Мұхаммед Асад - Ислам дінінің мәртебесін көтерген еврей
Мұхаммед Асад - Ислам дінінің мәртебесін көтерген еврей
8 жыл бұрын 9028
Марфуға ШАПИЯН

Пайғамбарымыз (с.а.у.) заманында ақиқатты ақылымен ұққан кейбір яһудилердің Ислам дінін қабылдағанын білеміз. Ал кейінгі еврейлер мұсылмандармен бітіспес жауға айналды. Десек те, олардың арасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұхаммед Асад секілді Ислам дінін қабылдап қана қоймай, оның мәртебесін әлемде биікке көтерген еврей-мұсылмандар да аз емес. Ендеше, сіздерге қызметтік мансабын журналистикадан бастап, жазушы, дипломат, саясаткер, реформатор, БҰҰ-дағы Пәкістан елшілігімен жалғастырған “Меккеге жол” кітабының авторы әрі Құранды ағылшын тіліне аударған мұсылман ғалымы Мұхаммед Асадтың қызыққа толы өмір жолын ұсынамыз.

 

Көне Інжіл мен Тәуратты жатқа білген бала Лео

         Леопольд Вайс (Мұхаммед Асадтың шын есімі) 1900 жылы 2 шілдеде сол кезде Австро-Венгрияға қараған, бүгінде Украина топырағында жатқан Лемберг (Львов) қаласында, еврей отбасында дүниеге келген. Атасы белгілі дін қызметкері раввин болса, әкесі Львов қаласының атақты адвокаты болатын. Бірнеше атадан жалғасқан діни қызметкерлік жолын адвокат болып үзген әкесі Леоның дін қызметкері болғанын қалады. Сондықтан оны діни оқуға беріп, арамей және иврит тілдерін жетік меңгеруге жағдай жасады. Лео жас кезінен Көне Інжіл мен Тәураттың түсіндірмесі саналатын Талмудты жатқа білді және оны түпнұсқадан оқып, үйренді. 13 жасында еврейлердің көне діни кітаптары саналатын Танах пен Мишнаны еркін талдап бере алатын деңгейге жетті. Сонымен қатар әкесімен Вена, Берлин қалаларына, Альпы тауларына саяхат жасаған бала Леоның таным-түсінігі өз қатарластарынан әлдеқайда биік еді.

         Леопольд Вайс 14 жасқа келгенде оның отбасы Венаға көшіп келеді. Бұл бірінші дүниежүзілік соғыстың қызу жүріп жатқан уақыты еді. Лео мектепті тастап, өзіне жасы ұлғайтылған құжат жасатып алып, Австрия әскерінің қатарында соғысқа сұранады. Көп өтпей, оның өтірігі ашылып, “әскер қатарына төрт жылдан кейін аламыз” деген шартпен үйге қайтарылады. Осы аралықта бірінші дүниежүзілік соғыс та аяқталып, Австрия империясы құлайды. Әскери карьерасы сәтсіз аяқталған Вайс енді Вена университетіне түсіп, философия мен өнер тарихын меңгере бастайды. Вена – сол уақытта Еуропаның мәдени орталықтарының бірі еді. Мұнда жаңа теориялар пайда болып, психология, философия, тіл ғылымдары саласының небір жаңалықтары ашылып жатқан болатын. Академиялардан бөлек, қарапайым кафелердің өздерінде зиялы қауым жиі пікірталастар өткізіп, түрлі тақырыптарды талқылап жататын. Вайс солардың бел ортасында жүрді.

 

Діні бір еврейлерге емес, мұсылмандарға қызығу

         Лео Вайс 20-ға келгенде туған үйін, оқуын тастап, журналистикамен айналыспақшы болып, Прагаға кетеді. Қалтасында жыл бұрын қайтыс болған анасынан қалған алтын сақина мен әкесінің “қолына қалам ұстаған адамның өмірінің соңы жоқшылықпен аяқталатыны” туралы түңіліп жазған хаты ғана бар еді. Өз болашағына қалтқысыз сенген Вайс алғашында Мурнау атты белгілі кинорежиссермен танысып, сценарий жазып, оның ассисенті болып жүреді. Артынан Берлинге келіп, түрлі мақалалар жазумен айналыса бастайды. Бұл Ресейде большевистік революция болып, миллондаған қашқынның шетел асып, әлемнің назарын аударып тұрған уақыты болатын. Бір Берлиннің өзінде 200 мыңға жуық орыс бар еді. Міне, осы кезде журналистикада онша жолы болмай жүрген Вайсқа жаңа есік ашылады. Берлинге Максим Горькийдің әйелі Екатерина Пешкованың Батыстан Ресейге көмек сұрап келгенін бір досынан естіген Вайс табандылығының арқасында сұхбатқа көндіреді. Ол Ресейдегі сол кездегі жағдай мен ғаламат ашаршылық туралы әңгімелеп береді. Бұл жас журналистің жұлдызын жаққан, қоғамда дүрбелең тудырған, елдің аузында жүрген сұхбат болды. Жариялана салысымен Вайсқа бірден берлиндік үлкен газеттерден жұмысқа ұсыныс түсті. “Франкфуртер-цайтунг” газетінің ұсынысын қабыл алған Вайс атақ-даңқтың соңынан қууға асықпайды. Өз жағдайына әлі де көңілі толмаған ол жаңа дүние іздей бастайды. Осы кезде Иерусалимде тұратын атақты ғалым Зигмунд Фрейдтің алғашқы шәкірттерінің бірі, жүйке жүйесін емдейтін ауруханада істейтін ағасы Дориан Фейгенбаумнан хат келеді. Хатта: “Мүмкін маған келіп, бірнеше ай жанымда боларсың? Берлинге өзің қалаған кез-келген уақытта қайтып кете аласың. Тіпті, қайтар билетің менің мойнымда болсын. Жазда ерекше салқын ескі араб үйі сенің игіліңде. Екеуміз бірге уақыт өткіземіз. Менде кітап көп. Айналамен әбден танысып болғаннан кейін кітап оқуға еркін берілсең болады”, - делінген еді. Ағасының шақыртуын бірден қабылдаған Вайс жолға шығады. Берлиннен Румынияға келіп, ары қарай кемемен Александрия арқылы Яффаға жетіп, Иерусалимге пойызбен аттанады.

         Еуропадағы өмірден кейін Леоны бұл қасиетті қала қатты таңғалдырады. Оның назарын өзіне діні бір еврейлер емес, мұсылман арабтар аударды. Шөл даланың осы бір бәдәуилері оған ерекше ыстық, жанына жақын көрінді. Інжіл қағидаларын еврейлер емес, осы бір қарабайыр мұсылмандар жақсырақ ұстанатындай сезілді. “Франкфуртер цайтунг” газетінің Таяу Шығыстағы тілшісі ретінде Вайс көрген-білгенінің бәрін жазып, газетке жіберіп отырды. Онда еврейлердің Палестинаны өз орталықтарына айналдыру туралы Бальфур декларациясына қарсылығын, “араб жеріне” кез-келген еврейдің көз алартуын қолдамайтынын ашық мәлімдейді. Сонымен қатар, Иерусалимдегі сионистердің басшылары Менахем Усышкин және доктор Хаим Вейцманмен де кездесіп, өз пікірін айтады. Осылай Лео Иерусалимде өзін «арабтардан артық араб» сезініп, олардың мүддесін қорғауға бар жан-тәнімен кіріседі. Бұл әрекетінің соңы Исламды қабылдаумен аяқталатынын әрине, ол кезде Вайстың өзі де білмеген болар...

 

Берлин метросынан ақиқатты тапқан Леоның есімін Мұхаммед Асадқа ауыстыруы

         Лео Вайс Иерусалимде өзімен көзқарасы ұқсас, таным-түсінігі бір Якоб Исраил де Хаанмен танысып, соның көмегімен 1923 жылы Иорданияға сапар шегеді. Онда араб халқының өмірі мен соңғы дін – Исламның негіздерін тереңірек зерттеп, түрлі талдау мақалалар жазады. Сонда әмір Абдуллаһ ибн Хусейнмен танысып, араб тілін үйрене бастайды. Мұнымен де тоқтамаған Вайс ары қарай Сирия, Иран, Ирак, Ауғанстан жеріне сапар шегіп, көрген-білгенін, көңілге түйгенін жазудан жалықпайды. Ал жазған-сызғаны “Франкфуртер цайтунгте” бірден жарияланып, Вайстың журналистік атағына атақ қосып жатты.

         Шығыстағы үш жылдық сапардан кейін, 1924 жылы Вайс Еуропаға оралады. Ол жастығына қарамастан белді газет “Франкфутер-цайтунгта” штатта қызмет етуімен қатар, Берлин академиясында лекция оқиды. Алайда, оның өзі сондай жақсы көріп қалған мұсылман әлеміне деген құштарлығы толастамай, енді Мысырға жол тартады. Мұнда дүниетанымына қатты әсер еткен белгілі мұсылман ғалымы Мұстафа әл-Марағимен кездеседі, атақты Ислам университеті әл-Әзһардан араб тілін үйренуін жалғастырады. Жазуын да тоқтатпайды.

         Оның өмір жолымен танысқан адам “Лео Вайс Исламды осы мұсылман елдерінде қабылдаған болар” деп ойлары хақ. Бірақ, олай емес. Ислам Леоға есігін Берлинге қайтып келгеннен кейін бірақ ашқан екен. Өзінің өміріне өзгеріс енген күнді Вайс былай еске алады: “1926 жылдың қыркүйегінде Эльза екеуміз Берлин метросында келе жаттық. Менің көзім қарсы алдымда отырған жинақы, әдемі киінген жігітке түсті. Жолы болған кәсіпкер болар деп ойладым. Гүлденіп, өсіп, өркендеп келе жатқан Еуропаның сол кездегі бет-бейнесіне мына адамның сондай жарасып тұрғанын да оймен шолып өттім. Ол уақытта жалғыз бұл кісі ғана емес, адамдардың көпшілігі әдемі киінетін, тамақтары да тоқ болатын. Ал бірақ көзімді көтеріп, оның жүзіне үңілгенімде өңінен сұмдық бір бақытсыздық сезілді. Көзінің нұры сөнген, аузы қатты аурудан қисайып кеткендей көрінді. Бірақ мұның физикалық ауру емес екенін де түсіндім. Әдепсіз көрінбейін деп назарымды жанында отырған сәнді киінген келіншекке аудардым. Оның бет-әлпетінен де жанын жаралаған мазасыздық байқалды. Мен сонда айналамдағылардың барлығының жүзіне кезекпен үңіле бастадым. Барлығы да әдемі киінген, қарындары тоқ, жағдайлары жасалған адамдар екені көрініп тұр. Бірақ қай-қайсысының да жүрегінде жасырулы мұңдары бар секілді... Тіпті онысын өздері байқамайтындай. Көргенімнің әсер еткені соншалық, ойымды жанымдағы Эльзаға айттым. Ол да вагондағыларды портрет салатын суретшінің көзімен жіті қарап шықты. Сосын таңғалған түрмен маған бұрылып: “Дұрыс айтасың. Айналамыздағы адамдардың бәрі ауыр азап тартып жүргендей. Өздері соны біле ме екен?” – деді. Мен олардың ештеңе білмейтінін де, сезбейтінін де жақсы түсініп тұр едім. Әйтпесе, тек дүниенің, биліктің соңынан қуып, жақсы өмір сүру деңгейлерін көтеруді ғана ойлап, сенімсіз, дінсіз, мақсатсыз өмір сүрмес еді ғой... Үйге келіп, жұмыс үстеліме жайғасқан едім, сол уақыттары оқып жүрген Құранымның ашық жатқанын байқадым. Автоматты түрде жинап қояйын деп бетін жаба беріп, көзім мына бір жолдарға түсті, оқи жөнелдім:

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Сендерді көбейтуде бәсекелесу айналдырды.

Тіпті қабірлеріңе барғандарыңа дейін.)

Жоқ олай емес. Тез білесіңдер.

Тағы олай емес. Жуырда білесіңдер.

Жоқ олай емес. Анық білген боласыңдар;

Әлбетте тозақты көресіңдер.

Сонан кейін әрине көзбен көресіңдер.

Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар. («Тәкассур» сүресі, 1-8)

Бір сәтке аузыма сөз түспей тұрып қалдым, тіпті қолымдағы кітап дірілдеп кеткендей көрінді. Кітапты Эльзаға ұсындым да: “Оқышы. Мынау біздің метрода көргенімізге жауап”, - дедім. Жауаптың нақты әрі анық болғаны сондай, жүрегімде ешқандай күдік қалмады. Осыдан ХІІІ ғасыр бұрын адамзаттың қолына түссе де, біздің мына механизмделген иллюзияға толы уақытымыз бен қолымдағы кітап аятының дәл келгеніне таңырқаған күйі мұның Құдайдың сөзі екеніне күмәнсіз сендім.

Адамдар барлық уақытта қызғаныштың не екенін білген. Бірақ сол қызғаныштың дүниені асқан құмарлықпен иемденуге дейін өсуі, сол жолда өтірікке де, қулыққа да баруы жиіркенішті еді. Бүгін анауым болса, ертең мынауым болса деген ашкөздік жанды өлтіріп жатыр... Мұның сонау Арабияда тұратын адамдардың даналығы емес екенін түсіндім. Тіпті қандай керемет ақылды жан болса да, ХХ ғасыр адамдарының індетін қайдан біледі?! Құраннан Мұхаммедтен де ұлы күштің үні шығып тұр еді...”.

Лео Вайс осылай көптен іздеген ақиқатын тапты, бірден мұсылман болуға ұмтылды. Берлиннің шағын мешітіне, сондағы мұсылмандардың басшылығына барып, куәлік сөзін айтып, мұсылман болды. Людвиг Вайс есімін Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген құрметпен “Мұхаммед” деп ауыстырып, соңына туғанда берілген “Лео” атына, яғни, “арыстан” сөзінің арабшасы “Асадты” жалғады. Солай Ислам әлемі жаңа, күшті, ақылды тағы бір мұсылманмен толықты. Өмірбойы баласының дін қызметкері болуын қалаған әкенің арманы басқа қырынан болса да орындалды. Құдай қай жерде де бір емес пе?! Бірақ мұны түсінбеген әке Мұхаммедпен біржола ат құйрығын кесіседі.

 

Қажылыққа барып, Сауд Арабия королімен достасу

Мұхаммед Асад Исламды сөзбен қабылдай салған жоқ, өмір салтына айналдырды. Оны кей мұсылмандардың мұсылман бола тұра Ислам шарттарын орындамайтыны таңғалдыратын. Асад Ислам діні туралы: “Ислам мен үшін архитектура өнерінің ғажап бір туындысы секілді. Оның барлық негіздері керемет үйлесімділікпен орналасқаны сондай, бірін-бірі толықтырып отырады, кемшілік таппайсың”, - дейді. 

Мұхаммед Асад Исламды қабылдай сала, қасиетті мекен – Меккені көруге асықты. Ол 1927 жылдың қаңтар айында жұмысын, үй-жайын тастап, жанына өзімен бірге Исламды қабылдаған суретші әйелі Эльзаны ертіп, қажылыққа аттанады. Бірақ өзінен 15 жас үлкен әйелі Меккеге барған соң аяқ астынан ауырып қайтыс болып, Асад Меккеде тұрақтап қалады. Енді ол Құранды зерттеуге кіріседі. Және тұрмысына қажетті қаржыны неміс газеттеріне Таяу Шығыс туралы жазып, табады.

      Бірде, Мұхаммед Асад Меккенің үлкен мешітінің кітапханасында Файсал ханзаданы жолықтырып қалады. Ол Еуропадан келген қонақты әкесі, Сауд Арабиясының негізін қалаушы король Абдуләзиз ибн Саудпен таныстырады. Асадтың тегін адам еместігін бірден байқаған король оны сарайына күнде шақыртып жүреді. Уақыт өте ол корольдің досына әрі кеңесшісіне айналады. Тіпті ең құпия істерін де король Асадқа сеніп тапсырған деседі. Ол туралы өзінің естелігінде Асад: “Ол – король, мен –қарапайым журналист, екеуміздің дәрежеміз тең болмаса да, ол мені дос тұтады, өзінің ең құнды ойларын менімен бөліседі. Соған орай мен де “біз достармыз” деп ашық айта аламын”, – деп жазды.

Асад қасиетті қалалар – Мекке мен Мәдинаны алты жылға жуық мекен етіп, Құран мен хадисті, араб тілі мен Ислам тарихын терең меңгерді. Өз жазбаларында айтқандай, Исламның адамзатқа берілген ең үлкен сый екенін түсінді. Егер кем-кетік тұстары болып жатса, оның адамдардың ықпалынан екенін де байқады.      

 Арабияны қатты ұнатып қалғаны сондай, Асад ол туралы: “Бұл махаббат еуропалықтарға тән болмаса да, мен Арабияны қатты жақсы көремін. Араб өмірінің әдемілігі сондай, қай-қайсымызды болса да тартпай тұрмайды. Ал егер ол елде тұрып көрген болсаң, оны жүрегіңнен ешқашан суырып тастай алмайсың. Тіпті адам ол жерден кетсе де өзімен бірге араб жазирасының ғажап атмосферасының бір бөлігін бірге алып кетеді әрі өмірбойы сол өлкені сағынып өтеді”, – деп жазды. Әрине, Асадтың бұл сағынуын – кезіндегі Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың ізі қалған топырақты сағынуы деп түсінемін. Қазірдің өзінде Меккеге бір барып қайтқан қажылар сол жаққа қайта барғысы келіп тұратынын айтады. Асад та сол бір арман-мекенді өмірбойы сағынып өткен секілді.

 

Мұхаммед Асад – Пәкістанның БҰҰ-дағы өкілі

1932 жылы Мұхаммед Асад Британияның қол астындағы Үндістанға аттанады. Бұл уақытта Оңтүстік Азияда тәуелсіздік үшін күрес жоғары деңгейде жүріп жатыр еді. Мұнда Асад белгілі ақын, философ, Пәкістанның рухани әкесі саналатын Мұхаммед Икбалмен кездеседі. Икбал кезінде Германияда оқығандықтан, олардың ортақ таныстары да көп болып шығады. Асадтан 24 жас үлкендігіне қарамастан, оның философиялық ойларын, өткір көзқарастарын жоғары бағалаған Икбал сонда қалуға үгіттеп, болашақ Ислам мемлекетінің іргетасын бірге қалауға шақырады. 1934 жылы Асад “Ислам на распутье” атты сол заман мұсылмандарының алдында тұрған міндетті айқындап көрсеткен монографиясын жазып, Икбалдың да, жергілікті халықтың да сеніміне ие болады. Ол мақала Үндістан мен Пәкістан газеттерінде бірнеше рет басылады. Урду тіліндегі алғашқы газет те Асадтың көмегімен жарық көреді.

Бірақ аға-досы Икбалдың аз ғұмыры қалған екен. Тәуелсіз Пәкістан туралы идеясын жүзеге асыруды Асадтқа аманаттаған күйі ақын көз жұмады. Ойда-жоқта екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы бұл идеяның ақиқатқа айналуына кедергі болады. Әкесі мен қарындасын нацистік Германияның шеңгелінен құтқармақшы болған Асад қайтадан Еуропаға аттанады. Бірақ туғандарын арашалауға үлгермей, 1939 жылы Үндістанға қайтып оралады. Мұнда келгеннен кейін Ұлыбритания билігі оны Германия азаматы ретінде түрмеге қамап, ол одан 1945 жылы ғана босап шығады. Асад лагерьдегі мыңдаған еуропалықтың арасындағы жалғыз мұсылман еді.

Асад соғыстан кейін, 1947 жылы құрылған Пәкістанға шақырылып, жас мемлекеттің идеологиялық негіздерін жасауға күш салысады. Артынан Пәкістанның өзге мұсылман елдерімен қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді, конституциясын құрысады. Ал 1951 жылы Пәкістан билігі оны Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі етіп сайлайды. Бұл қызмет Мұхаммед Асадты одан әрі танымал ете түсті. Оның еуропалық кескін-келбеті мен арабша киімі көрген адамның назарын аудармай қоймайтын. Ал жақын танығандар оның шариғатқа білгірлігін, танымының кеңдігін, мінезінің мейірімділігі мен жұмсақтығын сөз ететін. Оның бұл мінезі мүміндердің басшысы Омарға (р.а.) ұқсайтын еді. Өмірде жұмсақ, мейірімді, ал мемлекет ісіне келгенде қатал, әділ. Оның Израильге әрі сионизмге қарсы үлкен күрес жүргізгені соның дәлелі. Тунис, Марокко, Алжир секілді елдердің тәуелсіздік алуында да оның табандылығы мен әділдігінің қосқан үлесі бар.

Мұсылмандар арасында ширек ғасыр өмір сүрген Мұхаммед Асад 1951 жылы БҰҰ-дағы қызметімен алғашында Парижге, кейін Нью-Йоркқа келеді.  Сол кездері “New York Times” газетінде ол туралы: “Бұл – арық, жанары өткір, ислам заңдарының білгірі Мұхаммед Асад. Ол поляк, ағылшын, неміс, француз, парсы, араб және тағы басқа көптеген тілдерді біледі әрі Касабланкадан Пенджабқа дейінгі қалалар мен шөл далалардың жағдайы да оған мәлім. Ислам әлемінің үлкен ойшылы, Львовта туған ерекше адам”, – деген жазба жарық көрді.

 

 «Меккеге жол» – «Ислам әлемінің бет-бейнесін өзгерткен кітап»

1952 жылы Пәкістандағы әскери төңкеріске байланысты қызметінен кеткен Асад Нью-Йоркте поляк қызы Пола Халидамен шаңырақ көтереді. Осында өзінің “Меккеге жол” атты атақты автобиографиялық кітабын жазады. Жұрт оны Толстойдың “Арылуы”, Бердяевтің “Өзін-өзі тануымен” салыстырады. Асад бұл кітабында иудаизм дінінің өкілі қарапайым еврейдің қалай мұсылман болғанын, оның Ислам әлеміне саяхатын керемет сипаттайды. Кітаптың алғысөзінде ол: “Бұл ақиқатты (сенімді) іздеу туралы кітап емес, өйткені ақиқат мені өзі іздеп тапты. Менің тарихым – алдынан Исламның ғажайып есігі ашылған қарапайым еуропалықтың оқиғасы ғана” деп жазды. Оқырмандар кітапты жылы қабылдайды, бірден бірнеше тілге аударылады. Ал белгілі «New York Times» газеті 1954 жылы: «Мұхаммед Асадтың «Меккеге жолы» – барлық жағынан таңғалуға тұрарлық кітап. Автор өмірдің бүкіл сұрақтарына Исламнан жауап табуға болатынын табанды түрде дәлелдейді, бірақ араб ішіндегі күш көрсету туралы айтуды ұмытып, оларды барлық дүниеден пәк, адал күйде сипаттағысы келеді. Арабия туралы Мұхаммед Асадқа дейін осындай жақсы пікірді ешкім жазбаған болар», - деп келетін мысқылды пікір жариялады. Ал 2001 жылдың күзінде Израильдың белгілі газеті “Хаарец” “Арабиялық Леопольд” атты мақалада Асадтың осы кітабы туралы: “Өзінің есімін, сенімін, әйелін, ұлтын ғана емес, Ислам әлемінің де бет-бейнесін өзгерткен еврей туралы ерекше кітап”, – деп жазды.

 

Құранның ағылшынша үздік аудармасы М.Асадқа тиесілі

Кітабы жарық көргеннен кейін Мұхаммед Асад Америкадан Мороккоға қоныс аударады. Ол 19 жыл осындағы Танжер атты қалада коңырқай тіршілік кешті. Ендігі өмірінде Құранды ағылшын тіліне аударуға ден қойды. Бұл 17 жылдық еңбегі тек 1980 жылы «Құран сырлары» деген атпен жарық көрді. Оның кіріспесінде «Бұл кітабымды ақыл иелеріне арнаймын» деген сөз бар еді. Бұл кітап Құранның аудармасынан гөрі тәпсірі, түсіндірмесіне жақын. Мұхаммед Асад Исламның білгірі саналса да, бұл еңбегіне сын айтушылар көп болды. Кітапта модернистік көзқарастар көбірек делінді. Олардың айыптауы заңды да еді. Өйткені, күннен күнге түрлі қақтығыстар, төңкерістер орын алып жатқан Араб мемлекеттерінің кейінгі әрекеттерін Мұхаммед Асад қолдамауға көшкен болатын. Керісінше, ол халықты фанатизмнен аулақ болуға, ислам әдептерін сақтауға шақырды. Қалай айтылса да, күні бүгінге дейін ағылшын тілінде Мұхаммед Асадтың Құран аудармасына тең келер басқа аударма жоқ.

Мароккода оның «Ислам мемлекетінің қағидалары», «Сахих әл-Бұхари: исламның алғашқы жылдары» атты кітаптары да жарық көрді. Асад дәл осында жүріп, Ирак пен Иранның арасындағы соғыс туралы естіп, қатты налыды. Солай Лиссабонға қоныс аударады. Оның ғұмырнамасын жазушылар «Бұл Мұхаммед Асадтың мұсылман елдерінен қашқандығы емес, көңілінің қалғандығы. Әйтпесе ол өмірінің соңына дейін мұсылман болып қалды, өзі ерекше сүйген мұсылман әлемі оның жүрегінде болды», – деп жазды. Лиссабоннан кейін Мұхаммед Асад испанның Михас қаласына жақын Марбелла атты жерге келеді. Мұнда кезіндегі Ислам өркениетінің естеліктері ғана емес, мұсылмандар да, мешіт те бар еді. Асад кезінде өзі тығыз қарым-қатынас орнатқан ортадан алыстап кетсе де, оның жағдайын сұрап келіп тұрушылар да, хат жазушылар да көп болды. Әсіресе, Сауд Арабия шейхы, мұнай өндірісінің министрі шейх Ямани жиі келетін. Ал Эр-Риядтың губернаторы, Салман әмір де хат жазып, оны Арабияға шақырумен болды. Бірақ Асад онда қайта барғысы келмеді. Өзі кезінде көргендей емес, мемлекет саясатының өзгеріп бара жатқаны Асадқа ұнамайтын еді. Реті келгенде Сауд Арабиясы мен Ирандағы билікке қатысты сыни пікірлерін де іркіп қалмады. Өмірінің соңына қарай, Асад автобиографиясының “Жүректің оралуы” атты екінші бөлігін жазып жатқан болатын. Бірақ оны аяқтау жазушыға бұйырмапты.   

 

Мұхаммед Асад – Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпірі

Мұхаммед Асад ғұмырбойы либералды демократия мен ислам негіздерінің түбі бір екенін дәлелдеумен келді. Бірде оның баласы Талалдан журналистер: «Сіздің әкеңіз Пәкістанда мұсылман мемлекетін құруды қатты қолдады, ал Палестинада еврей мемлекетін құруға қарсы болды. Мұны қалай түсінуге болады?» – деп сұрағанда, ол: «Мұнда қарама-қарсы ештеңе жоқ. Рас, әкем Пәкістанда кез-келген адамға ашық, ислам негіздеріне құрылған мұсылман мемлекетін құруды қалады. Ал Палестинаны әкем жергілікті арабтардың жері санайды. Сондықтан ол мемлекеттің құрылуына қарсы болды», – деп жауап берді.

Мұхаммед Асад Исламдағы фундаментализмнің өсуіне қатты алаңдап: «Мұсылмандар ұзақ уақыт бойы төмендетіліп келді. Енді олар өздерін өзгеше көрсетуге тырысуда. Мұсылмандардың проблемасы маған енді түсінікті болды. Оларға Ислам, Исламмен өмір сүру жетпей жүр», – дейді. Ол өзі таныған Исламнан қазіргі мұсылман мемлекеттерінің алыс екенін түсініп, жаңа демократиялы мемлекет құрғысы келді. Тіпті әйел құқығын жақтап, Мұхаммед Асад: «Көптеген адамдар әйелдің бетін паранжамен жабуды Ислам деп түсінеді. Бірақ ол олай емес. Пайғамбарымыздың кезінде Мұхаммедтің (с.а.с.) әйелдері ғана беттерін жапқан. Осыған қарап, бүкіл мұсылман әйелдері бетін жабу керек деген сөз қате болар еді. Қасиетті кітап та, сүннет те әйелдерге мұндай міндет жүктемейді», – деді.

Өзі таныған Исламды Еуропаға, әлемге танытуға барын салған Мұхаммед Асад 1992 жылы, 92 жасында дүниеден озды. Сүйегі Марбелдегі шағын мұсылман қабірінде жатыр. Оның өлімі туралы некрологтар әлемнің көптеген газеттерінде жарияланды, оның жаназасына талай ислам ғалымдары қатысты.  

Жұрт оны Исламға бар жан-тәнімен берілген әрі сол жолда толассыз еңбек еткен жан ретінде есте сақтап қалды. 2008 жылы БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінің алдындағы алаңға «Muhammad Asad Platz» атауы берілді. Оның ашылуына Вена мэрі мен Пәкістан, Сауд Арабия елшілері қатысты. Бұл – мұсылманның атына берілген Батыс Еуропадағы тұңғыш алаң. Бүгінде туған жері Украинаның Львов қаласында 2015 жылдың 5 маусымында ашылған Ислам орталығы бар.

Мұхаммед Асадты көптеген ғалымдар Еуропадан шыққан, ХХ ғасырдың ұлы мұсылман ойшылы санайды. Ол – Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпірі. Мұсылмандар Асадты Еуропаның өздеріне жасаған сыйлығы деп қабылдаса, еуропалықтар үшін оның еңбектері мұсылмандарды тану жолындағы қайнар көзге айналды.

Ал маған Мұхаммед Асад әлемге, әсіресе Батыс Еуропаға Исламның нағыз бет-бейнесін көрсетуге Алланың арнайы жіберген адамы секілді көрінеді де тұрады...

6 пікір
  • Аллаһу әкбар.
    8 жыл бұрын
  • Менде бұл кісінің Құранға жазған тәпсірінің түрік тіліндегі аудармасы бар, аты "Kuran mesaсi (mesajiّ)".
    8 жыл бұрын
  • Бул макала мага оте катты асер калдырды, Ар заманда исламнын кахармандары болгангой шыркын,
    Олар Алланын ерекше кулдары,
    Шыркын "меккеге жол" атты кытабын калай окысам болады?...
    8 жыл бұрын
    • Рахмет! Білуімше, ол кітап орыс тіліне аударылмаған. Тек ағылшынша нұсқасы бар. Егер ағылшын тілін білсеңіз, кітаптың электронды нұсқасын интернеттен тауып аласыз деп ойлаймын, ин ша Алла.
      8 жыл бұрын
      • "Узак сапар" деп аталатын кино бар Франциямен Туркиянын бырлесе турсырген киносы аке мен бала Прижден Меккеге женыл колыкпен шыгады. Сол кино осы кытап желысымен турсырылген емеспекен?
        8 жыл бұрын