Сәуданың (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) тұрмысқа шыққанға дейінгі ғұмыры
«Мен үшін Сәуда Зумғақызынан сүйікті әйел жоқ және өзім оған қатты ұқсағым келеді».
Айша Әбу Бәкірқызы
Сәуда Зумға ибн Қайсқызы құрайыш тайпасының бәну Амр ибн Луәй руынан, ал анасы Шәмус Қайс ибн Зәйд ибн Амрқызы нажжар руынан еді.
Сәуда өзінің артынша Исламды қабылдап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) ерген, үлкен атасының ұлы Сакран ибн Амрға тұрмысқа шығады. Ол екеуі кәпірлердің зұлымдығын көп көрсе де, өздерінің Алла елшісі (с.а.у.) жоғарыдан жіберілген уахимен шақырған жаңа, хақиқи сенімдерін сақтай отырып, имандарына берік, сабырлы болады.
Құрайыштар осы жаңа сенімді қабылдағандарды Исламнан қайтарып, көпқұдайшылыққа әкелулері үшін оларға қыспақтарын үстеп, қатты зұлымдық көрсетеді. Кәпірлердің мұндай тәлкегі жан төзгісіз түрде жалғасып жатқан кезде Алла елшісі (с.а.у.) мұсылмандарға Эфиопияға қоныс аударуға рұқсат береді.
Сәудамен бірге жаңа қабылдаған сенімдерін құтқару әрекетімен сегіз қоныс аударушы Хабаша жеріне сапар шегеді, олардың арасында күйеуі Сакран ибн Амр мен ағасы Мәлик ибн Зумғалар да бар еді. Олар амалсыздан үй-жайларын, туған-туыстарын, тіпті емізулі нәрестелерін де тастап кетеді.
Эфиопияға сапар барысында айнымас сабырлы қалыптарын сақтай отырып, қорқыныштарын іштей жасырған олар елсіз, жабайы жерлерді түйеге мініп те, жаяу-жалпы да жүріп өтеді. Араб түбегіндегі сахара күнінің жантөзгісіз аптап «ыстығына төзіп, адам аяғы жетпеген, сусыз-елсіз ұзақ жолдардың көбін артта қалдырады, бұл машақатты сапарда оларды бір ғана мақсат біріктірген, ол құрайыш кәпірлерінің көрсеткен тәлкегінен жас сенімді сақтау болатын. Олардың көрсеткен зұлымдықтары өлімнен де бетер еді.
Сәуданы Эфиопияда тілі басқа, діні өзге, топырағы жат бөтен жерде туған-туыстарды сағыну, туған жерді аңсау секілді жаңа қиыншылықтар күтіп тұрған-ды. Уақыт оның көздерінде тоқтап қалғандай еді. Содан ол сабырмен арқалап жүрген Алла мен Оның елшісіне (с.а.у.) деген нық сенімін жоғалтпай, мұсылман бауырларымен бірге барша тауқыметті бірдей көру үшін Меккеге қайтады.
Елге оралған соң көп ұзамай оған кішкентай, әлсіз, қорғансыз бес бүлдіршінді қалдырып, күйеуі Сакран дүниеден өтеді. Сәуда өте төзімді жан еді. Әкесі Зумға оған барша қиыншылықты мойымай арқалауына жәрдем беріп, балаларға қамқоршысы, асыраушысы болған әкелерінің жоқтығын білдіртпеуге иық тіресе атсалысады.
Сәуданың бұл күндері ауыр әрі баяу жылжиды. Балаларына қамқорлық ете жүріп, Алла елшісі (с.а.у.) шақырған жаңа сенімнің күндердің күнінде жеңіп шығатындығына үміт арта, балғын сәбилерін ислами тәрбиемен өсіреді. Сәуда егде жасқа қалай жетіп қалғанын өзі де аңғармайды. Енді оған тұрмысқа шығу кеш еді. Тіршілік тауқыметі мен бейнеті оған бұл жайлы ойлануға да мұрша бермеген болатын.
Бірде ол қайғылы жүрегіне қуаныш әкелген, уайымға батқан көңілін жайландырған бір жақсы түс көреді. Сәуда бұл ұлы қуанышты аян еткен түс екеніне қарамастан, мұсылмандардың анасы болу оның ойына кіріп те шықпайды. Басынан өткерген осыншалық қиыншылықтан кейін бұл жайт Сәуда үшін үлкен марапат, сыйлық болатын.
Алла елшісінің (с.а.у.) Сәуданы жар етуі
Бұл уақытта Алла елшісі (с.а.у.) үлкен қайғы-қасіреттің ауыртпалығында жүр еді. Ол құрметті де сүйікті әйелі Хадишадан (р.а.) айырылған-ды. Хадиша қасиетті уахиді тарату жолында Алла елшісіне (с.а.у.) құрмет көрсетіп, оған қорған әрі жәрдемші ретінде өзінен кейін тек жақсы бейнесін ғана қалдырған-ды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өңі қашып, мұңайып, Хадишаның өзіне қалай қолғанат болып, қамқорлық жасағанын, екеуі бірге өткізген бақытты ерлі-зайыпты күндерін есіне алатын. Оны (с.а.у.) өзіне қарап қалған, аналарын аңсап, сағынып жүрген қыздарының жағдайы алаңдататын. Алла елшісінің (с.а.у.) қайғысы күн өткен сайын артып, ылғи да Хадишаны есіне алып, көңілсіз күй кешіп жүреді. Содан соң ешкімнің қаперіне кіріп те шықпаған бір жағдай орын алады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) меккелік муһажирдің жесірі Сәуда Зумғақызындай сабырлы әйелге, көрген бар бейнетінің зейнетіндей мұсылмандардың анасы болуы үшін Хауләны (р.а.) жіберіп сөз салдырады. Бұл жағдайдың мән-жайы былай өрбіген-ді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ішінен тынып, қайғырып жүргенін айтпаса да көріп жүрген сахабалар оған көмектесудің жолын қарастырады. Алла елшісінің (с.а.у.) үй-жайына ие, өзіне қамқор, қыздарына ана болатын бір әйел қажет деп ойлаған сахабалар бұл ойларын Хаулә Хакимқызы деген сахаба әйелді араға салып іске асыруға уағдаласады. Хаулә сахаба Осман ибн Мазғунның (р.а.) әйелі еді. Бұл екеуі де бір кездерде Эфиопияға қоныс аударған және құрайыштардың көрсеткен қиянаттарының алдында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мұсылман бауырларының қасынан табылу үшін ол жақтан алғаш қайтып оралғандар болатын.
Хаулә дархан пейіл Пайғамбарымызға (с.а.у.) үйлену жайлы ұсынысты жеткізудің ебін табады. Ерік-жігері мен ойын жинақтап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) батыл келеді де, жанына жайғасып, ақырын Хадишаны еске ала отырып әңгіме бастайды. Бірте-бірте әңгіме барысында Пайғамбарымызға (с.а.у.) қазіргі күйбең тіршілік талабы үйге қарап, қыздарға бас-көз болатын бір әйел кісінің керек екенін астарлап отырып жеткізеді. Хаулә:
– Саған неге үйленбеске? – деп сұрайды Пайғамбарымыздан.
– Хадишадан кейін кімге үйленейін? – деді мұңайып Пайғамбар (с.а.у.).
Хаулә:
– Қаласаң – қызға, қаласаң – әйелге, – дейді.
Алла елшісі (с.а.у.):
– Қызың кім? – дейді.
– Өзіңнің жүрегіңе жақын адам – Әбу Бәкірдің қызы Айша, – деп жауап береді Хаулә.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) біраз үнсіз отырып:
– Ал әйел кім? – деп сұрайды. Хаулә:
– Аллаға сеніп, иман келтірген, өзіңнің соңыңнан ерген әйел Сәуда Зумғақызы, – дейді.
Бұл есімді естігенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бейтарап күйде қала алмайды. Ол – Ислам үшін кәпірлердің зұлымдығына төзіп, Ислам үшін бөтен елге қоныс аударған және ол жақтан оралған соң күйеуі дүниеден өтсе де, жасымай, балғындарына үнемі қамқорлық көрсеткен, иманы берік, мұһажирдің жесірі мұсылман әйел Сәуда еді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оған деген аяушылық сезімі оянады. Содан соң Хауләға Сәудаға үйленуге келісетіндігін жеткізеді. Алла елшісі (с.а.у.) Сәудаға оның басындағы қайғы-қасірет ауыртпалығын жеңілдетіп, балаларының тәрбиесіне қарасу үшін, Сәуданың да өз қыздарына, үй-ішіне бас-көз болатындығына үміт артып үйленеді. Бұл пайғамбарлықтың 10-жылы, рамазан айы еді. Хаулә Сәудаға алғаш бұл хабарды жеткізіп, оның жауабын сұрағанда, мұсылмандардың анасы атанатындығы оның ойына кірмеген болатын. Ол келісімін беріп, шексіз қуаныштан төбесі көкке жеткендей күй кешеді. Жұрт мұны естігенде, өз құлақтарына өздері сенбей: «Сұлулығы да, сымбаты да жоқ, егде жастағы жесір құрайыштар ханымы (Хадишаның) орнын баспақшы!» – деп күңкілдеседі.
Сәуда Пайғамбардың (с.а.у.) өзіне бүлдіршіндеріне қарайласу, тұрмыс-тіршілігінің қиындығын жеңілдету, оған деген мейірімділігі мен құрметі әрі басына түскен бар ауыртпалықты иық тіресе бірге көтеру үшін үйленгендігін жақсы түсінеді. Өйткені ол салмақты да салиқалы әйел басқалар сияқты әйелдік сезім-қалауы жайлы ойланған емес-ті және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оны «мұсылмандардың анасы» деңгейіне көтергенінің өзі оған жететін-ді.
Мүміндердің мейірімді анасы - Сәуда (р.а.)
Сәуданың өзі болса баяу қозғалатын, салмағы ауыр кісі еді. Оның баяу жүрісіне Алла елшісі (с.а.у.) қалжыңдап жиі күлетін. Бірде Сәуда Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Сенің артыңда намаз оқығанымда, рукуғта шыдай алмастан мұрнымнан қан ағып кетпесін деп қолыммен мұрнымды қысып тұрдым», - дейді. Оның мұны айтудағы мақсаты Алла елшісінің (с.а.у.) рукуғта ұзақ тұратындығын меңзеу еді. Сәуданың айтқанына Пайғамбарымыз (с.а.у.) жымиып езу тартқан (Ибн Сағд).
Ол Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның қыздарына қолынан келген бар қамқорлығын аямады, Алла елшісінің (с.а.у.) үйін бақыт пен қуанышқа толтырады. Ал Айша (р.а.) ұзатылып келгенде, ол үшін Сәуда ең жақсы бөлмені әзірлеп, аялы алақанымен қамқорлығына алады. Сонымен қатар жалғыз Айша ғана емес, одан кейін келген Зәйнәб, Хафсалардан да өзінің кеңдігін аямайды. Алла елшісі (с.а.у.) оны қатты құрметтеп, бағалай білетін.
Ол (с.а.у.) барлық әйелдеріне тең қарап, олардың үйлеріне кезекпен қонатын. Осылайша бірде Сәуданың кезегі келгенде, Сәуда онымен (с.а.у.) жұбайлық қатынасын тоқтатып, кезегін Айшаға беру жайлы сөз қозғайды. Бұл Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін күтпеген кездейсоқ, таңғаларлық жағдай еді. Сабырлы да шыдамды әйел Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көңілі мен жан дүниесіне батқан ұсыныстың ауырлығын сезініп, ішкі жан дүниесінің аласұрып жатқанын бірден түсінеді. Өзі де қас пен көздің арасында қолындағы бар асылын жоғалтуы, Алла елшісінің (с.а.у.) өзімен біржолата ажырасып кетуі мүмкін екенін де жақсы білетін. Үн қатып бірдеңе дей алмаған соң, сыбырлап: «Уа, Алланың елшісі! Мені өзіңнің әйелің етіп қалдыр. Алламен ант етейін, қазір күйеу менің не теңім. Бірақ құдіреті күшті Алладан тілерім – Ақырет күні өзімді сенің жарың етіп қалдыруы», – дейді Сәуда.
Алла елшісі (с.а.у.) оған аяушылықпен назар сала қарағанда «араларында тылсым үнсіздік орнайды. Бұл үнсіздік Сәуданың бойында мұң мен қорқыныш ұялатып, оның ауырлығы жанын күлпарша етіп турағандай болды. Ол өзінің хақысы жоқ нәрсені сұрап тұрғандай күй кешеді. Алла елшісі (с.а.у.) үнсіз отыра береді, ал Сәуда сабырмен күтеді. Дәрменсіздік меңдеген Сәуданың қартайған ауру денесі соңғы кездері сыр бере бастаған-ды. Оның ендігі жалғыз тілек-қалауы – бұл өмірде Алла елшісінің (с.а.у.) жанында қалып, Ақыретте онымен әйелдерінің қатарында кездесу еді. Ойына қайтадан өтініші оралып, тамағына көлденең сүйек тұрып қалғандай булығып: «Мені қоя бер, уа, Алланың елшісі! Егер Айшаның жасында болсам, әңгіме басқа еді, мен басқа әйелдер қалайтын әйелдік сезімді де қаламаймын», – дейді.
Сәуданың дархан жомарттығы мен кеңпейілділігі Пайғамбарымызға (с.а.у.) әсер етпей қоймайды. Өзінің сұрауына жауап күткен Сәуда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) маңдайынан сүйеді. Алла елшісі (с.а.у.) үндемеген күйі намаз оқуға шығып бара жатып, тынығу үшін қайтып келетінін айтады. Содан соң Біләлдан (р.а.) азан айтуын сұрайды, ал азанның дауысы оның көңілін тыныштандырады.
Сәуда өз өтінішін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабыл алғанын сезіп, жан дүниесіне қуаныш оты жүгіріп, оның бойын шаттық билейді. Ол өз көңіл қалауының тазалығы мен ниетінің дұрыстығын Пайғамбар (с.а.у.) түсінгеніне көңілі жай табады. Осыдан кейін Ұлы Алла тағала Мұхаммедке (с.а.у.): «Егер әйел күйеуінің салқын қабақ танытуынан немесе бетін теріске салуынан қорықса, ол екеуіне араларын келісіммен түзетулерінде күнә жоқ. Келісімге келген абзал. Нәпсілер сараңдыққа әзір (жаратылған). Егер жақсылық істесеңдер және тақуалық қылсаңдар, шындығында, Алла – не істегендеріңнен толық Хабардар», – деген уахи жіберген (Ниса, 128).
Міне, осылайша Сәуда Зумғақызы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйінде Алланың өзіне берген бар нығмет-игілігіне шүкіршілік етіп, разылығын білдіріп, өмірде мұсылмандардың анасы, жәннатта Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жары болып қалады. Алланың көрсеткеніне тәубе деп, берік иманымен өмір сүрген. Алла елшісі (с.а.у.) Сәуданы өзі дүниеден өткенге дейін тастаған жоқ.
Сәуда әділ де шыншыл Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) уақытына дейін ғұмыр кешіп, Жаратушысы Алла мен күйеуі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүзін көруге, тағдырына разы пейілде шүкіршілік етіп дүниеден өтті. Алла оған разы болсын!
Оның бізге жеткізген бірнеше хадисінің біреуі имам әл-Бұхаридің жинағы «Сахих әл-Бұхари» кітабына енген.
Айша (р.а.) Сәудані өте қатты жақсы көретін, ол жайлы ылғи да келісті сөздер айтатын. «Мен үшін Сәуда Зумғақызынан сүйіктірек әйел жоқ және өзім оған қатты ұқсағым келеді», – дейтін ол (Муслим).