Мүміндердің анасы - Айша Әбу Бәкірқызы
Мүміндердің анасы - Айша Әбу Бәкірқызы
8 жыл бұрын 20834
Алау Әділбаев

“Егер өз дәуірінің бүкіл ғалымдары мен Пайғамбарымыздың басқа жұбайларының ілімдерін бір жерге топтаса, хазірет Айшаның ілімі асып түсер еді”.

(Имам Зуһри)

 

Ислам тарихында Алла расулының (с.а.у.) пәк, сүйікті әйелі, «мүминдердің анасы» әрі Әбу Бәкір әс- Сыддықтың қызы Айшаның маңызды орны бар. Аса ақылды, мінез-құлқы көркем, пәктігін тақуалықпен ұштастыра білген мүминдердің анасы – Айша фиқһ, хадис, Құран тәпсірі ілімдерін де жетік меңгерумен ерекшеленді. Хазірет Айша өмірінде пұттарға табынбаған, асыл текті, Меккенің беделді, ықпалды әрі білгір адамы Әбу Бәкірдің отбасында дүниеге келді. Әкесі қараңғылық дәуірінің өзінде бір құдайға сенген (тәухид) һаниф дінін ұстанса, анасы Үмму Румман Пайғамбарымыздың хақ дініне жүрегімен сенген алғашқы мұсылмандардың бірі еді. Болмысынан ақылына көркі сай, болашақ “мүминдердің анасы” Айша осындай тәрбиелі де иманды отбасында тәрбиеленді. Хадиша анамыз қайтыс болған “қаралы жылда” Осман ибн Мазғұнның әйелі Хәула Пайғамбарымызға келіп Айшамен некелесуін ұсынды. Пайғамбарымыз оның ұсынысын қабылдап, оны бұл істе өзіне уәкіл етіп тағайындады. Хәула Айшаның әке-шешесіне бұл қуанышты хабарды жеткізгенде, олар қатты толқиды. Әбу Бәкірдің жан дегенде жақын досы ендігі жерде онымен туысқан болатын болды. Ол үшін Алла расулымен (с.а.у.) туысқан болу – дүниедегі таптырмас бақыт еді. Ол кезде хазірет Айша әлі алты жасар кішкентай қыз еді. Сондықтан да үш жылдай олардың некесі қиылмай, Айша анамыз әке-шешесінің қолында болды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға ірге аударғаннан кейін ғана Айша анамызбен некесі қиылды. Ол кезде хазірет Айша тоғыз жаста.

Тарихшылар оның некелескен кезіндегі жасы жайлы әр түрлі пікірлер айтқан. Кейбіреулері сол кезде ол он бір жаста десе, кейбіреулері Айша анамыздың он алтыда болғандығын алға тартады. Осы арада мына жайтты да еске сала кеткен жөн. Ол кездері, яғни, 1400 жыл бұрын арабтардың салттары бойынша, қыз бала тоғыз немесе онға толған кезде ұзатыла беретін. Қыз 10 немесе 12 жаста ұзатылмаса, отырып қалған болып саналатын. Әрі ыстық жерлерде қыз балалардың ерте бойжететінін де естен шығармау керек. Пайғамбарымыздың оның тоғызға толғанын күтіп, содан кейін ғана қасына алуы, әке-шешесінің де бұған еш қарсылық көрсетпеуі, сол кездегі үйреншікті жайт екенін көрсетеді.

Әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз жас жұбайы Айшаны (р.а.) ерекше жақсы көретін. Бір ретінде одан: “Әйелдердің ішінде ең жақсы көретініңіз кім?”, – деп сұрағанда, ол “Айша”, – деген болатын. “Ал ер кісілердің арасында кімді?”, – деп сұрағанда, – “Оның әкесін”, – деп айтқан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған сүйіспеншілігін “Хумәйра” деп лақап ат қойып білдірген. Алла елшісі (с.а.у.) хазірет Айша туралы: “Дініңіздің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңіздер” деген. Мүминдердің анасы Айша (р.а.) Мәдина кезеңінде болған шайқастарға қатысып, Пайғамбарымыздың басқа жұбайлары сияқты ол да жарақаттанғандардың жарасын таңып, азық-су тасумен болды. Пайғамбарымыз қайда жүрсе де қасынан қалмады. Ұхұт шайқасында қолына қару алып, жауға қылыш сермеп, ұрыс салмақшы болғанда, Расулаллаһ (с.а.у.) оған рұқсат бермей қояды. Айша анамыз Пайғамбарымыздың жүрегіндегі басқа әйелдерінен өзінің артықшылығын: “Расулаллаһтың жұбайларының арасында менен басқа оған қыздай тұрмысқа шыққан ешкім жоқ”; “Расулаллаһтың әйелдерінің ішінде тек менің қасымда уаһи келді”; “Менен басқа ешқайсысының әкесі мен шешесі екеуі бірдей һижрет еткен емес”; “Алла тағала менің пәк екенімді айтып, Құранда аят түсірді”; “Алла расулы жантәсілім етерде, оның мүбәрак басы менің кеудемде сүйеулі еді”; “Ол менің бөлмемде қайтыс болып, сол жерде жерленді”, – деу арқылы білдіріп, Аллаға шүкір ететін.

Пайғамбарымыз өте мейірімді, жанашыр, кішіпейіл болатын. Айша анамыздың айтқанындай, үй тірліктерінде жұбайларына көмектесетін, тіпті киімдерін де өзі жамайтын. Әлдебір әйел Айша анамыздан Пайғамбарымыздың үйде болған кездегі жағдайы жайлы сұрағанда: “Ол да сендердің күйеулерің сияқты кісі еді, бірақ адамдардың ішіндегі ең жұмсағы әрі мейірімдісі, маңайындағыларға үнемі күлімсіреп қарайтын”, – деген еді. Айша анамыз құлшылық пен тақуалыққа айрықша мән беретін. Күндерінің көбісін ораза ұстап өткізетін. Аз нәрсеге қанағат ететін. Қолындағы барын кедей- кепшікке таратып беретін. Тіпті өз үйін сатып мұқтаж адамдарға садақа еткен дейді. Хазірет Айша жетім балаларды алып, тәрбиелеп өсіріп, ер жеткенде ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды өзіне парыз деп санайтын. Мүминдердің анасы Айша (р.а.) Алла расулымен (с.а.у.) бірге түнгі тәһәжжуд намаздарын үзбей оқитын. Пайғамбарымыз дүние салғаннан кейін де бұл ғибадатын жалғастырды.

Айша анамыз дін жолында барлық ауыртпалықтарды көтеруге өз еркімен көніп, бұл өткінші дүниенің бақытынан гөрі бақилық өмірдің бақытын артық санады. Алла расулының көрген қиындықтарын бөлісуге шын пейілімен разы болды. Өмірдің ләззаттарынан қағылдым-ау деп қабақ шытқан емес. Өйткені мүминдердің басқа да аналары сияқты хазірет Айшаға Алла расулымен бірге болудан асқан бақыт жоқ еді. Пайғамбарымыз бақиға аттанғаннан кейін Айша анамызды барша мұсылман қауымы төбелеріне көтере құрметтеп, білмегендерін одан келіп сұрайтын. Оның үйі еркек-әйел, жас-кәрінің ілім үйренетін қасиетті ордасына айналды. Қызының бойындағы бұл ақылдылығын мақтан еткен әкесі Әбу Бәкір хал үстінде жатқан кезде, “О, қызым! Артымды қалдырып бара жатқан ең сүйкімді байлығымсың. Сені жоғалтып алудан асқан қасірет бар ма екен?!” – деп елжіреген көрінеді.

Әбу Бәкір Сыддық Айшаны (р.а.) өзі тәрбиелеп, өсірді. Жастайынан оқу-жазуды үйренді. Айша өте зерек, әрі білімге деген қабілеті елден ерек, естігенін бірден қағып алып, оңайлықпен ұмытпайтын. Сүйікті елші Мұхаммедпен (с.а.у.) тоғыз жыл бірге отасқан Айша анамыздың отау құрып, көңіл қосуының ең басты хикметі: Исламды терең үйреніп, кейінгілерге жеткізуінде жатыр. Діни үкімдердің көпшілігін, әсіресе, кез келген адамның біле бермейтін, отбасына қатысты мәселелерді ең жақсы білген де Айша ана- мыз еді. Жас болуы әрі алғырлығы аз уақыттың ішінде Пайғамбарымыздан талай нәрсе үйренуіне оған көп көмектесті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін талас тудырған кейбір даулы мәселелерде сахабалар Хазірет Айшаның төрелігіне жүгінетін. Хадис, фиқһ және діни мәселелерде мұсылмандардың қойған сұрақтарына дәлелді дұрыс жауап беруімен ерекшеленді. Ғалым сахабалардың бірі Әбу Мұса әл-Әш’ари оның хадис іліміндегі дәрежесі жайлы: “Біз, пайғамбардың сахабалары бір хадистің сырын ұға алмағанда хазірет Айшадан сұрайтынбыз. Хазірет Айшаның міндетті түрде ол хадис жайлы мәліметі бар болатын”, – деп атап көрсеткен.

Айша анамыз 2210 хадис риуаят ету арқылы ең көп хадис риуаят еткен сахабалардың арасынан ойып тұрып орын алды. Үлкен, білгір сахабалардың өзі Пайғамбарымыздың жеке басына қатысты мәліметтерді одан сұрап, үйренетін. Сахабалармен діни мәселелерде пікір таластырып, келтірген айқын дәлелдерімен оларға өзінің пікірін мойындата білетін. Имам Зуһри ол жайлы: “Егер өз дәуірінің бүкіл ғалымдары мен Пайғамбарымыздың басқа жұбайларының ілімдерін бір жерге топтаса, бәрінен хазірет Айшаның ілімі асып түсер еді”, – деп ілімінің дәрежесін көрсеткен-ді. Білгір де дана хазірет Айша хадис және фиқһ саласында көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Оның ілімінен нәр алып аттары мәшһүр болған Айша бинт Талха, Әмрә ибн Абдуррахман және Хафса бинт Сирин сияқты әйелдер бар. Хазірет Айшадан табиун ғалымдарының Саид ибн Мусәииб, Әлқәма ибн Қайс және Мәсрук ибн әл-Әждә сияқты хадис алыптары хадис риуаят еткен. Сахих хадис кітаптарында хазірет Айшаның берген пәтуалары өте көп кездеседі. Бұл Айша анамыздың Ислам тарихындағы айрықша тұлға бола білгендігін көрсетеді. Хадис, фиқһ ілімдерін жақсы білумен қатар өлең және әдебиет саласында да мықты майталман еді. Әрі сахабалардың арасында сөзге шешендігімен де ерекшеленді.

Пайғамбардың жұбайы болумен қатар шынайы иман келтіруімен де кейінгі мұсылман әйелдері үлгі аларлықтай мағыналы ғұмыр кешкен Айша (р.а.) халифа Муғауияның тұсында, хижраның елу сегізінші жылының Рамазан айында бақилық өмірге көшті. Оның өлімі мұсылмандардың қабырғасын қайыстырды. Жаназасына қарақұрым халық көп жиналды. Жаназасын өзі секілді ең көп хадис риуаят еткен хазірет Әбу Һурәйра шығарып, сүйегі өз өсиеті бойынша, Бақи зиратына қойылды. 

1 пікір