Пайғамбарымыздың сыйлық алуы және қонақжайлылығы
Пайғамбарымыздың сыйлық алуы және қонақжайлылығы
5 жыл бұрын 5293

Сахабалар Әзіреті Пайғамбарға әр түрлі сыйлықтар жіберетін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  достары мен жақындарының жіберген сыйлықтарын сүйіспеншілікпен алатын, кері қайтармайтын.

Бір күні бір кісі Расулаллаға (с.а.у.) мата тарту етеді. Бірақ, сол матаны басқа біреу сұрағанда бере салады[1].

Алла елшісі сыйлық бергендерге өзі де сый тартуды ұнататын. Бірде Фазара ұлдарының бірі түйе сыйлаған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған сыйына сый жасауға әрекет еткенде, ол қатты қысылады. Осыны байқаған Алла елшісі оған:

«Сендер маған сыйлық әкеліп жатырсыңдар. Мен алып жатырмын. Ал, мен сол сыйлықтарыңа лайық қайтарым сыйлық берейін десем – қысыласыңдар. Егер осылай істейтін болсаңдар, мен де бұдан былай сендердің сыйлықтарыңды алмаймын», - дейді[2].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне жасалған игі іске жақсылық жасамаса тұра алмайтын. Ең жақын досы Әзіреті Әбу Бәкір (радияллаһу анһ) көш кезінде бір түйені сыйға бергісі келеді, бірақ Ол сол мезетте оның ақысын төлейді.

Тағы бірде Мәдинадағы мешіт құрылысы кезінде Оған біреу жер сыйлайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның ақысын төлеп барып алады[3].

Сыйлық алысып-берісу – сыйластыққа дәнекер болатындығы жөнінде былай дейтін:

«Сыйлық алысып-берісіңдер. Бұл – бір-бірлеріңе деген сүйіспеншілікті арттырады»[4].

Сыйлық алып-берісу сүйіспеншіліктің ең керемет құралы.

Пайғамбарымыздың қонақжайлылығы

Сан алуан жерлерден Пайғамбарымызға (с.а.у.) зияратшылар мен қонақтар көптеп келуші еді. Расулалла (ғалейһиссәләм) оларды күтіп, қызмет қылатын. Өзін көруге келген адамды міндетті түрде күтіп жіберетін.

Ол алдына келгеннің мұсылман болсын, болмасын бәріне тең дәрежеде қарап, бәрін де бірдей күтетін еді. Бір күні мүшріктердің бірі Оның үйіне келіп, қонағы болады. Алла елшісі сол қонағына тайғанша ешкі сүтін берген екен.

Кейде қонақтары көп келіп, үйде ешқандай дәм қалмай, үйіндегілер аш жататын кездері болатын. Тағы да бір күні Ғифарилердің бірі Пайғамбарымыздың үйінде (с.а.у.) қонақ болады. Үйде аз ғана сүттен басқа ешнәрсе жоқ еді. Алла елшісі сол сүтті қонағына беріп, өздері аш қалған екен.

Сахабалар арасында ең кедейлері - «Суффа сахабалары» еді. Олар жамағаттың күнделікті қонақтары болатын еді. Алла елшісі (с.а.у.) мырзамыз сахабаларына «оларды жиі-жиі күтіңдер» деп ескертіп жүретін.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төрт адам көтеретін тай қазаны болатын. Түскі уақытта сол қазан әкелініп, бүкіл "Суффа сахабалары» Алла елшісімен бірге сол қазаннан тамақ ішетін. Кейде адамның көп жиналатындығы соншалық, Пайғамбарымыз отыратын орын таба алмай, жерге жайғасып отыра кететін.

Бір күні Алла елшісі бүкіл «Суффа сахабаларын» жинап, Әзіреті Айша анамыздың үйіне апарады. Әзіреті Айшаға үйдегі бар тамақты әкелуін айтады. Дастархан толы тағамдарды жеп бітірген соң, тағы да сұрайды. Құрма жегізіп, артынан сүт береді. Осылайша Суффа сахабаларын құрметпен күткен еді[5].

«Пайғамбарымыз және оның күнделікті іс-әрекеттері» атты кітаптан.



[1] «Асрый Саадат», ІІ, 83.
[2] Сахих Бұхари – әл-Әдәбуль  Мүфрад. №270.
[3] «Асрый Саадат», ІІ, 84.
[4] Имам Мәлік: «әл-Муатта» - Хуснуль Хұлқ. 16.
[5] «Асрый Саадат», ІІ, 81.

0 пікір