Он жыл медресе оқыған Қойгелді батыр (1702–1795 ж)
Он жыл медресе оқыған Қойгелді батыр (1702–1795 ж)
1 жыл бұрын 3528

Қойкелді Сартұлы (1702–1795) – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күрестің көрнекті өкілі, қолбасшы. Шыққан тегі - Ұлы жүздің дулат тайпасы шымыр руынан.

1730 жылы Аңырақай шайқасына, 1734 жылы жоңғарлардың екінші шабуылына қарсы күресте оңтүстік қазақтарының әскербасы болған.

1740–1750 жылдары жоңғар қалмақтарымен болған шайқастарда, 1756–57 жылы Оңтүстік Қазақстанды қалмақтардан азат етуде ерлік, тапқырлық көрсеткен.[1]

Жастық шағы 

Әкесі Қойкелдіні жеті жасында Бұхара медресесіне оқуға береді. Ол сонда он жыл білім алып, елге діни сауаты мол білікті азамат болып оралады. Оның ел ішінде əзірет атануы да содан. Бірақ жаугершілік заман, ел басына түскен ауыр жағдай Қойкелдіні еріксіз əзіреттің сәлдесін тастап, дулыға, шапанын тастап, сауыт киюге, тәспиығын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді.

Төле бимен қарым-қатынасы

Қойкелдінің бүкіл өмірі, тағдыры Ұлы жүз елінің басшысы, қазақтың атақты биі — Төле бимен ажырата алмастай тығыз байланыста өтеді. Ұлы бидің сенімді серігі, жауға жұмсар батыры болған. Бұл ретте Төленің өмірін жазған Қазанғап: "Сол күндерде əзірет, Сарттың Ұлы Қойкелді, Төледен кейін бастаған, Ұлы жүзді сол еді" — дейді. Сондай-ақ "Төле би келмей жүріс жоқ, Қойкелді келмей ұрыс жоқ" деген ел аузында сақталып, мақалға айналған ескі сөз де сол бір аласапыран кезеңде айтулы екі тарихи тұлғаның ел тағдырын шешуде қандай орын алғанын айғақтап тұрғандай.

Қойкелді әуелде батырлығымен аты шығады. Түрлі шайқаста жекпе-жек шыққанда жеңіліс көрмей, жоңғардың тоғыз батырын өлтіріп, қазақ қолын жеңіске рухтандырған ерлігі ел аузында аңызға айналған. Кейін сардар болып, кол басқарғанда да ол әскери соғыс төсілін жетік меңгерген басшы ретінде сарбаздарын жеңістен жеңіске ұмтылдырып, үлкен қолбасылық қабілетін танытады. Атақты Аңырақай шайқасына Қойкелдімен бірге оның екі інісі Қожық пен Ақша және баласы Қарабатыр да қатысады. Осы соғыста Ақша бірнеше рет жекпе-жекке шығып, жаудың бірнеше батырын өлтірсе, Қожық Ұлы жүз қолының ту ұстаушысы болады. Баласы 13 жасар Қарабатыр қаптама соғыста ауыр жараланып, аттан түсіп қалған ағасы Ақша батырды қашан әкесі Қойкелді келіп алып шыққанша жауға бермей қорғап тұрады. Қойкелді қолбасы ретінде Жетісу жері жаудан азат етілгенше жүргізілген соғыстардың бәріне қатысады. Кейін елді жаудан тазартылған жерге орналастыруда да үлкен еңбек сіңіреді.

Кешегі Кеңес дәуірінде Қойкелдіні орыс керуенін тонаушы қарақшы ретінде көрсетіп келді. Соның салқыны оның кейінгі ұрпағына да тиіп, 1937 жылы олардың біразы "халық жауы" аталып, атылып, айдалып кетеді. Шындығына келгенде, Қойкелдінің керуен тонағаны да, кейін Төле би мен Шақшақұлы Жәнібек батырдың араласуымен орыс патшасының өкілі Карл Миллерге керуен шығынына мал беріп, төлегені де рас. Бірақ ол не қылған керуен еді. Мәселе осында. Ол — орыс патшасының қазақ жері арқылы жоңғар басқыншыларына жасырын қару-жарақ тиеп алып бара жатқан керуені еді. Кейін 1756-1758 жылдардагы атамекенді жоңғарлардан тазарту жолындағы ақтық айқастарда осы орыс мылтықтары қазақ жауынгерлерінің қолында "сөйлеп", жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқаны белгілі. Қойкелді батыр 93 жасқа келіп, туған жерінде өз ажалынан қайтыс болған. Денесі сол кездің дәстүрі бойынша Түркістанға жерленген.[2]


 

1) Қазақ Энциклопедиясы.
2)Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2

0 пікір