Пайғамбарлардың соңғысы – Әзіреті Мұхаммед пайғамбар (ғалейһиссаләту уәссәләәм) әрдайым ғибадат жасап, Құдай Тағаланың ризалығы үшін, үмбетінің тура жолға түсіп, бақыт табуы жолында күндіз-түні қажыр-қайрат жұмсайтын. Түнімен намаз оқитыны соншалық, көп қиямда тұрғандығы себепті аяқтары ісініп кететін болған. Айша анамыз онысын көріп: «Уа, Расулалла! Неге өзіңізді сонша қинайсыз, Алла Тағала сіздің өткен және келешектегі барлық күнәларыңызды кешіріп қойды емес пе?!» - дегенде, Ол (с.а.у.): «Раббыма көп шүкір етуші пенде болмаймын ба?» - деп жауап берген еді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өлелгенше тақуалықтан және дүниеге берілмеушіліктен титтей де ауытқымады. Мәселен, Оның (с.а.у.) көзі тірісінде бүкіл Араб түбегі бақылауына өтті. Медине қаласына жан-жақтан олжалар, мал-дүниелер келе бастады. Көршілес елдердегі патшалардан қымбат сыйлықтар жолданып жатты. Бірақ сонда да Ол (с.а.у.) бұлардың ешқайсысына мойын бұрып қарамады. Олжалар мен сыйлықтарды кедей-кепшіктерге, соғысқа қатысқандарға, шейіттердің отбасыларына, мұсылман қоғамының дамуына жұмсап отырды. Тіпті бір күні пайына бір кесе алтын бөлінген екен, Алла елшісі оның ішінен өзіне алты дана алтынды қалдырып, қалғанын сахабаларға бөліп береді. Бірақ соның өзіне түнімен ұйықтай алмай, ертесі азанда өзіне қалдырған алты алтынды да таратып жіберіп: «Енді көңілім жай тапты!» - деген екен.
Мүміндердің анасы Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың өте қарапайым өмір салты жайында былай дейді:
«Алла елшісі (с.а.у.) ақыретке көш еткенге дейін (өмірінің соңына дейін) үш күн қатарынан тойып тамақ жеп көрген емес. Егер Ол молшылық сұраса, Хақ Тағала оны сансыз нығметтерге бөлер еді. Тіпті кейде бір ай бойы біздің яғни, жұбайларының үйінде қазан көтерілмейтін (тамақ пісірілмейтін). Ішкеніміз су, жегеніміз құрма ғана болатын. Кейде Алла елшісінің мүшкіл халін көріп, жылайтынмын. Бір күні Оған: «Жаным саған пида болсын! Дүние нығметтерінен өміріңізге жетерліктей мөлшерін қабыл етсеңіз болмай ма?» - деп сұрадым. Сонда Ол (с.а.у.): «Мен қайда, дүние қайда! Менен алдыңғы өткен «Улуль Азм» пайғамбар бауырларым менінкінен де ауыр тұрмыс кешіп, сабыр етті. Сол күйлерінше Хақ Тағалаға қайтты. Алла Тағала олардың мұндай жанпидалықтарына орай көптеген сауаптар сыйлап, биік мәртебелерге көтерді. Уа, Айша! Мен молшылықта өмір сүруден Алладан ұяламын. Маған осы дүниеде молшылық беріліп, соның кесірінен Құдайдың алдындағы мәртебем, олардың мәртебелерінен төмендеп қала ма деп қорқамын. Менің арманым – бауырларым болып табылатын Улул Азм пайғамбарларына қауышу» - деп жауап берді» дейді Айша анамыз (радияллаһу анһ).
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссәләм) дүние салған кезінде, артында қалған дүниесі: соғыс қаруы, бір қашыр және өнімін қайырымдылыққа атаған жері бар еді. Одан басқа, не бір алтын, не бір түйе, не бір қой қалдырмады.
Міне, Әзіреті Мұхаммед пайғамбар осыншалықты кең жүректі жан болған еді. Ақиқат жолына осыншама берілген, ол жолда осыншама шынайы еді. Оның ең ұлы мақсаты – Алла Тағалаға лайықты құл бола білу, өзіне тапсырылған Ислам дінін жаю, адамдарды қараңғылықтан жарыққа шығару, саналарына сәуле салу және жер жүзін адамгершілік пен мәдениеттілік нұрымен толтыру болатын1.
Уассаләллаһу Таалә алә Мұхаммәдин уә алә әәли Мұхаммәд!
1Omer Nasuhi Bilmen: Ilmihal (Түрік тілінде).