Ақкөңілді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әр түрлі адамдар тобымен кездеседі, жағдайларын тыңдап шақырған жерлерінен қалмайтын еді. Кедей, құлдармен бірге тамақ ішетін. Өз жұмысын өзі істейтін және кедей, өте жүдеу адамдардың арасында да тұра беретін.
Бір күні өзінің алдында бір бәдәуидің дірілдей бастағанын көрген Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Достым, дірілдеме! Мен патша емеспін. Қатып қалған нан жеген Құрайыштық бір әйелдің ұлымын», - дейді. (Ибн Мәжә. Әтғимә 30).
Абдұллаһ бин Әуфа (радиаллаһу анһу) былай дейді:
«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жесір әйелдермен, бейшаралармен отырып сөйлесіп, олардың қажеттіліктерін сұрап, жәрдемдесуден арланбайтын».
Бір күні бір адам Пайғамбарымызға:
«Мырзамыз! Ең қайырлымыз! Қайырлымыздың ұлы!»-деп айта бергенінде, Ол:
«Ей, адамдар! Аллаһтан қорқыңдар, шайтанға ермеңдер. Мен тек Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедпін, Аллаһтың құлымын. Және Аллаһ Тағала менің мәртебемді пайғамбарлықпен үстем етті. Маған бұдан артық құрмет көрсетулеріңді қаламаймын», - дейді. (Әбу Дәуіт, Әдеп, 10).
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақкөңілділігі мен қарапайымдылығы жайында атақты Хатем-и Таинің (Атымтайдың) ұлы Адийді (радиаллаһу анһу) тыңдап көрейік:
«Мен Мәдинада айбынды патшамен кездесетінімді ойлаған едім. Мәдина мешітінде Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасына барып сәлем бердім. Ол:
- «Бұл кім болды екен?» - деп сұрады.
Мен:
- «Хатем ұлы Адиймін», - дедім.
Орнынан тұрып мені үйіне шақырды. Құдай ақы, мұны тек мен үшін істеді. Жолда арық бір қарт әйел кезігіп, бізді тоқтатты. Ол әйелдің сөзін аяғына дейін тыңдады. Мен ішімнен «бұл патшаның ісі емес» дедім. Үйіне кірдік. Іші құрма талшықтарына толы бір жастық алып, маған берді де:
- «Мә, мынаған отыр», - деді.
Мен:
- «Жоқ, сіз отырыңыз», - дедім.
Ол:
- «Жоқ, сіз-сіз...» - деп қайталады. Отырдым. Өзі құрғақ бір жерге отырды. Мен тағы да ішімнен «құдай-ау, бұл патшаның ісі емес қой» - дедім. Сосын әңгімеге көштік:
- Е-е-е... Хатем ұлы Адий! Сен - Рәкусисің, солай ма?
- Иә.
- Сен қауымыңнан ғаниметтің (соғыс олжасы) төрттен бірін алатын ба едің?
- Иә, алатын едім.
- Міне, бұл сенің дінің бойынша харам еді, - деді.
Ия, расында да солай еді. Бұл сөзінен оның хақ пайғамбар екенін білдім. Ол ешкім білмейтін жайларды білетін еді. Сосын Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзін одан әрі былай сабақтады:
«Ей, Адий! Бәлкім, бұл дінге кіруіңе кедергі болған себеп – бұл діндегі адамдардың (мұсылмандардың) жағдайының нашарлығы шығар. Ант етемін, олардың дүние-мүліктері жақын арада көбейіп, ырыстарының мол болатыны соншалық, келешекте (қайырға не қарызға) сұрайтын бір адам да болмайды. Мүмкін, олардың дұшпандарының көптігі саған кедергі болатын шығар. Ант етемін, жақында бір әйелдің сонау Кадисиядан мына Қағбаны зиярат ету үшін қорықпастан түйемен жолға шыққанын естисің. Мүмкін, олардың мемлекет басшылығын игеруі саған кедергі болып тұрған шығар. Аллаһ атымен ант етемін, жақын арада Бабилдің ақ үйлерінің (сарайларының) мұсылмандар тарапынан алынғандығын естисің», - деді. Осы сөздерді естігеннен кейін мұсылман болдым».
Адий Кадисия шайқасынан кейін Бабил сарайларының мұсылмандар тарапынан алынғанын өз көзімен көріп ұзақ жасқа жеткен. (Ибн Хишам, Сира, ІV, 22734).
Мыңдаған жанкешті жолдастарымен жеңіске жеткен әскер басшысының көкірек кермеуі мүмкін бе? Бірақ Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әсіресе, осындай кездерде барынша ақкөңілділік пен парасаттылық танытып, Аллаһтың ұлылығы алдында басын иетін еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеңіске жеткен әскерінің басында болып, Хайбарға кірер кезде ноқтасы жіптен жасалған есек мініп жүрген еді. (Асры Сағадат, II, 96).
Ол "патша пайғамбар" мен "құл пайғамбар" болу арасында таңдау берілгенде, ақкөңілдігімен «құл пайғамбар» болуды жөн көрген еді. (Хайсети, IX, 192).
Сондықтан да, ол мемлекет басшысы, әрі әскери қолбасшы ретінде Меккеге кірерде түйеге мініп жүрген еді. Сонда, кішіпейілділікпен басын төмен игені соншалық, сақалы түйенің ыңыршағына дейін жететін еді. (Ибн Хишам, Сира, IV, 48).
Проф. Др. Хасан Камил Йылмаз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері». Қазақ тілінде. «Хикмет» баспа үйі.