Мен сияқты Батыс әйелі үшін Исламға келу жолы — өте ұзақ әрі қиын соқпақ. Бұл таңдау маған мүлдем жаңа өмір сыйлады. Мен Алла жаратқан бұл әлемде әйел адамның орны қандай болатынын енді ғана түсіндім.
Батыс мәдениеті әйелді өз мақсатына пайдаланады. Жарнамалар бізге «не қалауымыз керек» екенін үйретіп бағады. Мысалы, әйел міндетті түрде сымбатты болуы тиіс, өйткені жарнамадағы киімдер әйелдің ақылынан басқасының бәрін көрсетіп тұрады. «Қалай тартымды болу керек?», «Қалай көп дос табу керек?» деген сияқты кітаптар толып жатыр. Бұл жүйеде бәрінің бағасы бар, бәрі сатылуы керек. Әйел болса осы ортада жай ғана тұтынушы немесе жарнама құралы болып қала береді.
Исламға келгенге дейін мен де солай ойлайтынмын.
Алғаш рет Құран оқып, Исламды зерттей бастағанымда, оның қарапайымдылығына таңғалдым. Батыс адамының өмірі бос қалаулар мен нәпсінің құмарлығының соңына түсіп, тым күрделеніп кеткен. Батыс өміріне үйренген адам үшін Ислам баста түсініксіз болып көрінеді. Себебі бізге «тек өз рақатың үшін өмір сүр» деп үйреткен. Сондықтан, маған өз ойымды толықтай өзгертуге тура келді.
Ислам өте қисынды дін. Бірақ ол мен бұрын үйренген нәрселердің бәріне қарама-қайшы. Өмір бойы «еркіндік» деп өз-өзіңді қинап келгеннен кейін, өміріңді Аллаға арнау басында қорқынышты боп көрінеді. Бірақ сонымен бірге бұл өте қызық жол. «Бұдан да жақсы жол бар» дегенге сену қиын, өйткені бізге «батыс жолынан басқа жол жоқ» деді. Бірақ боялған бетіңе, жасанды күлкіңе алданғанша, өз жаныңа үңіліп, ондағы бостықты көрген әлдеқайда маңызды.
Исламға жасалған алғашқы қадам — үлкен батылдықты қажет етеді. Бұл жолда иман мен дұға ең басты көмекшің болады.
Ислам — таза өмір сүрудің жүйесі. Мұнда әйел адам — ақша табатын тауар емес, Алланың алдындағы ерекше тұлға. Исламда әйелді пайдалану, оны қорлау деген жоқ. Бізді пайда табу үшін саудаламайды. Мұсылман әйел — қоғамның сыйлы мүшесі, ол отбасына да, айналасына да тек жақсылық әкеледі.
Әрине, бұл құрметпен бірге жауапкершілікті де қажет етеді. Исламға кіргеннен кейін ішімдік, есірткі және батысқа тән арсыз қылықтардан алыс болуың керек. Күн сайын теледидар мен кинодан «күнә жасау — қалыпты жағдай, бақытты болу үшін күнә жасау керек» дегенді естиміз. Осындай сәтте дұрыс жолдан таймау үшін сабыр мен иман керек.
Мен мұсылман болғанымды мақтан тұтамын. Тек Исламда ғана адам Алланың мейірімін толық сезіне алады.
Алла бәрімізге шындық пен жалғанды ажырата білуді нәсіп етсін!
Мұхаммед Ханиф Шахидтің «Неліктен әйелдер Исламды қабылдайды?» атты жинағынан. (Мәлімет Yaqeen International журналына сілтеме жасай отырып алынды, Карачи, Пәкістан, 1991 жыл, 7–22 шілде, 47-бет). askimam ru