Аиша Хассан (Жаклин Рут Пью)
Бала күнімде жексенбілік мектепке барғанды қатты ұнататынмын. Тіпті, бір күні Інжілді бастан-аяқ оқып шығамын деп өзіме уәде бергенім де есімде.
Жылдар өтті. Тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атандым. Бірде шіркеуге баруға бел будым, бірақ ол жерден бала кезімдегідей жылулықты сезе алмадым. Сол кезде шіркеу айналасында түрлі келеңсіз оқиғалар мен дау-дамайлар өршіп тұрған еді. Себебі не болса да, бұл жер бұрынғыдай маған дұрыс бағыт беретін мекен болып көрінбеді.
Кішкентайымда бір қателік жасасам немесе Құдайдың көмегіне мұқтаж болсам, ең жақын маңдағы шіркеуге барып, Жаратқаннан кешірім сұрайтынмын. Ал енді, есейген шағымда, бөлмемде тіземді бүгіп отырып, Раббыма жалбарындым. Әкем үйреткендей, Құдайдан мені тура жолға салуын, күнәларымды кешіріп, жақсы адам болуыма көмектесуін сұрадым. Өйткені бойымдағы бұрынғы сенім сөніп, ақиқат менен алыстап кеткендей күйде едім.
Ертесіне Інжіл сатып алып, оны бастан-аяқ оқып шығуды ұйғардым. Жергілікті кітап дүкеніне барып, бір данасын қолыма алдым. Бірақ кассаға бірден бармай, парақтай бастадым. Сол сәтте көзім басқа бір діни кітапқа түсті. Оның сыртында «Құран» деп жазылған екен. Інжілді орнына қойып, Құранды парақтағанымда, онда Иса пайғамбармен бірге Нұх, Ибраһим, Мұса және Жүсіп пайғамбарлардың есімдерін көріп, таңғалысымды жасыра алмадым.
Мұсылмандардың да біз сенетін пайғамбарларға сенетіні мені қатты толқытты. Содан Құранды сатып алып, үйге келдім. Оқи бастаған сайын, өткен түні Жаратқаннан сұраған тура жолым дәл осы қолымдағы кітап екенін түсіне бердім. Уақыт өте келе Құранның бүкіл адамзатқа жіберілгенін ұғып, бірден Исламды қабылдадым. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай дейді:
«Бүгін Мен сендердің діндеріңді кемеліне келтірдім...» (Құран, 5:3) «...өзінен бұрынғыны растаушы ретінде Кітапты ақиқатпен түсірді.» (Құран, 3:3)
Көбімізге мәлім болғандай, Жаңа Өсиет Иса (а.с.) бұл дүниеден кеткеннен кейін ондаған жылдар өткен соң ғана құрастырылды. Оның үстіне ғасырлар бойы Інжіл сан мәрте өзгертіліп, қазіргі нұсқасы түпнұсқадан мүлдем өзгеше болып кетті. Алла бұл шындықты біздің білгенімізді қалап, Құранда атап өткен.
Меніңше, кімде-кім тура жол тапқысы келсе, Жаратқаннан шын ниетімен жәрдем сұрасын. Сонда Алла оны Исламға бағыттайды.
Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Мен сендерге нені тыйым салсам, содан тыйылыңдар. Ал нені бұйырсам, шамаларың келгенше орындаңдар. Сендерден бұрынғыларды тек артық сұрақ қоюлары мен пайғамбарларына қарсы келулері ғана құртқан болатын» деген (Нәуәуи, Қырық хадис).
Мұхаммед Ханиф Шахидтің «Әйелдер неге Исламды қабылдайды?» атты жинағынан. askimam.ru