Пайғамбарымыздың (с.а.у.) суға байланысты көрсеткен мұғжизалары
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) суға байланысты көрсеткен мұғжизалары
4 жыл бұрын 13709 www.resulullah.org/

*Мұғ­жи­за – әдет­те­гі та­би­ғат заң­да­ры­на қа­ра­ма-қай­шы келетін жә­не пай­ғам­бар­лар­дан бас­қа еш­кім істей алмайтын таңға­жай­ып іс­тер. Исламда мұғжиза көрсету - пайғамбарлықтың дәлелі. Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизалары көп болған. Оның санын кейбір дін мамандары жүзге шығарады. Ең үлкен мұғжизасы - Құран кітап. Төменде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) суға қатысты көрсеткен мұғжизаларын беріп отырмыз.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың суға байланысты көрсеткен мұғжизаларының кейбірі:

1. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбәрак қолынан судың ағуы.

«Сахих Бұхари» және «Сахих Мүслім» атты деректерде орын алған Әзіреті Әнәстан риуаят етілген хадисте, сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның сахабалары «Зәура» (الزوراء ) деп аталатын бір жерде (Зәура – Мединедегі базар мен мешіт жақта, сол айналадағы бір жер) болғандарында, ішінде суы бар бір қадах (жалпақ ыдыстың бір түрі) сұраттырды. Қолын сол ыдысқа салғанда саусақтарының арасынан су аға бастады. Сол жердегі сахабалар түгелдей дәреттерін алды. «Қанша адам еді, уа Әбу Хамза?» - деп сұрағанымда, ол: «Шамамен үш жүзге жуық тұғын», - деді»[1].

2. Худайбия жорығындағы мұғжизасы.

Сахаба Жәбір ибн Абдулладан жеткен риуаятта, ол (р.а.) Худайбия жорығында орын алған бір мұғжиза жайында былай әңгімелейді:

«Мен Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге едім. Асыр кірген еді. Жанымызда аз ғана артылған судан басқа еш су жоқ етін. Артылған азғантай суды бір ыдысқа жинап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) алып келінді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол ыдысқа қолын салып, саусақтарының арасын ашты. Сосын: «Дәрет алушылар, маған тез келсін. Алладан береке бар» - деді. Қарасам саусақтарының арасынан су молынан ағып жатыр екен. Адамдар сол судан дәретін алып, шөлдерін қандырды. Мен де ол судан қарныма сыйғанша іштім. Оның береке екендігін білдім» деді. Мен (Сәлим ибн ӘбульЖәъд) Жәбірден: «Ол күні қанша адам едіңдер? – дегенімде, ол: «мың төрт жүз едік», - деді[2].

Осы риуаяттың басқа бір нұсқасында сахаба Жәбір ибн Абдулла былай деп баяндайды:

«Худайбия күні адамдар қатты шөлдеген еді. (Сахабалар Худайбияға жеткенде құдықтың мәз еместігін көрді. Одан кейін су таппай сахабалар қатты шөлдейді). Пайғамбарымыздың қолында теріден жасалған су құйылған торсық бар тұғын. Алла елшісі дәрет алды. Сол жердегі адамдардың бәрі Алла елшісіне қарай жүгіре жөнелді. Алла елшісі: «Сендерге не болған?» - деп сұрайды. Олар: «Сіздің қолыңыздағыдан басқа бізде дәрет алатын да, ішетін де су жоқ» - дейді. Сонда Алла елшісі қолын әлгі ыдысқа салады. Сол сәтте саусақтарынан су аға бастайды. Құдды бұлақ тәрізді. Бәріміз қана су ішіп, дәретімізді алдық» деді Жәбір. «Қанша адам едіңіздер?» - дегенімде, Ол (Жәбір): «Мың бес жүз адам едік. Бірақ, жүз мың болсақ та, ол су бізге жетер еді», - деді[3].

3. Суы тартылып қалған бұлақты суға толтыруы.

Әзіреті Мұғаз ибн Жәбәл былай деп әңгімелейді:

«Тәбук жорығында бір бұлақ көзіне кезіктік. Суы жіптің жуандығындай ғана ағып жатыр екен. Алла елшісі (с.а.у.): «Ол судан біраз жинаңдар» деді. Жиналған су оның алақанына құйылды. Пайғамбарымыз беті-қолын сол сумен жуды. Кейін ол суды бұлаққа қайта құйдық. Бірден бұлақтың көзі ашылып, су молынан аға бастады. Барлық әскерге жетті. Сосын Пайғамбарымыз: «Мұғаз, егер ұзақ жасайтын болсаң көресің. Көп ұзамай мына жер бау-бақшаға толады», - деді». (Имам Мәлік: "Муатта"). 

4. Шөлде кездескен әйелдің ыдысындағы судың берекеленуі.

Әзіреті Имран ибн Хусейн былай әңгімелейді:

«Жорықтың бірінде Алла елшісімен бірге сусыз қалдық. Маған және Әлиге: «Пәлен жерде бір әйел екі торсық суды хайуанға артып, кетіп бара жатыр. Оны осында алып келіңдер», - деп бұйырады. Әли екеуміз айтқан жерге бардық. Барсақ суы жүктеулі бір әйелді кездестірдік. Оны Пайғамбарымызға алып келдік. Пайғамбарымыз: «Мына ыдысқа біраз су төгіңдер», - деді. Әйелдің ыдысындағы судан біздегі ыдысқа азғантай алдық. Кейін Пайғамбарымыз ол суға дұға оқып, суды қайта әйелдің ыдысына құйдырды. Одан соң Алла елшісі: «Бәрі келіп, ыдыстарын толтырып алсын» деп бұйырады. Бәрі келіп, (әйелдің ыдысындағы судан) ыдыстарын толтырып, өздері де ішті. Одан соң, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әйелге құрма т.б. заттар беруімізді бұйырды. Әйелге біраз зат бердік. Кейін Алла елшісі ол әйелге: «Біз сенің суыңнан алмадық. Алла Тағала өз қазынасынан бізге су ішкізді», - деді[4].

5. Жаңбырды жаудыруы.

Әзіреті Омардан жеткен риуаятта, ол былай дейді: «Тәбук жорығында сусыз қалған едік. Тіпті, шөлдің қысқаны соншалықты, кейбіреулер түйесінің ішін кесіңкіреп, ішін сығып, одан шыққан дымқылдықты жұттыс. Бұл жағдайды көріп, Әбу Бәкір Пайғамбарымыздан дұға тіледі. Алла елшісі (с.а.у.) екі қолын жайып Аллаға жалбарынды. Пайғамбарымыз жайған алақанын түсірмей тұрып, аспанды бұлт қаптап, жаңбыр құя бастады. Бәріміз ыдыстарымызды суға толтырып алдық. Кейін су тартылды. Айналаға зер салып қарасақ, жаңбыр әскер лагерінен әрі аспапты (тек сол аймаққа ғана жауыпты)»[5].

6. Пайғамбарымыздың жерді аяғымен теуіп, су шығаруы.

Әзіреті Амр ибн Астың ұлы Абдулланың немересі Имам Шуъайб былай әңгімелейді: «Пайғамбарымызға пайғамбарлық міндеті жүктелмей тұрып, көкесі Әбу Тәліппен бірге сапар шеккен кезінде, көкесі қатты шөлдейді. Олар Арафа тауының аймағындағы Зилхижаз деген жерге келген кездерінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) жерді теуіп келіп қалыпты. Сол сәтте тепкен жерінен су шыққан екен. Көкесі Әбу Тәліб сол судан ішіпті»[6].


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №2279 хадис.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 5639 хадис. Әл-Айни: «Ъумдатуль Қари» хадис түсіндірмесі.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №3576 хадис.
[4] Бұхари. Мүслім.
[5] Әл-Һәсәми: «Мәжмәъуз Зәуәид».
[6] Қады Айяз: «әш-Шифә»; әл-Бәйһақи: «Дәләилун Нүбууә».

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым.
 
0 пікір