"Өзінен бұрын аяғы жәннатқа кеткен" Уруаһ ибн Зүбәйрді білесіз бе?
"Өзінен бұрын аяғы жәннатқа кеткен" Уруаһ ибн Зүбәйрді білесіз бе?
7 жыл бұрын 4618
Абдурахман Рафәт Әл-Бәшә
Ең қадірлі отбасыда дүниеге келген Уруаһ

Уруаһ ибн Зүбәйр Фаруқ Омар ибн әл-Хаттабтың халифалығының соңғы жылында мұсылмандар үшін ең қасиетті, ең қадірлі отбасында дүниеге келді. Оның әкесі – Зүбәйр ибн әл-Аууам – Алланың елшісінің (с.а.у.) хауариі, досы, Исламда тұңғыш қылыш сермеген, жәннатпен уәде етілген 10 сахабаның бірі. Ал шешесі – екі түйіншекті деп аталған Әсмә бинт Әбу Бәкір. “Екі түйіншекті” деп аталуының себебі, түйіншектерін қоржын сияқты етіп байлап, ұлық көш кезінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір жағына – тамақ, екінші жағына – су толтырылған мес алып келген болатын. Ал нағашы атасы Әбу Бәкір Сыддық – Алла елшісінің үңгірде бірге болған жолдасы, бірінші халифасы. Ол Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшкен кезде, артынан қуып келген мүшріктерден Пайғамбарымыз (с.а.у.) тығылған үңгірде бірге болған. Әжесі Сафия бинт Әбдулмутталиб – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әкесінің қарындасы. Нағашы апасы – мүминдер анасы Айша (р.а.). Мұсылмандардың анасы дүниеден өткен кезде қабіріне өзі түсіп, торқасын реттеп, өз қолымен көмді. Иман мен Ислам құрметінен басқа бұдан асып түсетін құрмет немесе қасиетті тектілік жоқ.

 Уруаһ ибн әз-Зүбәйр Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірде қалған сахабаларынан бар білімді алуға тырысты. Сол үшін олардың үйлерінің есігін қақты, соңдарынан еріп намаз оқыды, ғылым мәжілістеріне үзбей қатысты. Ол Әли ибн Әбу Тәліптен, Абдуррахман ибн Ауфтан, Зәйд ибн Сәбиттен және Әбу Әюб әл-Ансариден хадис риуаят етті. Ұстаздары: Усәмәһ ибн Зәйд, Сағид ибн Зәйд, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Аббас және Нұғман ибн Башир. Сонымен қатар, нағашы апасы, мүминдердің анасы Айшадан көптеген хадистерді жеткізді. Нәтижесінде, дін мәселесі бойынша, мұсылмандар паналайтын мәдениелік жеті ғалымның біріне айналды. Олардан салих әкімдер халық пен ел өміріне байланысты, Алланың үкімі жайында сұрақтар сұрап, үнемі ақылдасып отырды.

 Осы тұрғыда Омар ибн Абдүләзиз Мәдинаға Уәлид ибн Абдүлмәлик тарапынан әкім боп тағайындалып келген кезде, сәлемдесуге келген адамдармен бірге түскі намазды оқып, Мәдинаның алдыңғы қатарлы 10 ғалымының алдына келуін талап етті. Олардың басында Уруаһ ибн әз-Зүбәйр болды. Келген ғалымдарды әкім қошеметпен күтіп алды. Жиналысты ең алдымен Алла тағалаға мадақ, мақтаулар айтумен бастады:

- Сендерді ақысы төленіп тұратын бір іске, яғни шындық пен әділет үшін көмек көрсетуге жәрдемдесіп тұруға шақырып отырмын, - деді Омар ибн Абдүләзиз, - мен ешқандай мәселеде сіздермен ақылдаспай немесе сіздер жіберген ғалымның пікірімен санаспай, шешім қабылдамаймын. Егер біреудің ала жібін аттасам немесе менің қызметкерлерімнің бір қателік жасағанын білсеңіздер, дереу маған жеткізіңіздер, - деді.

         Уруаһ ибн Зүбәйр оған жақсылық тілеп, Алла тағаладан сәттілік пен ынсап сұрады.

Уруаһтың жомарттығы жайлы қисса

 Уруаһ ибн Зүбәйр ғылым мен істі ұштастыра білді. Ыстықтарда оразаға шыдамды, қараңғы түскенде намаз оқуға құлықты болды. Тілі үнемі Алланы зікір қылумен болатын. Сонымен қатар, қолынан Алла тағаланың кітабы – Құран Кәрім түспейтін. Құранды көп оқитыны соншалық, күндіз Құранға қарап, күніне төрттен бірін оқып бітіретін еді. Ал түндегі намазы кезінде жатқа оқитын. Бұл әдетін балалық шағынан бастап, өмірден өткенге дейін тастамаған екен. Өмірінде осы бір әдетін бір жолы бір жағдайға байланысты тастауына тура келді. Ол жайында кейінірек айта жатармыз.

Уруаһ ибн Зүбәйр намаз оқыған кезде рухын тынықтыратын. Намазды көзінің қарашығындай қастерлеп, жердегі жәннатындай қарайтын. Намаздың барлық рәсімдерін толығымен нақты орындап, жақсылап оқып, ұзақ уақытқа созатын еді. Бір күні намазды жеңіл-желпі оқып тұрған бір жігітті көріп, намазы бітісімен шақырып алып:

-       Інім! Намазыңда Алла тағаладан мұқтаж болып жүрген тілегіңді сұрап жүрсің бе? Мен намаздарымда Алла тағаладан тұзға шейін сұраймын, - депті.

Уруаһ ибн Зүбәйр қолы кең, кешірімді әрі жомарт кісі болатын. Оның жомарттығы жайында мынадай әңгіме бар.

Мәдинаның ең ірі бақшаларын отырғызған осы кісі екен. Мал кіріп, бұтақтарын сындырып немесе балалар кіріп, босқа жұлып жүрмесін деп жыл бойы бақты қоршап тастайды екен. Құрма пісіп, жұпар иісі шығып, өткен-кеткен жұрттың тәбетін ашқан кезде, қоршаған шарбақтарды бірнеше жерден ашып, ел-жұрттың кіріп жеуіне жол ашатын еді. Жолдан өткендер баққа кіріп, қалағандарынша жеп, көтергендерінше алып кетеді екен. Бағына кірген кезде Алланың мына аятын қайталайды екен: “Бұл – Алланың қалауы, нағыз күш-қуат Алладан басқада жоқ” деп айтсаң еді”.

Халифа Уәлид ибн Абдүлмәликтің тұсында, бір жылы Уруаһ ибн Зүбәйр жүрегінде иманы таудай берік, парасатты адамдар ғана шыдайтын үлкен бір сынақты басынан өткізді.

Табиғиннің басынан өткен ең ауыр сынақ

Мұсылмандардың халифасы оны Дамашық қаласына келіп кетуге шақырды. Шақыруын қабыл алып, үлкен ұлымен жолға шықты. Дамашыққа келгенде халифа оны көкке көтеріп, мәртебелі қонақ етіп, құрметтеп, қошеметтеді.

Кейін Алла тағала жағдайды басқаша өзгертіп жіберді. Уруаһтың ұлы халифаның сәйгүліктерін көремін деп атқораға кіргенде, оны ат теуіп өлтіреді. Қайғырған әке баласын жерлеп болмай, қатерлі ауруға шалдығады. Аяғында пайда болған ісік күннен күнге асқынып, денесіне тарай бастайды. Халифа қонағын емдету үшін шартараптан емшілер шақырады. Олардан қалай болғанда да емін табуды талап етеді.

Дәрігерлер денеге ісік тарап өлімге душар етпеу үшін бір ауыздан Уруаһтың аяғын кесіп тастауды ұйғарды. Тағдырдың тәлкегіне көнбеске болмайды. Аяғын кесуге жабдықтарын алып келген дәрігер Уруаһқа:

- Аяғыңызды кескенін сезбеу үшін отадан бұрын сізге біраз спирт ішкізіп алсақ қайтеді? – деп сұрады.

- Жоқ, болмайды. Жан шіркіннің тәтті екені рас, бірақ харам нәрсеге бармаймын, - деді ол.

- Онда сіздің аяғыңызды уақытша жансыздандырып, ұйытып тастаймыз.

- Дене мүшелерінің бірін кесіп тастап жатқанда қалай сезімсіз жатамын? Құдайдың берген аяғымен азап шегіп жатып қоштасайын, - деді. Ота басталар алдында бірнеше жігіт келіп, қол-аяғын ұстап тұруға жиналады.

- Бұлар топырлап неғып жүр? – деп сұрайды.

- Бұлар аяғыңызды қимылсыз ұстап тұрады. Тартып қалып жүрсеңіз, дұрыс кесілмей қалуы мүмкін, - дегенде, - керегік жоқ, зікір мен тәсбих айтып шыдаймын, - деді.

         Аяғын өткір ұстарамен сүйегіне дейін кесіп, сүйекке жеткенде арамен аралай бастады. Емші аралаған сайын Уруаһ: “Алладан басқа Құдай жоқ, Алла – ең ұлық” деп зікір қылып жатты. Тез арада аяғының жаралы жері кесіліп алынды. Атқылаған қанды тоқтатып, жараны жазу үшін темір табаққа қыздырылған ыстық май құйғанда ғұлама талып қалып, ұзақ уақыт есін жинай алмай жатты, сол күні Алланың кітабын әдеттегіше оқи алмады. Балалық шағынан бері әдет қылған Аллаға жағымды бұл ісін өмірінде бірінші рет, әрі соңғы рет үзгені осы болды. Есін жиғаннан кейін аяғының кесілген бөлігін әкеліп көрсетуді сұрады. Әкеп берген аяғын ары-бері аударып көріп:

-       Сенімен қараңғы түндерде мешітке алып барғызған Тәңірім, сенімен Харам мешітіне бармағанымды біледі, - деп Мағн ибн Аустың мына өлең жолдарын оқыды:

Қолым күдікті нәрселерді ұстап, аяғым ұят істерге бармады,

Ондайға көзім сұқтанбады, құлағым тыңдамады.

Ақылым да, ойым да күнәлі іске сүйремеді.

Түскен жоқ бұл әлемде жігіт заты,

Тағдырдың сынағына мен сияқты.

         Бұл жағдай Уәлид ибн Абдүлмәликке өте ауыр тиді. Санаулы күн ішінде ұлынан айрылып, аяғын жоғалтты. Өзіне-өзі көңіл айтып, сабыр етуін өтініп, өз көңілін өзі аулағысы келді. Халифа астанасына кездейсоқ жағдаймен Абс тайпасынан бір топ адам келіп түсті. Араларындағы соқыр кісіні көрген халифа көзінен не үшін айрылғанын сұрады. Сонда соқыр кісі былай деп жауап берді:

- Уа, мүміндердің әмірі! Абс тайпасында менен бай, бала-шағасы көп адам жоқ еді. Бір күні әулетіммен қосылып, бала-шаға, мал-жанмен жаңа жайлауға қоныс аударып, бір таудың аңғарына барып отырдық. Бұрын көрмеген сойқан сел келіп, бәрін шайып кетті. Бала-шаға, мал-мүліктің бәрінен айрылдым. Қалғаны – бір нәресте мен асау бура ғана. Асау бура бой бермей қашып кетті. Баланы тастап қуа бергенімде, баланың жылаған дауысын естідім. Артыма бұрылып қарағанымда, баланың қасқырдың аузына ілінгенін көрдім. Бар күшімді салып қуғанмен, баланы аман алып қала алмадым. Түйені қуып жетіп ұстауға ұмтыла бергенімде бура теуіп жіберіп басымды жарып, көзімнен әп сәтте айырды. Міне, осылайша бір түннің ішінде туысқансыз, бала-шағасыз, дүние-мүліксіз, жанарсыз қалдым.

    Халифа көмекшшілерінің біріне: “Мына кісіні Уруаһ ибн Зүбәйрге алып бар, басынан өткен қайғыны айтып берсін, одан да ауыр сынаққа түскен адамдар бар екенін білсін” деп бұйырды.

 Уруаһтың балаларына өсиеті

         Уруаһ ибн Зүбәйр Мәдинаға жеткізілді. Үйіне кіргенде, жүгіріп алдына шыққан балаларына:

- Көрген нәрселеріңнен қорықпаңдар. Алла тағала маған төрт бала беріп, кейін біреуін алып, үшеуін қалдырды. Оған мың да бір шүкір. Төрт мүше беріп, біреуін алып, үшеуін қалдырды. Сол үшін Аллаға шүкір. Алламен ант етейін, Алла менен аз алса да, көп қалдырды. Ауыртпашылық берсе де, игілік еткен жақсылығы да аз емес, соған шүкіршілік етіп өмір сүріп келемін.

  Имамдары әрі ғұламалары келгенін естіген Мәдина тұрғындары Уруаһқа көңіл айтып, жағдайын сұрауға ағылып келіп жатты. Көңіл айтқандардың ішінде Ибраһим ибн Мұхаммед ибн Талханың сөзі бәріне үлкен ой салды:

- Әй, Абдуллаһтың әкесі! Қуан! Сенен бұрын жәннатқа денеңнің бір мүшесі, балаларыңның бірі кетті. Алла тағала қаласа, бәрің біріңнің соңынан бірің барасыңдар. Алла тағала бізге пайдасы жоқ нәрсені алып, судай қажет біліміңді, парасаттылығыңды, ой-пікіріңді қалдырды. Біз де сенің осы теңіздей ғылымыңнан пайда алайық. Алла тағала сауабыңның иесі, есебіңнің кепілі болсын, - деді.

Уруаһ ибн Зүбәйр мұсылмандарға тура жолдың шамшырағы, ізгілік жолын көрсетуші болып, өмірбойы жақсылыққа шақырып өтті.

Ағартушылықпен айналыса жүріп, өз балаларына көңіл бөлуді де ұмыт қалдырған емес. Мұсылмандардың балаларын қалай тәрбиелесе, өз балаларын да солай өсірді. Оларға өмірлік пайдалы насихат қылудан, үйретуден жалықпады. Сол себептен ұлдарын ғылым талап етуге үгіттеді.

-       Балаларым! Білім іздеңдер! Ғылымға лайық еңбек етіңдер. Білім кішікті ұлық қылады. Дүниеде надан қарттан басқа ұсқынсыз кісі бар ма? – деп өсиет айтты.

Садақаны Алла тағалаға берілетін сыйлық деп санауға шақырды. “Балам, өз тайпаңның құрметті көсеміне тарту етуге ұялатын нәрсеңді Аллаға тарту етпеңдер. Алла тағала – құрметтілердің құрметтісі, жомарттардың жомарты, сыйлықтардың сыйлығы таңдалып берілуге лайықтысы”, - деп кеңес беретін. Адамдар жайында даналықты үйретіп, олардың ішкі дүниесін түсінуге үгіттейтін.

    Бір адамның жақсылық жасағанын көрсеңдер, көпшілік көзінде жаман болса да, одан жақсылық күтіңдер, жақсылықтан тек жақсылық туады. Біреудің қорқынышты жаман іс жасағанын көрсеңдер, адамдар арасында жақсы адам болса да, одан сақ болыңдар. Жақсы істер жақсылыққа бастайды. Жамандық та солай, жаман істерге душар етеді.

    Оларға қарапайым, жақсы сөзді, жарқын жүзді болуға өсиет етті. Балам, даналықта жазылғандай: “Сөзің дұрыс, жүзің ашық болса, досыңа сыйлық бергеннен де артық боласың”.

    Даңғазалыққа салынып, сән-салтанатқа қызығатындарға Алланың елшісі (с.а.у.) қандай қиыншылықта өмір сүргенін, үнемшіл болғанын айтып ескертетін. Осы тұрғыда Мұхаммед ибн Мүнкәдир Уруаһ ибн Зүбәйрдің шақырып алып, қолынан ұстап былай дегенін айтады:

-       Бір күні анамның үйіне барғанымда ол маған: “Балам! Уаллаһи, біз Алла Елшісінің (с.а.у.) үйінде от жақпай, тіптен шам да жақпай 40 күндей отыра беруші едік”, - деді. “Мұсылмандардың анасы, немен күнелтетін едіңіздер?” – деп сұрағанымда, “Бар қорегіміз екі нәрсе болды. Ол – құрма мен су”, - деп жауап берді”.

Уруаһ ибн Зүбәйрдің 71 жылдық өмірі жақсылықпен, игілікпен және тақуалықпен өтті. Ажал келгенде, ораза ұстап жүрген еді. Үй ішіндегілер аузын ашуды өтінді. Оған көнбеді. Өйткені аузын жәннат өзенінің Кәусар суымен, күміспен 

0 пікір