Пайғамбарға (с.а.у.) қылышын кезеген бәдәуидің оқиғасы
Пайғамбарға (с.а.у.) қылышын кезеген бәдәуидің оқиғасы
2 ай бұрын 3837

Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сапарларының бірінде түскі уақытында көлеңкелейтін талдары бар бір сайға келіп, әскеріне тынығуға рұқсат береді. Жауынгерлер көлеңкелі жер іздеп, жан-жаққа шашырап кетеді. Аллаһтың Елшісі болса, жапырақтары тығыз самура дейтін ағаштың астында тынығып жатады. қылышын талға іліп қояды. Бұл оқиғаның арықарай қалай өрбігенін Жабир (радиаллаһу анһу) былай деп баяндайды:

"Енді көзіміз ілініп ұйықтап бара жатқанымыз сол-ақ еді Аллаһтың Елшісінің бізді шақырған дауысын естіп, дереу оған қарай жүгірдік.Қасында бір бәдәуидің тұрғанын көрдік. Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәс-сәләм былай деді:

– Ұйықтап жатқанымда мына бәдәуи қылышымды алып қойыпты. Көзімді ашсам, қылыш қынынан суырылған күйде оның қолында тұр екен.

Ол маған:

– Қазір сені менің қолымнан кім құтқарады? - деді. Мен үш мәрте:

– Аллаһ! - деп жауап қайырдым» деді» дейді сахаба. (Бұхари, Жиһад 84, 87; Мүслим, Фадайл 13).

Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз өліммен бетпе-бет келсе де Аллаһқа деген тәуекелінің арқасында еш қаймықпастан, өзіне сенімді түрде "Мені Аллаһ құтқарады!" деп жауап берген. Содан соң бәдәуидің қолындағы қылыш жерге түсіп, тәслім болады. Аллаһтың Елшісі өзін өлтірмекші болған әлгі бәдәуиді жазаландырмайды. Керісінше, оған исламды түсіндіріп, мұсылман болуды ұсынады. Оның осындай ұлы мәмілесіне қатты қайран қалған бәдәуи қауымына оралғанда:

- "Мен адамдардың ең қайырлысының қасынан келдім" деген екен. (Ибн Кәсир, әл-Бидая ІV, 87)1.


1  Осман Нұри Топпаш: «Өркениет шыңындағы жауһарлар». Хикмет баспаүйі. Алматы.

0 пікір