Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында бір Хәбиб ибн Құрайт деген кісінің әкесі екі көзіне ақ түсіп, көрмей қалады. Ол Пайғамбарымызға келгенде Пайғамбарымыз (.с.а.у.) одан:
- Көзіңе не болды? - деп сұрайды.
- Бір зат көтеріп бара жатқанмын. Кенеттен аяғыммен бір жыланның жұмыртқасын басып кеттім. Сонда көзімнің жанарына зиян тиді (яғни, көзіме ақ түсті), - деп, не болғанын түсіндіріп жауап берді.
Одан соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кісінің екі көзіне үфіледі. Артынша екі көзі де көріп кетеді. Оның баласы кейіннен былай әңгімелейді: «Пайғамбардың ұшықтауынан кейін мен, оның екі көзінде ағы бола тұра сексен жасында ине сабақтап отырғанын көрдім» деп әңгімесін аяқтайды. (Әбу Бәкір ибн Шәйбә, «Мусаннаф»).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әзіреті Әлидің де көзіне үшкіріп, шипа дарытқаны нақты мәліметтерден белгілі. Бұл жайында Әзіреті Әли былай әңгімелейді:
«Хайбар соғысы кезінде көз ауруына тап болғанымда (офтальмия), Алла елшісі көзіме үшкірді, сол мезетте көзім жазылып кетті. Одан кейін ешқашан көзім ауырған емес» - дейді Әзіреті Әли. Басқа нұсқасында көзіне түкіргенін айтқан. («Сахиху Ибн Мәжә», хасан лиғойриһи).
Осман ибн Хунайф есімді кісіден жеткен риуаятта тағы бір соқыр кісінің шипа тапқаны жайында былай әңгімеленеді:
«Бір көзі соқыр ер адам Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:
- Уа, Расулалла! Мен үшін Аллаға дұға етші, маған (көзіме) саулық берсін, - деп өтініш білдіреді.
Алла елшісі (с.а.у.) оған:
- Егер қаласаң, бұл (өтінішіңді) ақыретке қалдыр, олай етуің сен үшін абзалырақ болар еді. Қаласаң дұға етейін, - деп айтады.
Әлгі зағип жан:
- Жоқ. Маған дұға етсеңіз, - деп, көз жанарының оралуын сұрауын өтінеді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған дәрет алып келіп, артынан екі рәкәғат намаз оқы дейді, намаздан кейін мына дұғаны оқы деп үйретеді:
اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ وَأَتَوَجَّهُ إِلَيْكَ بِنَبِيِّكَ مُحَمَّدٍ نَبِيِّ الرَّحْمَةِ، إنى أتوجه به فِي حَاجَتِي هَذِهِ فَتُقْضَى.
وَقَالَ فِي رِوَايَةِ عثمان بن عمر: فَشَفِّعْهُ فِيَّ، قَالَ: فَفَعَلَ الرَّجُلُ فَبَرَأَ،
«Аллаһумма инни әсәлукә, уә әтәуәжжәһу иләйкә, бинәбиикә Мұхаммәдин Нәбиир рахмаһ. Инни әтәуәжжәһу биһи фи хәәжжәти һәзиһи, фәтуқдо».
Әлгі кісі Алла елшісі айтқандай орындайды. Лезде көзі айығып кетеді. Бұл жағдайды жеткізген Осман әңгімесінің соңын: «Аллаға ант етейін, сол жерден айырылмай тұрып әрі көп уақыт өтпей тұрып, әлгі кісі келді, көзі ешқашан көр болмаған сияқты (жазылып) келді», - дейді..
Сахаба Жәбір ибн Абдулла да Пайғамбардың Қатада есімді сахабаның жарақат алған көзін қалай жазғаны жайында былай дейді:
«Қатада ибн Нұғман Ухуд шайқасында көзінен жараланып, көзінің қарашығы бетіне дейін салбырап тұрды. Сол мезетте Алла елшісі оның көзінің қарашығын қолымен ұстап, көзіне орналастырды. Артынша Қатаданың көзі жақсарып, көзі (алысты көрер) өткір болды». Бәйһақидің кітабында келтірілген нұсқасында «көзін орнына қойғаннан соң, көзі ештеңе болмағандай айығып кеткені соншалықты, қай көзінің жарақаттанғанын өзі де білмей қалды» делінген1. Мұның бәрі Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Алланың жәрдемімен көрсеткен таңғажайып кереметтері еді. Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһая»; Ибн Кәсир: «Муъжизәтун Нәби».