулейм
Қалыңмалына иман сұраған парасатты әйел - Умм Сулейм
8 жыл бұрын 5130 fondihlas.ru
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Адамзатқа ғибрат болған ізгі, дана әйелдердің ішінде алдына биік те асыл мақсат қойып, жар таңдауда өзінің даналығы мен көрегендігін көрсеткен және тұлғалық қасиеттерімен баршаны тәнті қылған әйелдердің бірі - Умм Сулейм бинт Мильхан. Ол ансарлардың арасында бірінші  болып Ислам дінін қабылдаған мұсылман әйелдердің бірі болды. Ол Малика ибн ан-Надрдың жұбайы еді және оның Әнәс есімді ұлы болды. Умм Сулейм бинт Мильхан Исламды қабылдаған кезде күйеуі қатты ашуланып, әйелін тастап кетті. Алайда бірсыпыра уақыт өткеннен кейін дінге қарсы күйеуі дүниеден өтеді.

Умм Сулейм сол кезеңдегі жастардың арасындағы ең әдемі әрі ең сымбатты, ізгі әйелдердің бірі болды. Барлық қиындықты Алланың сынағы деп қабылдап, үкілі үмітпен Жаратушыға сенім білдіріп, жарқын болашаққа қадам басты. Баласы Әнәсты қасына ертіп, Алла Елшісіне (с.а.у.) қызмет етуге алып келді. Көп ұзамай оған Мәдинадағы ең бай, қуатты әрі жас  күйеулер сөз сала бастады. Олардың арасында қыз-келіншектердің назарына іліккен әйгілі Әбу Талха болатын. Күллі Мәдинаның қыздары оған тұрмысқа шығуды  армандайтын. Әбу Талха  Умм Сулеймге сөз салған сәтте ол қуанып, бірден келісімін береді деп ұйғарған еді. Алайда, парасатты әйел Әбу Талханы мынадай сөздермен қарсы алды:

- О, Әбу Талха! Сіздің табынып жүрген тәңіріңіздің жерден өсіп шыққан кәдімгі ағаш екендігін білесіз бе?! Оны қайсыбір рудан шыққан эфиопиялық адам қиып жасаған. Ол: "

- Білемін, - деп жауап қатты. Сонда Умм Сулейм:

- Сіздің сондай жансыз ағашқа ғибадат еткеніңіз ұят нәрсе емес пе?

Әбу Талха әйелдің пікірімен келіспей, қыңырлық танытты. Ол Умм Сулеймге жомарттықпен  қалыңмал төлеп,  өмірбойы оның тоқшылық пен байлықта өмір сүретініне уәде берді. Бірақ Умм Сулейм өзінің берік ұстанымынан қайтпай, ашық түрде былай деді:

- О, Әбу Талха, Алланың атымен ант етемін. Сіз Аллаға иман келтірмеген адамсыз, ал мен - мұсылманмын. Сондықтан маған сіздей адамға тұрмысқа шығуға тыйым салынған. Егер сіз Ислам дінін қабылдасаңыз, бұл менің қалыңмалым болсын. Мен сізден басқа ешнәрсе талап етпеймін.

Келесі күні Әбу Талха одан да мол сыйлықтармен оралып, өте көп қалыңмал төлейтіндігін уәде етті. Умм Сулеймнің сенімге деген беріктігі Әбу Талханың алдында оны тіпті аса тартымды, бағалы ете түскен еді.

      Бұл жолы Умм Сулейм былай деді:

- Сіздің ғибадат ететін құдайларыңыз құл-ұстаның қолымен жасалған жансыз нәрселер екендігін білесіз бе?!  Егер оларды отқа салса, олардың бір сәтте жанып кететіндігін білесіз бе?!

Умм Сулеймнің жүйелі де мағыналы сөздері Әбу Талханың жан дүниесіне шуақ шашып, тиімді әсер етіп, көз алдында барлық дүние төңкеріліп бара жатты. Ақыры терең ойға батқан Әбу Талха өз-өзіне: "Құдайдың өртеніп  кетуі мүмкін бе?" - деген сауалды қойды.

      Біраз уақыт үнсіздіктен кейін Әбу Талха: "Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.у.) оның Елшісі екендігіне куәлік беремін", - деп иман  келтіріп, бұл сөздерді қайталай берді. Умм Сүлеймнің жүрегін қуаныш кернеп, өзінің ұлы Әнәсқа: "Тұр, Әнәс, Әбу Талханы үйлендір!"- деді. Баласы Әнәс куәлерді әкеліп, неке қиылды. Әбу Талха Умм Сулеймнің алдына барлық байлығын тосып, жүрегі бақыт пен қуаныштан жарылардай қуанды. Алайда Умм Сулейм тақуа, инабатты әрі ізетті мұсылман әйел болғандықтан: "Уа, Әбу Талха! Шынында да, мен сізге тек Алла разылығы үшін ғана үйлендім, маған ешқандай дүние мен қалыңмалдың берілуі қажет емес", - деген еді. (Наса’и)

0 пікір