Мұсылманға тән бар қасиетті бойына сіңірген – Міржақып
Мұсылманға тән бар қасиетті бойына сіңірген – Міржақып
9 жыл бұрын 17694
Марфуға Шапиян

«Алаш зиялыларын» айтсақ та, «Қазақ» газеті десек те, ауызға Әлихан, Ахмет, Міржақыптың есімдері алдымен келеді. Өйткені осы үш азамат ХХ ғасыр басындағы көптеген игі істердің қасында тұр. Ал біз бүгін солардың арасынан «Оян қазақ!» деп ұрандатып, қалың ұйқыдағы халқын жалынды жырларымен, ойлы мақалаларымен оятпақ болған ақын, жазушы, журналист Міржақып Дулатұлы өміріндегі жұрт біле бермейтін тұстары туралы әңгімелемекпіз.

 

Немере ағасы Ниязбек Меккеге барып, қажы атанған

Міржақып 1885 жылы 25 қарашада Торғай өңіріндегі Сарықопа деген жерде Дулат бидің шаңырағында Асқар, Қонысбай, Зылиха, Қанипадан кейінгі отбасындағы бесінші бала болып дүниеге келеді. Өз әкесі Дулат ескіше оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, дау-жанжалдан аулақ жүретініне қарамастан Торғай дуанының судьясы, биі болып жұмыс істеген жан екен. Ал анасы Дәмеш Қараман еліндегі атақты байдың қызы көрінеді. Дулаттың туған ағасы Ниязбек қолындағы бар жиған-терген мал-мүлкін жұмсап, Меккеге қажылыққа барып, қажы атаныпты.

         

Бала Міржақыптың болашағы туралы анасы аян түс көріпті

Қазақ «Әке – балаға сыншы» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Абайдың өзге балаларынан озып шығатынын Құнанбай бірден сезді, сол сияқты Міржақыптың анасы да одан ерекше үміт күтіп, өзгеше жақсы көреді екен. Өзінен 20 жас үлкен ағасы Асқардың айтуына қарағанда, Міржақып қаз тұрып, апыл-тапыл жүре бастағанда-ақ, анасы арқасынан түсірмей, ауыл сыртында молдадан оқып жатқан шәкірттердің жанына алып барады екен. Баласы жығылып қалмасын деп, күңшаш деген жұмсақ шөпті жіп тәрізді есіп, белінен байлап өзі бір ұшынан ұстап, балалардың арасына қоя беріп, қызыға қарап тұратын болса керек. Олардың қағаз-қаламдарына жармасқан баласын көрген шешесі мәз болып: «Менің жаным да ер жетіп, оқымысты болады, көрген аян түсім бар, сол келеді» деп қуанады екен. Бірақ Дәмеш анасы ұлы бар болғаны 2 жасқа келгенде өмірден озып, Міржақыптың ақын болып, атағы елге жайылғанын көре алмады. Ол өлгенде қаңтардың үскірік бораны тұрып, жұртты далаға шығармай, марқұмды жерлеуге мұрша бермейді. Өліктің жанындағы күзетшілердің көзі ілініп кеткенде бала Міржақып шешесінің қойнына кіріп, ұйықтап қалған көрінеді.

Міржақыптың шәкірт кезі

 

Сауатын діни оқумен ашқан Міржақып

Міржақып сегізге келгенде әкесі Торғайға барып, бір татар молданы жалдап әкеліп, ұлына ағайынның балаларын қосып оқытыпты. Екі жылдан соң жаңадан ашылған ауыл мектебіне оқуға береді. Ол туралы ақынның өзі:

Школға берген еді атам марқұм,

Заманның түрін көріп тарылатын.

Орыстың тілін біліп, хатын танып,

Біреуге болмасын деп жалынатын, – деп жазады. Сауатты мұғалімге жолыққан Міржақып мектептің өзінен-ақ Абай, Шоқан, Ыбырай шығармаларымен танысады. Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың оқырманына айналып шыға келеді.

Ал 12 жасында әкесінен айырылып, біржола жетім қалған Міржақып өзінен 20 жас үлкен ағасы Асқардың қолына көшеді. Ол туралы ағасының: «Міржақып менен көп кіші, әрі інім, әрі баламдай қолымызда тәрбиеленді. Өзі қатарлас балалардан бойы аласалау боп өсті, бірақ денесі тығыршықтай жұмыр, шапшаң қимылды болды. Үстін таза ұстап, жинақы жүретін. Мінезінен бірбеткей қайсарлық, өжеттік сезілетін, не бүлдірсе де жасырмай турасын айтатын. Кемтар кісілерді, жарымжан мүгедектерді аяйтын, көңілшектігі, жұмсақтығы да бала шағынан байқалатын. Сөзінде тұратын, өтірік пен жағымпаздықты білмейтін. Ауызекі жұрттан естіген ертегілерді, қисса-дастандарды тез жаттап алып, айтып жүретін», – дегені бар. Сонымен қатар, ағасы Асқар сол уақыттары қазақ даласында жарық көрген «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газетін» де жаздырып алып оқыған көрінеді. Осының барлығы бала Міржақыптың әлемге өзгеше көзбен қарауына себеп болғаны анық.

 

Балаларға алдымен діни білім беріп, кейін орысша үйретуге үндеген Міржақып

Інісі ауыл мектебін үздік аяқтағаннан кейін Асқар оны 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінің педагогикалық курсын тәмамдап, 1902 жылы мұғалімдік куәлік алып шығады. Міржақыптың білім алу жолында да діннен бір елі ажырамағанын байқаймыз. Алғашында Құран сабақтарын алса, зерттеушілердің айтуынша кейіннен училищеде оқығанда араб каллиграфиясын үйреніп, дін ілімін тереңірек зерттепті. Одан «Ғалия» медресесінде оқуы да оның діннен бір елі ажырамағанының айғағы.

Балаға алдымен діни тәрбие мен білімді сіңірудің маңыздылығын сезінген Міржақып кейін бала оқыту ісіне өзі араласқанда да осы мәселені алға қояды. Оны ақынның мына өлеңінен байқауға болады:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Шарттарын Исламның кәміл білсең,

Ақиреттік азық берер шын ғылымың.

Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың:

Секілді фарыз, уәжіп мұны ұғуың.

Хат жазып, түркі танып, Құран оқып,

Қираәт, қағидамен жүргізуің.

Екінгі қажет ғылымың орысша дүр,

Өзіңе бек пайдалы тіл білуің.

Қараған мемлекеттің низамы не?

Мұны білсең, сақталар дүниелігің.

 Туысы Нұржан Ысмайылұлымен. Қызылорда, 1925 жыл

Міржақыптың Әлихан, Ахметтермен танысуы

Міржақып Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының есімін алғаш өзі Орынбор, Омбы, Қазан, Уфа секілді қалалардан жаздырып алып оқитын түрлі газет-журналдардан көреді. Көреді де, жазғандарын қатты ұнатып, таныспаққа ұмтылады. Ағасы Асқардың айтуынша, Міржақыптың сол кездегі бар арманы сол екі ағасымен кездесу болыпты. 1904 жылы Омбыға жолы түскен Міржақып сонда Әлихан, Ахметтермен кездесіп, танысады. Ол екеуінің саяси көзқарастары Міржақыптың санасын оятып, зор ықпал еткен көрінеді. Міне, осы кезден ой, пікірлері ажырамаған үш алыпты қазақ жұрты да ерекше құрметтеп, тіпті аттарын атамай «Ақа», «Әлеке», «Жақа» дейтін көрінеді.

Осы кезден жазуға, халықтың санасын оятуға жан-тәнімен кіріскен Міржақып 1909 жылы «Оян, қазақ!» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Білім-ғылымға шөліркеп отырған жұрттың таңдайына тамған бір жұтым судай болған «Оян, қазақ!» талай қазақтың намысын жанып, мүлгіген санасына серпіліс жасапты. Кітаптың халық ішіне тез таралып кеткені сондай, төрт рет қайта басылыпты. Ең кереметі, осы бастаманың ізімен өзге елдерде «Оян, түрік!», «Оян, жапон!» атты кітаптар дүниеге келіп, бір өлең өзге ұлттардың да оянуына себепші болыпты.    

Көзіңді аш, Оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді  жату  жарамас-ты! –   деген жолдарда,  Міржақып қана емес, өзге де қазақ зиялыларының  жанайқайы жатыр еді. Ал үлкен ағасы Асқар болса: «Міржақып қолына кітабы тиісімен, ең алдымен өзіме, одан кейін туыстарға сыйлыққа тартқан болатын. Қуанышым қойныма сыймай, барлық ағайын-жекжаттардың басын қосып, мал шалып, өзімше той жасадым. Інімнің атақ-даңқы жайылып, ел ішінде біздің де мерейіміз үстем болып, абыройымыз арта түсті. Жұрт бұл кітапты қолдан, бақалшы-саудагерлерден сатып алып, өте қадір тұтатын, ұзатылатын қыздардың жасауына беретін. Оны қыздар өздерінің қол сандықтарында сақтайтын», – деп еске алады.

 Үш алып - Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы. Орынбор, 1913 жыл

Түрмеге түссе де, сағы сынбаған Міржақып

1910 жылы Міржақыптың атақты «Бақытсыз Жамалы» жарық көрді. Осы кезде оның соңына шам алып түскен патша әскері үйіне тінту жүргізіп, өзін патшаға қарсы адам ретінде түрмеге қамайды. Семей түрмесіне түскені ол тек бір жарым жылдан кейін босап шығады.

Өзінің ағасына жазған хатында Міржақып: «1913 жылдың бас кезінде Орынборға келдім, сондағы ғалым-жазушы, өзімнің ұстазым әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бөкейханов ағамыз толық қолдады. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Өкімет орындарының есігін тоздырып жүріп, әзер дегенде рұқсат алынды. Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадық. Бас редакторы: Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы мен болып, газетімізді «Қазақ» деп атап шығара бастадық», – дейді.

Алаш зиялыларының қазаққа қызмет жолында үйленуге де, жеке өмірлерін қалыптастыруға да мұршасы болмады. Олардың көпшілігі кеш үйленді. Қазақ қоғамының сол кездегі салтымен есептесек, Міржақып та кешірек 1914 жылы 29 жасында бір-ақ өзінен 10 жас кіші Ғайнижамал атты қызға үйленген. Одан Гүлнәр атты қызы мен Абылай есімді ұлы дүниеге келеді.

 Міржақып Дулатұлы, 1914 жыл

«Алашты» құрысқан Міржақып

«Алаш» үкіметі құрылғанда «қазаққа жаңа күн туар» деген үмітпен Міржақып та соның басы-қасында жүрді. Бүкіл ауыртпалығын иығымен көтерді. Орыс тілін үйренген шәкірті, досы Мағжан ақын:

«Оян!» дедің жұртыңа, –

Бас көтеріп, тірлік қыл.

Ақыл айттың ұлтыңа, –

Таста талас, бірлік қыл.

Бір шешпедің беліңді,

Жұрт үшін уайым-қайғы жеп, – деп жырласа, жас та болса талантты ақын Сұлтанмахмұт:

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым, – деп өлеңге қосты. Алаш зиялыларының үміті ақталмады, күткен ақ таңдары атпады. Ақыры Кеңес үкіметі орнап, олардың барлығы түрмеге тоғытылды. Өзі қуғын-сүргін көріп жүрсе де, жігері жасымаған көсемдері Әлихан Бөкейхан: «Шырағым, Ахмет, шырағым Мир-Якуб! Ертең-ақ, Алла қаласа, күнді көре алатын ұрпақ келеді. Еңбектеріңді бағалап, құрмет көрсетіп жатса, осы бейнеттеріңнің ақталғаны емес пе?» – деп ізінен ерген інілерінің намысын жаныды. Бірақ еңбек бағаланатын күннің тым алыста екенін, оның құны өздерінің өмірімен өлшенетінін ол кезде Әлихандар білмеген де еді. Тіпті білген де болар, бірақ үміттерін үзбеген еді.

 

Міржақып үшін дұға еткен қайран аға...

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қайта қудалауға ұшыраған Міржақып Дулатұлы 1922 жылы қамауға алынады. Артындағы еліне хабары жетпей, інісінің жағдайына қатты алаңдаған ағасы Асқар: «Жаратқан Ием! Жар бола гөр! Ініме жігер-қайрат бер!» деп дұға етіп отырады екен. Інісінің Орынбор түрмесіне әкетілгенін естігенде өткен қыста жұт болып, талай малдың қырылып қалғанына қарамастан әйеліне: «Үйге келген бөтен кісілерді үйге қондырмай, күтпей қайырма, бізге де сауабы тие жатар. Менің де Міржақыбым шетте жүр емес пе?» – дейтінін қызы Бота әңгімелейді. Алладан, жақсылықтан үмітін үзбеген, қайран аға! Кейін Міржақып біржола айдалып кеткенде қайғыдан қан жұтқан ол інісінің артынан бір жылдан кейін ұсталып, түрмеге қамалып, хабарсыз кетіпті...

 

Мұсылманға тән барлық қасиеттерді бойына сіңірген Міржақып

Кеңес үкіметі кешірім берген болып, қамағандарды босата бастайды. Түрмеден шыққаннан кейін әртүрлі орындарда істеген Міржақып 1925 жылы сол уақытта қазақ астанасы болған Қызылорда қаласына орын тепті. Онда Ахмет Байтұрсынұлымен бір үйде көрші тұрды. Бұл туралы ақынның қолында тұрған ағасы Асқардың қызы Бота мынандай естелік айтады: «Тәтемнің (Міржақып) ең ардақты, ең сүйікті көретін, пікірлес әрі қаламдас ағаларының бірі – белгілі ғалым-тілші, журналист, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов. Ағай демалғанда, Ғайнижамал жеңешем балаларына тыйым салып, шулатпайтын. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары орынсыз үйіне бара бермейтін. Ахаң мен Бадрисафа жеңгеміз қонаққа жұрттың арнаулы шақыруымен ғана баратын. Ораза, құрбан айттарында алдымен үлкен ағалары Ахмет Бірімжановтарды құттықтап, содан кейін ғана біздің үйдің дәміне келетін. Ахаңның, Міржақып тәтемнің мерекелерде арақ-шарап ішкенін көрген емеспін, Ахаң шылым да шекпейтін. Айттарда Бадрисафа жеңгей аспай-саспай, көбіне үндемей жүріп, неше түрлі тағамдарды барынша дәмді пісіріп, қонақтарын қабылдайтын. Басынан ақ орамалы түспейтін». Осы бір қазақтың аяулы екі азаматы бір үйде көрші тұрып, бір-біріне ерекше құрмет көрсетіпті. Ағасын құрметтегені сондай, оның жұмысты алаңсыз жасауы үшін Міржақып барлық жағдайды жасайды екен.

Сонымен қатар, Міржақып достарының арасында беделді, ақылшы әрі сыншы бола біліпті. Ағаларын үлкен ілтипатпен сыйлап, іні-қарындастарын барынша еркелетіп, құрдастарымен ойнап-күліп, жеңгелерімен әзілдесіп, өзінің шешендігімен жұртты лезде ұйытып, аузына қаратып алады екен. Үйіне іздеп келген жанның бәрін құшақ жая қарсы алатын көрінеді. Тіпті Сәбит Мұқановтың өзі ол туралы: «Коммунизмды көргілерің келсе, Дулатовтың үйіне барыңдар», – дейді екен. Ал сол кездегі жас жазушылар «Жазғанымызды көрсетіп алсақ» деп Міржақыптың табалдырығын тоздырады екен. Солардың арасында Мұхтар Әуезовке деген ықылас-пейілі ерекше болған Міржақып оны «Қара Мұхтарым» деп еркелететін көрінеді. Кезінде Міржақыптың талай шарапатын көрген Қаныш Сәтпаев болса, кейін ол ұсталып кеткенде, өзіне зияны тиерін білсе де, барып амандасып тұрады екен. Белгілі Халық әртісі Қапан Бадыров болса: «Жақаң бәріміздің көңіл-күйімізді тауып, жігіттер қандай болуларың керек дегендей, әзіл-қалжыңы аралас ақыл-кеңес беретін. Иса Байзақовқа көмек көрсетіп, нашар тұрмысын көре жүріп, қарасатын. Туыстарының жағдайы жоқтығынан өзі үйіне тұрғызып, тәрбиесіне алған болатын», – дейді.

Астанаға әр жерден келіп оқып жатқан қазақ студенттері де бірінші кезекте Міржақыпты іздеп келетін көрінеді. Жол қаражаты болмай тұрған студенттер өтініш жасаса, қалтасынан ақшасын суырып беретін ол: «Жалақы – өзімнің үй ішіме, ал қаламақым – мүсәпірлерге» дейді екен. Ал ақынның қызы Гүлнәр апайымыз әкесін: «Әкем сегіз қырлы, бір сырлыларға жататын. Мінезінде ақкөңілдігі де бар, сонымен қатар өз айтқанынан қайтпайтын қайсарлық, қатаңдығы да болатын, жағымпаздығы жоқ, өтірік айтпайтын, тәкаппарлығы да жоқ, өзін қарапайым ұстайтын. Балажан кісі еді. Мейірімді көздері күлімсірейтін де тұратын, сондықтан балалар жатырқамай, біздің үйге үйірсек келетін», – деп еске алады.

 Міржақыптың отбасы. Орынбор, 13 маусым, 1923 жыл

Міржақып шығармашылығындағы дін тақырыбы

Міржақып Дулатұлы қаламынан дін тақырыбы да қалыс қалған емес. Ол қазақты дінді дұрыс ұстауға, дүмше молдалықтан, діни білімсіздіктен аулақ болуға шақырады. «Мәсжід-Медресе хақында» атты өлеңінде:

Қазақ жүр мұсылмандық жаласында,

Сайрандап сахараның даласында.

Файда деп күндіз-түні дамылы жоқ,

Ғибадат қылмай хаққа шамасында.

Дегенмен «мен – мұсылман» іс бітпейді,

Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді.

Қазақша киім киіп, сөйлегенмен

Мойныңнан фарыз, уәжіп бір түспейді.

Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

Намазды қаза қылмай барып тұрсаң.

Бір ғалым фазыл заттан имам сайлап,

Байларың жәрдем беріп уақыф қылсаң, – деп, намазды қаза етпеуге, мешіт салуға үндейді. Тағы бір өлеңінде қазақ молдаларының оқыту жүйесін сынап:

Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта,

Салады сәбилерді тек азапқа.

Молдекем шарт жүгініп, қаһар етіп,

Босатар күн батқанда әрең шаққа, – деп білімді дұрыс үйренуге шақырып:

Бір мешіт болсын нешік әр болыста,

Жамағат, расходын өзің ұста.

Және болсын медресе бала оқытуға,

Берсін бұған расходын земство, – деп тығырықтан шығу жолын да көрсетеді.

Міржақып «Діннің рұқсаты, пайғамбардың сүннеті» деп бірнеше әйел алатын байларды да өлеңмен мысқылдап өтеді:

Және біреу бес-алты қатын алар,

Тең ұстамай мойнында хақы қалар.

Бұл жұмыс – пайғамбардың сүннеті деп,

Дәлел айтып, оның бір шартын табар.

Алса алсын көп қатын тең ұстаса,

Әрбірін риза қылып, жөн ұстаса, – деп сақтандырады.

Міржақыптың философиялық өлеңдері де баршылық. Оның «Я, Алла» атты жырындағы Жаратқанның құдіретін сипаттай келіп, мықты мен әлсіздің талас-тартысын суреттейтін:

Я, Алла! Ғаламыңды жаратқаның,

Жүзіне мақлұқтарды таратқаның.

Өндіріп бір адамнан мұнша халық,

Әлсізді күштілерге қаратқаның, – деген жолдары осыған дәлел.

 А.Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өтетін Түрік білімпаздары съезіне барарда шығарып салуға жиналған інілері. Отырғандар солдан оңға қарай: Х.Ғаббасов, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, М.әуезов. Тұрғандар: Ж.Аймауытов, Ә.Марғұлан, А.Байтасов.

Амангелді батырды Міржақып өлтірді ме?

Соңғы кездері Міржақыптың аты аталған жерде, осы сұрақ қатар жүретін болды. Кейбір талас-тартысқа үйір адамдар бұл сөздің негізіне үңілмей, ары қарай өршітіп әкетіп жүр. Рас, Алаш зиялылары мен Амангелді батыр арасы жақсы болған жоқ, кейде сөзге келген тұстары да болды. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсәметов: «Амангелдіні өлтірген басқа адам. 1916 жылы Ресей отаршылары І дүниежүзілік соғысқа қазақтарды тарта бастады. Қазақтар Ресейге әскер бермеу үшін көтерілістер жасады. Әр ру өз хандарын сайлады. Қыпшақтардан Амангелдінің рулас ағасы  Әбдіқапарды хан қылып сайлайды. Әбдіқапар орыстарға әскер бермеді. Кейін Кеңес үкіметі Амангелдіні комиссар қылып сайлайды. Міне, сол кезде бақталастық салдарынан Амангелді мерт болады. Оның өлімін Алаш әскерін басқарған Міржақыпқа жабады. Жақаңның Амангелдіні өлтіруі мүмкін емес. Өйткені, Амангелді Жақаңның шәкірті еді. Екеуі өте жақсы қарым-қатынаста болған. Бұл – бір. Екіншіден, 1915 жылы Амангелді батыр байлардың жұмсауымен барымтаға шығып жүрген кезде түрмеге түсіп қалады.  Сол уақытта Міржақып байларды айыптап, оны құтқарып алған», – деп жазады. Сонымен қатар, Амангелді туралы тұңғыш диссертациялық жұмысты қорғаған ғалым Аяп Нұрқанов та Амангелдіні Міржақыптың өлтірмегенін айтады.  

Бұл – Кеңес үкіметінің Міржақыпқа жапқан үлкен жалаларының бірі. Қызылдардың ұлттық батыры Амангелдіні алаш ұлдарының бірі Міржақып өлтірген етіп көрсету оларға қай жағынан алса да тиімді еді.

 Солдан оңға қарай: Ғ.Бірімжанұлы, М.Дулатұлы, А.Жүсіпұлы. Ташкент, 1921 жыл

Қайта жерленген Міржақып

1928 жылы қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен Міржақып үшінші рет қамауға алынып, ату жазасына кесіледі. 1930 жылы жазасы 10 жыл абақтыға ауыстырылып, Беломор-Балтық каналы құрылысы бойындағы Сосновец лагеріне жөнелтіледі. 1935 жылы лагерь лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Артында қалған туған-туыстары да айдалады, атылады. Балаларынан тірі қалған қызы Гүлнәр әкесін соңғы рет көрген сәтін: «Сол мезгілде вагонның темір торлы кішірек келген терезесінен әкем көрінді. Бізге орамалын бұлғақтатып, сөйлеп тұрды. Алыстағы паровоздың ысқырғанынан не айтып тұрғанын ести алмадық. Көкемді сағынғаным сонша, жүрегім алып-ұшып, аузыма сөз түспей мелшиіп тұрдым да қалдым. Әкемнің бозарған өңі, жүдеген түрін көріп қатты аяп кеттім. Көңілім босап, көзімнен сорғалап аққан жасымды тыя алмадым, «көз жасымды көкем көрмесе екен» деп алақанымның сыртымен сипаған боламын. Әкем жылы шыраймен күлімсіреп, «Жылама, Гүлнәкәйім» дегендей басын шайқады. Содан ба, әлде суланған омырауым, болмашы соққан самалдың лебінен бе, салқын тартқандай денем түршігіп кетті. Есімді жидым да, жылағанымды қоя қойдым. Бұл мәңгі есімнен шықпайтын сәт – 1929 жылы маусымның 24-і Қызылорда стансысының басында осылай аяқталған еді. Содан бері қаншама жыл өтті. Бұл аз мерзім емес. Бірақ мен үшін кешегі күндей көрінеді де тұрады. Асыл әкелеріміздің бейнелері мәңгі сол жас қалпында жадымда сақталды да қалды, көз алдымнан кетпейді», – деп есіне алады 1994 жылы «Жұлдыз» журналында жазған естелігінде. Ал анасының өмірінің соңына дейін күдерін үзбей: «Гүлнәр, әкеңнің ақталмауы мүмкін емес, сөнген шырағы қайта жанар, шыдап бағайық, әлі-ақ жақсы күндер оралар», – дегенін айтады.

Үміт орындалды, арада тым ұзақ жылдар өткенде боздақтар ақталды. Бірақ елі үшін еңіреген ерлердің бірінің сүйегі Сібірде, енді бірінікі Магаданда, тағы бірінікі Берлинде қалған еді. Тіпті, кейбірінің қайда жерленгені белгісіз. Міржақыптанушылар сонау Сосновец асып жүріп, христиандардың көп бейітінің арасынан басына жұлдыз бен ай орнатылған жалғыз қазақ Міржақыптың зиратын тапты. Ол уақытта кейбір лагерьде бірге отырған тұтқындардың көзі тірі екен. Олар  лагерьде монахтардың 500 жыл бойы жинаған көне славян қолжазбалары мен кітаптары сақталған ғибадатхананың, көне түрік жазбаларының болғанын, Міржақыптың сол кітаптарды оқып, 1932 жылы түрік-орыс сөздігін жасап шыққанын айтады. Адам мұқалмаған ерік-жігер деп осыны айтса керек!        

…Қалғанша жарты жаңқам, мен сенiкi –
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш! – деп бар саналы ғұмырын Алашына арнап, өзі армандағандай сол жолда құрбан болған Міржақыптың сүйегі 1992 жылы қыркүйекте туған еліне әкелініп жерленді. Міржақып елінің қариялары асылдарының сүйегі елге әкелініп, жер қойнына тапсырылғанда сақалдарын жас жуып, еңіреп жылады деседі... Кілемге оралған мәйітті құшақтап, жоқтау айтқан қызы Гүлнәр: «Әке, арманым жоқ!» дей берді деседі егілген күйі...

1 пікір
  • Алла разы болсын Марфуға қарындасым! Нағыз мемлекетшіл, ақиқи ұлтжанашыры мен сол жолда жанқияр жанның қандай болатындығын, шынайы мұсылманның келбеті мен кісілігін әсерлі жеткізіпсің оқырманға. Көп рахмет! Қаламың мұқалмасын!
    9 жыл бұрын