Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Киркирә» есімді кісіге қатысты «ол тозақы» деген?
Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Киркирә» есімді кісіге қатысты «ол тозақы» деген?
4 жыл бұрын 10559
А. Қасым

Алла елшісінің (ғалейһиссаләту уә сәлләм) уағында Киркира (كِرْكِرَةُ) есімді бұрын құл болып, кейін Алла елшісі тарапынан азаттығын алған мұсылман бар еді. Ол жорықтарда Пайғамбарымыздың (с.а.у) заттарына бас-көз боп, күзетші қызметін атқаратын.  

Жорықтардың бірінде Киркира қайтыс болады. Оның қайтыс болғанын естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.)  оған қатысты: «Ол тозақы» деп айтады.

Сахабалар Алла елшісінің бұлай деп айтуына таң қалысып, Киркираның заттарын қарайды. Сөйтсе, ол ғанимет олжасынан (соғыс олжасынан) бір шапан іспетті киіс жымқырған екен.  

Оның әлгі тірлігі Пайғамбарымызға (с.а.у.) Алла тарапынан білдіріліп, Ол (с.а.у.)  оның тозаққа түсетінінен хабар берген.  (Бұл риуаят "Сахих Бұхариде" орын алған). 

Хадисте айтылған ғанимет олжасы мұсылмандар арасына таратып берілер ортақ дүние. Былайша айтқанда, қазынаның дүниесі. Ал, әлгі кісі сол қазынаның дүниесінен адамдарға бөлінбей тұрып, жымқырған. Осылайша, тозаққа түскен. 

Ойлап қарасақ, жымқырғаны - бір шапан ғана. Бірақ, ол ісі тозаққа түсуіне жетіп жатыр. Ал, енді, түйені түгімен жұтатындардың халін ойлай беріңіздер...

Хадистен түсінеріміз:

  1. Ұрлықтың азы не көбі жоқ. Аз болсын, көп болсын ұрлық, ол – ұрлық. Ауыр күнә.
  2. Көпшілікке тиесілі дүниеден ешкім, ештеңе алуға қақысы жоқ.
  3. Қазына ақшасы (бюджет) - халықтың ақшасы. Қазынадан жымқыру және одан ақысы болмаған бір нәрсені алу – кісіні тозаққа жетелейді. Алған нәрсесінің көлемі маңызды емес. Аз болсын, көп болсын, көпшілікке тиесілі дүниеден жымқыру кісіні тозақы етер бірден бір іс.
  4. Хадистегі ғаниметтен шапан жымқырған Киркира деген кісі, негізінен алып қарағанда Пайғамбардың қасында жүрген сахаба саналады. Бірақ оған қарамастан, ол жасаған ісі үшін жауап беріп отыр. Бұл дегеніміз, кім болса, о болсын көпшілікке тиесілі дүниеден жымқырған адам - о дүниеде тозаққа түспек. Алла сақтасын.

 islam.kz

2 пікір