Пайғамбарымыз егер (хаша уә кәлла) жалған пайғамбар болған болса, мал-мүлікке ие болу, мансап-билікке қол жеткізу, атақ-абыройға кенелу сияқты пенделік мақсат-мұраттары болатын еді. Жалған пайғамбар болуда егер дүниелік еш мақсат-мұрат жоқ болса, өз өмірін қауіп-қатерге, қиыншылықтарға душар ететін мұндай ауыр да жауапты жүкті неліктен сау басына тілеп алсын? Ал егер дүниелік еш мақсаты жоқ болса, сөзсіз Ол адам – шынайы Алланың жіберген хақ пайғамбары болмақ.
Алла елшісінің (с.а.у.) нұрлы өмірін зерттеп көрсек, аталмыш мақсаттардың ешбірін кездестірмейміз. Иә, Ол егер жалған пайғамбар болу арқылы мал-мүлікті, атақ-абыройды, билікті мұрат еткен болса, әу баста бұлардың бәрі Пайғамбарымызға ұсынылған еді. Күннен-күнге қанат жайып бара жатқан жаңа діннің алдында не істерлерін білмей абдыраған құрайыштар Пайғамбарымыздың немере ағасы Әбу Тәліпке келіп: «Біз оған қалаған байлығын берелік, қаласа Меккенің бар билігін қолына ұстатайық, әйел қаласа, ең әдемі қызымызға үйлендірейік, ауырып жүрсе, дүниенің ең атақты дәрігерін шақыртып емдетейік. Тек ата-бабамыздың дінін жоққа шығармасын. Мына жаңа дінін тастасын» – деп ұсыныс тастаған еді.
Әбу Тәліп құрайыштардың бұл ұсыныстарын Алла Елшісіне жеткізді. Пайғамбарымыз ұсыныстарын естір-естімес: «Уаллаһи, егер менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатса да мен бұл дінімді уағыздаудан бас тартпаймын» – деп жауап берді. Ал, енді Пайғамбарымыз жалған пайғамбар болған болса, аспаннан іздегені жерден табылған мына ұсыныстардың алдында жауабы жоғарыдағыдай болар ма еді?
Құранда жалпы пайғамбарлардың есімдері шамамен 500-ге жуық рет аталса, Пайғамбарымыздың «Мұхаммед» есімі төрт-ақ рет аталады. Пайғамбарлығы арқылы атақ-абырой іздеген адамның кітапта өзін осылай көрсетуі мүмкін бе?
Алла Елшісі мұсылмандардың арасында ең қадірлі адам бола тұра үнемі қиыншылықтардың бел ортасында жүрді. Үш күн бойы нәр татпастан аш жүрген күндері жиі кездеседі. Тіпті кейде аштықтың ауыртпалығы соншалық – оны аз да болса жеңілдету үшін ішіне тас байлады. Денесі әлсірегені соншалық – намаздарын отырып оқуға мәжбүр болатын.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір күні Алла Елшісін мешітте көрдім. Намазын отырып оқуда екен. «Пайғамбарым, сырқаттанып қалдыңыз ба?» – деп сұрадым. «Жоқ, Әбу Һурайра, ашпын. Аштықтан түрегеліп оқитын дәрменім қалмады», – деді. Мен жылай бастадым. Ол сонда мені жұбатып: «Жылама, махшарда есеп қиыншылығы аш болғандарға тимейді», – деді.
Тағы да бір күні Хақ Пайғамбар, хазіреті Әбу Бәкір және Омармен түн ортасында Мәдинаның бір бұрышында ойламаған жерден кездесіп қалып, бір-бірінен сұрады: «Түн жарымында сыртқа неге шықтыңыз?». Үшеуінің де жауабы бір жерден шықты. «Аштық...». Иә, үшеуі де Алла үшін барын беріп, енді азық боларлық бір тілім нан таба алмағандықтан дөңбекшіп, ұйықтай алмай, сыртқа шыққан беттері еді.
Ислам шартарапқа қанатын жайып мұсылмандар күшейіп, жағдайлары жақсарғаннан кейін де Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның Әбу Бәкір, Омар секілді хас шәкірттері де өте қарапайым, жұпыны өмір сүрді.
Бір күні Пайғамбарымыздың: «Омар, неге жылайсың?» – деген сұрағына ол: «Пайғамбарым, дәл қазір патшалар құс төсектерде жатқанда, Сен ши үстінде жатырсың. Ши денеңе батып із тастапты. Алайда Сен Алланың Елшісісің. Рахат өмірге бәрінен де лайықсың!» – деп жауап береді. Сонда Рақым Пайғамбар (с.а.у.): «Омар, мына дүние – олардың, ал ақырет – біздікі болуына риза емессің бе?»[1] – деді.
Пайғамбардың отбасында үш ай бойы қазан асылып, ыстық тамақ ішілмегенін Айша анамыз риуаят етеді. Алла Елшісі (с.а.у.) дүниеден озған уақытта артында ешбір дүние қалдырмаған. Өйткені Ол – «Біздер – Пайғамбарлар артымызға дүниені мирас тастамаймыз», - деген, тек пайғамбарларға тән қасиетті сөздің иесі еді.
Ол (с.а.у.) алуды емес, беруді, ішіп-жеуді емес, ішіп-жегізуді ұнататын. Киюді емес, өзгені киіндіруді, қуануды емес, басқаны қуантып, жаралы жүректеріне шаттық сыйлауды міндет деп білді. Қысқасы, Ол (с.а.у.) өзі үшін емес, өзге үшін ғұмыр кешті.
Иә, жалған пайғамбарлығы арқылы мал-мүлік, дүниені көздеген көзбояушы бір адамның өмірі жоғарыдағыдай болар ма еді? Жауабын өзіңіз беріңіз.
[1] Ән-нурул-халиду Мухаммадун мафхаратул-инсания.
"Имани гүл".