Пайғамбарымыздың кішкене ұлы Ибраһимнің қайтыс болуы
Пайғамбарымыздың кішкене ұлы Ибраһимнің қайтыс болуы
3 ай бұрын 4067 Суретте Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) баласы Ибраһимнің қабірі.
Тұрғын Нұғман

Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мария атты күңінен туған ұлы Ибраһим ибн Мұхаммед (с.а.у.) дүниенің есігін ашқанына көп болмай, Жаратушысына қайтады. Кішкене Ибраһим қайтыс болғанда бір жарым (1,5) жаста еді деп келтіреді Имам Зәһәби өзінің кітабында1.

Ибраһим ақ реңді, томпиған болған екен. Балаларының ішіндегі Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) көбірек ұқсайтыны да, сол Ибраһим болған.

Сәбиттің, Әнәстан жеткізген хадисінде Алла елшісі (с.а.у.) Ибраһимнің дүниеге келген күні: «Түнде менің ұлым дүниеге келді. Оған атамның есімін бердім - «Ибраһим» деп қойдым» деген еді. Алла елшісінің бұл сөзі - балаға туылған күні түнде есім қоя беруге рұқсат екенін ұғындырады.

Ибраһим туылғаннан соң, әдет бойынша, көп ұзамай Мединелік темір ұстасы Әбу Сәйфтың әйелі Үмму Сәйфке (Үмму Бүрдә) сүт аналыққа табыстайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бауыр еті баласына жиі барып тұрды. Барып құшақтап, сүйіп қайтушы еді. Сондай көріністің бірімен бөліскен сахаба Әнәс ибн Мәлік былай әңгімелейді:

«Ибраһим Мединенің аудандарының бірінде тұратын сүт анасының үйінде болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) баласын көруге барушы еді, біз де ілесіп барушы едік. Ибраһимнің сүт әкесі темірші еді (темір ұстасы). Кейде Пайғамбарымыз үйіне кіргенде үйінің іші түтіндеп тұратын. Алла елшісі үйіне кіріп, баласын алып, сүйіп, құшақтап кері қайтушы еді».

Бірақ күндердің бірінде Ибраһим қатты ауырды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Абдуррахман ибн Ауфті ертіп, сүт ананың үйіне барады. Қатты ауырып жатқан баласын құшағына алады. Қасынан қалмайтын Әнәс ибн Мәлік бұл жағдайды былай әңгімелеген:

«Кейіннен (біраз уақыт өткеннен соң) тағы бардық. Ибраһим (ауырып) ақтық демін алып жатыр еді. Алла елшісінің көздері жасқа толды да былай деді: «Көзден жас шығады, жүрек қайғырады, алайда Раббымыз разы болатын сөзді ғана айтамыз. Аллаға ант етейін, уа, Ибраһим, сенен айырылғанымыз үшін қайғырудамыз»2. 

Алла елшісінің көзіне жас алғанын көрген Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): «Сіз де ме, уа, расулалла?» - деп сұрайды жылағанына таңырқап. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Уа, Ибн Ауф! Бұл - мейірімділік» дейді. Көзінен жасының тамшылары бірінен соң бірі тамды. Сосын сөзін жалғап: «Сөзсіз, көз жылайды, жүрек қайғырады» дейді.

Сахаба әл-Бәрра (р.а.):

«Алла елшісінің баласы Ибраһим қайтыс болған кезде, Алла елшісі (с.а.у.): «Оның жеке сүт еміздірушісі бар, пейіште оның сүт емуін тәмәмдауда» деді» дейді.

Сәбидің денесін көкесінің ұлы Фазл ибн Аббас жуды. Қабіріне Фазл мен Усама ибн Зәйд қойды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаназасын оқыды. Қабірі Медине қаласындағы "Бәқиъ" мазарыстанында орналасқан. 

Алла елшісінің кішкене ұлы қайтыс болған кезде күн тұтылған еді. Соған орай жұрт ырымдап ол құбылысты Ибраһимнің өлімімен байланыстырып жатты. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ай мен күн әлдекімнің өлімі себепті тұтылмайды» деп жалған нанымның жайылуына жол бермеді. 

Ибраһим қайтыс болған уақытта көршілес елдің ұлықтары да бақилық болған еді. Атап айтсақ: Парсы патшалығының ханшайымы Борандохт Кисроқызы сол уақытқа шамалас уақытта дүние салды. Орнына таққа сіңлісі Азерман отырды3.


1  Имам Зәһәби: «Сияр аъләмин-Нүбәлә».
2  «Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім».
3   Имам Зәһәби: «Сияр аъләмин-Нүбәлә».

0 пікір