Пір Бекеттің ізімен жүрген маңғыстаулық Ержан xазіретті білесіз бе?
Пір Бекеттің ізімен жүрген маңғыстаулық Ержан xазіретті білесіз бе?
7 жыл бұрын 17138
Бисембі ӘРІПҰЛЫ, Дүйсембі ӘРІПОВ

 

Тәуелсіз елімізде еркіндіктің самал желі желпіп, жайлы лебі жеткеніне қуандық. Қуандық та есімізді жинап, өткен-өшкенімізді еске түсіріп, көп жылдар бойы қиюы қашып келген ақыл-ойымызды сергітіп, жаңаша қадамдар жасауға дәт ете бастадық. Сонда біздің ойымызда біз білетін Маңғыстаудың асыл-ардақтылары қайта оянып, олардың арасында обал мен сауаптың, имандылық пен қайырымдылықтың белгісіндей болып бірінші кезекте Ержан (Ермұханбет) хазіреттің бейнесі тұрды.

 

Жазықсыз жапа шеккен

Әлқисса, Маңғыстауда Ержан ха­зіреттің алдында немесе қатарлас өмір сүрген Абдолла хазірет, Әбді ахун, Шай­қы ахун, Ыбырай ахун Құлбайұлы, Нұрнияз ахун, Айдар ишан, Тұрыс ишан, Шабар ишан, Көркембай молда, Түйте молда, Көкен молда, Қарағұл, Төлесін молдалар болған болса, бұдан арғы заманда да адай елі арасында талайлаған Пір Бекеттің жолын берік ұстаған Ислам дінінің белді тұлғалары, Мекке мен Медина­ға қиындықпен барып қайтқан қажылар аз болмаған. Солардың көпшілігі өзгермелі заман ағымын­да ескерусіз, елеусіз қала берген. Кеңестік идеология­ның санамызға сіңгені сонша, ұлтымыздың тарихын ұмыттық. Ұл-қыздарымызды өзінің ана тілінен гөрі орыс тілін білуге, қазақ халқының тарихынан гөрі Ресей тарихын білуге бейімдеп, тәрбие беріп, ұлтымыздың ұстамды тәлімі, ұлағатты тәрбиесі жөніне қалды. Ал кезінде осы жайттарды сезіне біліп, ел-жұртының ертеңін ойлаған тұл­ға­лар, көзі көреген азаматтар пат­ша­лық дәуірлер мен кеңестік кезең­дер­де алыс Сібірдің абақтылары­на ай­далды, жазықсыздан-жазық­сыз атылып кетті.

Өзінің көзі тірісін­де-ақ халық құрметіне бөленіп, ерекше беделге, құрметке ие болған, бар ғұмырын ұрпаққа білім беруге, оларды имандылыққа, тазалыққа, ынтымақты, түзу жолда болуға тәр­биелеуге арнаған, Ислам діні­нің ғұламасы – хазірет атанған, діни жоғары білімді Ержан Төлегенұлы да, қалай десек те, бұл ортадан тыс емес. Айталық, «Аза» кітабының 173-ші қатарында ол туралы былай деп жазылған: «Төлегенов Ержан, 1887. Ф. Александровск. Паналық жер өңдеу серіктестігінің мүшесі. Батыс Қазақстан облысы бойын­ша НКВД үштігі… 25.11.37. 58-10.11-бөлімі. 10 жылға бас бостандығы­нан айыруға, Гурьев облысы прокуратурасы 23.05.89 ақтады». Бұ­дан көріп отырғанымыздай, Ержан ха­зіреттің кінәсіздігі тек 50 жылдан кейін, өзі дүниеден өткен соң ғана мойындалған.

Мешіт ашып, балаларға әліпби үй­реткен, мал бітпеген жарлы, еш­бір кінәсіз Ержан хазіреттің тек «молдасың» деп айыпталуы ақылға сыймайтын өрескел зорлық болатын.

Алласына сиынған Ержан хазі­рет бір емес, үш рет (1932, 1937, 1942 ж.ж.) Кеңес түрмесіне қамалып, өмірінің 10 жылдан аса бөлігін ай­дау­да азаппен өткізді. Осы кездер­дің барлығында да тергеу орындары оған зорлық-зомбылықтың неше түрін қолданып, оны мұсылмандық жолдан тайдырудың барлық амалдарын жасап бақты. Алайда бұл әрекеттері ешбір нәтиже бермеді. Өйткені Ержекең дініне аса берік, алған бағытынан, ұстанған жолынан қайтпайтын ер, барынша ұстамды, бір сөзді, өз ісінің Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жолының уағыздарымен сәйкес келетіндігіне шынайы сенетін, Құранды, оның сүрелерін барынша қастерлеп өткен, Құдай бір, Құран шын деген сөздер өмірлік уағызы болған кісі еді.

1928 жылдан 1953 жылға дейін бақылауда, жауапталуда бол­ған Ержан хазірет қамаудан келген соң да түрме тауқыметін жұқалап қана еске алатын. «Бәрі де Жаратқан Алланың қалауымен болып жатады. Адам баласы шыр етіп жерге түскенде маңдайына жазылған бейнеті мен рахатын кесінді сызы­ғы жеткенше көріп өтуге тиісті. Алла Тағаланың ісіне ренжуге болмайды» деуші еді, жарықтық!

Ержекеңмен түрмеде талай бірге отырған Құлшарұлы Бекен қарт Ержан хазіреттің ұлылыған бойлай еске алып: «Шыдамы берік, төзімі болаттай Ержекең түрмеде тамақ болмай аштан-аш қалған кездерімізде біздерді сабырға шақыратын: «Құдай жеткізер, уайым айта бермеңдер, Алла жар болса аш қалмаспыз» деп тоқтам айтып, қолтығымыздан демеп күш беріп, сенімімізді бекітіп отыратын. Айтса айтқандай, біраз шыдасақ болды, сырттан азық келіп қалушы еді» деп тебіренеді.

Ержан хазіреттің адами қа­сиеттерін жеткізіп айту – екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. Өйткені ол кісінің қасиеттері жай адамдардан өзге, пенде деген ұғымнан жоғары. Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілермен амандасуына дейін өзгелерден өзгеше, айрықша мейірімділігі­мен замандастарының назарын өзіне еріксіз аударатын. Ержекеңнің те­рең діни білімділігі соншалық, онымен Ислам дінінің қағидалары, Құран сүрелерін түсіндіру, дүниенің жа­ратылысы, өмір мен өлім жайлы пікір сайыстарына баруға тіпті әжеп­тәуір молда атанып жүргендердің өздерінің де батылы бара бермейтін. Хазіреттің орыс тілін білетіндігі, жоғары математика есептерін де шығара алатындығы, астрономия, жағырапияны меңгергендігі талас туғызбайды, өз кезегінде бұл туралы баспа беттерінде айтылып та келеді. «Жақсы – ай мен күндей» демекші, Ержекең осындай жан-жақты білім­ділігі, жоғары адамгершілік қасиет­терінің арқасында сол кезде бүкіл Кіші жүзде хазірет атағын алған екі кісінің бірі болған, екіншісі Атырауда тұратын Хасен деген кісі екен.

Ержан хазірет молдалық қызме­ті үшін, жаназа шығарғаны үшін жарлы-жақыбайлардан ақы алмайтын, ал дәулеттілердің ұсынған мал-мүлкін түгелдей жоқ-жітіктерге таратып беретін. Бұдан біз ол кісінің кейбір діндарлардан үлкен артықшылығын көреміз.


Ақ жолдың жаршысы болды

Ержан балалық шағында Маң­ғыстау ауданының Тұщықұдық елді мекеніндегі атағы елге танымал Айдар ишанның мешітінде оқып, алғашқы діни сауатын ашқан. Содан кейін білімге құштар жас сол кездегі ірі білім ордасы Бұқара қаласына аттанып, жоғары білім алады. Ержекеңнің таңдағаны молдалық – жастарға тәлім-тәрбие, діни білім беру саласы болады. Бұқарадан шатырхат (диплом) алып келісімен бұрын өзі сауатын ашқан Айдар ишанның мешітіне молда болып орналасып, бала оқытқан. Кейінірек Ержекең Пір Бекеттің жолымен (бес жерде – Ақмешітте, Ескі Бейнеуде, Баялыда, Оғыландыда, Тобықтыда мешіт салдырған) сол Тұщықұдық жеріндегі Сорқұдықтан мешіт салып, ауыл балаларына әліпби үйретіп, оларды қайырым мен мейірімге, обал мен сауапқа тәрбиелеген. Ержекең осылайша Бекет атаның діни уағыздарын насихаттаушы, жастарды, халықты кісілікке, тазалыққа, адамгершілікке, бір Алланы медет етуге тәрбиелеудегі үлгісін жалғастырушы болды.

Осыған байланысты Ержан ха­зіретпен рулас бектеміс жары мар­құм Матаев Жақсығат ақсақалдың естелігін де келтіре кетудің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Жәкең өз сөзінде: «Кеңес үкіметі кезінде «Дін – апиын» деп діни наным-сенімдерді жоюға бағытталған, оны коммунистік идеологиямен ауыстыру қажет деп шапқылаған партия белсенділері көп болды. Сол тұста облыстан (Гурьев) келген бір партия қызметкері «Осы сіздердегі Ержан деген молдаға діни уағыздарын қойғызу, оны діннен бездіру керек» деп қайта-қайта талап қоя берді. Осы жолдардың авторының бірі сол тұста ұжым­шар басшысы еді. Ержекеңе дінге қарсы үгіттің ешқандай жүрмейтінін жақ­сы білетінбіз. Содан біз де қулыққа көшіп, «Сіз де сөйлесіп көріңізші, мүмкін үлкен орынның беделді адамы болғандықтан сөзіңізді қабыл алып, мұсылмандық жолдан бас тартар» дедік. Ол кісі «барсам, барайын» деді. Біздер үйге кіріп, таныса бастағаннан кейін-ақ, Ержекең өзіне тән байыптылық, шешендікпен сөз бастап кетті. Шай келді, әңгіме айтылып жатыр, бір кездері ет те келді, Ержекеңнің оралымды, ойлы сөздері жалғаса түсуде… Әлгі обком қызметкері Ержекеңе «кеңес» беріп, дінге қарсы үгіт-насихат айту былай тұрсын, тіпті сөзден қалды. Мұсылман дінінің имандылығына өзі де сенгендей болып, астан кейін рұқсат сұрап әрі осында келгендегі әбес ниеті үшін кешірім өтініп кетуге жиналды» дейді.

Әрі шежіреші, әрі шешен, діни білімді «адайдың Алшыны» атанған Меңдалиев те: «Мен Ержекеңді жақсы білетін адаммын. Ержекеңнің білімі де, ақылы да көл-дария еді. Ол Маңғыстаудың қараойында мұ­сылманның қасиетті діні үшін бір туып кеткен тұлға ғой. Ержекең тұрмыс­тың тауқыметін, айдаудың ауыртпалы­ғын, қамаудың қиян-кескі қиыншы­лығын көріп жүрсе де, ешқашан пенде­шілік жасап, мұсылманшылық жолы­нан тайғақтамаған» деуші еді деп ес­телік келтіреді.

Өзіміз тарапымыздан айтсақ, Маң­ғыстаудың белгілі діни білімді, молда, тақуаларының өзі арнайы ат сабылтып, Шиліқұдық жерінде тұратын Ержекеңнің алдынан өтуге жиі барып тұратын. Олар Ержанның терең білімін, дін жолындағы үлкен ұстаз екендігін мойындап, оның алдында өздерін кіші санап, қолын алып қайтуды өздеріне зор мәртебе деп білген.

Ержан хазіреттің бар байлығы кітаптары еді. Ол бос кездерінің барлығын кітап оқуға арнап өткен. Олардың арасында араб, парсы, түркі, татар тілдеріндегі кітаптардың болуы Ержекеңнің осы тілдерді де меңгергендігін байқатады. Ержекең тұтынған кітаптардан имам Абдулла Мұхаммед бин Салламаның «ДАҚОИЙ ҚУЛ АХБАР» және Ахмад бин Али Аскаланидің «МУНАББИ­һАТ» атты кітаптары араб тілінен маңғыстаулық жас діндар, журналист Себасов Марат Бақбергенұлы­ның аударуы және баспаға дайын­дауы арқылы жарық көрді. Бұл кітап­тар­ды жеткізуші Ержекеңнің ізба­сары Төлесін молда болған, Ержекеңнің соңында қалған кітаптарынан басқа мирасқа алынған нәрсе – бүкіл өмір бойы халықты имандылыққа, Алланы сүюге, адамзаттың асылы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) уағыздарын, Құранда айтылған талаптарды орындауға бағытталған насихаты әрбір мұсылман үшін шексіз байлық дер едік.

Орындалған өсиет

Төлегенұлы Ержан хазірет 1887 жылы қазіргі Қаражанбас, Қалам­қас жерінде – Керелде, Кеңес үкіметі кезінде Орта-Еспе деп аталған ауыл­дық кеңесте өмірге келіп, 1966 жылы жасы 79-дан сексенге қараған шағында дүниеден озды, денесі ежелден елге белгілі Шақпақ ата қауымына жерленді.

Ержекең діннің әрпі мен рухына өте адал болған. Ол замандастарына: «Адамның тәні топырақтан жарал­ған, өлген соң топыраққа араласуға асығады, өлген адамға аса биік сарайдай етіп там салу қажет емес, бұлай ету бәсеке-байрақ, мұны шариғат қолдамайды. Барлықты, байлықты жарыстырмай, шашылып-төгілмей-ақ, ит-құс түспейтіндей үсті ашық, биіктігі бір жобадағы там салса болады және бұл менің ойдан шығарғаным емес, атам заманнан бері қарай келе жатқан мұсылман халықтарының бізге, болашаққа қалдырған өсиет-өнегелері» дейді екен.

Ержан хазірет Төлегенұлына өзі­нің қалдырған өсиеті бойынша Шақпақ атада ықшам, үсті ашық там салынған. Осы ретте бір айта кететін жайт, бұрынғы ата-бабаларымыз қайтыс бол­ған кісіні қойғанда, оның алдындағы аты елге мәшһүр, сыйлы, қасиетті деп саналатын адамға салынған тамнан артылтып кесене салуды әдепсіздік деп есептеген. Ержекеңнен кейін өмірден озған, хазіреттің білімді, сенімді шәкірті Қарағұл Жәнібекұлы молда да осы Шақпақ ата қауымында жерленген. Бұл кісіге салынған там аласа, шағын ғана. Бұл жерде там салушылар Ержекеңе салынған тамнан артық етпеу жағын ескерген.

 

 

Бисембі Әріпұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері;
Дүйсембі Әріпов,
облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі

0 пікір