(ғалымның естелігінен)
«Радиодан халыққа уағыз айтып жүрген кездерімнен бір еске түсетін жағдай, Абдулла ибн Зәйд әл-Махмуд деген дін зерттеушісі шейхпен болған әңгімем. Екеуміздің арамызда достық сүйіспеншілігі бар еді, бір-бірімізді құрмет тұтатынбыз. Ол кісі менің радиодан берген сұхбаттарымды жібермей тыңдайды екен. Бір күні оның үйіне жағдай сұрап барғанымда, ол әңгіме барысында маған: «сенімен жеке отырып әңгімелескім келіп жүр еді» деді. Мен: «Мархабат! Қуана-қуана!» дедім. Ол:
- Сенің тыңдармандардың сауалдарына берген жауаптарыңды тыңдаймын. Жауаптарыңның көбі көңілге қонымды, өте жақсы. Алайда, мені толғандыратын төрт мәселе бар, сол төрт мәселені өзіңмен бір сөйлесіп, анық-қанығын білгім келеді, - деді.
Мен:
- Әлбетте. "Ілім атасын танымас" деген (тіке аудармасы: біліктілікте үлкендік жоқ). Және әрбір білімдіден артық білетін адам табылары сөзсіз. Сондықтан, екі құлағым сенде, Алла сізді бізден айырмасын! - дедім.
Ол өзін толғандырып жүрген төрт мәселемен бөлісті, қазір соның екеуі ғана есімде қалыпты, қалған екеуін ұмытып отырмын. Есте қалған екі мәселенің бірі - намаз оқымайтын адам кәпір ме, деген мәселе еді. Ол (шейх) маған:
- Бірінші мәселе - намаз оқымайтын кісінің жағдайы. Байқаймын, сен осы мәселеге өте жеңіл қарайды екенсің (яғни, намаз оқымайтын мұсылманды кәпір демейді екенсің). Ал сахих хадистерде намаз оқымаған адамды кәпір деген, сондай-ақ, Имам Ахмедтен жеткен ең мәшһур пәтуа бойынша да және кейбір алдыңғы буын сәләф ғалымдары бойынша да солай, - деді.
Мен ол кісіге:
- Құрметті шейх, мен намаз оқымайтын мұсылманның жағдайына жеңіл қарамаймын, мен оның үкімін «Исламдағы құлшылық» атты кітабымда баян еткен болатынмын. Мен бір мұсылманды «кәпірге шығару» мәселесіне өте сақтықпен қараймын, ондай ауыр мәселеде асықпау керек деп есептеймін.
Менің мамаз оқымайтын мұсылманның үкіміне қатысты ұстанатын жолым - көпшілік мүжтәһид ғұламалардың ұстанған жолы, яғни, Имам Әбу Ханифа, Мәлік, Шәфиғи және т.б. ғұлама-мәшәихтардың жолы. Бұл аталмыш ғұламалар намаз оқымайтын мұсылманды, егер, ол намаздың парыз екендігін мойындап, бірақ жалқаулықпен оқымай жүрген болса, «кәпір» деп емес, «күнәһар мұсылман» деп есептейтін. Мен де осы ұстанымдамын. Әрине, егер намаз оқымайтын кісі намаздың парыз екендігін жоққа шығарса немесе намазды менсінбей, оны қор көрсе, ол адам кәпір болары сөзсіз.
Ал енді «намаз оқымайтын мұсылманды кәпірге шығаратын» хадистерге келер болсам, ондай хадистер өзге сахих хадистер мен аяттарға қарама-қайшы келмес үшін, «тәуил» жасалады (жорамалданады). Тіпті Ибн Хазмның өзі, - сіз білесіз, ол ғұлама «Зәһири» мәзхабынан болған. - Заһири мәзхабының белді өкілі болса да Ибн Хазм (рахимаһуллаһ) бір мұсылманды намазды оқымай жүргені себепті кәпір демейтін.
Ханбали мәзхабының атақты дін ғұламасы Ибн Құдаманың былай дегендігі бар:
«Ешбір мұсылман елінде намазды оқымай жүрген мұсылманның жаназасы шығарылмады деген жағдай немесе денесі мұсылмандардың мазарына қойылмады деген жағдай кездескен емес».
Имам Ахмедтің мәзхабы, яғни, Ханбали мәзхабындағылардың өздері намаз оқымағанды кәпірге шығармайды, Ханбали мәзхабтағылар қашан кәпір дейді? Егер патша немесе бас қазы ол адамнан намаз оқуын талап еткенде, ол адам бас тартса ғана, Ханбали мәзхабында кәпір болып саналады, оған дейін кәпір емес...(одан өзге мәзхабтарда, сірә ол үшін кәпір емес-ауд.)1
Қазақшалаған Абдусамат Қасым
1Білікті дін ғұламасы, мархұм Шейх Юсуф әл-Қардауидің естелігінен - al-qaradawi net/. Араб тілінде.