Мұқағали және дін
Мұқағали және дін
3 жыл бұрын 4139

Ақиық ақын Мұқағали өлеңдерінің адам жанын жылдам баурап алатындығының бір сыры оның ештеңеден шімірікпей шындықты, ақиқатты дөп басып жырлайтындығында. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңінің өзінде жазған өлеңдері «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді аңғартқандай. Мешіттер қиратылып, дін жайлы ауыз ашқандар жазаланып жатқан кезеңде Мұқаң: 

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім, 

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?! 

Құбылаға бет алып қол қусырып, 

Сәждеге жығылатын қайда күнім? – 

деп дінімізді ұстанып, намазымызды еркін оқитын азат күннің ақ таңы туралы арманын ашық білдірді. Сан ғасыр бойы қаймағы бұзылмай, момын халқымызбен бірге жасасып келе жатқан асыл дініміздің қанаты қырқылып, мүгедек күйге ұшырағанын айтып күйзелді. Мұнда ақын күллі қазақтың бір Аллаға бас ұрғанын шын жүректен қалайтыны өлең рухынан анық сезіледі. Кешегі ұлт зиялысы Мұқағалидың аңсаған заманы бүгін бізге бұйырып отыр. 

Құбылаға бет алуын, сәждеге жығылуды биік мақсат, ұлы мұрат ретінде көрсеткен ақынның заманында намаз оқып, дін ұстануды қорлық көріп, намыс санайтын жандар өте мол кездесті. «Мен мұсылманмын» деп айтуға ұялған кездерді бастан кешіріп, дінді апиын, біресе ескіліктің қалдығы дейтіндерді көзіміз көрді. Міне, Мұқағалидың ақындық өр тұлғасы сол – көпшіліктің  ығымен ілесіп кете бермей, дінімізді қорғап жыр шумақтарымен өрнектеді. Бұл оның батылдығы мен парасаттылығының белгісі. Мұнысымен шектелмей: 

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, – деп маржан сөздерін тізбектей түседі. Осы шумақ бүгінгі таңда ақшаға, басқаға қызығып, өзінің ата діндерінен безіп өзге дін қабылдап кеткен қара көздерге қамшы боп тисе керек. Мұсылмандықты тастап, шоқынып кеткен қазақтар бүгінде Алланың мәңгілік қорғауындағы өзгермеген, бүлінбеген Құранды емес, келе-келе бұрмаланып кеткен түрлі кітаптарды киелі кітабымыз деп ұстанып жүр. Одан сорақысы қасиетті Құранды Ислам білгірлерінен емес, өзге дін өкілдерінің, анығын айтқанда, дін дұшпандарының түсіндіруімен үйренуде. Бұл әрине, ұлтымыздың ауыр қайғысы, сүйегімізге басылған таңба. Басқаны қойып, енді өзінің қазақ тілінде шоқынып жатқан қазақтарға Алла ынсап берсін дегеннен өзге айтарымыз жоқ. 

Ал өлеңнің соңында: 

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның.

…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайың үшін жаның! – деп әлемдегі исі мұсылмандарды бірігуге шақырған. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен мына аумалы-төкпелі заманда мұсылман мемлекеттері бастары бірігіп, ынтымақ құра алмай отырғаны жасырын емес. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ұйымдастыруымен Астана қаласында дәстүрлі түрде өтіп жүрген Ислам экономикалық  форумының мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру болды деп есептейміз. Шынында да, мұсылман елдері бірігіп, бір күш болмаса, тозған қазды топтанған қарға жейдінің кері келу ғажап емес.

"Дәйекті сөзден дән ізде".

0 пікір