Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезінен әсерленіп мұсылман болған иудей дін басының оқиғасы
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезінен әсерленіп мұсылман болған иудей дін басының оқиғасы
2 ай бұрын 3939

Абдуллаһ ибн Сәламның (р.а.) айтуынша: «Хақ тағала Зәйд ибн Сүнғаға тура жолды нәсіп еткенде, Зәйд былай деген:

"Пайғамбарлықтың белгілерінің екеуінен басқасының бәрін Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойынан кездестірдім. Сол екі сипатқа көз жеткізгім келіп жүрді. Бұл екі сипат төзімділігі мен жұмсақтығы, өзіне жасалған дөрекіліктерге сабыр етіп, кешірімділігінің молдығы еді".

Зәйд өз сөзін одан ары былай сабақтайды:

"Бір күні пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Али (р.а.) екеуі жарларынан бірінің үйінен шықты. Дәл сол сәтте салт атты бәдәуи қасына келіп: "Уа, Расулаллаһ! Пәлен ауылда бірнеше адамым бар, олар мұсылман болды. Бұрынырақта егер мұсылман болса, ризықтары көбейіп, берекесі артатынын айтып едім. Алайда олар қуаңшылыққа ұрынып, жұтқа ұшырады. Мал-жанымыз көбейеді деп, Исламға кіріп еді, енді бәрі Исламнан

шыға ма деп қорқамын. Егер оларға жәрдем беруді жөн деп тапсаңыз, бұл істі өзім орындар едім", – дейді.

Аллаһ елшісі (с.а.с.) қасында тұрған адамға "көмектесе алар шамаң бар ма" дегендей сұраулы жүзбен қарайды (сірә, ол Али-ау (р.а.) деп ойлаймын). Ол: "Уа, Расулаллаһ, біздің де қамбамыз бос, қазанымыз тақыл-тұқыл", – деді. Сонда мен (Зәйд ибн Сүнға) оған тақап келіп: "Уа, Мұхаммед, пәлен адамдардың құрма бағынан біраз уақытқа қолма-қол ақшаға құрма сатасың ба?" – дедім. Аллаһ расулы: "Пәленнің құрма бағы деп атап көрсетпе", – деп ескертті. Келісіп қол алыстық. Арамыздағы келісім бойынша, келіскен уақытта белгілі мөлшерде құрма үшін сексен мысқал алтын төледім. Оны бәдәуиге беріп: "Оларға көмектес", – деді.

Келіскен мерзімнің бітуіне аз уақыт қалған еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбу Бәкір, Омар, Осман және бірнеше сахабамен бірге жаназа намазын оқып келе жатқан беттері екен. Көрген бойда олардың қасына барып, көйлегінен ұстап, тартып тұрып, қатулы жүзбен:

"Уа, Мұхаммед! Ақымды төлемейсің бе? Сендер, Абдулмұтталибұлдары, қарызды ұдайы кешіктіресіңдер. Маған бұл қылықтарың жақсы таныс", – дедім.

Сол кезде Омарға (р.а.) еріксіз көзім түсіп кетті. Жанары шатынап кетіпті: "Ей, Аллаһ дұшпаны! Аллаһ расулына қалай-қалай сөйлейсің? Бұлай сөйлеуге қалай дәтің барды? Аллаһқа ант етемін, көңілің Исламнан суып кете ме деп тартынбағанымда, осы тұрған жеріңде басыңды шауып түсірер едім", – деді.

Аллаһ расулы (с.а.с.) сабырлы қалпын бұзған жоқ. Омарға бұрылып: "Омар, біз сенің бойыңнан мұндай шалт қимылды емес, басқа қасиетті көргіміз келеді. Маған қарызымды дер кезінде абыроймен қайтаруымды, оған қарызын әдептен озбай талап етуін ұсынуың керек еді. Қане, Омар! Сен онымен бірге бар да, ақысын төле, Аллаһ пен расулына шақыру қорқытқаның үшін оған жиырма сағ (өлшем бірлігі) артық құрма салып бер", – деді.

Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың айтқанын екі еткен жоқ.

"Уа, Омар! Неге артық бердің?" – дегенімде, "Расулаллаһ солай бұйырды", – деді. Бұған "Сені қорқытқаным үшін" деп қосып қойды.

– Мені таныдың ба, Омар? – деп сұрадым одан.

– Жоқ, тани алмай тұрғаным, – деді ол.

– Мен Зәйд ибн Сүнғамын, – дедім.

– Дінбасы ма? – деп іркіліп қалды ол.

– Иә, дінбасы Зәйд, – дедім.

– Расулаллаһқа неге дөрекілік жасадың? – деп сұрады ол.

– Уа, Омар, екі қасиетінен басқа қаншама пайғамбарлық белгісі бар болса, соның бәрін де пайғамбардың жүзінен алғаш көргенде-ақ байқағанмын.

Алайда мына екі қасиетіне көз жеткізе алмай жүр едім. Төзімділігі мен жұмсақтығы және өзіне жасалған әділетсіздік пен қиянатқа асқан сабырлылық танытуы еді. Оның осы екі қасиетін танып-білу үшін сынап көрген едім. Омар! Сені куәгер етемін, Раббы ретінде Аллаһқа, дін ретінде Исламға, пайғамбар ретінде Мұхаммедке риза болдым. Сені куәгер етемін, дүние-мүлкімнің жартысы Мұхаммедтің үмбетіне садақа, – дедім.

– "Мұхаммедтің үмбетінің бір бөлігіне" – де, әйтпесе жеткізе алмайсың, – деді Омар.

– Бір бөлігіне, – деп өсиетімді түзеттім.

Хадисті жеткізуші айтады:

"Омар мен Зәйд Расулаллаһтың (с.а.с.) қасына қайтып оралады, Зәйд кәлима шаһадатты айтып, Аллаһ расулына иман келтіріп, серт берді. Пайғамбарымызбен бірге көптеген соғыстарға қатысып, Тәбүк соғысында шейіт болды. Хақ тағала Зәйдті рақымына бөлесін!"1.


1  «Сахабалар салған сара жол». 1 том.

0 пікір