Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктен тастың сәлем беруі және таудың дірілдеуі
Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктен тастың сәлем беруі және таудың дірілдеуі
1 ай бұрын 2031 islam.kz/
Тұрғын Нұғман

Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүретін, бірақ ақылы жоқ нәрселердің (мысалы, Оны танып, сәлем берген ағаштар мен Оны сағынып жылаған құрма діңі) жақсы көруі таңғажайып болса, онда тірі емес және ақылы жоқ нәрселердің Оны жақсы көруі шынымен одан да таңғажайып. Сіз оған қараған кезде, оның ақыл-есі жоқ, естімейді және көрмейді деп ойлайтын нәрселер, шын мәнінде, естиді және түсінеді, тіпті Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көреді.

Әли ибн Әбу Талибтен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген: «Мен Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде едім. Біз оның бір шетіне шықтық. Оны тас (яғни тау) немесе ағаш қарсы алған сайын: «Сәлем саған, уа, Алланың Елшісі!» – дейтін» (Тирмизи риуаят еткен). Жәбир ибн Самурадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген тағы бір хадисте: Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Шынында, мен Меккедегі бір тасты танимын, ол маған пайғамбарболмай тұрғанда сәлем беретін. Мен оны қазір де танимын» (Муслим риуаят еткен).

Имам Ән-Нәуауи айтады:

«Бұл – Оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизасы. Бұл кейбір жансыз өсімдіктердің адамдарды ажырата алу қабілетінің бар екенін дәлелдейді. Бұл Алла Тағаланың тастар туралы айтқан мына бір сөзіне сәйкес келеді: «Расында, тастардың ішінде өзендер ағып шығатындары да бар. Расында, олардың ішінде жарылып, одан су шығатындары да бар. Расында, олардың ішінде Алладан қорыққандықтан құлайтындары да бар. Алла істеп жатқандарыңнан хабарсыз емес». («Бақара» сүресі, 74-аят).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Расында, Ухуд – бізді жақсы көретін және біз де оны жақсы көретін тау». («Сахих Мүслім»). Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкір, Омар және Османмен бірге Ухуд тауына көтерілді. Сол кезде тау олармен бірге дірілдеді. Пайғамбар аяғымен түртіп: «Тыныштал, Ухуд! Сенің үстіңде Пайғамбар, Сыддық (Әбу Бәкір) немесе екі шәһид қана бар» – деді» («Сахих Бұхари» риуаят еткен).

Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілік тасты сөйлетті, ағашты қозғалтты, ағаштың сабағын жылатты, түйенің көз жасын төкті, жансыз заттар мен өсімдіктерді Оған деген сағыныштан және Оған деген қуаныштан қозғалтты... Бұл – біздің Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде болған және оны сахабалары көрген, сахих хабарларда бекітілген аяттар мен мұғжизалар. Оларға сену және оларды растау міндет. Бұл Оның пайғамбарлығының дәлелдерінің қатарына жатады. Егер ақыл-есі жоқ жаратылыстар Оны жақсы көріп, сағынса, Оған бағынып, әмірін орындаса (олар міндеттелмеген болса да), онда біз Оны (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаншалықты жақсы көрудеміз?! Оның соңынан еруде, әміріне бағынуда, сүннеті мен жолына ілесуде қай деңгейдеміз?!1

1Islamweb net/ar/article/209998/اشتكى-الجمل-وسلم-الحجر-وحنَّ-الشجر-حُباً-للنبي

0 пікір