Науан xазірет неге датталды?
Науан xазірет неге датталды?
7 жыл бұрын 6335
Марфуға ШАПИЯН

Наурызбай Таласов - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, Ислам дінінің Қазақстанның солтүстік өңіріне кеңінен жайылуына ықпал еткен атақты теолог-ғалым. Халық: «Науан хазірет», - деп танып, құрмет тұтқан имамның есімін Кеңес кезеңінде ауызға алудың өзі  мұң болатын. Соған қарамастан, көркем шығармаларда ол туралы аз жазылған жоқ. Науан хазірет бейнесі Ғабит Мүсіреповтың классикалық туындысы «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында, жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романында айтылғанымен, сол кездегі Кеңес саясатына орай, хазірет тек ауылдың дүмше молдасы ретінде көрсетіліп, халық жадында жағымсыз кейіпкер болып сақталды. Ол туралы Науан хазірет өмірінен «Науан хазірет және оның шәкірттері» атты еңбек жазған жазушы Сарбас Ақтаев былай дейді: «Қазақтың арғы-бергі зиялыларында дәл Науан хазіреттей ғайбатталғаны кемде-кем шығар. Оны мансұқтап мақала жазған былай тұрсын, драма да, роман да жазылды. Бірақ бір ғажабы – ол датталып жүріп-ақ жадымызда жатталып қалды. Қазақта қажы да, хазірет те аз болмаған ғой. Алайда, олардың аты қалай шықса да, дәл Науан хазіреттей аты шығып, алты алашқа әйгілі болғаны шамалы».

Ал, Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлиханов жайында жазған «Аққан жұлдыз» романында дәл осы Науан хазірет жайында: «Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара – Шәріпке оқуға жіберілген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, «он екі пәнді тәмам қып» туған еліне қайтып келді. Науан келгенге дейін «хан мешітінде» имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиакпар есімді татар молдасы атқарған. Ел екеуін салыстырып қараса, Науан – теңіз де, Ғалиакпар – шұғанақ. Сондықтан Шыңғыс имамдықты да, мүдәрістікті де Науанға берді. Ол «Көклән» медресесінің үлгісімен «хан медресесінде» ұлдармен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті» деген жолдар бар. Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызды» жазар алдында Шоқан өмір сүрген дәуірді, оның әкесі Шыңғыс төренің кезеңін толық зерттегені сөзсіз. Сол себепті, романды қанша жерден көркем шығарма десек те, Науан хазірет жайындағы жолдардың ақиқат болмауы мүмкін емес деп ойлаймыз.

Наурызбай Таласов жөнінде Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М.Сердалиндер де өз еңбектерінде үлкен ғалым, дана адам ретінде атап көрсетеді. Алайда ол еңбектердің бізге тәуелсіздік алған жылдардан кейін ғана жеткені анық. Қазіргі ғалымдар арасында да Науан хазірет тұлғасына қызығушылық үлкен, зерттеушілер де ол туралы аз жазып жүрген жоқ.

Наурызбай Таласов 1843 жылы Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Баратай ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен хат таныған Науанды кейін әкесі Қызылжардағы медресеге береді. Қызылжар медресесін үздік бітіріп шыққан ол, сол кездегі Орта Азияда діни ғылым-білімнің орталығы саналатын Бұхар медресесіне оқуға жолдама алады. Оқуға жүрер алдында еліне келіп, Баратайға жақын, Бесқарағай деген жерде мешіттің ашылуына түрткі болып, бірер жыл сонда имамдық қызмет атқарып, тұрақтап қалады. Оқуға деген құштарлық бойын жеңген Науан ақыры азын-аулақ қаржы жинап, білім іздеп Бұхарға кетіп бара жатқан керуенге ілеседі. Бұхар медресесінде табан аудармай 15 жыл оқыған Наурызбай, хадис ілімімен қатар шығыстың бай әдебиетін, философиясын игеріп, көне түрік, парсы, араб, өзбек, татар тілдерін жетік меңгеріп шығады. Науанның қабілетіне риза болған медресе ғалымдары оны мұсылман ғылым-білімінің орталығы саналған Бағдатқа білімін жетілдіруге жіберіп, қайтып келгеннен кейін Бұхар медресесінде ұстаздыққа алып қалады. Ол туралы Әлихан Бөкейханов: «Науан 15 лет учился в Бухаре, кончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру, исключительно благодаря своему необычайному дарованию. В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе, откуда его вызвали кокчетавские киргизы, послав особых делегатов», - деп жазады. Осы жазбадан Науан хазіреттің Бұхардағы ұстаздық қызметінің ұзаққа созылмағанын, Солтүстік Қазақстанда мұсылмандықты уағыздайтын білімді имамның жоқтығын айтып, Көкшетау мұсылмандарының оны арнайы делегат жіберіп, Қазақстанға алдырғанын көреміз. Ал, 1886 жылы көпшіліктің сұрауымен Науан хазірет Көкшетау мешітіне имам болып тағайындалады. Оның халық арасындағы абыройы өте жоғары болды. Имамдыққа кірісе сала, оқу-ағарту істеріне көп көңіл бөліп, маңайындағы өзге мешіттермен байланыс орнатады. Халықтың қаржысынан түскен ақшаға Көкшетауда жаңа мешіт салдырып, онда неке қию, жаңа туған нәрестені тіркеу секілді рәсімдерді енгізеді. Мешіт жанынан қырдан келген молдалардың білімін жетілдіру үшін оқу жұмыстарын жүргізіп, жанында интернаты бар медресе де ашады. Науан хазіретке бұл істе көмекшілікке өзінің бұрынғы шәкірті Шәймерден Қосшығұлов келеді. Хазірет өмірін егжей-тегжейлі зерттеп жүрген тарихшы Қадыржан Әбуов медресе шәкірттерінің алған білімі жайлы: «Медреседе діни дәріспен қатар зиялы білім беру ісі де айтарлықтай деңгейде болды. Шәкірттер оқу мен есептеуді, араб тілі мен орыс тілін қатар үйренді. Абай өлеңдерін жаттап, Біржан мен Ақан әндерін айтты. Әсіресе шығыс әдебиетін оқып-үйренуге көп ден қойылды. Ол туралы мына бір деректі келтіріп кетуге болады: мысалы, ояз бастығының бұйрығымен мектеп-интернатта жүргізілген тінту кезінде, оқушылардан шығыс ғұламалары – Фирдауси, Науаи, Саади, Низами және т.б. кітаптары тартып алынған». Міне, осы деректің өзі, яғни қазақ балаларына діни іліммен қатар заманауи білімді де үйретуі  Науан хазіреттің ақылды, көреген адам болғанын көрсетсе керек.

Бұл кез Ресей патшалығының қазақ жеріне дендеп кіріп, отарлау саясатының белең алып тұрған уақыты еді. ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін патшалық үкімет Ислам дініне құрметпен қарады, мешіттер салдыруға, тіпті Меккеге барам деушілерге де кедергі келтірмеді. Алайда, 1881 жылы Омбы қаласында «Киргизская противоисламская миссия» құрылып, 1897 жылы қыркүйекте Архиерей тарапынан православие дінін мұсылмандар арасында тарату жолдарын қарастыру туралы арнайы нұсқау берілді. «Патша бодандарының барлығы патшамен бір дінде болуы керек» деген идея көтеріліп, мұсылмандарды христиан дініне күштеусіз, айламен өткізу жөнінде 1902 жылы 22 наурызда арнайы ереже қабылданды. Бұл құжатта қазақтарды шоқындыру жолдары мен шаралары қарастырылған болатын.   Науан хазірет жайлы еңбегінде Б.Әбуов: «Исламды қорғауға қазақ қоғамының әртүрлі әлеуметтік топтарынан шыққан ықпалды адамдар үн көтерді, олар – Абай Құнанбайұлы, Ақан сері, Мұса Шорманұлы, Шыңғыс төре, Мұқамет-салық, Мәмбетәлі Сердалин, Әлихан Бөкейханов, т.б. еді. Науан хазірет те халық арасында дін исламның, ұлттық дәстүрлердің қорғаушысы ретінде үлкен беделге ие болды», - деп жазады. Деректер көрсеткеніндей, Науан хазірет ұлттық дәстүрлерді сақтау ісіне халықты топтастыру үшін қазақ даласының беделді, белгілі адамдарынан көмек сұрайды. Оның ішінде шәкірті Шәймерден екеуі Абай Құнанбайұлына осы күресті басқаруға ұсыныс жасайды. Бірақ 1901 жылы 20 мамырда ояз бастығы: «Сендерде, киргизде дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады», - деп Таласовтың қызметіне шектеу қояды. Осыдан былай қарай шәкірті Шәймерден екеуі қудалана бастайды. Көкшетау уезінің бірінші учаскесінің крестьян бастығы подполковник Троицкий 1903 жылғы 2 сәуірде Ақмола облысының әскери губернаторы атына жазған мәліметінде: «Екінші сәуірде молда Таласовтың мешітінде тінту жүргізілді. Тінту кезінде цензура рұқсат етпеген 164 кітап пен қолжазбалар табылды. Оның біразы мектептікі, өзгесі оқушылардікі екені анықталды. Ал, Таласовтың өзінен 108 кітап пен жазған хаттары, қырғыз тіліндегі гектограф, баспа әріптерінің қалыптары табылды», - деп жазады. Осыдан кейін Ақмола облысының әскери губернаторы «мешіт жанынан заңсыз ашылған интернатты жауып, оқушыларды таратып, Таласовтың үстінен заңсыз бақылау» жасауға бұйрық берген. Ал, 1903 жылдың 12 маусымынан Науан хазірет пен оның шәкірті Шәймерденді: «Өкіметтің қаулыларына қазақтарды қарсы қоюшылар», - деп айыптап, Шығыс Сібірге жер аударады. Қазақ арасында ерекше құрметке ие Науан хазіреттің жер аударылуы халықтың ашу-ызасын тудырады. М.Сердалин бастаған ұлт зиялылары нақақтан-нақақ қудаланған хазіретті босатып алмақ ниетпен, ел ішінен петицияға қол жинайды. Мыңдаған қол жинап, Петербургке аттанған Мәмбетәлі онда Ә.Бөкейхановқа жолығып, мән-жайды түсіндіреді. Талай министрліктің табалдырығын тоздырған Ә.Бөкейханов ақырында Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына қол жеткізеді.

Науан хазірет айдаудан қайтып келгеннен кейін де Көкшетау қаласындағы имамдық қызметін жалғастырады. Ол халық қаражатына тағы бір жаңа мешіт тұрғызуға басшылық жасағанымен, салынған мешіт Кеңес үкіметі орнағаннан кейін әртүрлі қажеттіліктерге пайдаланылып, соңынан мұражай болған. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мешіт қалпына келтіріліп, бүгінде Ақмола облысының Науан хазірет атындағы орталық мешіті саналып отыр. Хазіреттің қабірі де еңбегі сіңіп, тері төгілген Көкшетауында жатыр.

Науан хазірет тек Ислам дінін уағыздаған молда ғана емес, халқының жанашыры, елінің мүддесі үшін құрылған ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы. Оның еткен еңбегі өткенге – ғибрат, бүгінге – үлгі.

0 пікір