«Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді...»
Хафсаның 18-ге толмай жесір атануы
Хафса, Омар ибн әл-Хаттаб ибн Нуфәйл ибн Луәйқызы, құрайыш тайпасынан. Анасы – құрайыш әйелдерінің бірі Зәйнәб Мазғунқызы.
Хафса – Алла елшісінің (с.а.у.) сахабасы, Алла онымен Исламды күшейтіп, қуатты еткен Омардың (р.а.) сымбатты да сұлу қызы. Тарихи кітаптарда мүшріктер мен кәпірлер мұсылмандарға зұлымдықтарын күн сайын арттырғанда, Алла елшісі (с.а.у.) Раббысына: «Аллаһым, Исламды мына екі кісінің өзіңе ұнағанымен күшейте гөр: Әбул-Хакәм не Омар ибн әл-Хаттабпен» (әт-Тирмизи, Ахмад), – деп дұға қылғаны айтылған.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Исламды қабылдап, оған қорған болған, өмірінің соңына дейін шындық үшін арпалысып, Ислам әділетінің жеңісі үшін күресіп өткен Омар ибн әл-Хаттабты әрқашан назарда тұтқан.
Хафса Алла елшісінің (с.а.у.) иманды, тақуа сахабаларының бірі Хунайс ибн Хузафа ибн Қайсқа (р.а.) тұрмысқа шыққан-ды. Хунайс Эфиопияға қоныс аударғандардың және Алла елшісімен (с.а.у.) бірге Бәдір, Ухуд шайқастарына қатысқандардың бірі еді. Ол ұрыстарда ерен ерлік көрсетіп, дұшпанның талай батырын жер жастандырады, бірақ көп кешікпей майданда алған жарақатынан көз жұмады. Артында он сегізге толмаған жас жесірі қалады.
Әкесі Омарға жас қызының жесір қалуы ауыр тиеді. Күн өткен сайын қызының өмірінің мәні кетіп, маздаған шырағы сөнуге айналғаны, қалқайып жалғыз қалғаны қатты алаңдатады. Сондай-ақ оның жүзіндегі көңілділік пен қуаныштың орнын қайғы мен мұң басып, өмірге деген құлшынысын жоғалтқаны, әрбір мезет ол үшін қалай ауыр әрі баяу өтіп жатқаны қатты батады. Хафсаның, ең болмағанда, аналық мейірімін төгіп, алданыш ететін, қарайлайтын баласы да жоқ еді. Омар көп ойланып, қызына күйеуді өзі іздеуге байлам жасайды. Бір кездердегі Хафсаның жүзіндегі қуаныш пен көңілділіктің орнын басқан қайғы мен мұңды жою үшін, сөніп бара жатқан өмірінің жарығын маздату үшін әкесі, әрине, қол қусырып қарап отыра алмайды.
Хафсаға (р.а.) үйленуден бас тартқан жігіттер
Оның таңдауы Әбу Бәкір Сыддыққа (р.а.) келіп тоқтады. Не дегенмен Әбу Бәкір әрдайым Алла елшісіне (с.а.у.) жақын болып жанынан табылған жан емес пе? Мәдинаға қоныс аударғанда, құрайыштардың қуғынынан Пайғамбармен (с.а.у.) бірге қашып, үңгірге тығылып отырғанда, үшіншісі Алла болған екеудің бірі емес пе? Досы Әбу Бәкір салмақты, байсалды, кеңпейілділігімен аты шыққан, сабырлылық, қарапайымдылығымен, жұмсақ мінезімен адамдар арасында бір саты жоғары еді. Омар өзіне қаталдығымен, қызғаншақтығымен ұқсаған қызы Хафсаға осындай қасиеттерге ие кешірімшіл күйеу іздеп, таңдауы Әбу Бәкірге тоқтады.
Омар Әбу Бәкірді үйінде жолықтырады. Ол келіп, қызының басына Алла тағала қайғы салғанын, жесір қалып, көңілі жарым болып жүргенін айтып мұңын шағады. Әбу Бәкір мұқият тыңдап, жанашырлық білдіріп, жұбатады. Омар әңгімесін жалғап, оған қызына үйленуді ұсынады. Омар досының қолдау көрсетпей қоймайтындығына, Алла онымен Исламды күшейткен адамның діншіл, тақуа қызынан бас тартпайтындығына сенімі толық еді. Десе де, Әбу Бәкір жауап қатпайды. Бұл Омарға қатты әсер етеді де, ыңғайсыз жағдайда қалғанына ашуланып, шамданып кетіп қалады. Қызын ұсынғаннан кейін досының келісім білдіріп, жауап қатпағандығына қалай түсінік берерін білмейді.
Енді ол Осман ибн Аффанның (р.а.) үйіне келеді. Османның жұбайы – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қызы Руқайя Бәдір соғысындағы мұсылмандардың жеңісінен кейін бірнеше күн өткен соң қызылшадан қайтыс болған-ды. Омар Османмен сөйлесіп, Әбу Бәкірге айтқандарын айтып, оның қызынан бас тартқандығын тілге тиек етіп, өз ұсынысын айтады. Осман мұқият құлақ салып тыңдап, оған ойлануға бірнеше күн мұрсат беруін сұрайды. Бірнеше күннен кейін ол Омарға келіп: «Мен қазір үйленуді қаламаймын», – дейді. Омар қайтадан алғашқыдай ыңғайсыз жағдайға түсіп, намысы қайнап, өзін төмендетілгендей сезінеді. Шамданып, ашуланып, өзінің ол екеуіне қызына үйленуге ұсыныс жасағанына өкінеді.
Содан Омар Алла елшісіне (с.а.у.) барып, досы мен күйеу баласының өзінің ұсынысына әділетсіз шешім қабылдағандығын айтып шағымданады. Алла елшісі (с.а.у.) оны тыңдап болып, жымиып күліп: «Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді, ал Осман Хафсадан абзалырақ біреуді әйелдікке алады», – дейді (Ибн Сағд).
Мұны Пайғамбарымыздан (с.а.у.) өзге біреу айтқанда, Омар сенбес еді. Ол іштей «Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді» дегенді қайталағанда, «Османнан жақсырақ кім ол?» деген сұрақ келеді. Бұл адамның Алла елшісі (с.а.у.) екені Омардың ойына кіріп те шықпайды, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған өз сөзінде одан басқа түсінік берген жоқ еді.
Мәселе айқындалған соң, Омар қызына Алла елшісінің (с.а.у.) үйленіп, оған күйеу бала атанатындығын үлкен мәртебе көріп, көңілі қуанышқа толады. Бұл түсіне де кіріп-шықпаған жайт болғаны сондай, тіпті ол көпке дейін сене алмай жүреді. Қуаныштан жүзі жайнап, көңілін күпті еткен нәрсе тарап, жақсы хабарды қызына жеткізуге асығады. Ол бұл қуанышты жолыққан адамның бәріне айтады. Әбу Бәкірді кездестіріп, оны да хабардар етеді. Сол кезде Әбу Бәкір кешірім сұрап, қолын ұсынып: «Маған ренжіме, Омар! Алла елшісі (с.а.у.) маған Хафса жайлы айтқан, мен тек оның құпиясын жария еткім келмеді. Егер Пайғамбарымыз (с.а.у.) алмағанда, мен, сөзсіз, қызыңа үйленер едім», – дейді.
Омар өзінен жасырылған құпияның мән-жайын біліп, Әбу Бәкірдің өзінің ұсынысына неге жауап қатпағанын, қызына үйленуіне тосқауыл болған себепті түсінеді де, оның бұл адамгершілігін жоғары бағалап, арадағы достықтары бұрынғыдан да нығая түседі.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хафсаға үйленуі
Осылайша күндер өтіп жатады. Мәдина қаласы Алла елшісі (с.а.у.) мен Омардың қызы Хафсаның және Осман мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қызы Умму Кулсумнің үйлену тойларының куәсі болады. Алла оларға разы болсын! Бұл һижра жыл санауымен 3-жылы еді.
Хафса Алла елшісінің (с.а.у.) үйінің босағасынан аттап, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелдерінің қатарынан орын алып, мүмін-мұсылмандардың анасы атанады. Жоғарыда айтылғандай, Хафса өте қызғаншақ еді. Осының кесірінен кейде араздық туып жататын. Әкесі бұл жайтты біліп: «Сен Айшаның алдында кімсің, сенің әкең оның әкесінің жанында кім?» – дейтін.
Бірде Омар әйелінен Хафсаның Пайғамбарымызбен (с.а.у.) сөзге келіп қалғанын, сондай-ақ оны ашуландырып алғанын естиді. Ол дереу қызының үйіне барып, естіген нәрсесінің растығының мән-жайын сұрағанда, Хафса шын екенін айтады. Оған Омар қатты ескертіп нығыздап: «Қызым, біліп қой! Алланың жазасы мен Оның елшісінің ашуы жайлы ескертіп айтамын, Пайғамбарымызды (с.а.у.) өзі сүйгенінен сен қызғанбай-ақ қой. Алламен ант етейін! Маған Пайғамбардың (с.а.у.) сені жақсы көрмейтіндігі белгілі, егер мен болмасам, ол әлдеқашан сенімен ажырасып кетер еді», – депті. Хафса бәрін түсініп, қателігін мойындайды, бұл әрекеті өзін пұшайман қылып, жүрегін жаралайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хафсаға ара түсіп, оны жақтап, кейде айтылып қалатын уытты сөздеріне сабыр ететін. Оны заты әйел болғандығы үшін кешіріп, өзіне қымбат әрі онымен Алла Исламды күшейтіп, аяғынан тұрғызған сахабасының қызы екендігі үшін сыйлайтын.
Хафса (р.а.) қалай талақ алды?
Бірде Алла елшісі (с.а.у.) мен Мысыр патшасы сыйлаған күңі Мәрия Хафсаның үйінде оңашада қалады. Хафса мұны біліп қойғанда, оның жүрегін қызғаныш билеп, ызаланып, Алла елшісіне (с.а.у.) зекіп сөйлейді. Десе де, Алла елшісі (с.а.у.) кешіріммен қарап, Хафсаны тыныштандыру үшін Мәриямен қазірден бастап ара-қатынасты тоқтататындығын құпия қылып айтып, бұл сырды жария етпеуін ескертеді. Хафса сабасына түссе де, өзінде ұстай алмай, әлгі құпияны Айшаға жеткізеді, құпияның тарап кетпеуін, Алла елшісінің (с.а.у.) білмеуін ескертеді. Арадағы қызғаныш сезімі ғана болмаса, Хафса мен Айшаның арақатынасы өте тығыз болатын. Сөйтіп, Хафса ештеңе айтпағандай, ал Айша дәнеңе естімегендей қылып сақтауға әрекет жасайды.
Бірақ Хафса бұл әрекетінің жазасын бағаламады және Алланың елшісіне (с.а.у.) жіберген уахиында бұл жайлы: «Ей, Пайғамбар! Алла өзіңе рұқсат еткенге әйелдеріңнің ризалығын іздеп неге тыйым саласың. Алайда, Алла – өте Кешірімді, ерекше Рақымды. Алла сендерге (белгілі мөлшердегі кәффаратын беріп,) анттарыңды шешуді міндеттеді. Алла – сендердің Қамқоршыларың. Ол – бәрін Білуші, өте Дана. Пайғамбар әйелдерінің біріне (яғни Хафсаға) бір сөзді құпиялап айтқан еді. (Хафса) ол (сырды Айшаға) айтып бергенде, Алла оны (құпияның айтылғанын) оған (яғни Пайғамбарға) білдірді де, ол бір бөлігін білдіріп, басқа бір бөлігінен (яғни оны айтудан) бас тартты. (Пайғамбар Хафсаға оның Айшамен сөйлескені туралы) хабарды айтқан кезде (Хафса): «Саған мұны кім хабарлады?» – деді. (Пайғамбар): «Маған бәрін Білуші, бәрінен Хабардар хабарлады», – деді. (Ей, Хафса мен Айша!) Егер екеуің Аллаға қайтсаңдар (тәубе етсеңдер, өздерің үшін жақсы), сендердің жүректерің тайды. Ал егер оған (яғни Пайғамбарға) қарсы біріңе бірің ерекше Рақымды. Алла сендерге (белгілі мөлшердегі кәффаратын беріп,) анттарыңды шешуді міндеттеді. Алла – сендердің Қамқоршыларың. Ол – бәрін Білуші, өте Дана. Пайғамбар әйелдерінің біріне (яғни Хафсаға) бір сөзді құпиялап айтқан еді. (Хафса) ол (сырды Айшаға) айтып бергенде, Алла оны (құпияның айтылғанын) оған (яғни Пайғамбарға) білдірді де, ол бір бөлігін білдіріп, басқа бір бөлігінен (яғни оны айтудан) бас тартты. (Пайғамбар Хафсаға оның Айшамен сөйлескені туралы) хабарды айтқан кезде (Хафса): «Саған мұны кім хабарлады?» – деді. (Пайғамбар): «Маған бәрін Білуші, бәрінен Хабардар хабарлады», – деді. (Ей, Хафса мен Айша!) Егер екеуің Аллақа қайтсаңдар (тәубе етсеңдер, өздерің үшін жақсы), сендердің жүректерің тайды. Ал егер оған (яғни Пайғамбарға) қарсы біріңе бірің көмектессеңдер, ақиқатында Алла оның Қамқоршысы, әрі Жәбірейіл мен иман келтіргендердің ізгілері және одан кейін періштелер де көмектесуші. Егер ол сендерді талақ етсе, Раббысы оған әлбетте сендерден жақсы мұсылман, иман келтірген, бойсұнушы, күнәсінан қайтушы (тәубе етуші), құлшылық жасаушы, ораза ұстаушы, күйеуден қайтқан және еркек көрмеген әйелдерді (сендердің орындарыңа) ауыстырып береді», – деп баян етілген (Тахрим, 1-5).
Осыдан соң Алла елшісі (с.а.у.) ашуланып, Хафсаны талақ етеді. Хафсаның талақ етілуі бәрінен де әкесі Омарға ауыр тиеді. Дегенмен оған деген құрметі үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) райынан қайтып, Хафсаға қайта қосылады. Алла елшісі (с.а.у.) мұнан кейін Алла Омар мен оның қызы жайлы не ойлайды екен деп көңіліне алады. Көп кешікпей Жәбірейіл (ғ.а.) түсіп: «Алла саған Омарға деген мейірімі үшін Хафсаны қайтарып алуыңды бұйырды», – дейді (әт-Табарани).
Басқа бір риуаятта Жәбірейілдің: «Хафсаны қайтарып ал, өйткені ол оразаны бұлжытпай ұстайды, намазға қатты қарайды және де ол – жәннаттағы сенің әйелің» (әс-Сағати), – дегені хабар етіледі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны қайтарып алғаннан кейін, Хафса қателігін түсініп, тәубеге келеді. Дархан да кеңпейілді күйеуіне оның ризашылығы шексіз еді және олар ынтымақты қалыпта ғұмыр кешті.
Омар қызы Алла елшісін (с.а.у.) қайтадан ашуландырып алады ма екен деп қорқып, оның үйіне әр бас сұққан сайын мұны оған ескертіп жүреді. Бірде Омар қызының үйіне кіргенде, оның жылап отырғанын көреді. Хафса тағы бірдеңені бүлдіріп қойды ма деп шошыған ол: «Шамасы, Алланың елшісі сені екінші рет талақ етті-ау. Бірінші рет талақ еткенде, сені мен үшін қайтарып алған еді, ал екінші рет талақ етсе, ешқашан қайтарып алмайды», – дейді (Ибн Хиббан).
Бірақ Хафса күйеуін енді ешқашан ренжітпеуге, Алла елшісінің (с.а.у.) үлгілі жары болуға өз-өзіне сөз береді.
Хафса сақтаған Құран - біз қолданатын Құранның түпнұсқасы
Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткеннен кейін, Хафса өз үйінде оңаша тұрмыс құрып, қалған ғұмырын Аллаға мінәжат етумен өткізеді.
Хафса әділетті халифалар Әбу Бәкір Сыддықтың, әкесі Омардың, Осман ибн Аффанның (Алла оларға разы болсын) кезіндегі жайттардың куәсі болған.
Оның жарқын бейнесі «Хафсаның Құран кітабы» (Мусхаф Хафса) деген айдарда айқын көрініс табады. Мұның төркіні, халифа Осман ибн Аффанның тұсында Құран Кәрім бір қырағат астына біріктіріледі. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде Құранды түсінулері жеңіл болуы үшін ірі-ірі тайпаларға өз диалектілерінде оқып-үйренулеріне рұқсат берілген-ді. Османның уақытында Ислам территориясының аумағы кеңіп, араб тілін және оның диалектикалық айырмашылықтарын түсінбейтін жатжерлік мұсылмандардың көбеюі себепті Құран қырағаттары төңірегінде талас-тартыс туындай бастайды. Көкейтесті мәселені ушықтырмай алдын алу үшін халифа Осман Зуннурайн Алланың кітабын бір қырағат астында, түпнұсқасын құрайыш тілінде қайта жинақтауға шешім қабылдайды. Бұл үшін Әбу Бәкір жинақтаған алғашқы нұсқаны негіз етіп алады. Ол кезде бұл нұсқа Хафсаның қолында болатын. Оған Хафсаның иелік ету себебі, нұсқа Әбу Бәкір Сыддықтан Омарға, Омардан қызына қалған-ды.
Осман Хафсадан осы нұсқаны сұратып алып, оны бірнеше нұсқаға көшіртіп, оларды жер-жердегі мұсылман өлкелеріне негізгі дәлел көзі ретінде жібереді. Демек, Хафса сақтаған Құран жинағы – қазіргі біздің қолданысымыздағы Құран кітаптарының түпнұсқасы.
Хафса өмірінің соңына дейін Мәдинада тұрған. Умәуилер мемлекетінің негізін қалаушы Муғауия ибн Әбу Суфиянның заманына дейін өмір сүріп, һижра жыл санауымен 45-жылы дүниеден қайтады. Ол мүміндердің аналары жатқан Бақиғ мазарына жерленген.
Хафсаға және барша мүміндердің аналарына Алла разы болып, оларды бүкіл әлем әйелдеріне ақиқат жолында үлгі-өнеге етсін!